Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Сын 3906 0 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ЕЛБАСЫ «ОҢТҮСТКТІ» ӨЗГЕ ОБЛЫСТАРҒА ҮЛГІ ЕТТІ

АЛ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ

 Оңтүстiк Қазақстан облысы облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырқыншы сессиясында облыс әкiмi Асқар Мырзахметов ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында атқарған жұмыстары жөнiнде есеп бердi. Өңiрдi дамыту жолында ауқымды iстер атқарылғанына куә болған депутаттар облыс әкiмiнiң жұмысын оң бағалады деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.

Халық қалаулылары облыс әкiмiнiң аудан, қалаларға шығып, жаңа форматта кеңейтiлген мәжiлiстер өткiзiп, талапты күшейтiп, жұмысты жүйелеп, әрбiр аймақтың дамуына ерекше назар аударып отырғанына ризашылықтарын бiлдiрдi. Өңiр басшысы облыста орындалған қадау-қадау жұмыстарды айтып бердi. Расында да алғашқы жартыжылдықта ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiзiлген. Негiзгi көрсеткiш индустриалды-инновациялық дамудың қарқыны десек, жақында өткен жалпыұлттық телекөпiр кезiнде Елбасы Н.Назарбаев «Оңтүстiк» индустриалды аймағына жоғары баға берiп, оны өзге облыстарға үлгi етiп көрсеттi. Сондықтан А.Мырзахметовтiң бастамасымен Шымкентте «Тассай», «Бадам» және қазақ-түрiк индустриалды аймақтары да құрылды. «Тассай» индустриалды аймағында инфрақұрылым жүргiзуге 800 миллион, қазақ-түрiк аймағында осы мақсатқа 1,8 миллиард теңге қаралыпты. Жоспарға сәйкес бюджеттен бөлiнген 1 теңгеге 14-15 теңге жеке инвестиция тартылады. – Облыстың барлық аудан, қалаларында индустриалды аймақтар құрылысына 1 мың гектардан астам жер телiмдерi бөлiндi. Қазiргi таңда Түркiстан мен Созақта осындай аймақтар iске қосылды. Ал, Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара, Түлкiбас, Бәйдiбек аудандары мен Кентау қаласында жыл соңына дейiн iске кiрiседi. Аудан, қалалардағы индустриалды аймақтарда жалпы құны 92,5 миллиард теңгенi құрайтын 71 жоба жүзеге асырылуда. Онда 8 341 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазiр 4 жоба iске қосылып, онда 547 адам еңбек етуде, – дедi Асқар Исабекұлы. Индустриалды аймақтарды құру бар да, ондағы кәсiпорындардың толық қуатымен, тұрақты әрi нәтижелi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету өз алдына бөлек әңгiме. Өйткенi, жүздеген кәсiпорын ашылғанымен, олар толық қуатында жұмыс iстемесе, жұмыс орындарының саны азайып, экономикалық өсiм баяулауы мүмкiн. Сол себептi бұл мәселенi облыс басшысы жеке бақылауына алған. Нәтижесi де жаман емес. Индустрияландыру картасы бойынша iске қосылған 137 жобаның 130-ы жобалық қуаттылығының 90 –100 пайызына шығып отыр. Бұл көрсеткiш бойынша өңiр республикада алдыңғы қатарда. Айта кетейiк, индустрияландырудың бiрiншi бесжылдығында iске қосылған әрбiр бесiншi жоба Оңтүстiк Қазақстан облысының үлесiнде. Ал, екiншi бесжылдықтың индустрияландыру картасына облыстан жалпы құны 851 миллиард теңге болатын 104 жоба енгiзiлген. Онда 19 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның iшiнде биылға 36 жобаны iске қосу жоспарланса, қазiргi таңда 5 кәсiпорын ашылып үлгерген. Бұл өндiрiс ошақтарында 1 270 адам жұмысқа орналасты. Осындай ауқымды iстердiң арқасында өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 40 миллиард 400 миллион теңгеге артып, 286 милллиард 100 миллион теңгеге жеткен. Елбасы саясатының негiзгi бағыттарының бiрi – кәсiпкерлiктi қолдау десек, Оңтүстiк өңiрде бұл салада да тындырымды тiрлiктер көп. Айталық, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 99 жобаны қолдауға 137,5 миллиард теңге жұмсалған. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң бастамасымен ашылған «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы да бизнес өкiлдерiне жан-жақты қолдау көрсетiп, iскер азаматтардың тiреуi болып келедi. Орталық биылғы бiрiншi жартыжылдықта жалпы құны 2,9 миллиард теңгенi құрайтын 778 жобаға қолдау көрсетiп, 1 365 жаңа жұмыс орнының ашылуына себеп болыпты. А.Мырзахметовтiң айтуынша, облыстың барлық аудан, қалаларында Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен Кәсiпкерлiк мектептерi ашылған. Бұл орталықтар қазiрге дейiн 8,6 мың кәсiпкерге қызмет көрсетiп үлгерiптi. Атап айтар болсақ, орталықтардың қызметi арқылы 746 кәсiпкер рұқсатнама құжаттарын алса, 3 532 адам бизнес жүргiзудiң негiздерiн оқып-үйренген. Сондай-ақ, аталған орталықтардың көмегiмен 41 кәсiпкер 735,4 миллион теңге несие алды. Аграрлық салада да атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Ең алдымен ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдауға бағытталған қаржы 1,2 есеге, салада өндiрiлген өнiм көлемi 16,4 миллиард теңгеге артқанын айтқан жөн. Сондай-ақ, 6 айда жаңадан 95 гектарға жылыжай салынып, жалпы көлемi 1 мың гектардан асқанын, ал, тамшылатып суару әдiсi қолданылатын егiстiк алқабының 41,4 мың гектарға жеткенiн де мақтанышпен айтуға болады. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және өңiрлiк мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары да ойдағыдай жүзеге асуда. – Облыс тұрғындарының әлеуметтiк жағдайын жақсарту мақсатында үйiргелiк жер телiмдерiнiң тиiмдi пайдалануына талдау жасалды. Нәтижесiнде 66,4 мың гектар үйiргелiк жердiң 25,6 мың гектарына құрылыс салынып, 38 мың гектарына егiс егiлгенi, ал, 2,8 мың гектары игерiлмегенi анықталды. Сөйтiп, үйiргелiк жерлердi тиiмдi пайдаланудың үш жылдық iс-шара жоспары әзiрлендi. Үйiргелiк жердi тиiмдi пайдалануды ынталандыру үшiн «Максимум» орталығы арқылы 6 пайыздық үстемеақымен несие берiлмек. Сонымен қатар балық шаруашылығын дамытуға да назар аударып келемiз. Нақты айтар болсақ, балық шаруашылығын дамыту бойынша 2015-2017 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшiн қаржы институттары арқылы 27 балық шаруашылығын ашуға 400 миллион теңге қарастырылды. Бүгiнге дейiн 2 шаруашылыққа 132 миллион теңге несие берiлдi. Кәсiпкерлер мектебiнде 70 адам осы мамандық бойынша оқытылды, – дедi Асқар Исабекұлы. Сессияда облыс әкiмi Асқар Мырзахметов сәулет-құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газдандыру, жол құрылысы, туризм, қоғамдық тұрақтылық, бiлiм, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында атқарылған жұмыстарды да жан-жақты баяндады. Мұнан соң облыстық мәслихат депутаттары Әбiлқасым Досболов, Сұлтанбек Сүгiрбаев, Қайнар Абасов жарыссөзге шығып, облыс әкiмiнiң атқарған жұмыстарына оң баға бердi. Сессияны қорытындылаған облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан өңiр басшысы атқарған жұмыстар депутаттардың көз алдында жүзеге асып жатқанына тоқталып, қажырлы еңбегi үшiн Асқар Исабекұлына халық пен өкiлеттi органның атынан алғыс айтты.

