Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 6952 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 12:34

ЕРКІНДІККЕ ҚОЛЫМЫЗ ЖЕТСЕ ДЕ РУХЫМЫЗ ҚАЙТА ТІРІЛГЕН ЖОҚ

Бүгін Парламенттің жоғарғы палатасының жалпы отырысында сенатор Серік Ақылбай мырза премьер-министр Кәрім Қажымұқанұлының атына депутаттық сауал жолдап, Ресейден Кейкі батырдың басын қайтаруды талап етті. Бұл туралы «Абай-ақпарат» «BAQ.KZ»-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.


«Ұлт бостандығы жолында күрескен даңқты қолбасшылардың бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Ұлт боздағының басы әлі күнге Санк-Петерборда сақтаулы тұр. 1995 жылы Сыртқы істер министрлігі сұрау жібергенде, Кейкі бабамыздың басы бар екенін Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған», - деді сенатор Серік Ақылбай.

Патшалық Ресейдің отарлауына қарсы Қазақстанның барлық аймақтарында халық бас көтерген болатын. Солардың ішінде Торғай даласындағы Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Иманов, Кейкі батыр бастаған ел ең ұзақ көтеріліс жүргізді.

Жас ұрпақты патриоттық пен отансүйгіштікке баулу үшін батырлар рухын жаңғырту керек. Кеңес дәуірінде ұлт-азаттық көтерілістер туралы айтылмай келді. Өкінішке орай, бүгінгі күні кей жастарымыз 1916 жылғы көтеріліс туралы, оны бастаған батырлар жайлы толық біле бермейді. Серік Ақылбай енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келгенін айтады.

Сөз соңында сенатор, Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шықпағанын көлденең тартты.

"Биыл ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығы. Осыған орай, Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін үкімет қолға алса", - дейді Жоғарғы палата мүшесі.

Еске сала кетсек, депутат Серік Ақылбай Кейкі батырдың басы төңірегінде бұрын да бірнеше мәрте қоғам назарына ой тастаған болатын.

Тақырыпқа тұздық: БАҚ-тың базынасына айналған батыр бабалардың басын елге қайтару болғаны рас. Бұл жолы бас уәзірге жолданған депутаттық сауалдың жүгі ауыр. Олай деп отырғанымыз, тұтас бір ұлттың намысындай болған ақберен қолбасшы, алты алашқа танымал батыр, Кейкі батырдың бас сүйегін Ресей мұражайынан қайтарып алу мәселесін халық қалаулысы көтеріп отыр.

Басы бар ел, шығады басын іздеп. Егемендік таңы атқан 25 жылдың ішінде геосаяси картадағы ескі әм жаңа одақтасымыз, стратегиялық серіктесіміз саналатын ескі империяның еншігері – Ресей Федерациясының мұражайында жатқан батыр бабаларымыздың бас сүсйектерін елге қайтару ісі оңайға түспей тұрғаны өкінішті. Еміс-еміс еске түскенде, ел қалаулылары парламенттің қабырғасынан премьер-министрге депутаттық сауал жолдап қоятыны болмаса, нақты нәтиже жоқ.

Патшалық Ресейдің әйел көсемі – қазақтың соңғы ханы Кенесары ханның бас сүйегінен күлсалғыш жасатқаны белгілі тарихтан. Енді егемендік таңы атып, солтүстіктегі көршімізбен ым-жымдасып отырып, бабамыздың басын қайтарып ала алмау, Мәсімов мырза тізгінін ұстайтын Үкіметтің сүйегіне таңба болып басылары хақ.

Ұлт тарихының осы бір мұңлы беттері әлі жылаулы күйде. Тәуелсіздік алып, өркениетті заманда еркіндікке соғыссыз қолымыз жетсе де рухымыз қайта тірілген жоқ. Хан Кене мен Кейкі батырдың басын қайтарып, оны арулап көмгенше қазақтың ұлттық рухы тірілмек емес. Бұл біздің ұлтымыздың бетіне түскен таңба. Кенесары хан жалтаққойлардың, пайдакүнемдердің кесірінен ұлттың басын қоса алмай кеткен еді. Ол аңсаған сол бірлік бізге әлі жеткен жоқ сияқты. Бүгінгі тірліктің бәрі бір күндік. Өйткені ұлттық рухымыз өлік кейпінде. Өлік емес-ау, кесілген бас күйінде құмыраға салынып еріккен жұрттың ермегіне айналып мұражайда тұр. Бұл біздің аянышты халімізді әйгілейді. Себебі, әлі күнге Ресейге жалтақтап, орыстарға құлдық дейміз. Көнекөз қариялардың айтуынша, православие шіркеуі қазақтың соңғы ханы туған жеріне арулап жерленер болса қазақтың ұлттық рухы тіріледі деп қорқады екен.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 843
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 690
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 542
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 548