Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 7169 0 пікір 22 Ақпан, 2016 сағат 13:59

БҮГІННЕН НҰРЛЫ, БҮГІННЕН КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК

Облыс әкімі Амандық Баталов ел алдында есеп берді. Абайдың сөзімен айтатын болсақ, есер мен естінің айырмасы өз-өзіне есеп беретін мінезіндегі асыл сипатымен ерекшеленеді. Есті кісі болғымыз келсе күніне, жұмасына, арысы айына бір мәрте өзгеден емес, тап осы өзімізден есеп алуға тиіспіз. Екі дүниеге жарамды қандай жақсылық жасағанымызды әбден електен өткізіп, өкініш пен қуаныштың арасалмағын шынайы таразылап көрген лазым. Біз – етек-жеңімізді жинаған, еркіндікпен еңсе тіктеген есті елміз. Хакімнің сөзін халыққа қаратып айтсақ, еселі еңбек пен ерен істі елге таныстыратын есепті кездесуді көкірек көзімен тағы да көңілге түйе түсеміз. Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов жер жаннатына ат басын бұрып, облыс әкімі Амандық Баталовтың ел алдындағы есебіне құлақ түрді.


 

Тәтті түбір

Жетісу өлкесінің өркенді істеріне жылда І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы куәгер. Жыл он екі айда атқа­рылған ұшан-теңіз жұмыстың кезекті көрмесі бұл жолы са­рай­дың кіреберісіне қаз-қатар тізіліпті. Облыстың атын рес­пуб­ликаға әйгілі етіп жатқан танымал сүт зауыттары, сырлы бояу өндіретін өнеркәсіп, ауыл­шаруашылық дақылдары, қайта өңдеу орталықтары, қалалардың қарқынды құрылысы, жаңадан бой көтерген өндірістік ай­мақ­тар, келешектегі көркем кел­бетті елді мекендер көрменің көркін кіргізіп тұр. Астанадан ат арылтып келген құрметті қонақтарды төрге оздырған Аман­дық Ғаббасұлы облыс тұр­ғын­дарымен бірге арнайы түсі­рілген бейнефильмді тамаша­лады. Жиын тізгінін облыстық мәслихат хатшысы Ермек Ке­лем­сейіт ұстады. 

Фильм Жетісу жеріндегі экономикалық өрлеуге бағыт­талған қарышты қадамдарға арналды. Әсіресе, ауылшаруа­шылық саласына серпін беретін жер аумақтарын мақсатты пай­да­лану, егістік алқабына су тасымалдайтын арналарды бү­тін­деу жұмыстары – кезек күт­тір­мейтін тың міндеттер. Атап айтар болсақ, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі өткен жылы 450 миллиард теңгені құрады. Бұл дегеніміз – ауадан алынған көрсеткіш емес, сапа мен нәти­женің ең тәтті жемісі. Аталған қаржы көлемі жұмыспен қам­тылған халықтың 77 пайы­зы­ның аграрлық салада тер төгіп жатқанын көрсетеді. 

Облыстың атын әуелден қы­зыл­шаның қызу жұмысы шы­ғар­ған болатын. Содан кейін де алыс-жақын елдер Талдықор­ғанның тәтті түбіріне тәуелді болып келді. Алайда экономикалық қиындықтарды еңсеру жылдарында қызылша өсіру түбегейлі тоқтап қалды. Елбасы облысқа жасаған іссапарында тап осы тәтті түбірге назар ауда­рып, қызылша өндіруді қайта жандандыруды тапсырды. Нә­ти­жесінде, облыс басшысы аудан­дармен шекер шикізатын өсіретін алқаптарды қолға алды. Алғашқы өнім де жаман болған жоқ. Әкімдік бастап, шаруалар қостап қызылша қайта жай­қалды. Әу баста шаруашы­лық­тар гектарына 700-750 центнер­ден өнім алды. Облыста биыл 124 мың тонна қант түбірі жиналып, соңғы он жылда жетпеген рекордтық межені бағындырды. 

Бағзыда егістік алқабында тер төккен еңбек иелері өнімді өткізетін орын таппай тығырыққа тірелетін-ді. Аталмыш түйіннің күрмеуі көп ұзамай шешіліп сала берді. Жер-жерде өңдеу ошақтары қалыптасып, ауылшаруашылық өнімдеріне кең жол ашылды. Сөйтіп, шар­уа­лар алаңдайтын басты кедергі жойылды. Оның дәлелі ретінде Көксу қант зауытының қайта іске қосылғанын келтірсек жеткілікті. Атап өтерлігі, қы­зылша өсірумен аты шыққан бес ауданда 5 мыңнан астам адамның екі қолына бір күрек табылды.

566 гектар жерге ерекше сұрыпты алма егілді

Елбасы Жетісу жерін тек қызылшамен шектеген жоқ. Керісінше, түгін тартса майы шығатын шырайлы өлкеде жеміс-жидек пен дәнді дақыл­дың барлық түрлерін жайқал­туға жол ашып берді. Әсіресе, Жаркент топырағына ажар сыйлаған дала аруы – жүгеріні жандандыруды айтқан. Оның да көрсеткіші көңіл көншітеді. Он екі айдың айналасында жүгерінің алқабы 72 мың гек­тарға ұлғайтылды. Жаркент крахмал-сірне зауыты жүгерішілердің жұмысын жеңіл­де­тіп, өнім бағасын көтерді. Жүгерінің сапасы артты. 

