Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 3992 0 пікір 18 Ақпан, 2016 сағат 11:30

ЖҮЗ ОТЫЗЫНШЫ АТАМАН

Еліміздегі ең, ең, ең үлкен адамнан бір-екі ауыз сөз:

- Құлболған мырза, алдағы күндерде қазақ тілін дамыту үшін нақты қандай қадамдар жасамақсыз?

- Осы сендер қызықсыңдар! Жалпы, қазақ халқына мен қатты таң қаламын. Бірде тілдеріңді бұлдайсыңдар, біресе өздеріңді саудалайсыңдар. Сонда қазақтан басқа ел тоқалдан туды ма? Туса да теңдік алатын кезі жетті емес пе? Мәселен, дәл қазір мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ресми тіл орыс тілі деп бекітіп қойдық. Мұны аз күнде сауда тілі – ұйғыр, дөңайбат тілі – шешен, құрылыс тілі – түрік, мыстың тілі – кәріс деп немесе 365 күнді екі күн татарша, екі күн немісше, екі күн дүнгенше сөйлейтін етемін. Бұл ортақ үйіміздегі, айтпақшы, осы сөзді де өзгерту керек, бұдан былай жатақханамыздағы татулық үшін де, 130 ұлттың намысы тапталмауы үшін де өте орынды болмақ. Айтпақшы, осы 130-ға шүйлігіп жүргендер де бар. “Қазақ қана ұлт, қалғаны ұлыс”, “Ресейді ғана көпұлтты мемлекет деп айтуға болады” деген сыңарезу пікірлер жиі кездесіп жүр. Бізге ұлтшылдықты қоятын уақыт жетті емес пе? Ұлтшыл болам деген Тұрар не болды? Әлихан мен Мағжан қайда қалды? Одан да жылы үйіңде, бала-шағаңның ортасында отырып, өзің бас болып, мүмкіндігіңнің барында қалған тілдерді үйреніп алмайсың ба? Бар-жоғы 129-ақ тіл ғой...

- Талай жылдан бері жоғары қызметте жүрсіз. Осы уақыт ішінде қиналып жүрген көптеген адамдарға көмегіңіз тиген болар?

- О, әрине. Мәселен, жақында маған бір еврей жігіті жолықты. Алдыңа келіп жағдайын айтып тұрған соң жүрегің тас болмаса көмектесесің ғой. Өзім қолдап, көп болып қолғабысымызды тигізіп, дүниежүзінің ең алдыңғы қатарлы миллиардерлерінің қатарына қостық та жібердік. Тәуба, әлі күнге сол жерде отыр. Еліміздің мақтанышы, айбыны, абыройы. Басқаларда ғана емес, бізде де сол бір ерекше жаратылған ұлттың барына нақты дәлел. Өз ағамыз ғой, бір өзбекті де сол биікке шығардық. Кімнен кем? Отырсын! Негізі, қазір бізде байлар өте көп.

- Сонда біздің елде 130 ұлт бар дегенге сіз расымен сенесіз бе?

- Сен не, мені мазақтап отырсың ба? Әуелі, керек десең біз қазір жүз отыз емеспіз. Жақында мен Чукотияда болып қайттым. Кәдімгі тірі чукчамен көзбе-көз кездестім. Жаным-ау, мұздағаны сонша, иттің терісін етік, иттің терісін малақай, иттің терісін тон қылып, байқұстарда жалпы иттен басқа не бар дейсің, дірдек қағып зорға жүр. Ұзын сөздің қысқасы, әлгіні отбасымен Көктөбенің төріне көшіртіп әкелдім. Шағын ғана үш қабатты үй ұсындым, балаларының әрқайсысына бір-екіден таңдаған көліктерін бергіздім. Сосын, тағы бірде шетелдіктер қуалап жүріп қойдай қырған, бұл күнде қызыл кітапқа енген үндістердің біреуін қоймай жүріп Африканың бір түкпірінен тапқызып алдым. Ақшам кетті дегем жоқ, уақытым шығын болды деп тағы міндетсіп жатқан жоқпын. Сол үндіске қазақтың бір таңғажайып аруын алып бердім де, Астананың қақ ортасынан бес бөлмелі үй сыйладым. Сондықтан қазірдің өзінде біз, шүкір деп айтайық, жүз отыз беске жетіп қалдық. Алдағы күндерде, көзім тірі болса елдегі ұлт санын екі жүзге жеткізбек ойым бар. Сен де, сен сияқтылар да қазақ, қазақ деп қақсай бермей, осындай жанкештіліктерді де бір уақыт насихаттап тұрсаңдаршы.

- Қалай дегенмен де...

- Қоя тұр, ең бастысын айтпаппын ғой, біз тәуелсіздік алған он бес жылда елімізге келіп, күйеу бала болып үйренген және үлгерген қытай, шүршіт, ағылшын, үнді сияқты таңсық ұлттарды да өз санатымызға қосып, алдағы уақытта араларынан президенттік сайлауға үміткерлер табуымыз керек. Әрине, олардың көбі қазір құрылыста, медицина саласында немесе оқу орындарында жүр. Дегенмен, әділдік үшін бізге осындай қадамдарға да бару керек. Олар неге өз елдерінен басқа жерде ел басқаруға, жақсы тұруға немесе өз тілінде сөйлеуге құқылы емес.

