Сенбі, 4 Мамыр 2024
Шынның жүзі 8851 0 пікір 23 Қараша, 2015 сағат 17:21

"МЕН ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН"

Ия, осыдан дәл екі жыл бұрын, яғни 2013-жылдың 23-қарашасында Алматы қаласында Халық өкілдерінің бірінші Құрылтайы өткізіліп, сол жиында қазақ ұлттының мүддесін қорғау бағытында жұмыс істеуді, ұлтшыл күштердің басын біріктіруді мақсат тұтқан Қазақ Ұлттық Кеңесі құрылған еді.

Халық өкілдерінің Құрылтайы   сол кезде биліктің үлкен қарсылығына ұшырап, үлкен кедергілерге қарамастан, қиындықтарды бастан кеше отырып, әрең өткізілген еді.

Барлық облыстардан 400-ге жуық адам қатысып, қазақ ұлттық интеллигенциясының көптеген көрнекті өкілдері, саяси тұлғалар қатысқан бұл жиында Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасы да бекітілген-ді.

Жасыратыны жоқ,  көптеген азаматтар бұл Кеңестің болашағынан үлкен үміт күтті. Мемлекет құрушы ұлттың тілін дамыту, ұлттық мәдениетті қорғау, ұлттық тәрбиені қайта жандандыру осы Кеңес жұмысының өзегі болады деп күтілді. Кеңестің басты мақсаты да осындай болды.

Алайда, артта қалған екі жыл ішінде Қазақ Ұлттық Кеңесі саяси күшке айналмақ түгілі, сүбелі бір іс атқарып, бір мәселенің шешілуіне немесе қомақты жобаның қолға алынуына бастамашы да, қолдаушы да бола алмады.

Ал бүгін өзі шала туған Ұлттық Кеңес шалажансар қалыпта жатыр. Неге?

Мемлекетіміздің 70 пайызын құрайтын мемлекет құрушы ұлттың мүддесі күн сайын аяқ асты болып,   қағаз жүзінде тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде ұлт мәселесінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмадық.

Біріншіден, Конституциямызда  мемлекеттік тіл - қазақ тілі екені анық жазылып, тек мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілгенімен сол мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданысын 50 пайызға жеткізе алмадық.

Екіншіден, ұлттық идеология 25 жыл бойы қалыптаса алмады. Оның себебі билік пен халықтың ұлттық идеологияға байланысты ұстанымы мен көзқарасының қарама-қайшылығында болса керек.

Үшіншіден, ұлттық тәрбие мәселесі  төрт аяғынан бірдей ақсап, тұралап қалды. Оның себебі, тағы да ұлттық идеологияның жоқтығы, ұлттық өнер мен мәдениеттің дамымауы, ақпарат кеңістігінің ұлттық  бағытта жұмыс істемеуі, тағысын тағылар.

Бұл жағдайды төртінші, бесінші, оныншы деп тізбелей беруге де болады. Бірақ одан пайда шамалы.

Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік билік пен мемлекет құрушы ұлттың арасындағы көзқарас, ұстаным қайшылығы Қазақстан халқы ассамблеясының пайда болуына, оның өркендеп, өсіп, оның үлкен билік тармағына айналуына әкеліп соқты.

Міне, осындай жағдайда Қазақ Ұлттық Кеңесі мемлекет құраушы ұлттың мүддесін қорғаушы, таразы басын теңеп, Қазақстан халқы ассамблеясына бәсекелес саяси күшке айналуы тиіс еді, ол сол мақсатта құрылған еді. Ең негізгісі сол арқылы ұлттық-демократиялық Қазақ мемлекетінің қалыптасуын ұйымдастырушы, ұлттық күштерді топтастырушы Кеңес болуы керек еді.

Өкінішке қарай бұл мақсат орындалмады. Енді соның себептеріне сәл сараптама жасап көрейік.