Мемлекет басшысы алма­ның атын еншілеген облысқа апорт тұқымын жаңғыртуды да жүктеген еді. Өткен жылы жаңадан 566 гектар аумаққа жаппай ерекше сұрыпты алма ағаштары отырғызылып, бола­шақта жайқалған сәнді бақтан тонналап апорт өнімдері түспекші. Ал Панфилов ауда­нындағы мың гектар алқаптың тең жартысында алмұрт ағаш­тары өсіп келеді. Сонымен бірге, облыс тынысын паш еткен фильмде мал шаруа­шылығы да толық қамтылды. Оның ішінде, тұяқтыларды асылдандыру, ет экспорты, бордақылау алаңдарының жай-күйі айтылды. Келер жы­лы облыста тағы да бес фер­маның тұсауы кесіліп, 500 бас малдың өнімдері сатылымға шыға бастайды.

Жемісті жыл

Бейнефильмде халық то­лық аяқталып, іске қосылуын асыға күтіп отырған Алматы – Қапшағай – Талдықорған алты және төрт жолақты автожолы туралы көріністер көрсетілді. Алатаудың баурайы Алматы қаласынан Талдықорғанға та­мыр тартқан көгілдір отынның құбыры да көрермен назарына ұсынылды. Елбасының наза­рындағы Алматы – Тал­ды­қорған автожолында құрылыс аяқталуға таяу. Келер жылы Талдықорған – Өскемен бағы­тындағы төрт жолақты жаңа жолдың жұмысы басталады. Ал көгілдір отын бүгінде 210 шақырымды бағындырған. Енді 40 шақырым құбыр тар­тылған соң Талдықорған қала­сы табиғи газға қол жеткізеді. 

Жетісу жұртшылығы үшін өт­кен жыл жемісті болды. Тек тұр­мыс пен әлеуметтік салада ғана оңды өзгерістер орын алып қой­май, мәдени және рухани бағытта ұйымдастырылған шаралар да шаш-етектен. Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов аспан әлемінен абыройлы оралып, Жетісудың даңқын көтеріп кетті. Жерлесімізге өзі түлеп ұшқан Талдықорғанның Құрметті аза­маты атағы беріліп, алты Алаш алақанында әлпештеді. Қазақ хан­дығының мерейлі жылына орай облыс әкімдігі мен жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп Орбұлақ шайқасынан театр­лан­дырылған көріністі көрермен наза­рына ұсынды. Аталған тарихи соғыстың көрінісі әдеттегі сахна төрімен яки төрт қабырғамен шектелмей кең даланың төсінде ту тікті. Шара мыңдаған жастың жүрегіне отаншылдық рухты алау­латып, миллиондаған қазақтың көкейіне мұқалмайтын жігер да­рыт­ты. Көпшілік тамашалаған бей­нематериал жыр сүлейі Сүйін­байдың екі ғасырлық, ақиық ақын Мұқағалидың 85 жылдық мерей­тойларымен түйінделді.

Өнеге 

Алматы облысы – Елбасының халыққа арнаған кезекті «Қазақ­стан жаңа жаһандық нақты ах­уалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында аты аталып, абыройы аспандаған өңір. Мем­лекет басшысы облыс әкімінің инвестиция, мемлекеттік һәм же­кеменшік әріптестік төңірегіндегі тың жобаларына ризашылық біл­діріп, республиканың өзге өңір­леріне өнеге етті. Жолдауда Ел­басы: «Индустриялық дамуға ар­нал­ған бағдарламалардың шы­ғынын қайта қараған жөн. Мем­лекеттік шығын мен субсидияның мөлшерін қайта тексеру керек. Қазір қатарынан бірнеше сала мемлекеттің есебінен күн көріп отыр. Бюджет шығынын азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді әрі тиімді пайдалана бастау қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік дегеннің не екенін де жақ­сылап түсіндірген абзал әлі де. Жуырда мен Алматы облысының әкімімен әңгімелесіп, Алматы қаласына бардым. Сонда мем­лекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижесі қандай болатынын көр­дім. Мемлекет кәсіпкерге жер береді, жарығын, ыстық-суық суын тартып береді, былайша айт­қанда, бастапқы жағдайын жасай­ды. Бұл – мемлекеттің қатысуы. Ал кәсіпкер сол жердегі нысанның құрылысын мойнына алады. Осы­лайша, бірнеше балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар салынған. Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кең кө­лем­де айналымға енгізген. Мұны айналымға енгізу әкім үшін қыр­уар жұмыс. Жұмыс істемей, жата берсе, мемлекеттен ақша сұрап, кеңседен кеңсеге жүгірсе, түк пайда болмайды. Кім жұмыс іс­тесе, сол нәтиже көрсетеді. Сон­дықтан, жұмыс істеген әкім өз аймағына әбден байып кеткен, сол өңірден шыққан азаматтарды да тартады, басқа да шараларды қолға алады», – деді. Сондай-ақ, сөз арасында Елбасы қант қызылшасы мен жүгері өсірудің қайта жанданғаны, апорт өсірудің қолға алынғаны, егістік алқап­тарының гүлденгені – бәрі мем­лекет пен жекеменшік әріптестіктің есебінен жүзеге асқанын жеткізді. 

