Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Өзгелер 7013 1 пікір 20 Шілде, 2015 сағат 13:50

ИРАН: ДОСТАРЫ СҮЙІНІП, ДҰШПАНДАРЫ КҮЙІНУДЕ


Ұзақ жылдардан бері санкция қыспағынан экономикасы баяулап, халықаралық қаржы келісімдерін жасай алмай келген Иран  қарсыластары салған құрсаудан құтылып, аймақта қайта күшеймек.

14 шілде күні Венада Иран мен «алтылық елдері» арасында ұзаққа созылған келіссөздерден кейін Иран өзінің «ядролық бағдарламасын» тоқтатып, есесіне Иранға салынған халықаралық санкцияларды алып тастауға қол жеткізетін болды.

Көптеген елдер Иранның «ядролық келісімі» нәтижелі аяқталғанына қуанып жатыр. ЕО (Еуропа Одағы) өкілдері  бұны әлемді бейбітшілік пен тұрақтылыққа  қайта бастайтын жаңа үміт келісімі деп отыр.

 «Мәскеу де бұл келісімді қуана құптайды,  бұдан кейін әлем терең тыныстаса да болады», - деді Кремль басшысы.

Соғыс болып жатса да одақтастары арқасында тағынан құламай келе отырған Башар Асад, әріптесінің келісімдегі жеткен жеңісімен құттықтап, Иранның діни лидері Аятолла Хамениге хат жолдады. Құттықтау хатта «үлкен жеңіс», «тарихи қайта өрлеу» сынды сөздерді қолданып, өз режиміне қолдау білдіріп келе жатқанына рахметін айтып, одақтасының жеңісіне қатты сүйсінді.

Ал, мұнай мен газ сатудағы бәсекелесі  Иранның жеңісіне БАӘ мен ендігі санкция салынған жалғыз ел – Ресей Тегеранның халықаралық жеңісіне іштері күйе қарайтыны белгілі.  Сауд Арабиясы парсылар келісімді аяқасты етеді деп отырса, Тегеранның бітіспес жауы саналатын Израиль де келісімді айыптауда.  Израиль премьер министрі Бенджамин Нетаньяху  келісімге «кешірілімес тарихи үлкен қате» деп қатты наразылығын білдірді.

 Санкция тәубеге келтірді                                                    

АҚШ пен ЕО-ның  Тегеранға іштарта қалуына сарапшылар түрлі баға беруде. Израильдік саясаттанушы, профессор Ефраим Инбар,  The Jerusalem Post басылымына берген сұхбатында: «Украина дағдарысынан бері Ресеймен арасы ушығып, санкциялар салу нәтижесінде Батыстың да экономикасы баяулады. Екі держава арасындағы саяси шиеленіс өршіп кетті. Шығыс Еуропа аймағынан екінші дүниежүзілік соғыстың иісі шыға бастады. Батыс елдері  НАТО- ның күш қуатын арттыруға келісіп, ірі көлемде оқу жаттығу бастады. Бұның барлығы жағдайдың ушыққанын байқатады. АҚШ пен НАТО елдері Ресейдің агрессиялық саясатынан секемденіп де отыр. НАТО- ның барлау қызметі Путиннің Шығыс Еуропаға басып кіруі мүмкін екенін талай мәрте анықтап, НАТО-ның шұғыл тактикалық  күштерін (NRF) үлкен әзірлікке келтірген. Бұл жағдайлар ЕО мен Тегеран арасын жақындастыруына себеп болып, ұзаққа созылған келісімнің жедел жүруіне әлемдік саяси оқиғалар итермеледі», -  деді.

