Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 5668 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 11:40

ЖАҢА ПАРЛАМЕНТКЕ 80-ДЕГІ ШАЛДАРДЫ ҚАЙТА САЙЛАЙМЫЗ

ҚР Президенті пәрмен беріп, еліміздегі билік басындағы бас партияны қосқанда бес партия кезектен тыс сьездерін өткізді. Депутаттық креслоға «таласатын» додаға әр партия өз кандидаттарын ұсынды. Жасы бар, кәрісі бар, әншісі бар,спортшылары бар тағы-тағы ұзын сонар «списоктың» ішінен іліп алар, ілеуде біреу бар демесеңіз, псевдо атауы «қарттар үйі» атанып кеткен бесінші шақырылымдағы мәжілістің тең жарымысы жүр тағы да.

Бас партия сьезінен кейін жорналшылар қауымы, жаңа парламенттің 60 пайызы жастардан құралуы мүмкін деп шуласты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бас болып, зейнет жасына жеткен «ата саясаткерлер» жастарға орын беруін тапсырған-тын.

Жақында «365info.kz» порталында журалист Серік Жолдасбайдың «Мәжілісті қарттар үйіне айналдырудың қажеттілігі қанша?» атты мақаласы жарық көрді.

Онда, депутаттық додаға қатысатын Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы сьезі ұсынған үміткерлер туралы бажайлаған.

Қазақстанның негізгі заң шығарушы органындағы  107 «креслоның» кемінде оншақтысынан үміті бар Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы шұғыл түрде сьез өткізді, «список» дайындады. Мәжілістегі майлы орынға «қызылдар» партиясынан 22 үміткер ұсынылды.

Автор Серік Жолдасбайдың жазуынша, халықтық коммунистер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға жастарды қатыстыру туралы айтқан сөзін елемеген.

Партия жетекшісі Владислав Косарев (79) жасы сексенге аяқ басқанына қарамастан додаға қатысып, мәжіліске баруға үмітті екен.

Сөзсіз, ҚР Конституциясы заң шығарушы органдарға зейнеткерлердің араласуына шек қоймайды. Десек те, ел ішінде «Мәжіліс – қарттар үйі» аталып кетуіне, Косарев секілді ақсақалдардың парламенттен дер кезінде кетпеуі түрткі болса керек-ау.

Әп, әлемдік пролетариат көсемдерінің ізін жалғаушы партия сонау – советтік «генсек» көсемдері дәуірін қайта жалғастыруды көздегені ме? Иә, дәл сол – Брежнев, Андропов, Черненколар билігі үстемдік құрған кеңес дәуірі, біздің айтып тұрғанымыз. Коммунистік партияның тізгінін ұстаған сол пролетариат көсемдерін  тұп-тура жұмыс кабинетінен – ақтық сапарға шығарып салмап па еді-ау.

Алқазақстандық саясаткер Ерлан Сайыровтың пікірінше,  Владислав Косаревтің депутаттық мандатқа таласуы – коммунистік ескі идеяның сарқыншағы.

– Дәл осы сайлауға жасы сексенге жеткен Владислав Косаревтің қатысуы, оның депутаттық мандатқа таласуы менің жоғарыдағы сөзімнің дәлелі. Бұл қазақстандық ортаға жат болғанымен, сол коммунистік партия үшін қалыпты құбылыс. Жылдар ескірген сайын, коммунистік идея өзінің маңыздылығын жоғалтуда. Бүгінгі күні ол партияны тек жастар ғана емес, орта буын өкілдері де қолдамайтыны түсінікті, - дейді Ерлан Сайыров.

Оның үстіне, ҚХКП ұсынған 22 үміткердің ішінде өздерін таратуды Елбасынан жылап сұраған бесінші шақырылым депутаты болған 6 адамның фамилиясы жүр. Олар, В.Косарев, Ж.Ахметбеков, А.Қоңыров, Т.Өмірзақов, Б.Сорокин және Г.Баймахановалар мәжіліске қайта баруға ниеттеніп отыр. Бұл тізімдегі Төлеш Кенжин ғана өзінің «депутат» деген лауазымына «экс» қосымшасын жалғайтын болды. Демек, коммунистер жаңа мәжіліске ескі құраммен баруды қалайды.

– Бұл дегеніңіз коммунизм идеясы халықтық қолдауға ие емес деген сөз. Партия жетекшілері өз қатарларына жас буынның өкілдерін тартуға қанша әрекеттенгенімен, әзірге көріп отырғанымыздай, нәтижесіз.Ол да рас, қыған-тоқыған жастар сайлау додасына коммунистік партия туының көлеңкесінде баруды қаламайды, – дейді саясаткер Ерлан Сайыров мырза.

Айта кетейік, коммунистік партия ұсынған 22 кандидаттың бар болғаны 6-7-сінің есімі ғана ел құлағына таныс демесіңіз, ешкім аттарын естімегендер көп-ақ.

