Жұма, 3 Мамыр 2024
Өзіңе сен 5537 0 пікір 3 Тамыз, 2015 сағат 11:37

ХОК "ЖОҚ!" деді!

Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) Алматыға, қала берді премьеріміз бастап барған қазақстандық делегацияға "ЖОҚ!" деуіне не айтарымды білмей отырмын.

Әрине, Олимпиада секілді спорт мерекесінің орны - бөлек. Ілуде бір болатын ондай ғаламдық спорттық тойдың өз еліңде өткеніне не жетсін! Қазақтың аты әлемге таныла түседі, қаншама қонақ келіп, елімізді салт-дәстүрін тани түседі, экономикаға жеке инвестиция жасайды, қалаң көркейе түседі, спорт пен салауатты өмір салтының насихаты жаңаша мазмұнға ие болады! Отандық жаңа чемпиондарға жол ашылады!

Бірақ, өкінішімізге орай, кез келген халықаралық деңгейдегі іс-шараны барша жұрт көбіне-көп "бөлінген қаржыны жеке шенеуніктердің ел игілігіне жұмсамай, өзара бөліп алуының тағы да бір мықты мүмкіншілігі" деп қабылдайтыны рас! ЭКСПО маңайындағы қазіргі миллиардтық жымқыру жайындағы жағдаят ел ішіндегі бұл әңгімені одан сайын қоздырып отыр.

Оның үстіне, теңгенің тағы да құнсыздануы, баға мен тарифтердің күрт өсуі, қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің одан сайын төмендеуі Олимпиада секілді өмір шындығы осындай қымбат жарыс өткізу үшін жақсы жағдай емес!

Елге қаржы жетпей жатқанда, тағы да бір той өткізудің не қажеті бар? Анау АҚШ-тағы азулы мемлекеттегі Бостон деген бір қалаға жарар берекесі бар қауқарлы қаланың өзі бұл бастамадан өз еркімен бас тартып отыр емес пе?!

Сөйтсек, ондағы мэрияның екі уәжі бар екен: бір жағынан, тиісті сауалнама жасап, мэрия "қала тұрғындары өз шаһарында Олимпиада өткізуге қарсы" екендігін анықтапты. Екінші жағынан, қала тұрғындары бұл іс-шараға жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге қарсы екен!

Міне, нағыз демократия мен өз халқының пікірімен санасудың шынайы үлгісі!

Бәлкім, оның бір себебі мынада жатқан шығар: Обама Бостон мэрін өзіне шақырып алып: "Сендер АҚШ-тың халықаралық аренадағы абыройы мен беделіне орасан зор нұқсан келтірдіңдер! Жұмыстан кетесің!" деп ұрыса алмайды!

Қазір ЭСКПО-ға қатысты талқылау кезіндегідей, билік "бәріне тиісті дәрежеде жүргізілмеген халықаралық деңгейдегі пиар науқаны кінәлі!" деп ақталар. Сөйтіп жауапкершілікті өз басынан алып қашар.

Бәлкім, баз біреулер, әзіл-қалжыңды араластыра отырып, бар мәселені Алматы әкімінің ағылшынша сөйлеуіне әкеп тірер. Байқап отырмын, оның шетелше тіл қатқанын сынға алушылар троллингтің көкесін көрсетіп жатыр.

 

Әр нәрседен мысқалдай болса да бір жақсылық іздейтін қазақпыз ғой.

Өз басым, осынау халықаралық форумда Есімов мырзаның қазақша болмаса да, орысша емес, «инглишша» сөйлегенін бір қадам болса да алға жылжығанымыз деп ойлаймын.

Әрине, осындай сәтте қасында мықты тілмаш тұрып, мемлекеттік тілімізді төрге оздырғанында, қазақтың бір ретті мақалы мен Абайдың бір ауыз сөзін келтіргенде, шәпкемді шешіп, басымды иер едім ғой...

Менің ойым былай: не болса да, Олимпиада секілді игі іске, оның бізде өту мүмкіндігіне қоғам тарапынан осыншама теріс пікір қалыптасуына қазіргі өкіметтің өзі - өзінің өзімшілдігі, қоғаммен санаспауы, былық-шылыққа әбден салынуымен - кінәлі!

Шынымды айтсам, «олимпиадалық обалдары» жоқ олардың!

Әлеуметтік желі деген заман талабынан туған, кей кездері,жеделдігі жағынан ресми ақпарат құралдарын шаңына қаптырып кететін бір құдірет бар емес пе? Кешелі бері осы тақырып ол алуан түрлі кейіпкері бар кең әрі «әй дейтін, әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» алаңда мейлінше қызу талқыланып жатыр. Сол пікір таласында өз басыма мүлдем жақпаған, тіпті ел үшін аса-мөте зиян бір тенденцияны байқадым.

Оның мән-мағынасы – бастауында билік және оның органдары тұрған осынау бастаманың Куала Лампурда баянсыз боп қалуына жер астынан жеті қоян тапқандай қуанған кей жұрттың бүткіл елге, мемлекетке, Қазақстан Республикасына, Отанымызға тіл тигізуі! Өз басым қазақ ретінде, Қазақ елінің азаматы ретінде, Алматы секілді ару қаланың тұрғыны ретінде мұндай әсірешілікпен келісе алмаймын!

Өкіметтің, оның жеке институттары мен өкілдерін сынауға әркімнің конституциялық қақы бар. Бірақ «Отан» мен «өкімет» деген болмысы мен жаратылысы, мағынасы мен мақсаты мүлдем бөлек екі нәрсені шатастырудың керегі жоқ! Екеуі - екі түрлі түсінік. Кейбіреулер тіпті тұтас бір мемлекетке тіл тигізуден, жалпылама сынынан рахат тауып жатқан секілді! Және де осы екі ұғымды әдейілеп шатастырып жатқан сияқты көрінеді маған.

Ондай антимемлекеттік, антиотандық, антипатриоттық, түбі - антиқазақтық сөздер мен күштерге бүкіл қоғам боп қарсылық білдіруіміз керек деп ойлаймын! Өйткені, Олимпиада да, оны лайықты өткізуге тиіс шенеуніктер де – келеді де кетеді, ал Отан – киелі де мәңгі, оған тіл тигізуге болмайды! Билікті сынағың келсе, сына, бірақ  жалпы жұртты, еліңді қадірле! Әйтпесе, патриоттығың қайда?

Жалпы осы тезис биліктің өзі айтып жүрген жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыру тұғырнамасының ең басты ұстыны болуы керек!

Уақыт өтер, заман мен билік өзгерер, қоғамның да жағдайы жақсарар, сол кезде той-томалақтан тәжірибесі телегей қазағым Олимпиаданы қалай өткізу керек екенін басқа жұртқа көрсете жатар...

 

Әміржан Қосанов.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 850
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 704
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 548
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 554