Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 8736 0 пікір 21 Тамыз, 2015 сағат 10:59

ТЕҢГЕГЕ САТ, ТЕҢГЕМЕН САТЫП АЛ

Теңгенің жасы биыл, 15 қарашада 22-ге толмақ. Ұлттық валютамыз осы ғұмырында тоқтаусыз құнсызданып келеді. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Осыдан 23 жыл өткенде теңгенің құны бір долларға 255.26 теңге (Ұлттық банктің 21 тамызға арналған бағамы) болады деп кім ойлаған? Әйтпесе, алғаш айналымға кірген күні теңгеңіз 1 доллар 4,75 теңге құнындағы көп-көрім күші бар валюта еді. Сол заманнан бері Қазақстан дамымады емес, айтарлықтай дамыды. Мұнай оңды-солды сатылып, мейлінше алтын қазылды. Қуатты «елу елді» киіп жарып, мықты деген отыз елге қарай ұмтылдық. Бірақ, өзіміз ұмтыла беріппіз. Теңгемізді түк ескермеппіз. Ақыр соңында пұшайман күйге бірақ түстік.

Кеше, ҚР үкіметі теңгенің еркін айналымына өту туралы шешімін жария етті. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов осындай шешімді жариялай отырып,  үкімет пен Ұлттық банк қабылдап жатқан шаралар елде дефольт болуына жол бермейді деп мәлімдеді. Осындай жағдайда, Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов кешегі бір сөзінде, теңге курсын қолдан өсірудің артта қалғанын айтып, инфляциялық таргетировка курсына өткеннен кейін халық валютаның жедел өсуінен қауіптенбей уайымсыз ұйықтауына болады деп хабарлады.

Сондай-ақ, ол "белгісіздік дәуірі" артта қалғанын атап өтті. Жаңа валюталық саясаттың мақсаты транспаренттілік пен айқындық. "Кей банктер кеше жоғары бағамдар қойып тастады, мұның бәрі өткен дәуірден. Қазір бұл белгісіздік дәуірі артта – енді бәрі айқын, түсінікті жүреді және валюталық спекуляция артта қалуы керек. Біз мұны инфляциялық таргетировкаға өткен барлық елдерден көрдік, мысалы Польша мен Ресей осы жағдайға өткен соң экономика айтарлықтай долларлықтан құтылды. Дедолларизация – бұл орта мерзімді мақсат, біз оған деңгей деңгеймен келеміз", - деді Ұлттық банк басшысы. Сонымен қатар бас банкир «экономикалық жағдайдың нашарлауына қарамастан ҚР Үкіметі ҚР Ұлттық қорынан қосымша қаржы бөлуді жоспарлап отырған жоқ, өйткені Ұлттық қордағы қаржы әлі керек болады» деді.

Осы жердегі долларсыздандыру сөзіне мән берейік. Астанада, кеше өткен брифингте Мәсімов те қазір экономиканы долларсыздандыру мен несиені теңгемен беру саясатына басымдық берілетінін айтты. Жалпы Мәсімов бұл сөзді былтыр да айтқан. Ресей рублы құлдырай бастаған 2014 жылы Кәрім Мәсімов «қаржы жүйесіндегі долларсыздандыруды қамтамасыз етуге тиіспіз» деп мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы да былтырғы жылдың 3 сәуірінде «Біріншісі - қолжетімді теңге нарығын дамыту үшін ынталандыру пакетін әзірлеу. Яғни, қаржы секторын долларсыздандыруды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активі секілді ішкі инвестиция көздерін іске қосуды міндеттеп, Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, 1 маусымға дейін қор активтерін инвестициялау стратегиясын әзірлеу қажет» екенін тапсырған болатын.

