Жұма, 3 Мамыр 2024
Біртуар 6732 0 пікір 23 Қазан, 2015 сағат 14:37

ҚЫТАЙДА БАР ЖЫРШЫЛАР МЕКТЕБІ БІЗДЕ НЕГЕ ЖОҚ?

Кеше Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында  айтыс өнерінің алтын діңгегі болған Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылған «Текті сөздің төресі - терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл туралы abai.kz порталы хабарлайды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген, халықтық тәрбие мен ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған бұл шараға республикамыздың 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 16 үміткер қатысқан болатын.

Әуелде, олбыстық, қалалық деңгейде өткізілген жыршы-термешілер байқауынан ақтық сынға суырылып шыққан жеңімпаз 16 үміткерге «Іргесі берік ел мықты», «Байлауы бекем бес ғасыр», «Өссе тілім мен де бірге өсемін», «Бірлігі жарасқан елдің тірлігі де жарасады», «Тіл мәңгілік мұра» сынды тақырыптар берілген еді.

Сонымен,  ақтаңгер ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев мырза Сүйінбай Аронұлының ақындығы, жыршылы мен батырлығы,  сондай-ақ, облыс, республика деңгейінде ұйымдастырылып отырған шаралар туралы баяндама жасап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев мырза да облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған жыршы-термешілер байқауына белгілі жыршы, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Алматов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазықызы, өнертанушы, профессор Темірхан Тебегенов, ҚР Мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі бастаған қазылар төрелік етті.

Байқауға қатысқан 10 үміткерге ынталандыру және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталса, соның ішінде киелі қарт Каспийден арнайы келген Аймағамбетов Әзімхан мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Данияр Рақымбайға қазылар арнайы жүлделер табыстады. Күн ұзаққа жалғасқан жыршы-термешілер додасының жүлделі үшінші орынымен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықты Ыдырыс Байбақты иемденсе, жүлделі екінші орын мен 200 мың теңгені Майра Сәрсенбайқызы қанжығасына байлады. Ал бәйгенің бірінші орны мен 300 мың теңге жүлдесін Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев мырза талантымен көрермендерді таң қалдырған Нұрсұлтан Елемесов есімді жас жігітке тапсырды. Айтыс ақтаңгері Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылған жыршы-термешілер байқауының бас жүлдесі мен 500 мың теңге ақшалай сыйлықты ҚР Мәжілісі депутаты, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы ханым Астанадан келген Дина Нұрабаеваға өз қолымен табыстады.

Сонымен қатар, бүгін Алматы қаласы Жамбыл Жабаев атындағы филармониясында «Сөздің пірі - Сүйінбай» аттығылыми-практикалық конференция ұйымдастырылуда. Аталмыш конференцияға Қазақстан, Түркия, Қытай, Өзбекстан мен Ресейден келген Сүйінбайтанушы ғалымдар қатысуда.

Ал қазанның 24-і күні Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында дүбірлі той басталып, аламан бәйге, көкпар жарыстары ұйымдастырылмақ.

Оразгүл Асанғазы, ҚР Мәжілісінің депутаты:

- Мен бүгін ерекше қуанып отырмын. Себебі, қаншама дүбірлі тойларға, шараларға қатыссам да, бүгінгідей жыршы-термешілер байқауына бірінші мәрте қазылық еткелі отырмын. Біз той жасасақ, ат жарыстары мен айтыс ұйымдастырумен ғана шектеліп қаламыз. Ал Сүйінбай бабамыздың 200 жылдығын ұйымдастырушылар жыршылар мен термешілердің де байқауын өткізіп отыр. Бұл жақсы бастама.  Бұл дәстүрге айналуы тиіс. Себебі, бізге сол бабаларымыз атасы жақсы қандайды, анасы жақсы қандайды, ағасы жақсы қандайды, не жақсы, не жаман екенін жырларында айтып, анықтап беріп кеткен. Енді соны ұрпақтарға насихаттау керек. Осында жатыр бар тәрбие. Біздің елімізде айтыс жақсы дамығанымен, термешілік кенже қалып отыр. Тіпті, жыршы-термешіліктің бізде қаншама сарыны бар. Арқа, батыс, шығыс т.б. Бірақ, осыған шәкірттерді баулитын бірде-бір мектеп жоқ. Біз мұны парламент деңгейінде талқыға салуымыз керек. Керек болса министрлікке сауал жолдайық. Мен бүгін мына жыршыларымыздың жырларынан ерекше рух алып шықтым. Жоғарыда көтерілген мәселелер аяқсыз қалмауы тиіс. Осыны бір жөнге келтірмей Оразгүл апаларың тынбайды.

Хуаң мырза, ҚХР-нан келген профессор, қазақ өнерін зерттеуші:

-Мен өзім ханзу болсам да, тілім қазақ. Мен көп жылдардан бері қазақ халқының фальклорын, айтысы мен жыршылық өнерін зерттеп келемін. Мұнда ерекше рух бар. Сүйінбай Аронұлының қырғыз-қазақта айтыспаған ақыны жоқ шығар. Оның жырлары рухты болған соң да, ұрпақтары бүгін еске алып жатыр ғой. Бірақ, Қазақстанда осындай жолды оқытатын бір арнайы мектеп, класс жоқ екен. Мысалы, біз ҚХР Күйтің қаласындағы университет қабырғасынан 2003 жылы арнайы айтыс мектебін ашсақ, 2004 жылы жыршылар мектебін аштық. Қазір ол жерде айтысқа, жыршылыққа құмар жастар білім алуда.

Түйін:

Мәселенің түйіні - Қытайда бар жыршылар мектебі елімізде неге жоқ?. Қытайдың Күйтің қаласындағы жоғарғы оқу орны арнайы жыршыларды дайындап, термешілікті үйретеді екен. Бізге жоғары оқу орындарының жанынан неге сондай ресми жыршы-термешілер мектебін ашпасқа?! 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 689
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 487
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 419
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 423