Республика бойынша аграрлық салада жетекші орынға ие Жетісу жерінің жарқын істерін облыс әкімі жеке-жеке талдап көрсетті. Кіріспе сөзінде өңір басшысы осы уақытқа дейін облыста өткен есепті кезде­сулердің жалпы санын атап, тұр­ғындардан түскен әлеуметтік ма­ңызы бар ұсыныстарға лайықты жауаптар берілгенін жеткізді. Нақ­тырақ айтсақ, әлеуметтік бағыттағы 342 ұсыныстың ең көбі жол жөндеу, көгалдандыру мәселелері бойынша қойылған. Сөз арасында облыс әкімі есепті кездесулерде айтылған сыни пікірлер мен ұсыныстардың арнайы жинақталып, орындалуы қатаң бақылауға алынатынын ай­тып өтті. 

– Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Оның басты оқиғасы – Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы. Елімізде және өңірімізде болып жатқан оң өзгерістер сол Тәуелсіздіктің арқа­сы, – деді Амандық Ғаббасұлы. – Ал Қазақстанның өркендеуі мен әлемдік деңгейдегі жоғары бағасы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен зор еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі әлемдік дағдарыс кезеңінде оған қарсы тұра алатындай және елі­міздің одан әрі дамуы үшін ау­қымды жұмыстар атқарылды. Осы жоспарды Елбасы өзінің «Нұрлы Жол» бағдарламасында, бес инс­титуттық реформаны жүзеге асы­руға арналған 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жол­дауын­да ұсынып отыр. Бұл ретте сіздер мен біздің ортақ міндетіміз – жеткен жетістігімізді сақтап, арт­тыру, еліміздің тұрақты дамуына үлес қосу. 

Осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімінің атына оншақты ұсыныс келіп түскен еді. Бүгінде олар толықтай іске асырылды. Тұрғындардың өтініші түгел орын­далды. Атап айтқанда, Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Сонымен бірге Алакөл демалыс аймағына баратын жолдар жөн­деліп жатыр. Ең бастысы, Алматы қаласынан ағылатын нөпір халыққа жаз бойы емін-еркін қатынау үшін арнайы пойыз іске қосылды. Таяуда әуе қатынасы қолға алынып, Ал­маты – Үшарал бағытында ұшақ көкке көтеріледі. Көл жағасында бесжұлдызды екі қонақүйдің ір­гетасы қаланады. 

Инвестицияның игілігі 

Облыс әкімі баяндамасында нақты нәтижелер мен сапалы өнім қорытындыларын жіпке тізді. Іс пен нәтижені бір арнада тоғыс­тырып, ел көкейінде жатқан сауал­дарды дөп басты. Әкім келешекте қолға алынатын бұлыңғыр жо­баларды емес, нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, өндірісті өлкеге төгілген маңдай тердің өтеуін, сондай-ақ, білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерді баяндады. 

Жыл жарым бұрын ғана Елбасы облысқа 16 тың тапсырма жүктеп кетті. Амандық Баталов аталған тапсырмаларды сан емес, сапа көрсеткішімен орындау үшін алдымен экономикалық әлеуетке, өңірдегі кәсіпкерлікке көп көңіл бөлді. Бұдан бөлек, ауыл­шар­уа­шы­лық өнімдерін дайындау мүм­кін­дігіне ден қойды. Әсіресе, мем­лекеттік индустриялды-инно­ва­циялық даму бағдарламасын іске асыру бойынша қыруар жұмыс орындалды. Айналдырған бір жыл­дың көлемінде облыста 54 жаңа өнеркәсіп есігін айқара ашып, 17 өндіріске кеңейту жұмыстары жүр­гізілді. Өнеркәсіптегі тың серпі­лістің нәтижесінде 1975 жұмыс орны ашылды. Облыс басшысы аталған игі істердің қатарында алюминий профильдерін шыға­ра­тын Іле ауданындағы неміс зауы­тын, түрік инвесторлары ашқан фармацевтикалық өндіріс ошақ­тарын атады. Сонымен бірге биыл Талдықорған өндірістік аймағында соя өңдейтін зауыттың іргетасы қа­ланып, 120 гектар аумақ қол­да­ныс­қа беріледі. Ал Талғар ауда­нында «Қайрат», Жамбылда «Қа­зыбек бек» өндірістік аймақтары құ­ры­лып, келешекте іске қо­сы­лады. 

Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отырған «Қорғас» құрғақ порты басқа емес, дәл осы біздің облыста орын тепкен. Мұндағы арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылым жасақталып, жаңа бағыттағы заманауи қала салы­нады. Бұл Қазақстанның ең биік экономкалық өсу нүктесі тәріздес. Өйткені, шекара шебінде еліміздің өндірісіне оң өзгеріс әкелетін 100-ден астам үлкен жоба жүзеге асады. Нәтижесінде, 34 мың адамға дейін жұмыс орны құрылады. Бір ғана энергетика саласында Қытай елі мен Қазақстан 3 жобаны бірлесе атқармақшы. Ал Иран, Италия инвесторларымен ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерін, шыны құтыларды, құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған 6 келісімшарт жа­салды. Ұзын саны ірі, орта және шағын кәсіпорындармен 7085 ме­морандумға қол қойылды. 

Мал шаруашылығында ет экс­пор­тын дамыту үлкен мәнге ие. Облыс басшысы осы уақытқа дейін Жетісу топырағына 9 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінгенін, оның 720-сы жыл ішінде ғана бор­дақылана бастағанын айтты. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 мың басқа 97 шаруа қожалығы иелік етіп отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, облыстағы асыл тұқымды ірі қаралардың саны 6,6 мың басқа көбейген. Облыстағы жетекші салалардың жетістігін жіпке тізген Амандық Ғаббасұлы есепті баяндамасының келесі бө­лігін құрылыс пен кәсіпкерлікке арнады. 