Былтырғы Астана экономикалық форумында да Елбасы «Әлем бір ғана валюта – долларға тәуелді. Барлық жерді доллар жаулап алды. Осы ақша АҚШ экономикасын «асырап» отыр. Барлық қаржылық операциялар, Нью-Йорк арқылы жүргізіледі», - дей келе жетпіс жыл бойы мызғымай келе жатқан әлемдік қаржы жүйесін өзгертудің қажеттігін алға тартқан. Алайда сарапшылар АҚШ долларының әлем нарығында әлі де ондаған жылдар бойы үстемдік жүргізе беретінін айтады. Мәселен, Гарвард университетінің экономика профессоры Ричард Купер доллардың болашағы әлі де берік екенін алға тартып, оның әлемде кеңінен пайдаланылатынын, транзакция нарығы да орасан зор екенін айтады. «Ағылшын тілін пайдалана отырып мен ол тілдің әлемнің барлық дерлік елдеріне кеңінен таралғанын көріп отырмын. Көп жағдайда бұл масқара тіл болғанына қарамай, біз мемлекет аралығында тілдесу үшін оны бәрібір таңдаймыз. Мен АҚШ доллары туралы да дәл осы секілді ойдамын», – дейді ол.

«Дедолларизация», яғни долларсыздандыру деген не? Қаржыгерлер тілімен айтқанда, долларсыздандыру – бұл қандай да бір елдің мемлекеттік органдары немесе орталық банкінің ел аумағында шетелдік валютаның төлем қаражаты ретінде ендей түсуіне қарсы жүйелі шаралар ісі. Қарапайым тілмен айтсақ – экономиканы доллардан алыстатып, ұлттық валютаға басымдық беру. Сарапшылар кейінгі жылдары мұндай жағдайды кешегі КСРО құрамындағы республикалардың «бас ауруы» ретінде қарай бастаған. Алайда, шындығына келгенде, соңғы жылдары долларға қарсылық посткеңестік кеңістікте ғана емес, Еуро аймаққа айналған Еуропа елдерінде, шапшаң дамудың үлгісін көрсеткен Қытайда, Азияның дамыған һәм дамушы елдерінде де бар. Былайша айтқанда, экономикасын, қаржы жүйесін сыртқы факторлардан қорғауға көшкен мемлекеттердің біразы қазіргі таңда долларсыздандыру шарасын қаперге ала бастаған. Қытай осы айлаға жүгініп жақында ғана ақшасын 1,9 пайызға құнсыздандырды. Экономистер бұл Қытай экономикасы үшін тиімді екенін айтуда. Себебі Қытай көптеген елдерге өз валютасы юаньмен тауар экспорттайды.  Мәселен, былтырлары Франция Қытаймен арадағы сауда операцияларын доллардан тыс, яғни, евромен не болмаса юаньмен айырысуға ниетті екенін мәлімдеген. Франция Қытаймен сауда операцияларын долларсыздандыруға һәм юаньге басымдық беруге ниеттенген бір ғана мемлекет емес. Сарапшылар Германияның, Ресейдің, Иран, Венесуэла, Аргентина, Бразилия елдерінің де осы көзқарасқа ортақ екенін айтады.

Шындығында, долларға қарсы ұстаным Еуропаның өзінде де біраз жылдар бойы жүріп келеді. 2000 жылы евроның дүниеге келуі АҚШ долларының мәртебесін майыстыруға жасалған алғашқы қадам болғаны анық. Еуропа елдерінің долларсыздану ұстанымы әсіресе әлемдік экономика державасына ұмтылатын Қытай үшін оңды бағыт.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, 1973 жылы өрбіген араб-израиль соғысы барысында АҚШ қысым көрсету арқылы араб елдерін мұнайды тек долларға ғана сатуға көндірген екен. Міне, сол уақыттан бері мұнайдың баррелі тек доллармен есептеледі. Осының арқасында мұнайдың бәріне керектігі секілді, доллар да бәріне қажет болатын деңгейін нығайта түскен. 

Bnews.kz-тің былтырғы ақпараттарының бірінде мынадай дерек келтіріледі: Мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 29 елі Аспан асты елімен сауда-саттықта юаньге көшуге келісіпті және бұл көрсеткіш жыл сайын кеңейіп келетіні де жасырын емес. Соның ішінде «шығыс үшбұрышы» деп аталатын – Оңтүстік Корея, Жапония мен Қытайда халықаралық деңгейдегі сауда саттық шапшаң өрши түсіп, соңғы уақытта Батыс Еуропаның деңгейіне де жеткен.