Әбiлқасым ДОСБОЛОВ, ОҚО мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөнiндегi тұрақты комиссиясының төрағасы: – Жуырда бiздiң комиссия мүшелерi облыс көлемiнде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшiн бiрнеше нысанды аралап қайтты. Соның бiрi – облыстық кардиохирургиялық орталық. Орталық базасында жүрек-қан тамырлары ауруларына жасалып жатқан оталар мен ем-домдардың сапасы облыс әкiмдiгi тарапынан медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтауға, жаңа технологияларды ендiру мен мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруға ерекше көңiл бөлiнетiнiн көрсеттi. Облыста бүгiнгi таңда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау көрсеткiшi 64,5%-ға жеткiзiлдi. Мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруға облыстық бюджеттен 309 млн. теңге бөлiнiп, ағымдағы жылдың 6 айында 5 623 маман бiлiмiн жоғарылатқан. Өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда нәрестелер өлiмi 8,1 пайызға, аналар өлiмiнiң көрсеткiшi 19,2 пайызға төмендеген. Бiр топ депутат мұнан кейiн «Оңтүстiк» индустриялық аймағы мен «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақтағы ашылып жатқан кәсiпорындардың жұмысымен таныстық. Индустриялық аймақта шығып жатқан түрлi отандық өнiмдердi көрiп, қызығып, тамсанып қайттық. Сондай-ақ, бiз Төлеби ауданында болып, құрылысы жүрiп жатқан нысандардың басында болдық. Шымкенттегi әкiмшiлiк-iскерлiк орталығындағы «Отырар» кiтапханасының жұмысымен таныстық. Облыс әкiмдiгi қойған талаптардың арқасында бүгiнде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқынды дамып отыр. Бұл салаларда да жаңа технологиялар, түрлi жаңалықтар енгiзiлуде. Мұның бәрiнде де жергiлiктi атқарушы билiк органдары тарапынан елдiң әлеуметтiк-экономикалық ахуалын жақсартуға лайықты көңiл бөлiнгенiн ерекше атап өткен жөн. ОҚО мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөнiндегi тұрақты комиссиясы облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң алғашқы жарты жылда атқарған жұмысын оң бағалап отыр.