Туризмнің алтын төрі

Алматы облысында көрікті елді мекендер көп. Көз тартарлық ға­жайып ғимараттар құрылыс сапа­сымен тығыз байланысты. Жыл он екі айда жас отбасыларға арналған 128 пәтерлі екі жалдамалы үй бе­рілген. Кезекте тұрғандардың 175-сі 41 үйге көшіп кірген. Ал несие­лік төрт, коммуналдық 34 үйге 600-ге жуық отбасы қоныстанған. 2015 жылы шағын және орта кәсіп­керліктің саны 157 800-ді құрады. Дәл осы шағын кәсіпкерлікте об­лыстан 355 мың 800 адам жүр. Бір жыл ішінде олардан бюджетке 29,9 миллиард теңге салық түсті. Бұ­лардың басым көпшілігі мем­ле­кеттік бағдарламарды тиімді пай­даланып отырғандар. 

Жетісу – жер жаннаты һәм туризмнің алтын төрі. Облыс әкімі ту­ризм саласында 563 нысан жұ­мыс істейтінін жеткізді. Болашақта Балқаш және Алакөлдің жаға­лау­ларында сауықтыру кешендері салынады. Мұның жарқын бас­тамасы ретінде Алакөлдегі Ақши ауылына 93 шақырым аумаққа электр желісі тартылды. Туристерді демалыс орындарына жайлы жет­кізу үшін жазғы мезгілде «Алматы – Жетіген – Ақши – Достық» бағы­тында теміржол іске қосылды. Сонымен бірге, Балқаш көліне дейінгі жалпы ұзындығы 141 ша­қырым автожол қайта жөнделеді. Елден сүйінші сұрайтын жақсы жаңалықтың бірі – Алматы, Астана, Талдықорған араларын әуемен жалғайтын ұшақтар қатары то­лықты. Жаңа бағытты ашқан «Qazaq Air» әуе компаниясы об­лыстағы туризмді дамытуға оң ықпал ететіні сөзсіз.

Еуропа мен Азия аралығын жалғайтын атақты алты жолақты автодәліз Алматы облысын қақ жарып өтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 500 шақырымға жуығы Жетісу өл­кесін­де. Келешекте жол бойынан қызмет көрсетудің ең ірі жеті нысаны іске қосылады. Заманауи тау-шаңғы спортын, қонақүй кешендерін, демалыс орындарын өркендетуге 12 инвестициялық жоба әзірленіп қойды. 2015 жылы 6 миллиард теңге инвестицияға жылына 91 мың адам келіп-кететін көлеммен 26 туризм нысаны қолданысқа берілді.

Инвестиция демекші, облыста бұл саладағы нақты көлем биыл 490,2 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткішті республикаға шаққанда үлес салмағы 7 пайызды көрсетеді. Атап кетерлігі, об­лыс­тағы қаражаттың 73 пайызы бюд­жеттен тыс, инвестиция негізінде игерілді. Сонау 2011 жылмен са­лыстырып көрсек, капитал 31,5 пайызға дейін артқан. Бұл бағытта облыстың іргелес жатқан Қытай елімен жасасқан келісімшарттары мол. Оның ішінде атап кетсек, Шелек дәлізінде жел электр стан­сысының құрылысы, ыдыс әйнегін өндіретін зауыттың жұмысы көрші елдің қаражатына тұрғызылады.

Елбасы осы айда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген оты­ры­сында: «Менің тапсыр­ма­ла­рым­ның бәрінің түпкі мақсаты – қара­пайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы», – деп атап өтті. Соған орай Амандық Ғаббасұлы әлеуметтік саланың шығыстары да қысқартылмайтынын айтты. Не­гізінен бұл салаға облыс бюд­жетінің 66,4 пайызы жұмсалды, ал биыл 218 миллиард теңге ба­ғытталады.

Облыстағы 19 мектеп, оның ішінде бесеуі апатты мектептердің және 10-ы үш ауысымды мек­тептің орнына салынды, 45 білім нысаны қайта жөнделді. Елба­сының 2017 жылдың соңына дейін апатты және үшауысымды мек­тептерді толықтай жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес 15 мектептің құрылысына қосымша қаражат қарастырылып отыр.

Облыс мектептерінде 35 мың 700 мұғалім білім береді, өткен жылы 1281 жас маман келді. Олар­дың 363-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал «Балапан» бағдар­ламасы шеңберінде 99 балабақша пайдалануға берілді, оның 88-і жекеменшік, бюджет қаражаты есебінен 5 балабақша салынды. Алтауы күрделі жөндеуден өтті, мектептер жанынан 13 шағын орта­лық ашылды. Мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік дұрыс жолға қойылғандықтан ірі жекеменшік бала­бақшалар ашылды. Атап айт­қанда, Іле ауданының Өтеген батыр кен­тінде 500 орынды «Сұңқар», Бо­рал­дайдағы 320 орынды «Род­ни­чок», Алакөл ауданы Үшарал қа­ла­сын­дағы және Еңбекшіқазақ ау­да­ны Бәйтерек ауылындағы 100 орын­­ды балабақшалар. Осы атқа­рыл­ған жұмыстардың нәтижесінде 3–6 жас ара­лығындағы балаларды бақ­ша­мен қамту деңгейі 77 пайызға жет­ті.

