Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 6158 0 пікір 8 Шілде, 2015 сағат 14:06

УАҚ-ТҮЙЕК...

(Эдвард Мунк. Айқай)

- І -

ТҮС

 

...Президенттің жеке қабылдауы. Кірсем алдында сарай әмірі отыр екен. Отты көздерімен бір шолып өтіп:

-         Иә, айта бер!.. Тыңдап тұрмын, - деді.

Алдына жетсем арыла айтсам деген сөздерім аузыма түспей тосылып қалдым. Айтпағым көп еді, шіркін жеке болғанда ғой!.. Тосыла бердім. Үнсіздік созылып барады... Амал жоқ төтесінен тарттым. Тәуекел!..

-         Тақсыр, онда бір емес, екі адамның обалына қаласыз!..

Зәрлі жанарымен өңменімнен өткізе бір түйреп өтті де, көз қиығын нөкеріне аударды...

Жеке қалдық. «Шешінген судан тайынбайды»... Оның үстіне, енді шегінетін де ештеңе қалған жоқ. Ата-баба әруағына сыйынып, сөзімді қайта сабақтадым.

-         Алдияр, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!.. Кірген есігімнен қайта шығам ба, жоқ па – Құдай білсін!.. Сондықтан, ақыры бастадым ғой, айтып тынайын... Бар тілегім – осы!..

-         Баста!

-         Бастасам, мәңгілік ешкім жоқ... Адам сайтан емес. Жұмыр басты пенде жауапсыз қалмайды. Артыңызға қараңызшы, не істедіңіз? Арман еткен тәуелсіздігіміз осы болса, атасына рахмет!..

-         Сонша не болды? Ел орнында, жұрт тыныш. Қарны тоқ, көйлегі көк – басқа не керек?! Еңселі елу елдің қатарындамыз, ұзамай отыздыққа да ілігеміз!.. Бізді қазір бүкіл әлем біледі, дүние жүзі таниды. Қаншама ғажайып жиындар мен басқосулар,  дүбірлі жарыстар мен кездесулер өткіздік. Алда ЭКСПО, Олимпиада бар!.. Бұрын қазақта мұндай болып па еді? Қане, айтшы, қашан болды?! Ешқашан!..

-         Сіз шынымен осыны шындық деп есептейсіз бе? Бәрі – өтірік, бәрі – жалған. Жалған табыс, жалған жетістік... Және сіз бұны жақсы білесіз!.. Қағаз бәрін көтереді. Ал халық ше, көтере ала ма? Жұртыңызға, ұлтыңызға қараңызшы!..

Билік қайда, ел қайда? Шындық қайда, өтірік қайда? Бай қайда, жарлы қайда?!

Тапқанынан жоғалтқаны, жеткенінен төккені, асқанынан шашқаны көп!.. Атамекен, туған жерінде кірме жұрттың күйін кешіп отырған кіріптар халық. Адами құндылықтар кері кетіп, дүние теріс айналды. Рухы жасып, сенімі шайқалған ел күн санап азып-тозып, тілінен, ділінен айрыла бастады. Жиырма бес жылда қазақ халқының рухы, ерлігі мен өрлігі кешегі жетпіс жылда жетпеген деңгейге жетті. Қайран, Желтоқсан!.. Бүгін сен бізге көрген түстейсің!..

Осы күнге дейін тым болмаса тері илеп, шұлық шығаратын бір зауытымыз жоқ. Айқайымыз жер жарады. Даңғой мақтан, даңғаза дарақылық!.. Адал қазақ – құлға, ұры-қары – биге айналды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, өзі тойса да көзі тоймайтын тойымсыздық, ірілік-кісілік атаулыдан жұрдай тексіздік, жағымпаздық, жалтақтық, қорқақтық... Өз ұлтынан өзі шошып, өлердей жек көретін надандық пен азғындық!.. Бүгінгі биліктің сыйқы – осы!..

Ертең ел қайда барады? Жер ертең кімге қалады?!

Жиырма бес жылда жеті басты жалмауыз болса да тоятын уақыты болды ғой биліктегілердің. «Тойдым-қойдым» дер ешкім жоқ, жанталасып өліп барады!.. Жеңісіміз сол, жетпегіміз осы ма?!

-         Ау, олар сондай болса, бұған да мен кінәлімін бе?! Мен оларға бәрін жасадым. Жол аштым, жағдай туғыздым... Ал олар ішкен-жегеннен басқа ештеңе білмейді!..

-         Тақсыр, олардың ешқайсысы көктен түскен жоқ қой? Бәрін өзіңіз таңдадыңыз, өз «продуктыңыз»... «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Өзіңіз бас боп: «Жігіттер, жиырма бес жыл болды... Іштіңдер-жедіңдер, жетер! Енді жұмыс істейік!» - деп, айтқанға көніп, айдауға жүрмеген қорқаулар мен надандардың бес-алтауының басын алсаңыз, ертең-ақ бәрі жіптіктей болар еді!.. Оған күмән жоқ. Тек ол үшін алдымен жүйені өзгерту керек... Иә, өзіңіз құрған!.. Онсыз ештеңе өзгермейді.

-         Кеше ғана сайландым... Әзірге уақыт бар. Бұның маған қажеті қанша?!

-         «... Кімде-кім азса, Алла олардың мәулітін ұзарта береді...» (Мәриям сүресі, 75 аят.). Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады... Өмір бар жерде – өлім бар. Алла алдында бәріміз бірдейміз. Пенде неғұрлым жоғары көтерілген сайын, соғұрлым биіктен құлайды. Жауапкершілік те сондай!..