Қазақ ұлттық Кеңесінің жұмыс жасай алмағанына ең алдымен мен өзімді кінәлімін деп санаймын. Жасыратын несі бар, екі жыл бұрын менің қоғамдық, саяси күресте тәжірибем жоқ еді. Көп жыл мемлекеттік қызметте істеп, көптеген жобаларды Үкіметтің қаулысымен, министрдің бұйрығымен, мемлекеттің ақшасымен ұйымдастырып үйренгендіктен қоғамдық жобалардың, істердің қалай ұйымдастырылатынынан хабарым аз болды. Билік қарсы болған, кедергі келтірген, тіпті қысым жасап, қудалауға көшкенде Құрылтайдың бастамашылары, мен, Ғабиден Жәкей, Болатбек Блялов, біраз негізгі қателіктерге бой алдырдық. Ол қателіктердің кейбірін сол кезде де түсіндік, бірақ түзей алмадық,  ал кейбіріне, тіпті, көбіне уақыт өте келе көз жеткіздік.

Ол қателіктер не еді?

Біріншіден, әркім өз руына, өз жүзіне, өз жеріне тартатын, бірінің материалдық, бірінің қызметтік мүддесі билікпен біте қайнасып кеткен интеллигенциясының басын ұлттық мүддені қорғауға біріктіре алмадық. 

Екіншіден, Ұлттық кеңеске мүше болған 41 адамның өзін бір мақсатқа біріктіріп, таза ниет, ашық көңілмен  ұлтқа қызмет етуге деген ынтаны, жігерді, құштарлықты дамыта алмадық. Кеңестің өз ішінде әр жаққа тартушылар болды. Сенген, арқа сүйеген кейбір азаматтар биліктің қысымына шыдай алмады. Сөйтіп нәтижелі жұмыс істеуден бас тартты.

Үшіншіден, баршамыз сеніп, арқа сүйеп, артынан ерген Мұхтар Шахановтың өзі Ұлттық Кеңестің үлкен саяси күшке айналуына мүдделі болмады. Мүмкін оған биліктің қысымы да себепші болған шығар. Қалай десек те, Мұхаңның жұмысы Кеңесті алға сүйреп, ұлт мүддесі үшін басқа саяси күштермен бәсекелес болуға емес, жиналған ат төбеліндей азаматтарды басып, тоқтатумен болды.

Төртіншіден, Кеңес құрамындағы 40 адам Алматы қаласында қалып, менің Астанада болуым да үлкен зиянын тигізді. Қалай дегенде де Кеңесті құруға бастамашы болып, шоқпарды белге байлағаннан кейін оны сілтеуге де жағдайым болуы керек еді. Бірақ, олай істей алмадым.

Сонымен, уақыт шіркін желдей есіп, құмдай сусып, құстай ұшып екі жыл артта қалды. Біз ұлт мүддесін қорғау ісінде екі жылымызды жоғалттық. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ», бәсекеге жарайтын не партия, не қозғалыс, не ұлттық интеллигенция жоқ, билік білгенін істеп жатыр. Оның нәтижесін бәріміз көріп отырмыз.

Енді не істемек керек?

Біреулер ақыры жұмыс істемейтін Қазақ Ұлттық Кеңесін жауып, орнынан басқа құрылым жасау керек деген ұсыныс айтуда. Енді бірі Кеңесті қайта жаңғыртуды, жаңа адамдарды тартуды ұсынады.

Бұл ұсыныстың қайсы біріне де менің қазір айтар жауабым жоқ. Ең өкініштісі, біз халықтың үмітін өлтіріп алдық. Оған бастамашы болған Мен, Ғабиден, Болатбек те, Ұлттық Кеңестің тізгін, шылбырын түгел қолына алып, бірақ не өзі жұмыс істемеген, не басқаға істетпеген Мұхаң да, оның орынбасарлары да, Кеңестің  41 мүшесі де кінәлі.

Сондықтан, Ұлттық Кеңеске үміт артып, сенім білдірген барша азаматтардан дәл бүгін үлкен кешірім сұраймын. Кешіріңіздер мені, үміттеріңізді әлі де ақтауға барымды саламын.

Мақсат Ілиясұлы,

Қазақ Ұлттық Кеңесінің мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1226
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1121
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 863
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1004