Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 5604 0 пікір 3 Тамыз, 2015 сағат 09:58

ҚОСТАНАЙДАҒЫ ІІД МЕН «НҰР ОТАН» ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН!

Сөз жоқ, озбыр Ресейдің – алдымен, патшалық, кейін советтік – билігінің қазақтың санасын улағаны соншалық – ұлтымыздың бодандық қамытынан босап шыққанына ширек ғасырдан асса да, кешегі қазақ байларының есігінде жүріп, етегін сүйген құл-құтанның санасы тазармай-ақ қойды...

Қызыл империя «бай мен кедейді теңестіремін» деп тыраштанып, тексіз байғұстардың көр көкірігіне сасық түтін үрлегенде, «сыртқы жүнін қампайтқан» шибөрінің сапалақ ұрпағы «болыс болдым, мінеки»-ді көтере алмай көтерем болып, көкшиген көк көздің бүксіген бұтына құмарта берді...

Ресейдің озбырлығы озған екі ғасырдан астам кезеңде қазақтың жеті ұрпағы ауысты, яки, жеті атасы жетім-жесір, құл-құтан әулеттер арам шөптей қаптады, қазақ даласын...

Соның бірі - Қостанайдың дұшпан тілді қазағы, «Қазақ тілін - қазақтың мүддесін сатқан, мемлекеттік тілді - мемлекеттің мүддесін сатқан, ана тілін - анасының тілегін сатқан» (Қазыбек ИСА) - Дәулет Досмаилов болса керек.

...Жол ережесін бұзған Ақтолқын Жәнібековаға хаттаманы орыс тілінде ғана толтыруға талап қойып, егемен Қазақ Елінің Негізгі заңы - Ата Заңы - қасиетті Конституциямызға қарсы ауыр қылмыстық әрекет жасап; Тіл туралы заңымызды бұзып, мемлекеттік тілімізге кереғар саясат ұстануы арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қастық-қаскүнемдік, зиянкестік жасаған; сонымен қатар, мемлекеттік қызметкердің әдебіне жатпайтын дөрекілік жасап, өз лауазымын асыра пайдаланған, осының нәтижесінде азаматша А.Жәнібекованың денсаулығына нұқсан келтірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловқа қарсы қылмыстық іс қозғалуға тиіс!

Қазақстан Республикасының біртұ­тас­тығына қауіп төндірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың бірінші басшысы (генерал-майор Т.С.Маткеновтен бастап, майор Махмудов т.б.) мен соңғы басшысына дейін елдің іргесінің сетінеуіне «үлес қосқан топтың мүшелері (немесе басшылары)» ретінде танылып, қызметтерінен шұғыл босатылып, жауапқа тартылулары керек!

Қазақ ұлтының атажұрты саналатын Қазақстан Республикасының бірлігі мен ынтымағына іріткі салушы Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың ісін қарап, ақтауға бағыт алған сот «өз лауазымына лайықты емес» деп табылып, жұмысы­нан алынып, қатаң жауапқа тартылсын!

Еліміздің заңдары мен Елбасы­мыздың саясатын тиянақты жүргізуге тиіс «Нұр Отан» партиясының Қостанай қалалық филиалының басшылығы мемлекеттік тіл мен азаматтардың мұң-мұқтажына немқұрайлы қарағандықтары үшін қызметтерінен кетіп, жауапқа тартылуы керек. Әйтпесе, халықтың «НұрОтанды» – «ҚұрОтан» атап, ат тонын ала қашуы, лезде...

...Қазақ тілін менсінбеген қостанай­лық полиция қызметкері, жүгенсіз жол сақшысы Дәулет Досмаиловтың сауатсыз әрекеті мен анайы қылығы қазақ қоғамының орынды ашу-ызасын туғызды. Қоғам белсендісі Қуаныш МҰҚТАЙ жағдайды өз көзімен көріп, құлағымен есітіп, заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін оқиға орнына арнайы барды. Қазақ мүддесіне қаскөйліктің қос­танайлық надандығынан шошынған ағамыз: «Ұлтшылдар мен патриоттар қайдасыңдар?! Жайшылықта «ұлтшылмын, патриотпын!» деп кеудесін төмпештеп жүрген азаматтар Қостанайда болып жатқан тіл қорлау науқанына келгенде неге тым-тырыс жатсыңдар?!. Қолдау қайда, қозғау қайда, қорғау қайда?!  Жерімізді алаяқ алпауыттардың иелігіне шүлен таратқандай үлестіріп жатыр – үндемейміз! Жер асты байлығымыз тоналып, сатылып жатыр халыққа түк пайдасы жоқ – үндемейміз! Халықтың 85 пайызы ашқұрсақ, қайыршы кейпін өткеріп жатыр – үндемейміз! «Жеңіледі» деген жемқорлық жеңілмек түгілі өршіп барады – үндемейміз! Енді қазақ тілімізді қорлап, сотта жазалап, өлім үкімін кесіп жатыр тілімізге – неге үндемейміз?!  Тілі өлген күн – қазақтың да өлген күні екендігін неге білмейсіңдер?!» – деп, жан дауысын шығарып, шыр-пыр болды...

Бірақ... Ұйқылы-ояу ұлықты ұлыс – қалың қазақ «қамыт» киіп, қамсыз отыр...

...Тілін кесіп алғанда ғана – тілерсегі қан саулап, жан сауғалай ма?!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 837
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 681
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 530
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 541