Биылғы жылдан бастап жеке сектордың қатысуымен көрсе­ті­ле­тін дәрігерлік кепілді көмек кө­ле­мін арттыруға бағытталған ден­сау­лық саласын дамытудың жаңа «Ден­саулық» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Өткен жылы Көксу ауданы Балпық би ауылында тәулігіне 250 адамды қабылдайтын емхана, 6 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 14 ны­санға күрделі жөн­деу жүргізілді. Есепті кезеңде 156 бірлік меди­циналық құрылғылар мен 38 дана санитарлық автокөлік алынды. Атқарылған шаралардың нәти­жесінде тұрғындардың орта өмір сүру деңгейі 72 жасқа жетті.

Жетісудың рухы мен тілі, ділі мен тарихы саналатын мәдениет бағыты бойынша 7 мекеме күрделі жөнделіп, жаңа 3 ауылдық клуб пен кітапхана ашылды. Осы аралықта 42 мың әртүрлі іс-шара өткізілді. Бұлардың қатарында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына ар­налғ­ан шараларды, «Ауылым – алтын бесігім» форумын атап ай­туға болады.

Ұлы Отан соғысының 70 жыл­дығына орай 26 ескерткіш жөн­деліп, қалпына келтірілді. Спорт­тың дамуына демеушілер өздерінің зор үлесін қосуда. Мәселен, елі­міз­ге белгілі кәсіпкер, Олимпиада чем­пионы Жақсылық Үшкемпіров Жам­­был ауданы Мыңбаев ауы­лын­да спорт кешенін ашты. Бүгінгі кү­ні денешынықтыру және спорт­пен ай­налысушылар саны 506,5 мың адамға жетті. Облыс хал­қының, әсі­ресе жастардың сала­уатты өмір сал­тымен айналысуы үшін жеке кә­сіп­керлерді тартып, спорт ны­сан­дарын салу қажеттігін әкім баса айт­ты.

Тәуелсіздікке тағзым

Жұмыстағы басты бағыттардың бірі – халықтың аз қамтылған топ­тарына көмек және қолдау көрсету. Әртүрлі әлеуметтік көмек 183 мың­нан аса адамға көрсетілді. Жыл сайын ауылдық жерде тұратын білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет және спорт саласының 42 мыңнан аса қызметкерлерінің отын сатып алуына көмек көрсетіледі. Еліміздің жоғары оқу орындарында аз қамтылған отбасылар мен ата-анасыз өскен 367 студент облыс әкімінің грантымен білім алуда. Облыс орталығында 36 мың 300 оқушы мен студент қоғамдық кө­лікте тегін жүреді.

Жыл басынан жергілікті атқа­рушы орган мен қауымдастыққа есеп беретін «Жергілікті полиция қызметі туралы» Заң қабылданып, басшылары бекітілді. Облыстық жергілікті полиция қызметін ор­наластыру үшін әуежай аума­ғын­дағы ғимарат сатып алынып, жаң­ғыртылатын болады. Қапшағай қала­сында Жедел басқару орта­лығы салынып, пайдалануға беріл­ді. Талдықорған қаласында «Ди­намо» спорт кешені іске қосылды. Учаскелік полиция инспек­тор­ларына қызметтік тұрғын үймен бірге салынған үш тірек пункттері берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Облыс орталығы тұрғын­дары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 200 бейне­ба­қылау камерасы орнатылып, Же­дел басқару орталығына қо­сы­латын болады. Жалпы осындай 800 камера орнату көзделген. Шалғай жатқан аудандарға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Райым­бек ауданының даму жос­пары қабылданды, бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде Нарынқол өңірін дамытуға 689 млн. теңге қарастырылды. Екі жылда жолдарды жөндеуге 1 млрд. теңге бағытталды, әлеу­мет­тік саланың төрт объектісі, оның ішінде Бердібек Соқпақбаев атын­дағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Нарынқол ауылында жалға берілетін 20 үйдің, футбол ала­ңы­н­ың және Сарыжаз, Қақпақ, Қос­төбе ауылдарында дәрігерлік ам­бу­латориялар құрылысының құ­жат­тамалары дайындалуда. Үсті­міздегі жылы жалпы 1,6 млрд. теңге, оның ішінде Нарынқол өңірін дамытуға 644,5 млн. теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының келбетін жақсарту жөнінде дамыту жос­пары қабылданып, соған сәйкес кең ауқымды жұмыстар жүр­гі­зі­луде. Атап өтерлігі, биыл 21 мың 177 жұмыс орны ашылып, жұ­мыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендейді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Елің үшін жан аямай қыз­мет ете білсең, елің де сені ала­қанға салып аялай біледі» деген еді. Осы орайда елімізге сапалы қызмет етуге қойылатын талап та өте жоғары. Біз аппарат жұмысын жетілдіруде алдыға қойған мақ­сатқа жету үшін білікті кадрларды тартуға ерекше көңіл бөлеміз. 2016 жылғы 1 қаңтарға облыстағы мем­лекеттік қызметшілердің саны 3895, оның 1785-і, яғни 45,8 пайы­зы әйел азаматтар. Алматы об­лысы әкімі аппараты мен облыс әкімі сайтына 5247 өтініш түсті. Облыс басшылығы 578 адамды жеке мәсе­лелері бойынша қабыл­дады, – деді облыс әкімі сөз соң­ын­да.