Дегенмен, Иран мен «алтылық арасындағы» келісімнің жеделдеуінің астарында экономикалық мүдде жатқанын  Ұлыбиртанияның экономика сарапшысы Уильям Джексон айтады. Оның жуырда Батыс басылымдарының бірінде  шыққан сұхбатына үңілсек, «Батыс өкілдері агрессорлық саясат ұстанып отырған Кремльден көңілі қалып, энергия көзін іздестіре бастап еді, бұл жағдайды Иранның билік өкілдері тиімді пайдаланып, былтырдан бері өздерінің Еуропаға газ жеткізе алатынын айтып, ЕО- ға емеурін танытып келе жатқан. Тіпті, Түркия жері арқылы Еуропаға газ жеткізетін Трансанатолия газ құбыры (TANAP) жобасын да ұсынды.  Қарсы тарап санкциядан экономикасы әлсіреп, сабасына түскен Иранның ұсынысын қабыл алуға келісті. Израиль мен әріптесі Сауд Арабиясы тарапының наразылық ниетіне қарамастан, Вашингтон мен ЕО- ның парсылардың ұсынысын қабыл алуы саяси есеп қана емес, келісімнің астарында экономикалық мүдде де жатыр. Яғни, Ресейге салынған санкция салдарынан Батыс пен әлем экономикасының да өсімі баяулап, бос кеңістік пайда болғанын көріп отырмыз. Тегеран санкция салдарынан мұнайын долларға сата алмай келген, ендігі Вашингтон  парсылардың арқасында бұл бос кеңістіктің орнын толтырып, доллар айналымына да дем бермек. Иранды қатарға қосып, Мәскеуді шетке ығыстыра тұрмақ. Көбіне барлығына оң шешім шығаратын одақтастардың  Сауд Арабиясы мен Израильдің қарасылығына қарамастан келісімге қол қоюуы, келісімге Вашингтон мен ЕО мүделлі болып отырғанын  байқатады» дейді Ұлыбританияның қаржы сарапшысы Уильям Джексон.

Израильдің реакциясы

Көптеген елдер әлемде бейбітшілік орнайтынына мәз мейрам болып жатса, Израильге ақырзаман таяп қалғандай. Израиль билік өкілдері келісімді айыптап,  қарсы пікірілерін айтып жатыр. Израиль премьер министрі Бенджамин Нетаньяху келісімді «кешірілімес тарихи үлкен қате» деп, бұлқан- талқан болуда.

Нетаньяху: «Бұл келісімді Израиль үкіметі қатаң айыптайды әрі Иранға деген қарсы көзқарсын еш өзгертпейді. Одақтастарымыз Тегеранға ядролық қару жасау мүмкіндігін беріп қойды. Бұның ақыры өкінішке соқтырады. Енді біз АҚШ конгресінде келісімнің мақұлданбауына тырысамыз», - деп мәлімдеді.

Ресми Вашингтонның  көңілі парсыларға ауды

 Сауд Арабиясының елшісі, елдің бұрынғы барлау қызметінің  басшысы Бандар ибн Сұлтан әл Сауд «Иранмен қол қойылған ядролық келісім Иранның ядорлық қаруға әлі де қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Келісімнің салдары  Таяу Шығыста үлкен қақтығыстарға жол ашады» деп сынады. Бұдан әрі сөзін спікірін салмақтай түскен Бандар: «Бұл келісім де, АҚШ-тың 1994 жылы солтүстік Кореямен қол қойған келісімі сияқты болып, Тегеранның келісімді аяқасты етіп, ядорлық күшке айналып кетуі әбден мүмкін.  1994 жылы  АҚШ Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін халықаралық келісімге қол қойған. Бірақ, 2003 жылы Солтүстік Корея ядролық қаруды таратпау келісімін бұзып, ядролық қару жасағанын әлемге жар салды» дейді.

Король Салман ибн Абдул-Азиз әл Саудтың жиені Бандар, Ливияда тарайтын Daily Star газетіне берген сұхбатында «арабтармен әріптес болып келген Вашингтонның енді парсыларға көңілі ауды» деп қапалы.

«Тегеран Таяу Шығыста тұрақсыз саясат ұстанып, ядролық отыннан қару жасауға тырысып, аймақты үрейде ұстап отыр. Тегеранның жауы көп. «Ядорлық отынды бейбіт мақсатта пайдалану үшін жұмыс істейміз» дегені күдік туғызады. Бұл келісім онсыз да қырсық шалып отырған Таяу Шығысты одан бетер алаңдатады» дейді ол тағы да.

