Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоңырау 5109 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 13:53

АЙМАННЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫНА МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Естеріңізде болса, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаеваның жанайқайы туралы Abai.kz порталы да бірқатар БАҚ-тың қатарында мәселелер көтеріп, материалдар, хаттар жариялады. Қоғамдық талқы мен талап текке қалмаса керек, Abai.kz поштасына Айман Сағидуллаева жіберген Министрліктің ақпараттық хабарламасын назарларыңызға ұсынамыз:


 

 

Қазіргі күні бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кейбір өңірлердегі, дәлірек айтқанда Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі А.Сағидоллаеваның мектеп мұғалімдері еңбегінің заңсыз пайдаланатындығы жөніндегі үндеуі және жалпы мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ақпараттардың тарап жатқаны белгілі. ҚР Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) осы мәселеге қатысты мынаны хабарлайды: 
Аталған мәселеге қозғау салған Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі А.Сағидоллаеваның осы жылдың мамыр айында жасаған алғашқы жарияланымынан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі жұмыс тәртібімен Қарасай ауданындағы қалыптасқан жағдаймен танысып, орта білім беру ошақтарындағы еңбек жағдайын қатаң бақылауға алды. Мұғалімдердің сұрау салуынан кейін және халық ақыны Мұхтар Шахановтың жазған ашық хатына байланысты министрлік орта білім беру ұйымдарының қызметі жергілікті атқарушы органдарға қарасты болғандықтан Алматы облысы әкімдігіне арнайы хат жолдады. 
Атап өткеніміз жөн, Алматы облысы білім беру басқармасы бүгінгі таңда Жаңатұрмыс мектебінің жұмысындағы кемшіліктер жойылды, ал А.Сағидоллаеваның жұмыстан заңсыз шығарылғандығы жөніндегі ақпарат расталмады. 

Министрлік өз тарапынан бұндай жағдайға жол беруге болмайтындығын ресми түрде хабарлайды, сондай-ақ, оқу үдерісінің бүкіл қатысушыларын және жетекшілік ететін органдарды, ұстаздар мен білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалап, мұғалімдердің мәртебесін арттыруға шақырады. 
Осы мақсатта министрлік арнайы жұмыстар атқарып келеді: жыл сайын мұғалімдерін біліктіліктерін арттыру мақсатында гранттар бөліп, педагогикалық мамандығына оқуға түсетін жастар үшін оқу ақысын арзандатты. Ұстаздардың біліктілігін арттырудың стратегиялық түрлі бағдарламалар бойынша олардың қабілеттіліктерін арттырып, еңбек ақысын жоғарылатудың жоспары бекітілді. 
Министрлік қоғамдағы жағдайға, соның ішінде мұғалімдердің жағдайына бей-жай қарамай, өз пікірлерін белсенді білдіріп, азаматтық танытқан мақала авторларына алғыс білдіреді, сондай-ақ талқыға салынып жүрген білім жүйесіндегі өткір мәселелер болашақта болмайды деген сенімде.

17.07.2015

Білім және ғылым министрлігі.


 

Abai.kz

0 пікір