Рас, Коммунистік партия үміткерлері ішінен елге таныс тағы бір есім-сойды көрдік. ҚХКП-ның орталық коммитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов. Дәл осы Сыздықов мырза партия атынан былтырғы кезектен тыс Президент сайлауына қатысып, ел тізгінін ұстауға кетәрі емес екендігін танытқан.

Дегенмен, Сыздықов мырзаның бұл жолғы сайлауда жеңіске жетуге мүмкіншілігі бар. Бірақ, мемлекеттік тілде екі сөзің басын әзер қосып сөйлейтін Сыздықов мырза депутат бола қалған күннің өзінде өзгеріп кетер ештеңе жоқ екені рас-ау.

Хош, жаңа сайланатын парламенттің төменгі палатасына жасы сексенге жеткен шалдарды қосып отырған жалғыз коммунистік партия емес.

Додаға қатысатын партиялар бекіткен үміткерлер тізімдерінен зейнет жасындағы «жастарды» санамалап көрейік. Есімдері ел-қауымның құлағына таныс деген танымал «фамилияларды» әуелі бір айтайық.

Мысалы, билік басындағы бас партия үміткерлерінің ішінде 65 жастағы Жексенбай Дүйсебаев, 63 жасар Сергей Дьянченко, 65-тегі Ахметжан Есімов, 66 жасар Қабиболла Жақыпов, 71 жастағы Қуаныш Сұлтанов, 67-дегі Бахтықожа Ізмұхамбетовтер бар. Бас партияның білікті кадрлерінің арасында жасы 60-тың айналасындағылар көп-ақ, дегенмен еліміз егемендігін алған 25 жылда үлкен саясаттың түрлі «креслоларына» отырып көрген үміткерлердің орнын алмастырар буынның келгені жасырын емес. Демек «Нұ Отан» ұсынған кандидаттардың дені «аутсайдердер» екені даусыз. Онсызда жоғарғы билік жастардан қорқатыны белгілі. Ал құрамымыздың 60 пайызы жастардан құралған деген «Нұр Отандықтардың» айтып отырған жастары – ел ағасы елуді еңсергендер болса, бәрекелді демеске шараң қайсы.

Хош, биліктегі бизнестің партиясы саналатын «Ақ Жол» демократиялық партиясы да 35 адамнан тұратын тізім жариялады. Әуелден, ел ішінде «Ақ Жол» партиясы туралы түрлі дақпырт тарағанымен, бұл партияның кандидаттарын ешкім танымайтыны тағы рас. Айта кетейік, «Ақ жолдықтар» ұсынған тізімнен бесінші шақырылымда депутат болып үлгерген  7 адам бар. Ұзын-ырғасы 35 адамнан түзілген тізімдегі фамилиялардың 24-і жеке кәсіпкерлер екені де жасырын емес. Демек, «Ақ Жол» демократиялық партиясы да жаңа парламентке ескі құраммен аттанбақ.

Ал өздерін «билікшіл» деп таныстырған «Ауыл» партиясы биыл Мәжіліске бірінші мәрте сапарлатып отыр. Бұл партияның жетекшісі Әли Бектаев мырзаның кезінде, «Нұр Отан» партиясының әккі сақаларының бірі болғандығы да белгілі. «Ауылдықтардың» тізгіншісі Әли Бектаев мырза, кандидаттарына нық сенімді. Партия төрағасының айтуынша, үміткерлердің 70 пайызы аудандар мен қалаларда басшылық қызметтерде болған-мыс. Әрине, есімдерін ел білмейтін үміткерлердің үміттері неде екені белгісіз. Дегенмен, бұл партия ұсынған тізімде ерекше атай кететін қос үміткер бар. Оның бірі ҚР Ұлттық кітапханасының директоры – Әлібек Асқаров. Зиялы қауымның өкілі заң шығаруға араласатын болса, құптарлық іс. Рас, кезіндегі Фариза, Әбіш секілді парламентте де сөз ұғанар жан тапшы екенін «Ауыл» түсінсе керек деп топшыладық. Сонымен қатар, сонау алағай да, бұлағай кезеңде елімізге оралып, бүгінде Қазақстанның толыққанды азаматы атанған қандастар өкілі – Бахаргүл Төлегенқызы да депутаттыққа дәмелілер көшінде. Іске сәт дейміз.

Ал бұл сайлауға қатысу-қатыспауын соңғы сәттерге дейін шеше алмаған Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясының үміткерлерінің қатарында зейнеткерлер болмағанымен, «лидерсіз» жүрген партияның додада жеңіске жетуі екіталай күдік келтіреді. Бұлайша бажайлауымызға біздің елдегі формалды оппозиция мен қолында құзыры жоқ қоғам белсенділерінің билік «офчаркаларымен» таласуға «шанстарының» аздығы себеп. Оның үстіне, социал-демократтар 2012 жылғы төменгі палата сайлауында тиісті тиісті 7 пайыз халық дауысын жинай алмаған еді. Ол кезде ЖСДП жапы дауысы 1,68 пайызды құраған.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 741
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 557
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 457
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 473