Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Мәселенің мәні 8333 0 пікір 4 Қыркүйек, 2015 сағат 18:59

АЙДЫН «ШОҚЫНҒАН» ЖОҚ

Қазақ аспанға ұшты деп қуандық. Артынша, әлеуметтік желіде «шоқынды» деп жазғырдық.  Тіпті, Айдын Айымбетовтің діни-сеніміне сырттай тон пішіп, небір әңгімелер айтыла бастады.  Осы ретте нағыз дін саласы мамандарының пікіріне құлақ түргеніміз артық етпес.

Ершат ОҢҒАРОВ, исламтанушы ғалым:

Кісіні ғайбаттаудың күнәсі үлкен. Ал оны шоқынды деп айыптау - ең үлкен күнә

– Айдын Айымбетов айға ұшып, қалың қазақ елін ғана емес, барлық мұсылман елдерін қуанышқа бөледі. Айдынды алып ұшқан зымыранды араб елдерінің телеканалдары да көрсетіп, мұсылманның баласы ұшқанына Аллаға мадақ айтқанын көзіміз көрді.

Осылайша, барша адамзат баласы қуанып жатқан сәтте, біздің елде, Айдынның өз Отанында батырымызды «шоқынды», «имансыз», «атеист» деп ғайбаттаған арандатушылар шықты.

Айдын шоқынған жоқ! Біріншіден, христиан дінінің қызметкері Байқоңырда Айымбетовтың бетіне су шашуы – шоқындыруға жатпайды. Ол жерде шоқындырудың элементтері болған жоқ. Шоқындыру жоралғысы әлдеқайда күрделі. Екіншіден, бейнетаспаға анықтап қарасақ, Айдын қасындағы әріптесі сияқты қолын көтеріп шоқынбақ түгілі, су шашу рәсімінің үстінде түсі сұрланып наразылық танытып тұрғанын байқаймыз.

Кісіні ғайбаттаудың күнәсі үлкен. Ал оны шоқынды деп айыптау – ең үлкен күнә. Түптеп келгенде мұсылманды күпірлікпен айыптаудың өзі күпірлік. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер біреу бауырына: “Әй, кәпір!” десе, ол міндетті түрде екеуінің біреуіне қайтады. (Яғни, айтқаны дұрыс болмаса, өзі сол күпірліктің күнәсын көтереді)» – деген. Сондықтан, сырттан ғайбат айтудан, кісіні күпірлікпен айыптап, ел ішінде ірткі салудан сақ болу керек. 

Сонымен қатар, ғаламторда Айдынға қатысты осы оқиғаға еліміздің Бас мүфтиін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын кінәлап та үлгерді. Бұл оқиғаға Бас мүфтиді жазғыру да мүлде орынсыз.

Бас мүфтидің алдына ешкім бата сұрап келмеді. Ержан қажы бата сұрап келген кісілерге батасын берері анық. Ал егер Мүфтидің өзі барып неге бата бермеді десеңіз, ғарышқа ұшу өте күрделі үрдіс екенін ұмытпағайсыздар. Оған дайындық іс-шаралары өте құпия түрде, жабық форматта өтетіні баршаға аян. Сондықтан, бұл жерде Мүфти хәзіретті де, мүфтиятты да кінәлау қисынсыз деп білемін.

 

Жалғас САНДЫБАЕВ, дінтанушы ғалым:

Алладан аман оралуын тілейік

­– Негізінде бұл әңгімеге мұрындық болған Айдын ағамыздың ғарышқа аттанар сәтіндегі бейне-көрсетілімі еді. Мұнда ғарышқа ұшыру рәсімінде Айдын ағамыздың қасында басқа да ғарышкерлердің бар екенін көреміз. Шіркеу қызметкері су шашып, шоқындырған уақытта біздің ағамыз көз жұмған күйде қалды, шоқынған жоқ ал, қасындағылар шоқынып жатты. Сондықтан, бір көріп, оның байыбына жетпей жатып иісі мұсылман адамды «шоқынған», «мұсылман емес» деген сияқты үкім шығару дінімізге жат. Ағамыздың діннен шыққандығына ешқандай айғақ жоқ.

Сондықтан, бүлікке себепші болмайық. Қазақтың ғарышкер батырын қараптан-қарап қаралап, өзімізге күнә артпайық. Бәлкім, әкейдің сумен аластатуы Айдын ағамыз үшін күтпеген жағдай шығар. Әдетте имам бір ұжымда Құран оқып, бата жасаған уақытта кейде сонда отырғандардың арасында өзге дін өкілдері де болады емес пе? Олар Құранды естіп отырғандары үшін мұсылман болып кетпейді ғой. Ол үшін арнайы шарттар бар жүрекпен мойындау, тілмен қайталау деген сияқты т.б әрекеттер. Дәл сол сияқты Айдын ағамыз да православие өкілінің су бүркеуімен христиан болып кетеді деген хабар жоқ.