Биыл – тәу етер тәуелсізд­і­гі­міз­ге 25 жыл. Кеңестік биліктің қа­бырғасын сөккен Желтоқсан оқи­ғасына 30 жыл толады. Әлемді ау­зына қаратқан суырыпсалма ақын Жамбылдың 170 жылдық ме­рейтойы басталды. Сонымен бір­ге отаршыл билікке қарсы бас кө­терген Қарқара көтерілісіне ға­сыр толып отыр. Амандық Ғаб­бас­ұлы атаулы шараларды бір-бірлеп атап, тұрғындар алдындағы есебін Елбасының: «Дүниеде тәу­ел­сіз қазақ елі бар. Ең бастысы – бү­гін­нен нұрлы, бүгіннен кемел ке­ле­шегі бар. Сол күнге берік сенім бар!», – деген сөзімен қоры­тын­ды­ла­ды.

Есепті кездесуден кейін тұр­ғындар тарапынан облыс әкіміне жазбаша және ауызша сауалдар қойылды. Ел көкейіндегі ұсыныс-тілектер мен сұрақтар көбіне үш ауысымды мектеп, балабақша, нейрохирургия орталығын ашу, баспана, апатты үйлер, ақындар мерейтойын елеусіз қалдырмау, Алматы маңында теміржолдарға байланысты туындайтын көлік кептелістері төңірегінде өрбіді. Облыс басшысы халықтың ұсы­ныс­тарын елеусіз қалдырмай, жан-жақты жауап берді. Жиынға қатысқандар облыс әкімінің есебін қанағаттанарлық деп тапты.

 

ЖЫР АЛЫБЫНЫҢ МЕРЕЙІ

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Жетісу – ақындар мен батырлардың мекені. Биыл ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың 170 жыл­ды­ғын кеңінен атап өтеміз. Әр қазақ азаматы жүз жа­саған Жамбылға қарыздар. Ол қазақ әде­биетін та­ғы­лым­ды дастандармен дамытып, поэзиямызға өлшеусіз үлес қосты. Сондай асылдары бар ел ешқашан еңсесін тү­сірмейді.

Облыс әкімі Амандық Баталов айналдырған бір жыл­дың ішінде биік асуларды бағындырды. Әр кездесуде Ел­басы Алматы облысын ерекше айтып отырады. Мұның бәрі облыс басшысының істен нәтиже көрсете білетін біліктілігінің арқасы деп білемін. Хакім Абай адамды ақыл мен еңбек қана екі жақтап жетелейтінін айтып кетті емес пе? Жетісу жерінде ұлтқа жанашырлық танытып жүрген, ұрпақ қамы үшін барын аямайтын текті азаматтар көп. Солардың қатарында Бауыржан Оспановты атар едім. Сосын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жоғары білім беруде алдыңғы орындарда тұр. Жетісу – ән мен жырдың бесігі. Кезінде Әсет Бейсеуов құрған «Құлансаз» ансамблінің өзі неге тұрады? Облысты өркендетіп отырған, еңбек пен ақылды серігі еткен перзенттер аман болсын.

 

ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕТІСТІГІ БАСЫМ

Жайсан АХМЕТОВ, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы:

– Алматы облысы – республикадағы ең іргелі өңірдің бірі әрі тауы да, жазығы да, өзені де, көлі де бар аграрлы аймақ. Мұнда өмір сүру өте қолайлы. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, өндіріс ошақ­тары жылдан-жылға жанданып келеді. Жетісуды тектен-текке жер жан­наты деп атамаса керек-ті. Сол себептен де шығар, қазіргі таңда халықтың саны күн санап өсіп жатыр.

Мен Алматы облысында тұратын 2 миллион халық­тың кіршіксіз көңіліне, тау бұлағындай таза пейіліне, аппақ ниетіне риза боламын. Әрі облыс Алматыдай алып шаһармен шектесіп жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі сол Алматы маңына шоғырланған. Әрине, Алматы маңында баспана, тұрғын үй, жер учаскелері бойынша даулы мәселелер жоқ емес. Алайда оның бәрі өз орнымен шешімін табады. Қазақта: «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – деген даналық сақталған. Түсіне білген адам бұл мәтелдің астары тым тереңде жатқанын біледі. Әкім әрқашан елдің игілігі үшін жұмыс істейді. Сіздердің өңірде соңғы жыл жарым ішінде оң өзгеріс өте көп. Ақсақалын ардақтап, ағаға құрмет, ініге ізет көрсетіп жүрген өнегелі облыстың бірі ретінде осы Жетісуды атар едім.

 

Жиын барысында: ҰСЫНЫС ПЕН ТІЛЕК

Әскербек Абаев, Жамбыл аудандық агроөнеркәсіп кешені қыз­мет­керлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, Алматы облысының Құр­метті азаматы:

– Халқымызда «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, бірігіп еккен ағаш – ор­ман» деген жақсы сөз бар. Ынтымақты тірек еткен өңір жұртшылығының облыс әкімінің бастамасымен қол жеткен табыстарына әрдайым марқайып отырамыз. Облысымыздың жүйелі дамуы мен Жамбыл ауданы халқының еселі еңбегінің арқасында қазір өріс малға, алқап астыққа толды. Қандай істі қолға аламын десе де мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Осы берекелі істің игілігін халық көріп отыр. Мәселен, ауданымызда Мыңбаев шаруа қожалығы өткен жылы 120 тонна ет өткізген болса, жаңадан құрылған «Империя Фуд» серіктестігі 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Іскер азаматтар алдағы уақытта ет өндірісінің көлемін 1289 тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отыр.

