Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 5865 0 пікір 18 Қазан, 2015 сағат 22:39

АЛАҚАНДАЙ ӘҢГІМЕЛЕР

(қаз-қалпында)

 

 УЖС!...

Бүгінгі  пікір таластың өзегі өрттей қаулаған келін мәселесі болды. «Келінмен бірге тұру керек пе, жоқ әлде түскен күннің ертесі бөліп жіберген дұрыс па?» деген журналистің сұрағына жамыраған жауаптар айтыла бастады.

Отыз жастар шамасындағы шашын бөртеге бояған сары келіншекке кезек тиді.

– Келінмен бірге тұра алмаймын, себебі, ұрсып қаламын.

– Келін түсірдіңіз бе?

– Қайдағы!.. Ұлым бес жаста, үйленуіне әлі жиырма жыл бар шығар.
– Сонда жиырма жылдан кейін үйіңізге келетін келінмен ұрсысу туралы қазірден бастап даярланып жатырсыз ба?

– Ой, онсыз да белгілі... қай келін енесімен тұрғысы келеді? Қай ене келін ұстағысы келеді дейсің? Бірге тұрып бітбейтін дауға қалғаннан Құдай сақтасын!

– Сіздің де қызыңыз бар шығар? Ол да біреудің келіні болады емес пе?

– Біреудің үйіне барып тұтқын болып, сықсиып отырғаннан, қайта қызымның болмағаны қандай жақсы!

– Онда жалғыз ұлды үйлендіріп, бөліп шығарып жіберсеңіз ертең өзіңіз қартайып кіріптар болғанда қайтпексіз?

– Келінге күнім қарағанша, өлгенім артық.

– Қазақтар бұлай ойламайды!

– Менің шешемді енесі сыйғызбапты, солар да сіз айтып тұрған «қазақтардан».
– Сіздің де енеңіз болды ғой...

– Менде ене де, күйеу де болған емес!

– Ім...м, «сонда да келінмен бірге тұрып қаламын-ау» деген ой басыңызға келген жоқ па?

-УЖС!!!

Басын шайқаған журналист, микропонды сөйлегісі келіп ұмтылып тұрған апаға берді.

 

ЛЕОН-КОЛЯ

– Дәулетбек, баяғыда баламыздың атын саған қойғызып, сол бойынша құжат алған едік.

– Иә ЛЕОН, есімде. Айтулы азамат, ұлттың мақтанышы ақын Мұқағалидай болсын деп, азан аты – Мұқамметқалиды қойдық емес пе!?

– Иә, сол ат ұнамай жүр. Айналасы тегіс Коля атап кетті.

– Ой, Леон құрдас, өздерің толық атымен шақырғанда, балаңыз «менің атым – Мұқамметқали» десе қалыптасып бойына сіңер еді ғой.

– Дәуке, ол біріншіден, модыдан қалған ескі ат, екіншіден, тым ұзын. Сол кезде саған бекер келіскен екенбіз!

– Леон мырза, сонда не айтпақсыз?

– Менің атыма қарашы, жып-жинақы – Леон. Балам 18-ге толды, атын Коля деп өзгертетін болды.

– Бір әнші Еуропаға ұнаймын деп аты-жөнін өзгертіпті. Сіздер де сол секілді болдыңыздар ғой. Шешесі екеулерің келістіңдер ме?
– Әрине!

– Тәуелсіздігімізге 25жыл болды. Тіліміз, дініміз өз тұғырын тауып жатқанда бұл не істегендеріңіз?

– Онда не тұр!..

«TRASH»

Түнгі сағат 24-00-де қыз ұзату тойы соңғы мәресіне жетті. Осы арадан 500 шақырым жерде тұратын құдалар тойхананың алдында күтіп тұрған он бес кісілік «Мерседес» көлігіне жайғасып отырды. Үлкендер жағы он адам, ұл мен күйеуқосшы, келін және қызжолдас болып он төрт адам. Алты сағат бойы дасдарқанда отыру, ұзақ-ұзақ қайталанған сөз тыңдау, дүңкілдеген  музыка, шаңқылдаған дауыстардан әбден шаршап мезі болған құдалар  соғыстан олжа түсірген батырлардай, көлікке отыра сала алды-артына қарамай газды басып «шу!» деп жөнеле берді.