Әрине, мұндай рәсімде шіркеу өкілінің қатыстып, имамның болмауы өкінішті. Әйтсе де,  Abai.kz сайты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің арнайы мәлімдемесін жариялаған. Онда: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне ұйымдастырушылар тарапынан шақырту келмеді. Діни рәсімдер орындалатыны жайында хабар жеткізілмеді», – делінген. (http://abai.kz/post/view?id=4545). Сондықтан, Айдын ағамыз туралы жаман ойламай, ғарышкердің жерге аман-есен оралып, отбасымен қауышқанын Алладан сұрайық.

 

Мұхиддин ИСАҰЛЫ, теология ғылымының докторы:

Дереу күпірге шығару тәкпіршінің мінезі

– Поп шоқындырғанның бәрі христиан бола ма? Егер сол дінді мойындаса, христиан болады. Ал, ғарышкер Айдын мырза ғарышқа ұшарда сол поптың суын жұтып, кресті сүйіп пе? Жоқ, әриние. Оның мұсылман екендігі белгілі. Мұның алдындағы ғарышкер Тоқтар да мұсылмандығын білдіріп Құранды алып ұшқан жоқ па еді?!

Құран алғаш рет Һира үңгіріне түсіп, Ислам діні Меккеге жайыла бастағанда Меккенің мүшрік басшылары алғашқы мұсылман болғандарға қандай қиындық көрсетпеді?! Арасында шиге орап, сол шиді жағып қинағандары да болды. Ағашқа байлап, қинап,  пұтты бетіне тосып, дініңнен бас тарт деп қинады. Бірақ солар бетіне пұтты тосып, жүзіне тигізгені үшін мұсылмандықтан шығып кетті ме? Жоқ, болмаса «бетіңе пұт тиіп кетті, ендеше кәпір болдың» деген сахабалар болды ма? Әрине, жоқ. Тіпті, бір сахаба тілмен айтса да жүрекпен бекітпегені үшін «ол мұсылман» деп арнайы аят түскен еді. Иә, иман жүрекпен бекіту.

Одан кейінгі Мәдина өмірін алайық. Сол жерде елдің бәрі намазға барып, шариғатпен амал етті. Бірақ араларында мұнапықтар соған мұсылман болып қалды ма? Әрине, жоқ.

Енді қазіргі заманға келейік. Біздің айт мейрамдарымызда поп тәрізді басқа діннің өкілдері  айт мерекемізбен құттықтап, қуанышымызға ортақтасып жатады. Бірақ олар сол үшін мұсылман бола ма? Әрине, болмайды. Мысалы, Стамбулға бара қалсаңыз, мешіттердің ішінде христиан туристерді көреміз. Оларға имамдар арнайы мешіттің суларын ішкізіп, әйелдерінің басына орамал таққызып жатады. Бірақ, солар мұсылман болды ма? Әрине, жоқ. Сол Стамбулдағы Аясопия мешітін алып қарайық. Мешіттің қабырғаларында христиан сенімдеріне қатысты суреттер бар. Өйткені, ол бұрын шіркеу болатын. Мұсылмандар сол мешітте ғасырлар бойы намаз оқып келді. Солар христиан болды ма? Әрине, жоқ.

Еуропада жақында тағы да бір шіркеу мешітке айналды. Бірақ шіркеудің заттары бәрі сақталып қалды. Сол жерде намаз оқыған мұсылмандар христиан болып кетті ме? Әлбетте, жоқ.

Тіпті, кейбір крест маркасы бар киімдер де бар, соларды мұсылмандар да киіп жүреді. Соларды «христиан» деп айта аламыз ба?

Бәрін қойшы, бүкіл техника атаулы мұсылмандікі емес. Барлығын Еуропа, Жапония секілді елдер жасайды. Бірақ, осының бәрін мұсылмандар да пайдаланады. Ендеше осының бәрін көрмей, ғылымда алға озып ғарышқа ұшқан кісіге поп шоқындырды, олай болса ол христиан болып кетті деген ой, не деген сұмдық?

Мұсылмандық – әдептілік. Әдептілігінен асқан бәрінен де асады. Енді ол попқа: «Ей, поп шал, не шатып тұрсың? Мен мұсылманмын» деп шатақ шығаруы керек пе еді?

Ал, Исламда мұсылман біреуді кәпір еткеннің өзі кәпір болады. Тіпті, тілімен күпірлік еткен алғашқы сахабаның өзіне ешкім кәпір деген жоқ, арнайы аят түсті ғой. Мұсылманға күпір ету мұсылманға жарасар қылық емес, тәкпіршінің ісі.

 

Дін істер комитеті

Дайындаған Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1595
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1497
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1246
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1214