Сұлтанбек СҮГIРБАЕВ, ОҚО мәслихатының ауыл-аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөнiндегi тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары: – Облыста қай саланы алсақ та, жетiстiк бар. Тiптi, кейбiр көрсеткiштер бойынша республикада алдыңғы орындамыз. Әрине, мұндай көрсеткiш өздiгiнен келмейдi. Мұның сыртында облыс әкiмдiгi мамандарының ерен еңбегi жатыр. Тапсырма беру бар да, оны талап ету бар. Облыс бүгiнгi жетiстiгiне осындай талапшылдықтың арқасында қол жеткiздi десек артық болмас. Асқар Исабекұлы облысқа әкiм болып келгелi жақсы үрдiс қалыптасты, ол - аудан-ауылдарды аралау. Ел арасына шыққанда «осы әкiм шаршамайды екен, 45 градус ыстықта ауыл-ауылды аралап жүр» деп жүргендердi естiдiк. Мұны өз басым облыс басшысының елге жанашырлығы, елге болса екен дейтiн ниетi деп қабылдаймын. Жанашырлық осындайдан көрiнедi. Жуырда облыс әкiмi Мақтаарал ауданына iссапарында өзiмен бiрге барлық басқарма басшыларын ерте барды. Жиында облыстық әкiмдiк, басқармалар тарапынан берiлген тапсырмалардың орындалуы талқыланды. Шешiмiн таппаған кей мәселелер бойынша кiнәлi тарап анықталып жатты. Бұрын ауыл әкiмдерiнiң жұмысына аудан болмаса, облыс араласа қоймайтын. Бұл жолы облыс әкiмдiгi тарапынан ауыл әкiмдерiнiң рейтингi жасалыпты. Олардың жұмысы облыс, аудан тарапынан берiлген тапсырмалардың орындалу көрсеткiшi бойынша бағаланған. Оған дейiн 20-30 жыл әкiм болып iстегенмен, олардың iскерлiгi ендi күнделiктi жұмыспен өлшенедi. Бүгiнгi талап – осы. Сонымен қатар, бұрындары ауылдарда жүрiп жатқан құрылысқа тек тапсырыс берушi жауапты болатын, қазiр бұл жүйе де өзгерiп, ауыл әкiмдерi жоғарыға күнделiктi есеп берiп отырады. Өйткенi, салынған нысанның сапалы болғаны сол ауылдың азаматтары үшiн керек. Бұл да – облыс әкiмдiгi тарапынан қолға алынған мақтауға тұрарлық тәжiрибе. Мемлекет басшысы Ұлт жоспарында кәсiпқой мемлекеттiк аппарат құру туралы мәселе көтердi. Менiңше, кәсiпқой мемлекеттiк қызметшiлер осылай қалыптасады. Ауыл-аймақтарды дамытуда да iлкiмдi жұмыстар қолға алынған. Барлық салада даму бар. Облыста алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға ризамыз.

Қайнар АБАСОВ, ОҚО мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөнiндегi тұрақты комиссиясының мүшесi:

 – Өңiрде кәсiп ашып, жұмыс iстеуге барлық жағдай жасалған. Облыста жеңiл және ауыр өнеркәсiптi дамыту бойынша индустриялық аймақтар ашылып жатыр. Бүгiнгi таңда республикада 25 индустриялық аймақ жұмыс iстесе, соның 19-ы – Оңтүстiк Қазақстан облысында. Мұны облыс әкiмiнiң бизнестi қолдауының нәтижесi деп түсiнемiз. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша да облыста көптеген iстер атқарылуда. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысушыларға несие бөлiнiп, тәжiрибе оң нәтиже беруде. Бүгiнде Оңтүстiктiң осы тәжiрибесi республикаға үлгi болып отыр. Кәсiпкерлiктi дамытуда әкiмшiлiк кедергiлердi жою мақсатында Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу да – Оңтүстiктiң бастамасы. Кәсiпкерлердiң бизнес-идеясын қолдап, қуаттағаны үшiн жергiлiктi атқарушы билiкке кәсiпкерлер атынан алғысымды бiлдiргiм келедi.

0 пікір