- Енді алға қойған жоспарларыңыз жайында айтсаңыз?

- Жоспардан бұрын айта кетер бір нәрсе бар. “Біздің ұлан-байтақ жерімізде 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр” дегенімізбен әлі де теңдік жоқ екен. Бізде бір ғана ұйғыр ауданы бар. Сонда орыс ауданы, кәріс ауданы, неміс, шешен аудандары қайда? Жалпы әділдік қайда? Парламент пен Сенаттан әр ұлтқа бір орын беру мәселесі де енді-енді ғана сөз болып жатыр. Сол жерде отырған қазақтарыңды да көріп жүрміз ғой. Мұрындарының астынан міңгір-міңгір еткеннен басқа сен айтқан қазақ үшін солар не істепті? Олардан көрі менің 129 ұлтымның марғасқалары артық.

Енді жоспарға оралайын. Мен қазір бір киім тіккізіп жатырмын. Қалпағы жүз отыз қырлы, әр қырға жүз отыз ұлттың ою-өрнегі салынған. Жейдесі мен шалбары да осындай. Ал қыздардың көйлегі – өздерің айта беретін қазақтың қос етек көйлегі болушы еді ғой – дәл сол көйлектей жүз отыз етекті, жүз отыз өрнекті, жүз отыз бояулы болмақ. Мемлекеттік туымызды да дәл осылай өзгертпек ойым бар. Бұл біздегі ұлттардың саны өскен сайын өзгеріп отыратын болады. Яғни, көйлекке етек, қалпаққа қыр қосыла береді. Ал әнұранды мүлде қайта жазғызам. Әнұран кез келген шағын салтанаттың өзінде жүз отыз тілде айтылатын болады және жүз отыз ұлттың арғы-бергі тарихынан толықтай сыр шертетін зарға, мұңға, қуаныш пен толғанысқа толы болмақ. 

- Сонда қазақтар тағы да шетқақпай қалмақ па?

- Тоқта, тоқтай тұр енді. Сөзді бөлме. Қазақтарың жайлы көп әңгіме жоқ. Немене, кішкене күндеріңде ата-аналарың сендерге “қонақ кеткен соң жейсің”, “қонақ кеткенше ойнай тұр” деп ескертпеп пе еді? Әлде қонақтың аяғына оралғы болма деп қабағын суытып, жаз болса далаға, қыс болса бір бөлмеге тырқыратып қуып тықпап па еді? Сонда қонақтар аста-төк дастарханнан қарбыта асап жатқанда есіктің саңылауынан сығалап, жұтынып қана тұрмап па едіңдер? Аспаннан енді түскендей бола қалатындарың не осы? Бізде ата көргенбіз, бізде бір кезде қазақ болғанбыз. Дәстүр сабақтастығы дегенде менің ойыма бабаларымыздың осы бір қасиеті орала кетеді және өте қатты ұнайды. Қазір де дәл осылай болуы керек. Өз жеріңде отырсың, сендерге ешкім бір жаққа көш деп жатқан жоқ. Не болды сонша сұғанақтанып? Не болды басқа ұлттардың көзінше қайта-қайта күбір-күбір етіп? Басқа ұлттар тойынсын, ішсін-жесін, қалағандарынша алсын, апарсын алғандарының бәрін апаратын жақтарына. Қалады ғой, бәрін көтеріп кетеді ғой дейсіңдер ме? Сол қалғаны да жетеді. Тәуба десеңдерші осы күндеріңе. Тәуба! Баяғыдай қалаға кіргізбей қойса, қалаға кіре қалсаңдар баққа маңайлатпай қуса қайтер едіңдер? Қызық, ей, осы қазақтар...

- Қазір құлақ кесу, қуалап жүріп адам ату, көзі қарайған келімсектердің ұл мен қызды айыра алмай қалуы, Қошқарбай айлыққа он екі мың теңге алып жүрген кезде Шынароғлының айлыққа он екі мың доллар алуы көбейіп барады...

- Осы жерден қоя сал. Ей, айналайын, бір құлағыңды кессе екінші құлағың, бір көзіңді ойса екінші көзің бар. Құлағың мен көзің түгел болғанда не қиратып едің? Алдыңды көресің бе, дыбысты естисің бе, болды емес пе? Ал, екеуін бірдей кесіп алса қайтер едің? Бәріңді бір-ақ қырып тастады ма? Кетсе, бір-екі адам о дүниеге кеткен шығар, яғни, ажалы жетіп тұр, соған бола ұлтаралық татулыққа сына қағамыз ба? Басқалардан қазақ ақшаны аз алса, ол өз елінде отыр. Шынароғлы біздің жерде қай жетіскенінен жүр дейсің? Нан тапсақ, бала-шаға бақсақ деп қаңғуда. Қарайық та жағдайларына. Жалпы, осындай сөздерді қоймасаңдар, дәл осылай күңкілдей беретін болсаңдар өз обалдарың өздеріңе! Ұқтыңдар ма?!

Қанағат Әбілқайыр

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 843
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 690
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 542
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 548