Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоғам 8739 1 пікір 5 Тамыз, 2015 сағат 16:17

«KCELL» ХАЛЫҚТЫ ҚАНАУДЫ ҚАШАН ДОҒАРАДЫ?

Бірнеше апта бұрын ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті «Kcell» компаниясының өз абоненттеріне 1,5 миллиардтан астам теңгені қайтаратынын хабарлады. Сонда «Kcell» бұншама қомақты қаражатты тұтынушыларының еркінсіз алып қойған ба? Жалпы, Қазақстандағы бағасы жағынан ең қымбат байланыс операторы - Kcell екенін бұған дейін де БАҚ жазған. ComNews Research компаниясы зерттеулері осындай қортынды жасапты.

 «Activ», «Kcell»  және «Vegaline» сауда белгілерімен еліміздің байланыс кеңістігінде қызмет етіп келе жатқан компания 2010 жылы осы сала бойынша еліміздегі қызмет көрсетушілердің 50 % нарығын иеленген. Осы жылы — компания 167 млрд. теңге табыс тауыпты. 2013 жылдың 31 желтоқсан айында компанияның абоненттік базасы 14,3 миллионға жеткен.

«Kcell GSM Қазақстан» ірі скандинавиялық телекоммуникациялық холдинг Turkcell мен  TeliaSoneral құрамына кіреді, компанияның 49% «Қазақтелеком» АҚ-қа тиесілі. Ал «Қазақтелеком» компаниясының өзінің 48 пайыз акциясы шетелдіктер (15,20 % - Bodam B.V. 13,90 % - Bank of New York) үлесінде.

ҰЭМ таратқан ақпаратқа сай, "Ксеll" АҚ тұтынушыларға 1,5 миллиард теңгеден асатын ақшалай қаражатты заттай мәнде, теңгерімде 2012 және 2013 жылдың 9 айы үшін ғана қайтарады екен. Мүмкін аталмыш компания осы көрсетілген уақытқа дейін де, кейін де тұтынушыларынан орынсыз қаражат қымқырып қалған болар. Бұлай деуге негіз де бар. Осыдан 7-8 жыл бұрын «Қазақтелеком» басшысы Қайрат Кәрібжановтың айына 360 мың доллар еңбек ақы алтынын айтып БАҚ түгілі тақта отырған шенділер де таңдай қағысқан еді. Бір адамның өзі тартынбай оншалықты қаражатты алу үшін әрине қазынаға құйылып тұратын алтын өзен керек. Одан кейін де тұтынушысы көбейе түскен «Қазақтелеком», оған қарасты «Kcell» бағаларын еркінше ойнатып, түрлі қымбат тарифтерімен халықтың қалтасын қағып келеді.

Салыстырмалы түрде қарасақ, «Қазақтелекомға» қарасты қытайлар қаржыландыратын «Алтел» ұялы байланыс операторы «SMART Unlim+» тарифінде айына 3 990 теңгеге желі ішінде мүлдем тегін сөйлесулер мен SMS-тер, ал, басқа операторларға 250 тегін минут береді. Сондай-ақ осы төлемнің ішінде жоғары жылдамдықты 10 GB интернет трафик те сізге қызмет етеді. Бұл оператордың 990 теңгеге желі ішінде су тегін, басқа операторларға айына 100 минут, және 7 GB интернет трафик беретін «СУПЕР SMART+» тарифі де бар.

Штаб-квартирасы Стокгольмде орналасқан «Теле 2» операторының ұсынып отырған тарифтерін алып қарайтын болсақ, «Супер +» тарифі - 880 теңгеге желі ішіндегі SMS -пен қоңыраулары ай бойы тегін, басқа операторларға 90 минут тегін сөйлесу және 5 GB интернет трафик береді. Ал 1099 теңге берсеңіз желі ішіндегі лимитсіз тегіндікті былай қойғанда, басқа операторларға 120 минут және 15 GB интернет трафик береді. Сондай-ақ Қырғыз, Өзбек, Түрік елдеріне минутына бар болғаны сегіз теңгеге қоңырау шалатын да тарифтері бар.

Амстердамдық VimpelCom Ltd. компаниясына қарайтын ТМД және бірнеше еуропалық елдерде қызмет көрсететін «Beeline-нің» де Қазақстандағы байланыс ақысы айтарлықтай арзан. Мысалға «Бәрі қосылған 2» тарифі желі ішіндегі қоңырауларға айына шексіз қолданатын мүмкіндікпен қоса, ҚР-дағы басқа байланыс операторларына қоңырау соғуда айына 120 минут, сондай-ақ, айына 10 GB Интернет-топтама береді. Бұл қызмет үшін айына бар-жоғы 1190 тг алады.

Ал, Кселл-дің 4-5  түрлі тарифы бар. Біреуі «11» деп аталатын тариф болса, қайда сөйлессеңде минутына осындай қаражат ұстайды. Қазіргі ақпараттық ағын мен мобильді байланысқа деген қажеттіліктің аса жоғары тұсында бұл тұрғындар үшін өте қымбат тариф. Ал, желі ішінде тегін сөйлескенмен, басқа операторларға минутына 11 теңгеден хабарласатын «Прайм» тарифі де тиімсіз. Бағасы айына 6 000 теңге. Бұл екі тарифте де интернет трафикке бөлек төлейсіз.

«Kcell» -де «құрмет» деген тариф болған. Болғанда жұмыс істеп тұр. Бұрын қосылғандар болмаса жаңа абоненттерге қосылым жабық. Басқа операторларға алты сағат тегін және желі ішінде шексіз минуттар. Интернетіне де тегін қосылуға болатын бұл тариф үшін айына 15 мың теңге төлеу керек.

Осы байланыс операторының ең қымбат тарифі «Базалық». Себебі мұнда  Kcell/activ нөмірлеріне 16,70 тг, Басқа операторлардың ұялы нөмірлеріне 30,50 тг,  Қалалық нөмірлерге 30,50 тг ұстайды минутына.

«Kcell» компаниясына қарасты «Activ», «Vegaline» сауда белгісіндегі операторлардың түрлі жеңілдіктері бар тарифтері анағұрлым көп. Алайда, арзандық жағынан басқа операторлармен бәсекелесе алмайды. Арзан бағада қызмет ұсынатын операторлардың Қазақстандағы таралу аймағы мен қызмет көрсету шеңбері «Kcell-ге» қарағанда тар болғандықтан, кейбір аймақтар қаласа да, қаламаса да «Kcell-дің» қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Жыл сайын Қазақстанда байланыс пен коммуникациялы қызметтердің арзандайтыны туралы ақпарат шығады. Бірақ, «Қазақтелеком» керісінше бағаларын қымбаттатып жатыр. Теңгенің құнсызданып жатқан бүгінгі қиын-қыстау тұсында бір отбасы орта есеппен 20 мың теңгені байланыс операторларының қызметіне жұмсайды екен. Қалалық жерде бұл екі есе жоғары бағада төленеді. Халықтың игілігінен гөрі өз қалтасын көбірек ойлайтын мұндай компаниялар бағаларын арзандатпайтын болса, оларды Қазақстан аумағында қызмет көрсету лицензиясынан айыру керек. Құзырлы орындар көбіне қаржаттың «тоналғаннан» кейін жеріне қайту үшін әрекет етіп жатады. «Kcell» сияқты халықты білдірмей тонап отырған компаниялардың қызметтік баға туралы шектен шығуына осы бастан тұсау салмаса, «Kcell» қоғамның үлкен кеселіне айналуы бек мүмкін.

 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

1 пікір