Қыздарын ұзатып шығарып салған Дандай мен Кербездің көңілдері алай-дүлей. Тойға келген ел-жұрт, туыс-туғандар қоштасып біртіндеп кетіп жатыр. Той жасаған әулеттен үркердей топ қана қалды. Тойханамен есеп айырысар кез келді. Меңгеруші келіншек дәптерін ашып саусағымен шұқып отырып:

– Екі жүз кісіге тапсырыс бергесіздер, адам басына он екі мың теңге. Барлығы екі милион төрт жүз мың теңге болады. Алдын ала елу пайызын төледіңіздер, ендігі беретіндеріңіз бір милион екі жүз мың, – деді.

Бір қуарып бір қызарған Дандай  қолындағы бар ақшаны  әкімшіге  ұсынды. Ақшаны асықпай санаған келіншек: «Тағы да алты жүз мың жетпейді» деді сұраулы бейнеде ерлі зайыпты  Дандай мен Кербезге қарап.

– Солай болып тұр қарындас, алдыңғы жарты ақшасын кредит алып төлегеміз. Қалғанын тойдан түскен ақшамен  жабармыз деп ойлап едік, өкінішке орай  бес үстел бос қалды. Ал, тойдан түскен ақшаның жағдайы осы болып тұр, – деді көзімен жер шұқып.

– Қалайда төлеңіздер! Есепті қазір жабуымыз керек, – деді басқарушы, бір ай бұрынғы тапсырыс қабылдаған кездегі сыпайы, кішпейіл  бейнесінен айрылып қатқылдау әуенге ауысып. Осы кезде көзі бұлаудай болып ісінген Кербез сөзге араласып:

– Өздеріңіз де көрдіңіздер, шақырған қонақтарымыздың  көбі келмей қалды. Келгендерінің әкелгендері  де мардымсыз! Жеке  құжаттарымызды  қалдырайық, – деді қиылып.

– Жоқ, болмайды! Шамаларыңыз келмесе, әр орыны бес мың теңгелік кафелерге бармадыңыздар ма? Ақша жоқ болса көліктеріңізді кепілге қалдырасыздар, –деді орнынан тұрған басқарушы келіншек.

– Кілт пен көліктің құжатын беріп  «қолхат» жазыңыз!

Бір сағат өткенде Дандай мен Кербез үлкен жолдың бойынан  такси тосып тұрды.

– Қыздан айрылып көшкен елдің жұртында қалғанымыз аз болғандай, үйге жаяу қайтатын болдық, босқа тыраштанбай  әлімізге қарасақ болмас па? –деді Кербез көңілі жердей болып.

– Дұрыс айтасың,  қыз олай тартып, біз бұлай тартып  жеткен жеріміз осы. Кредитті кім төлейді? Көлікті кепілден кім шығарады? –деді Дандай, мейрамхананың қасындағы қоқыс лапасының маңдайшасын қолымен  нұсқап.

– Қарашы, мейрамхананың өзі тыраштанатындарға  арналған екен. Анда «TRASH» деп  тұрған жоқ па?!

 

ТЫҢДАЙТЫН КІСІ ТАПСАҢ АЙТА БЕР

Жасы алпысты алқымдаған Айман апа, бір қозғалып бір тоқтап, бір қозғалып бір тоқтап гүжілдеген қала маңына жүретін 54-автобусқа алқына басып зорға шықты.

Газды бақырта беріп  қозғала бастағанына қарап  жүріп кетеді-ау деп қалған адамдар асығыс-үсігіс кіріп жатыр. Дәл осындай жұртқа көз қылған көлік жарты метр қозғалып «ыңқ» етіп тоқтап, тағы бір адым ілгерлеп  «шиқ» етіп тоқтап, тұп-тура 17 минут дегенде орнынан ыңырана зорға қозғалды. Тағаты таусылған бірнешеу түсіп қалғысы да келіп еді, бірақ қайда барады? Бәрі сол, адам толмай алға жылжымайды.

– Жүрді-ау, әйтеуір, – деп айналасына қараған Айман апа, отырғандарға көз салды. Көбі көздерін жұмып мүлгіп отыр, зорға жеткен орнын кім берсін, өйткені бәрі де ақша төледі ғой. Ол жанындағы орындықта арғы жағына қызын отырғызып, бергі жағына өзі отырған жас келіншекке таяп келіп:

– Шырағым, қызыңды алдыңа алып ары таман жылжисың ба? – деді ауыр денесін зорға көтеріп тұрған  тізесін уқалап.