Қазақтың мұнайы долларға сатылады. Экономикамыздың 40 пайызы долларға тәуелді екендігі де осыдан болса керек. Ал есте болса, 2011 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағаы алыс-берістің есебінде доллардың үлесін азайту қадамдары болған. Сол жылы Қазақстан мен Қытайдың орталық банктері валюталық своп-операциялар жасауға уағдаласқан екен. Алайда, әзірге одан көрнеу нәтиже жоқ.

Былтыр, 2015-2017 жылдарға арналған ресупбликалық бюджет жобасын талқылау барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов: «Әлбетте, Үкіметтің көмегімен Ұлттық банк долларсыздандыруда үлкен жұмыстар атқарды. Ендігі күні алдағы уақытта экономиканы доллардан тәуелсіз ету бойынша кешенді мәселелер шешімін табуы шарт. Соның ішінде ең маңыздысы – бұл ұлттық банктік жүйені ұлттық валютамен – теңгеде қаржыландыруды қамтамасыз ету. Егер қорландыру ұлттық валютада жүзеге асатын болса, онда несиелендіру де ұлттық валютада жүргізілуі тиіс. Ал бұл жүзеге асса, доллар бағамының құбылуы қандай да бір мәселені шешу барысында соншалықты әсер етпейтін болады», - деген еді. 

Қазақстандағы қалталылардың көбі ақшасын банктерде доллар мен еуромен сақтайды деген дерек бар. Оған сенуге негіз жоқ емес. Неге десеңіз, елімізде қазірге дейін жылжымайтын мүліктер мен көлік саудасы доллар арқылы жүреді. Тіпті теңгемен жалақы алып, теңгемен салық төлейтіндердің өздері ақшасын ойша долларға шағып, есеп жүргізіп жатады. Оны айтасыз, Ұлттық қордағы қаржы да доллармен есептеледі.

Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов долларсыздандыруға қатысты доллармен ғана есептейтіндердің санасын өзгерту керектігін айтып, бірде былай деген екен: «Шартты бірлік» деген ұғым бар ғой, ендеше, сол шартты бірлік шартты табыстар ғана әкеледі, сондықтан да бізге ең бірінші кезекте осы шартты бірліктерден арылу керек».  Иә, кеше ғана теңге құнсызданып, бәріміз байбалам салдық. Үкіметті отставкаға сүйреп, Мәсімовті тілдің өткір кездігіне түйредік. Қазба байлықтарға сүйенбесе де экономикасы алдыңғы орындардың бірінен орын алатын Түркияда да қазір кризис болып, соңғы бір жыл ішінде түрік лирасы 35 пайызға жуық деңгейде құнсызданды. Бірақ оған  мойып, шошып, рухы түсіп жүрген түріктер аз. Олар ылғи да «Біз 60 мәрте құлап, қайта көтеріліп әбден шыныққан елміз, үйреншікті нәрсе» деп күледі. Себебі Түркияда ішкі сауда толықтай Түрік лирасымен жүреді. Тек туристік аймақтар ғана доллар немесе еуро арқылы қызмет көрсетеді. Оның өзін пайдасына жаратып жатады. Шындығында Түркияның 92 жылдық тарихында 15 рет үлкен дағдарыс орын алды. Бір мысал, 1980 жылғы мұнай бағасының бірнеше есе артуынан Түркияда ақша 48,6 пайыз құнсызданды. Бірақ, түріктер лираға басымдылық беру арқылы бұндай, бұдан да зор қиындықтардан шыға білді.

Бізге ендігі қалғаны дәтке қуат айтып, теңгенің қолданысын ұлғайту. Бұндай әрекеттен аузымыздан ақ май ағып, шылқа байып кетпеспіз, бірақ (үкімет пен кейбір экономист сарапшылардың пікіріне сүйенсек), қазіргі жағдайда экономиканы құтқарудың үлкен бір бағыты долларсыздана түсу дегенге саяды. Оны жүзеге асыратын үкімет қана емес, халық. Доллармен емес, теңгемен сауда жасау сіз бен біздің қолымызда.

 

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 707
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 521
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 439
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 452