«Табыс» шаруа қожалығы жаңадан сүт-тауарлы фермасын салды. Осы ай­дың аяғында Голландиядан 600 бас ірі қара малдың тұқымын алып келеді. Сондай-ақ ауданымызда ірі ет және сүт өнімдерін өңдеу цехтарын салу қолға алынуда. Бұл өндірісте жергілікті тұрғындар еңбек ететін болады.

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен Жамбыл ауылындағы орта мектеп пен өнер мектебін күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Ауылдың 6 көшесі күрделі жөндеуден өтті, түнгі жарық шамдары орнатылып, басқа да игі шаралар атқарылуда. Өткен жылы Сүйінбай бабамыздың 200 жылдық мерейлі тойы ауқымды көлемде аталып өтілді. Бұл – өткеннен өнеге алудың, бабалар сөзін бағалай білудің жарқын үлгісі.

Бүгінгі жиында аудан еңбеккерлерінің атынан облыс басшысы Амандық Баталовқа зор ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. 2015 жылғы атқарған қызметіне қанағаттанарлық деген баға береміз.

Мария Сагурова, «AQUMARINE resort» ЖШС-нің директоры:

– Облыс әкімінің баяндамасын тыңдай отырып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда табысты дамып келе жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. 2007 жылдан бері Алакөл аймағына инвестиция тарту бағытында еңбек етіп келемін. Бұл – өте таңғажайып өлке. Өңірдің туризмді дамытуға үлкен мүмкіндігі бар. Осы орайда соңғы жылдары облыс әкімдігі тарапынан айтарлықтай істер атқарылып, нақты қолдау көрсетіліп жатқандығына өз көзімізбен куә болудамыз. Инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Электр желісі тартылып, автожол жобасы жүзеге асырылуда. Ауылдық амбулатория ашылмақ. «Алматы –Жетіген – Достық» бағытында пойыз жүргізіле бастады. Осындай қолдаудың арқасында біздің компаниямыз биыл қонақүй салу жұмысын аяқтамақ. Демалыс айлағында пансионат пен қонақүй қатары көбейіп келеді. Өткен жылдың өзінде ғана он жаңа нысан іске қосылды. Бүгінгі күннің өзінде Алакөлдің жанында жүз шақты туристік нысан бар. Бұрнағы жылмен салыстырғанда келушілердің қатары 28 пайызға артты. Инвесторлар атынан жергілікті атқарушы органға көрсеткен қолдаулары үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше өңірді өркендетуге өз үлесімізді қоса бермекпіз.

Айдын Иманбеков, «Акбель и К» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің атқарушы директоры:

– Өткен жыл қорытындысынан облысымыздың әлеуметтік экономикалық даму барысында ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, тағы басқа салаларда қол жеткізген үлкен жетістіктерін көріп отырмыз. Облысымызда фармацевтика саласы да даму үстінде. Бүгіннің өзінде 6 фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде «Акбель и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Бұл зауытымыздың салынуына 500 млн. теңгеге жуық инвестиция бөлінді.

Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шең­берінде облыстық атқарушы органның қолдауымен зауытқа инфрақұрылым тар­тылды. Атап айтсақ, электр жүйесі, қосалқы электр станциясы іске қосылып, газбен қамтамасыз етілу жайы шешілді. Мемлекеттен 40 млн. теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында өндірісті кеңейтуге мүмкіндік туып, 65 жұрмыс орны ашылды. Осы орайда облысымызда жұмыс істеп отырған барша фармацевтика саласындағы кәсіпкерлер атынан сапалы нарыққа сай отандық өнім шығаруға барынша мүмкіндік тудырып отырған облыс әкіміне алғысымызды жеткіземіз.

Қазіргі қиын-қыстау экономикалық дағдарыс кезінде ашылған жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, өндіріс қарқынын өсіру есебінен одан ары ұлғайту көзделіп отыр. Кәсіпорын келешекте де өзінің алдына қойып отырған бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікті арттыру жұмысын ары қарай жалғастыра бермек.

Сәдуақас Батқалұлы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы:

– Елбасының тапсырмасы, облыс әкімінің тікелей басшылығымен кезінде Сарқанның даңқын асырған қызылша дақылын өсіру қайта қолға алынды. Қызылша егістігінің көлемі ұлғайды. Өнім сапасы артты. Елге жұмыс табылды. Мұндағы шаруа қожалықтары өнімді еселеп, Көксу қант зауытына тәтті түбір жеткізді. Бұл –сарқандықтардың жақсы бастамаға қосқан үлесі.

Облыс басшысы ауданға жұмыс сапармен келген сайын халыққа үлкен үміт, сенім ұялатады. Лепсі өңірін ұмыт қалдырмай, Балқаш көлінің жағалауын жаңғыртуға ірі қадам жасалып жатқанынан жұртшылық хабардар. Қаншама жыл қараусыз қалған Черкасск мұражайын күрделі жөндеуден өткізуге, оған бастап апаратын жолды да жақсартуға қозғау салынғаны біз үшін қуаныш.