Қазақ халқы кімнен кем еді?! Ата-бабасы ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшымен жан сала қорғап, тілерсектен саз, тебінгіден қан кешіп жүріп мұраға қалдырған ұлан-байтақ жері, асты-үсті қазынаға толы құт мекені, сол жердің сарқылмас мол байлығы бірлігі мен тірлігі жарасқан төл жұртымыздың өзіне тигенде, игілігі мен рахатын өздері көре алғанда бәрі басқаша болар ма еді?!

Ал қазір кім сорлы, қазақ сорлы! Кім кедей, қазақ кедей! Кім үйсіз, қазақ үйсіз! Кім күйсіз, қазақ күйсіз!..

Неге? Жазығы не?! Ерім деп қолдап көкке көтеріп, сұлтаным деп сеніп төбесіне тұтқаны ма?!

Судай тұнып, сүттей ұйып отырған ел ала тайдай бүлініп, іркіттей ыдырады. Бар мен жоққа, аш пен тоққа, бай мен кедейге, орыс тілді мен қазақ тілдіге, ауыл мен қалаға, мәмбеттер мен паңкөттерге... Көлденең қосылған көк аттылар тағы бар. Тіліңіз – үш бөлек, дініңіз – қырық бөлек, ал діліңіз... Иә, бүгінде ол да күмәнді!.. Үміт үзіліп, сенім сарқылды. Енді сізде екі-ақ жол бар. Бұл – сіз үшін ең соңғы сын. Не осы мерзіміңіз біткенше лайықты мұрагер табасыз, не елден айрыласыз!.. Онсыз да оған көп қалған жоқ. Менен кейін күл болмаса бүл болсын деп, дәл осылай тарта берсеңіз, ұзамай оны да көресіз... Ерік сізде!.. Соңғы кезде жиілеп кеткен беймәлім апаттар мен қисынсыз қырғындар ненің нышаны?!

-         Онда өзің айтшы, кім бар? Сенім артар ешкім жоқ, бәрі – шетінен ұры-қары, жемқор. Былғанбаған біреуі жоқ. Осыдан бірдеңе шыға деп үміт артып, тәрбиелейсің... Қызметке қоясың. Қанша қаржы, қанша уақытың кетеді. Олар болса, әне, көргенінен жазбайды!..

-         Енді қайтсін, «көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді»... Алма ағаштан алысқа құламайды.

Өкінішті, бірақ шындық!.. Қасыңызда қазір артынан ел еретін ешкім қалған жоқ. Бас сардардан басқа... Рас, ол да – өз «өніміңіз!..».

Дегенмен, ел иесіз, жер киесіз болмайды!.. Ел іші – асыл қазына. Шын іздесе бәрі де табылады!..

Біреулер тіпті Сіз кетсеңіз дүние қараң қалатындай көреді. Өткенде бір жағымпаз «Ел басқару оңай емес... Егер Елбасының орнында өздері отырса, көрер ем. Екі күнге шыдамай, көттері терлеп «Құдай-ау, құтқара көр!» деп тұра қашар еді!» депті. Бос сөз!..

Сізді туған ана басқаны да туады. Құдайға шүкір, қазақ қатынсыз емес!..

Бар-жоғы – 17 миллион, бір-ақ қаланың халқы.

Сонда не, миллиардтарды басқарып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғандар пайғамбар ма?!

Түсінемін, жағдай бөлек... Абылай хан «Бәрінен аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деп неге айтқан?! Бір жағың от, бір жағың су. Оң жағыңда – айдаһар, сол жағыңда – ақ аю. Төңірек түгел жау. Тайып жығылсаң талауға дайын!..

Арбасуға, алдасуға тура келеді. Қармасып, жармасуға мәжбүрсің... Оңай емес! Онда мен де келмес едім!..

Қыс өткен соң, көктем шығады. Көктемді жаз, жазды күз алмастырады. Тұра берсе су да сасиды. Бұл – табиғат заңы. Тәңір бәрін солай жаратқан.

Таңдау сізде. Уақыт – тар, заман – жүйрік. Ертең кеш болады.

Құдайдың бір аты – халық. Халқыңыздың обалына қалмаңыз. Қарғысын арқалап, кәріне ұшырамаңыз!..

-         Тоқтат! Мен не, қимай жүр дейсің бе?! Ал тапшы, кім бар?!

Тынысым тарылып, жүрегім қысылды.

-         Мен... мен ше? Мен бармын! – дедім жан дауысым шығып.

Өз дауысымнан өзім шошып ояндым...Түсім екен!.. Бұған да шүкір!..

 

ІІ-

Жаным ашиды...

 

...Жаным ашиды. Кімге дейсіз ғой? Әділбек Жақсыбековке. Неге дейсіз бе? Айтайын...

Өздеріңіз білесіздер, жақында оны Елбасы ЭКСПО – 2017 ҰК-ның басшысы қызметіне тағайындады. Қосымша қызмет. Ақысыз.

Мемлекеттік қызметкер әкімнің қанша айлық алатынын білмеймін. Оның үстіне, Астананың...

Ал ҰК басшысының еңбекақысы – 10 мың доллар.

...Дегенмен, обал болды!..

 

Тұрмағанбет Кенжебаев –  

ақын, Қазақстан Жазушылар  және

Журналистер Одағының мүшесі. 

Abai.kz

 

0 пікір