– Әне осылар-ақ көре қалады, қызым сабақтан шаршап шықты, мазаламаңыз. Басқа жаққа барыңыз, – деді жақтырмай. Орын берсе осы берер деген ойы әдірам қалған Айман апа сәл ары таман жылжып тұрды.

Көшедегі көліктер иін тіреседі, бағдаршамнан өте сала жолға таласқан автобустар  келесі аялдамаға қайтсем бұрын жетіп, алдымен адам аламын деген оймен ұмтылады. Осы кезде қайдан шыға қалғаны белгісіз, көше бойына тұра қалып сұқ саусағын шығарған жүргіншіге, алдыда келе жатқан жеңіл көлік кенеттен тоқтай қалды. Едел-жедел өңмеңдеп , екпіндеп басып бара жатқан  54-тің жүргізушісі оң аяғын шірене басып, тежегішті түбіне дейін бірақ тіреді. Қапелімде не болғанын білмей қалған, түрегеліп тұрған кісілердің бәрі алға қарай жапырыла құлады. Ұмсынып сырғанаған автобус  таксиге жарты сүйем қалғанда жолдың түтінін шығарып, баж-бұж етіп барып тоқтады. Алдынғы көлікті соқпай қалды дегеніңмен, ішіндегілер үйме-жүйме  болып жапырыла құлап жатыр. Айман апаның  басы орындыққа тиіп шекесінен қан бұрқ ете қалды. Біреуді біреу біліп болмайды, әр жерден шыққан ыңырсыған дауыстармен, шопырға деген өкпе-реніш, ашулы айыптаулар қарша борады.

– Көзіңе қарап жүрмейсің бе!

– Қараған соң тоқтадық қой!

– Аялдамада тұрып аласыңдар, былай шыға сала жарысасыңдар, ақшадан өлдіңдер ме?!

– Ақша демесең, үйіңде жатбай не қылып жүрсіңдер? Сонда сендер, біздің планды құйып бересіңдер ме?

– Әй, сен мал емес адам әкетіп барасың ғой, абайласаң болмай ма?!

– Қаламасаң таксимен кет, сендерді мен шақырғам жоқ!

– Әй,жігіт, кешірім сұрағанның орнына асып-асып сөйлейсің ғой, сенде ұят бар ма? Осы көптің ақшасымен күн көріп жүрсіңдерғой?

– Беретіндерің 50 теңге, неменеге міндетсініп  тұрсыңдар? Құндарың да сол – елу теңгелік! Маған не қыл дейсіңдер?!

– Сөзді қойып аптечкаңды аш! Мына апаның басының қанын тоқтатайық!

– Менде ондай нәрсе жоқ. Кемпірді көшеге қаңғыртып қойған мен емес. Ұйықтамай, дұрыс тұрса болмай ма?

Жүргізушінің дәлелі күшті, сөзі де өктем, дес берер емес. Мына жақтан бір әйелдің дауысы естілді:

– Авто-паркке айтамыз, саған шара қолдану керек!

– Айта беріңдер, авто-парк маған ақша төлеп жатқан жоқ, қайта оларды біз бағып жатырмыз. Кондуктор, әдірісін, телефондарын берші мына шуылдақтарға! Барып айтсын! Тыңдайтын кісі тапсаң айта бер!..

Жұрт сөзден буылды, орта жолда түсіп қалайын десе оның орны жоқ, жүре берейін десе бес тиындық қадірі қалмаған  бастарына жаны күйзелді. Жаңағы қол көтерген жолаушыны іліп алған  такси бұл жақта не болып жатқанына қарамастан, «аш пәледен-қаш пәле» деп зыр етті де жүріп кетті. Құлағандар тұрып, қисайғандар түзелген соң, 54-тің жүргізушісі де газды бажылдата басып, жұқына қозғалды... Бір қолымен шекесін орамалымен басып ұстаған Айман апа, енді бір қолымен тұтқадан ұстап, іші шаң мен перодоның қоңырсыған күйік иісіне толған автобус ішінде шайқалақтап бара жатты...

Дәулетбек Байтұрсынұлы  ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 613
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 362
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 357
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 363