Ақ үйде жиын өткізген Барак Обама «Иран мен «алтылық елдері» арасында жасалған  келісім ядоролық қарулануды тоқтатады» дегенді айтты. «Келісімге қол қоймасақ, Таяу Шығыста жағдай одан әрі ушыға түспек.  Сирия мен Иемендегі қарулы жанжалдар тоқтау үшін Иранның да ықпалы зор. Сирия мәселесін шешуде Түркия , Ресей, Иран  мен Араб елдері де атсалысуы керек» деп, Обама келісімге күмәнмен қарайтын   конгресс мүшелері мен одақтастарын сендіруге тырысып жатыр.

Тіпті осы аптада Ақ үй басшысы Сауд Арабиясы мен Израилдің келісімді дұрыс түсініп, оны құптауға көндіру үшін қорғаныс министрі  Эш Картерді Таяу Шығысқа жіберді.

Түркия экономикасында серпін болады

Ұзаққа созылған келіссөздердің табысты аяқталуына Иранның көршісі Түркия да қуанып, экономикамызда серпін болады деп үміттеніп отыр. «Иран табиғи газ бен мұнайға бай ел, санкциялар алынған соң әлемдік мұнай бағасында өзгерістер болып, Түркияда газ бен жанар жағар май бағасы арзандамақ. Үлкен экономикалық  келісімдер жасалады, бұл – біздің де ортақ жеңісіміз» деп түрік бауырларымыз шаттанып отыр.

Дегенмен, сыртқы істер министрі Мевлют Шавушоглу «Иранның Таяу Шығыста орны ерекше. Иранның ұстанып отырған сыртқы саясаты көп елді алаңдатады. Бұл ниетінен бас тартып Иран саясат сахнасында діни көзқарас танытудан арылуы керек. Ресми Тегеранның саяси диалогпен сенімге бастар әріптестікке баса назар аударуын күтеміз» деп мәлімдеме жасады.

 

Қорытынды     

Иранның «алтылық елдерімен» 10 жылға жуық созылған келісімінің нәтижелі аяқталуына байланысты сарапшылар әртүрлі баға беріп, өз елдерінің мүддесіне қайшы келетінін де таразылап жатыр.

Біз де Каспий аймағы бойынша Иранмен көршілес елдердің біріміз. Дегенмен, анау айтқандай бәлендей қауіп жоқ болса  да, Батыс саясаткерлерінің бұл келісімге берген пікірлерін оқыған соң, қолымызға қалам алуға тура келген. Жоғарыда атап өткеніміздей, Еуорапаға газ жеткізуді ойлап отырған парсылар, Каспий теңізінде жер асты байлығы үшін әскери қуатын да еселеп арттырмасына кепіл жоқ. Мықты әскери теңіз флоты да жоқ, айдындағы тиесілі аймағымызды санаулы күзет кемелерімен ғана қорғайтын біздің шекара әскерімізді ойласақ, тіпті, қорқасың. Бұл кемелердің тек теңіздегі мұнай  ұңғымаларын лаңкестік шабуылдан қорғауға ғана шамасы жететінін ескерсек, көрші мемлекеттердің  бес қаруы сай әскери алпауыт кемелерінен жасалған шабуылға төтеп бере алмасы анық. Каспий мемлекеттерінің әскери қуаты да нақты қанша екені белгісіз. Себебі, мемлекеттер бұл көрсеткіштерді жасыруға тырысады. Дегенмен, ескі мәліметтерге сүйенсек,  Ресейдің 100-ге жуық әскери кемесі, 20 мыңға жуық әскері бар. Иранның 50 әскери кемесі, 4 мыңнан аса әскері, ал Әзірбайжан, Қазақстан, Түркіменстанның көрсеткіштері шамамен бірдей, яғни 18-20 әскери кеме, 3 мыңға жуық теңіз әскері бар.

 

Бір өкініштісі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін  айқындалмаған. Қазақстан, Иран, Әзербайжан, Ресей және Түркіменстан Каспийдің табиғи байлықтарын бөлісе алмай жүргеніне көп болды.  

Каспийге талас басталса, әскери күші көптің сөздері жүретіні айқын. Мұнайдың арқасында экономикасын өрге домалатып отырған  елдің қандай мәселеде де сақ жүргені абзал.

 

Шетел баспасөзіне шолу жасап,

мақаланы әзірлеген –  

Назар Тұрықбайұлы

Abai.kz

1 пікір