Кейінгі жылдары ауданымыздың аграрлық саласының бойына қан жүгірді. Қаншама жоба жүзеге асты. Суармалы егіншілік жоғары қарқынмен даму үстінде. Солай десек те, егістік көлемін ұлғайту үшін су тапшылығы бүгінгі күн­де өзекті мәселе болып тұр. Оны шешу жолы – тамшылатып суару тех­нологиясын дамыту. Биыл бұл технологияны Бақалы ауылының «Қамқор» шар­уа қожалығы 50 гектар жерге қызылша дақылын сеуіп, жүзеге асырмақшы. Об­лыс басшысынан қожалыққа құрал-жабдық алуға 16 млн. теңге қаражат бөлуге ықпал етуін сұраймыз.

Сондай-ақ, биыл ауданда 36 мың тонналық қызылша өңдейтін зауытты іске қосу жоспарлануда. Осыған орай, аудандық ардагерлер кеңесі егістік жер алып, қант қызылшасын себуге бастама көтерсе, Сарқан жастары да ортақ іске құлшыныс танытуда. Біз облыс ардагерлері мен жастарына Үндеу тастап, біздің бастамамызды облыс көлемінде қолдауға шақырамыз.

Бірлік бар жерде – берекелі тірлік бар. Жер жаннаты Жетісуымыздың гүлдене түсуіне үнемі көңіл бөліп отыратын Елбасымызға және облыс басшысына бүкіл жетісулықтардың атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Облыс басшысының еңбегін ең жоғары «бес» деген бағамен бағалаймыз.

Күләнда Батырбекова, «Еркем-ай» жекеменшік балабақшасы мен «Дана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы:

– 2009 жылдан бері білім саласына инвестиция тартып жүрген кәсіпкермін. Талғар ауданында 500 орынды 2 балабақша, 350 орынды мектеп құрылысын салып, 156 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекет қазынасына жыл сайын 30 млн.-ға жуық салым төленуде.

Бұдан бөлек, мектептің заманауи жабдықталған базасында ауыл балаларының жаппай спорт пен қосымша білім алуын қамту үшін түрлі үйірмелер ашуға өз үлесімді қоссам деймін. Сонымен қатар Қапшағай қаласынан 59 сотық жер телімін сатып алып, бірінші қабатында 250 орынды балабақшасы бар тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырмын. Осы әлеуметтік нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолдау тапса деген ұсынысым бар. Мектепке барар жолға көпшілік демалатын орын жасап, көгалдандырып, шамдар орнатып, спорт кешені мен велосипедшілерге арналған жол салсам ба деген ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайсыздар деген ойдамын.

Облыс әкімінің жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлетіндігін, биыл облысымызда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі межелі жоспарға жетіп отырғандығынан көре аламыз. Оған өз тарапымыздан үлес қосып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз.

 Ерлік Қалибек, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі:

– Өткен жылдың қаңтар айында Амандық Ғаббасұлы мәдениет қызметкерлерінің басын қосып, жеткен жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді саралаған болатын. Бұл басқосу мәдениет саласының қызметкерлеріне үлкен серпіліс берді. Облыстағы Мәдениет үйлерінің метериалдық-техникалық базасы жаңартылып, музыкалық аппаратуралар сатылып алынды. Театр ғимаратына 98 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуде театрға сұралған он штат бірлігі екі айға жетпей беріліп, нәтижесінде қатарымыз жас мамандармен толықты. Бүгінде сол әртістердің екеуі және өзім баспаналы болып отырмын. Кеше ғана нәрестелі болған мен үшін бұл зор қуаныш, үлкен бақыт. Мұның өнер адамдарының жұмысқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу жолында аянбай еңбек етуімізге үндейтіні сөзсіз.

Өңір басшысы мәдениет саласына аса көңіл бөліп, өнер иелерін барынша қолдап келеді. Облыс орталығында жаңа театр салу бастамасы театр әртістерінің ғана емес, барша жетісулықтың қуанышы деп білеміз. Сол үшін Амандық Ғаббасұлына үлкен алғыс айтамыз. Мәдениет қызметкерлері атынан өткен жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деп баға береміз.

Сағи Асылханов, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мү­ше­сі:

– Облысымызда жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқандығы бізді қуантады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасының жастары облыс әкімінің гранты есебінен еліміздегі ең беделді ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл жастардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады.

Облысымыздың күн сайын көркейіп келе жатқандығына қарқынды жүргізіліп, қала ажарын ашқан құрылыстар дәлел. Соның ішінде жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы мен «Жастар» саябағын мақтанышпен айта аламыз. Қаратал өзенінің жағажайы да ғашықтардың махаббат аллеясына айналды. Алдағы уақытта жастардың некесі теңдесі жоқ зәулім Салтанат сарайында қиылатыны әрбірімізге қуаныш сыйлайды. Ал жас отбасылары мен жас мамандарға арналып көпқабатты зәулім үйлердің салынуы жастарды жарқын болашаққа жетелейді. Сонымен қатар студенттік құрылыс жасақтарының жүзден астам сарбазы «Жастар» саябағының жандануына қызмет етіп, облысымыздың көркеюіне үлесін қосуда. Ал «Жасыл ел» еңбек жасағының 3 мыңға жуық жасы облыс аумағында тазалық жұмысын жүргізіп, еңбекпен қамтылуда.

Өткен жылы облыс әкімі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пәтер кілттерін сыйлағанда олармен бірге қоныс тойын тойлағандай болып, шын жүректен қуандық. Бұл жасалған жұмыстарды Жетісу жастары өте жақсы деп бағалайды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР, Алма ЕСЕНБАЕВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 736
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 555
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 455
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 472