Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Алаң 5296 0 пікір 10 Қараша, 2015 сағат 10:09

СУИЦИДШІЛЕР БІЗГЕ НЕНІ ДӘЛЕЛДЕМЕК?

Бір емес, екі емес, Құдайдың құтты күні өз-өзіне қол жұмсауға асығып, өмірден баз кешкендер көбейіп барады. Бүгін Алматыда Райымбек және Сүйінбай даңғылдарының қиылысындағы "Мерей" ойын-сауық және сауда орталығының ғимаратынан 49 жастағы егіз әйел секіріп кетті. Неге? "Нұр-Отанның" ғимаратының алдында отқа оранған Ерлан Бектібаевтің мұңын, наразылығын жете түсінбеген қазақ егіз әйелдің "не айтпақ" болғанын біле ала ма?  

ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің мәліметінше, бұл оқиға бүгін таң ата болған. Екі әйел  ауыр жарақаттан қаза тапты. "1966 жылы дүниеге келген екі әйел ғимараттан секіріп кетті. Бұл дерек Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі бірыңғай реестрінде тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайын сотқа дейінгі тергеу анықтайды. Алдын-ала болжам бойынша, бұл - суицид", - деп хабарлады ол. Сонымен қатар, екі әйелдің жұмыссыз екені анықталды.

Kaz.tengrinews.kz cайтының жазуынша, қазан айының соңында Шымкенттегі Mega орталығында атыраулық ер адамның суицид жасағаны хабарланған болатын. Куәгерлердің айтуына қарағанда, ер адам қоршаудан секіріп, мұз айдынына құлаған. ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қарагөзованың айтуынша, Атыраудың 1973 жылы дүниеге келген тұрғыны мұзға құлады. "Бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды", - деді Қарагөзова.

Кеше Алматыда көпірден секірмек болған қыз құтқарылды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлаған еді.

Оқиға 8 қараша күні Алматыдағы Саин мен Жұбанов көшелерінің қиылысындағы көпір үстінде болған. Оқиға куәгерлері болған жағдайды видеоға түсіріп алған.

Бейнежазбада көпір үстінде жақтаудың сыртында тұрған қыз анық көрінеді. Полиция қызметкері оған қолын созып, жақындағанда қыз кері шегініп қашады. Қолайлы сәт туғанда полицей қызды дереу ұстап алып, қауіпсіз жерге алып шықты.

Түйін

Соңғы кезде суицид жасаушылар неге көбейіп кетті? Біз осы экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа ұшыраған жоқпыз ба? Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек? Бұл қоғамға наразылықтың белгісі емес пе? Олар неге көпшілік жиналатын, қоғамдық орындарда жан тапсыруға "құмар"? Шүберекке түюлі шыбын жанын шырылдатып, ұшырып жібергендер "нені дәлелдемек?", Сіз бен Бізге не айтпақ?..

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір