Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Өз сөзі 6018 0 пікір 5 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

МАҚСАТ - ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ӨРСТЕТУГЕ ҮЛЕС ҚОСУ

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары Қазақстан Республикасының Аумақтық даму стратегиясын жүзеге асырудың негізгі құралы болуда. Олар өңірлік ресурстарды тиімді пайдалануға және халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға септігін тигізетін міндеттер кешенін шешуге арналған.

 (Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан).

 


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ халыққа арнаған Жолдауларын жүзеге асыру мақсатында жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде аймақтарда құ­рылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация- лар­дың бүгінде мемлекетіміздің дамып, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне, елдің хал-ахуалының жақсаруына қосып отырған үлесі қомақты. Алматы облыстық «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы да дәл сондай ұйымдардың бірі. Корпорацияның басқарма төрағасы Ерлан ТҰЯҚБАЕВПЕН болған сұхбатта аталған мекеменің бүгінде атқарып жатқан жұмыстары сөз болды.

– Ерлан Хаджымұратұлы, алдымен оқырмандарымызға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрылуы жайлы айтып, негізгі міндеттерімен таныстырсаңыз. Ел экономикасын жаңа белестерге көтеріп, оны әртараптандыруға үлес қосатын, кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін мемлекеттік-жеке әріптестік туралы түсініктеме берсеңіз.

 – «Жетісу» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ел көлеміндегі барлық корпорация сияқты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларын жүзеге асыру мақсатында жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде құрылған. Жалпы, бұл корпорация бизнес құрылым болып табылады. Бірақ, коммерциялық корпорацияларға қарағанда, алынған пайданы өңір халқының әлеуметтік және экономикалық мақсаттарын жүзеге асыру үшін қайта инвестициялайды. Мұны құрудағы негізгі мақсат – облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына мемлекеттік және жеке әріптестікті шоғырландыру арқылы жәрдемдесу. Осы жерде айта кетейін, біз төрт негізгі бағыттан тұратын агроөнеркәсіптік кешен, энергетикалық сала, құрылыс секторы, үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі жобаларға қатысамыз. Ал мемлекеттік жеке әріптестікті жүзеге асыру тетіктері әртүрлі болып келеді. Сонымен бірге мемлекеттік, шағын және орта кәсіпорындарды қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыруға атсалысып, солардың негізінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді, мемлекеттік меншіктен берілген активтерді тиімді басқару есебінен технологияларды дамытуға септігін тигізеді. Мұнымен қоса өңіраралық жолдар, суқұбырлары, электр стансылары, жол бойындағы сервис, тағы сол сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобаларды орындауға ықпал етеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы, көлік, өнеркәсіп салаларына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарту мен кластерлер құруға жәрдемдесу де осы жұмыстардың қатарынан табылады. Инновациялық қызметті дамытуға жағдай жасап, әлеуметтік жағдайларды шешу мәселелері де біздің міндеттеріміздің бірі.

– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары қант қызылшасын молынан өсіруге баса мән беріле бастады. Елбасының Жетісу өңіріне келген іссапары кезінде қызылша шаруашылығын жандандыруға қатысты берген тапсырмасын орындау мақсатында биыл өңір шаруашылықтарының алдына қызылша егістігі көлемін төрт мың гектарға жеткізіп, өнімділігін жүйелі түрде арттыру міндеті қойылды. Осыған орай шаруалардың жер телімдерін дайындауына, тұқым себуіне, тыңайтқыш және техникалармен қамтамасыз етілуіне қажетті жағдайлар қарастырылды. Осыған сіздердің де қосқан үлестеріңіз бар ғой.

– Әрине, «Жетісу» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ағымдағы жылы «Қант қызылшасы» мамандығы бойынша барлығы 938,9 миллион теңгеге «Алматы облысының ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілеріне машина-трактор стансылар қызметін көрсету жөніндегі сервистік дайындау орталықтарын құру және ұйымдас- тыру» жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі кезде бізде аталған жоба аясында Қаратал, Көксу, Ескелді және Сарқан аудандарындағы жеті сервистік дайындау орталықтарына 161 бірлік ауылшаруашылығы техникасын жеткізуге шарт жасалды. Қойылған міндеттерді орындау үшін тәтті түбір егумен айналысатын аудандардың шаруа қожалықтарымен бірге Сарқан ауданында «Қазына», Қараталда «Алға», Көксуда «Алан», Ескелді ауданында «Қарабұлақ», «Мыңбұлақ», «Шаған» деп аталатын сервистік дайындау орталықтары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері құрылды. Осы жоба аясында Сарқан ауданында да «Қойлық» сервистік дайындау орталықтарын қосымша жинақтау көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары ауылшаруашылығы техникаларының тозығы жетіп, әбден ескірді. Талдықорған өңірінде де осындай техникалардың тозу деңгейі тоқсан пайызды құрайды. Сондықтан, қант қызылшасының егістік алқаптарын кеңейтуге мүмкіндік беретін заман талабына сай үнемді технологияларды енгізіп, жаңа мамандандырылған техникамен жарақтандыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Осы мақсатта техниканы сатып алып, оларды сервистік дайындау орталықтарына, кейіннен жеке меншігіне жеңілдетілген талаптармен ауыстыру мақсатында қаржы лизингіне тапсырылуда. Қазіргі уақытта дала жұмыстарын жүргізу үшін қажет барлық техника қаржы лизингіне берілді. Қалған егін жинау техникасының бес бірлігі сервистік дайындау орталықтарына қызылшаны жинау маусымында үлестірілетін болады. Ескере кететін тағы бір мәселе – әрбір құрылатын осындай орталық – қызметті тұтынатын ауыл- шаруашылығы тауар өндірушілері сатып алынған техниканы ауылшар- уашылығы айналымына тарту үшін бес жүз гектардан кем емес егістік алаңында жұмыс атқаруға есептелген. Төрт жүзден аса тұрақты жаңа маусымдық еңбек орындары құрылды. Жыл басынан бері осындай жеті орталық қант қызылшасын егу бағытында 31,2 млн. теңгенің қызметін көрсетіп, жалпы 8,8 мың гектар жер өңделді. Бүгінгі таңда барлық алқапта егістікті баптау жөнінде агротехнологиялық жұмыстар жүргізілуде. Көксу ауданындағы «Алан» сервистік дайындау орталығында 1400 гектар өңделіп, Жарлыөзек, Мұқаншы және Еңбекші ауылдық округтерінің тоғыз шаруашылық жүргізуші субъектілеріне қызмет көрсетілуде. Мұндай істер Қаратал, Сарқан аудандарындағы «Алға», «Қойлық» сервистік дайындау орталықтарында да жүзеге асырылуда. Қант қызылшасының барлық егістік алқаптарында агротехнологияның нормативтік талаптары сақталған. Сонымен бірге болашақта тәтті түбірдің егістік алқаптарын кеңейту үшін ауылшаруашылығы айналымына бұрын пайдаланылмаған және иесіз жерлерді тарту мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Сервистік дайындау орталықтарын және шаруа қожалықтарын қант қызылшасының сапасы жоғары элиталық француздық тұқымдарымен қамтамасыз ету шаруасы да қолға алынды. Осылайша, еншілес кәсіпорын – «ЖетісуАгроСауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «ПАТ МЕЗОН ФЛОРИМОН ДЕПРЕ» деп аталатын француз компаниясынан қызылша тұқымы сатып алынып, өз уақытында шаруа қожалықтарына үлестірілді. Егістік материалы аттестациялық әрекеттерден өтті. Осы дақылдың тұқымын сату, сатып алу бойынша шаруа қожалықтары мен «Жетісу-АгроСауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында екі жүзден аса шарт жасалды. Жобаны жүзеге асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда. Мысалы, жақында ғана «Дала күні» бағдарламасының бірінші кезеңінде Көксу ауданының ауылшаруашылығы қожалықтарында шебер-класс және дуалды оқытумен семинар-кеңес өткізілді. Шаруалар онда жаңа агротехнология және биохимия өнеркәсібі өнімдерімен танысты. Қызылша егетін шаруаларға жаңа техникалар берілді. Дала күнінің екінші кезеңі Ескелді ауданындағы «Хильниченко» шаруа қожалығының алқабында да өтті. Ол жерде диқандар қант қызылшасын өсірудің түрлі әдіс-тәсілдерінен хабардар болды. Үшінші кезеңі өнімді жинау кезінде жүргізіледі деген ойдамыз. Ағымдағы тоқсанда Балқаш ауданының Миялы кентінде 5400 тонналық көкөніс қоймасын толықтай іске қосу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Яғни, бұл ауданның барлық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің көкөніс дақылдарын сақтауына мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізбек.

– Аталмыш корпорация аграршыларды қолдау бағытында салалық бағдарламалардан басқа тағы қандай жұмыстарды жүргізіп жатыр? Шағын несиелендіру бойынша қандай ой қосар едіңіз?

– Біздің корпорация өңірді дамыту мақсатында 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып келеді. 2011– 2014 жылдар аралығында бағдарламаның алты жүз жетпістен аса қатысушысына шағын несиелер берілді. Аудандарға қарасты ауылдық жерлердегі кәсіппен айналысушылар осы қаражатқа өздерінің кәсіптерін жүргізуге арналған нысандар ашып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен бірге шаштараздар, техникалық жөндеу орталығы, асхана, дәмхана, қымызханалар мен фотобейне салондары, тігін және телерадио шеберханалары, фитнес клуб, тіс емдеу кабинеттері, қонақүйлер, балабақшалар көптеп ашылуда. Ал өндіріс саласы бойынша қосарланған жем өндірісі, қамыс дайындау, ағаш өңдеу, металл-пластикалық терезелер жасау, жиһаз цехтары, наубайханалар, май тарту диірмені мен құс фабрикасын кеңейту сияқты шаруалар да осылардың қатарынан табылады. Ауыл- шаруашылығын өрістетуде де қолға алынып жатқан істер аз емес. Мал және өсімдік шаруашылығы мен ара, бақ өсіруге құлшыныс танытып отырған шаруалар да ортамыздан табылады. Биыл оны жүзеге асыру үшін 507,4 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл жеке істі ашуға және кеңейтуге арналған. Бүгінгі таңда Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Ескелді, Көксу, Райымбек, Ұйғыр аудандарының екі жүзден аса тұрғындары мал және өсімдік шаруашылығы мен қызмет көрсету саласында өздерінің бизнес-жобаларын жүзеге асыруда.

– Сондай-ақ, Сіздер бақылауда ұстайтын дүкендер мен жәрмеңкелер негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға күш салады емес пе?

– Әрине. Жалпы, қай кезде болсын нарықтық бағаның тоқтаусыз, бақылаусыз өсуіне мемлекет жол бермейді. Себебі, бағаның негізсіз көтерілуі халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетіп, тұрмысын нашарлатуы мүмкін. Мысалы, егістік алқаптарда өсірілген картоп, сәбіз, пияз сияқты өнімдердің бастап- қы бағасы базарлар мен сауда орындарына жеткенше біраз өседі. Бұл, біріншіден, өнім өндірушілерге тиімсіз, екіншіден халықтың қалтасына экономикалық тұрғыдан айтарлықтай зиян келтіреді. Сол ауылшаруашылық өнімдері базарлардың алыпсатарларына біз алатын шаруа қожалықтарынан келеді. Сондықтан, тауардың шығар жері біреу-ақ. Бірақ, екеуінің бағасы екі басқа. Әрине, базарларға жақын шет мемлекеттерден келетін өнімдер болады. Мысалы, Қырғызстан, Қытайдан әкелінетін көкөністер мен жемістердің сырты көз қызықтыр- ғанымен де, дәмі тіл үйірмейді. Ондай өнімнің пайдасынан гөрі тигізер зияны көп. Ал, жергілікті диқандар өсірген өнімдердің сапасы жақсы, әрі денсаулыққа да пайдалы. Оны қазір жергілікті халқымыз жақсы түсіне бастады. Сондықтан, Үкіметтің бекітіп берген тәртібі бойынша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ауылшаруашылық өнімдерін жергілікті өндірушілерден ғана алуға міндетті. Біз олардың бағасын реттеп отырамыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында корпорация «Алматы облысының өңірлік тұрақтандыру қоры» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Осының аясында негізгі тұтынатын азық-түлік түрі облыста құрылған отыздан астам сауда орындары мен ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде саудаланады. Тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын саудалаудың нәтижесінде олардың бағасының қымбаттауына жол берілмейді. Тұрақтандыру қорының маңыздылығы теңгенің ауыстыру курсы өзгергенде де ерекше маңызды орын алады. Аталған қордың күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуі кезінде Алматы қаласында және облыс орталығында, қалалар мен аудандарда ауылшаруашылығы тауарлары автокөліктерде саудаланып, апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Мұнда негізінен тұрақтандыру қорының өнімдері өткізіледі. Осындай жұмыстар Талдықорған қаласындағы коммуналдық базарда да жүргізіліп келеді. Талғар, Іле, Қаратал, Еңбекшіқазақ, Ескелді аудандары мен Текелі, Қапшағай қалаларына да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері шығарылып саудаланады. Әлеуметтік азық-түлік тауарлары облыс әкімінің өкімімен бекітілген баға бойынша базардағыдан 15-20 пайызға төмен.

– Сөз орайы келгенде, Талдықорған қаласының аумағында құрылысы жүріп жатқан коттедж қалашығы туралы да айтып өтсеңіз?

– Жалпы, бұл жобаның негізгі мақсаты облыстағы тұрғын үй құрылысын дамытып, халықтың баспаналы болуына жәрдемдесу. Талдықорғандағы коттедж қалашығы аймақтың оңтүстік-батысында барлығы 105,9 гектар аумақты алып жатыр. Бұл жобаның негізгі экологиялық міндеттерінің бірі халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, барлық талапқа сай қауіпсіздікті қамтамасыз ететін орта қалыптастыру. Қалашықта барлық әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандар тұрғызу қарастырылған. Көшелері асфальтталып, жол жиектерін салу, абаттандырып, жасыл желекпен көмкеру, көгалдандыру, гүлзарлар мен аллеялар жасау сияқты жұмыстар да назардан тыс қалып отырған жоқ. Өткен жылдың тамызында біздің корпорация бес үш қабатты, тоғыз пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына кірісті. Сол үйлерде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бар. Бой көтерген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 3035 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда нысан қолданысқа өтуге дайындалып, аумақтарында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші сәуірде «Базис Талдықорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Талдықорған қаласында коттедж қалашығының құрылысы» инвестициялық жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы бірлескен қызмет шарты жасалды. Қазіргі уақытта бір коттеджде құрылыс-жөндеу жұмысы аяқталып, нысан пайдалануға беруге дайындалуда. Сегізінші шілдеде облыстық кәсіпкерлер палатасында «Талдықорған қаласында канадалық SIP үй салу технологиясын пайдаланумен коттедж қалашығының құрылысы» инвестициялық жобасының тұсаукесері өткізілді. Онда коттедж қалашығының аумағында SIP үй салу технологиясын пайдалану туралы ұсынысты дайындау жөнінде жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бүгінде «Жетісу» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы «PolarSip-Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге Талдықорған қаласындағы коттедж қалашығының аумағында коттедждер салу жөнінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруды қарастырып отыр. Алдағы уақытта бұл ауданда үш қабатты, тоғыз пәтерлі үйлердің (360 пәтерлі 40 нысан), танхаустар (284 пәтерлі 71 нысан), коттедж үлгісіндегі төрт жүз он заманауи үйлер мен алты жүз оқушыға арналған мектеп, екі жүз орынды екі балабақша мен емхананың құрылысын жүргізу жоспарлануда.

– Соңғы жылдары мемлекет индустриялды аймақтарды дамытуға да баса көңіл бөліп отыр. Мұның аймақтардың экономикалық өсіп-өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының құрылып, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізетіні рас. Осы бағыт бойынша да іске асырылып жатқан жұмыс- тар бар шығар?

 – Корпорация Талғар ауданының Қайрат стансысында орналасқан қолда бар жер телімінде индустриялды аймақ құру жұмысын жүргізуде. Бүгінгі таңда директорлар кеңесі «Қайрат» индустриалды аймағында төменде көрсетілген инвестициялық жобаларды іске асырып, өндіріс нысандарын қолданысқа енгізгеннен кейін жер телімін мерзімінен бұрын сатып алу құқығымен жиырма бес жылға ұзақ мерзімді жалға беруді мақұлдады. Мәселен олар алматылық ірі панельді үй салу комбинатының, болат құ­растырмалар шығаратын өндіріс ошағының, автоклавты газ-бетонды блоктарды өндіретін зауыттардың құрылыстары болып табылады. Аталған жобалардың бастамашысы «Евразия Лиджеко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба азаматтық және өнеркәсіптік құрылысқа арналған сапалы өнім, автомобиль жолдарын салуға арналған материалдар, панельдер мен пластик есік-терезелер, жылыту заттары сияқты тоқсаннан астам бұйым түрін өндіруді көздейді. Бұл жобада шамамен сегіз жүз елу жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ал бетон және темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы жобасының бастамашысы «ИнтерТехСтрой» ЖШС-і десек, бұл интеграцияланған заманауи технологиялармен тауарлық бетон және темір-бетон өнімдерін шығарады. Онда бетон және темір-бетон құрастырмалары, арық науалары, тауарлық бетон, жабын плиталары шығарылатын болады. Аталған жоба ойдағыдай іске асырылатын болса бес жүзге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал темірбетон бұйымдары зауытының құрылыс жобасының бастамасышы «Новая Генерация» ЖШС-і. Жоспарланған зауыттың өндірістік қуаты тұрғын алаңға есептегенде 120 000 шаршы метрді құрайды. Зауыт темір-бетон және бетон бұйымдарының барлық түрін өндіреді. Дайын өнім өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысына, аумақты абаттандыру үшін «Элитстрой» КТ-ның құрылыс кешеніне, сондай-ақ, құрылыс кәсіпорындарына және жеке тұлғаларға өткізіледі. Бұл жерде де бес жүзге тарта адам еңбекпен қамтылады деген жоспар бар. Көбейтілген көбікті полистеролдан бұйымдар өндіру зауытында тәулігіне 936 алынбайтын ағаш қалып блоктары, құрылыс индустриясына қажет басқа да өнімдер өндіріледі. Мұнда металл құрастырмаларынан материал шығаратын зауытта бағандар, бөренелер, жүгіртпелер, әртүрлі диаметрлі құбырлар, тіректер, ұялы байланыс діңгектері, стандартты емес құралдар шығарылады. Сондай-ақ, қуаты 5 МВт күн электр стансысы құрылысының жобасын жүзеге асыруда облыста электр қуатын өндіру және оны мемлекетте тіркелген тариф бойынша өткізу үшін фотогальваникалық панельдер негізінде электр стансысын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған жоба бойынша жер телімінің инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Болашақ индустриалды арна қатысушылары сыртқы коммуникациялармен және инженерлік жүйелермен қамтамасыз етіледі. Корпорация әлеуетті инвесторлармен индустриалды аймақтың қалған аумағында аталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және орналастыру туралы белсенді келіссөздер жүруде. Ал көпсалалы логистикалық орталықтың құрылыс жобасының бастамашысы «Тамаша» ЖШС-і. Қоймада ұсынылатын негізгі қызмет «Жауапты сақтау» болып табылады. Сондай-ақ, ЭКСПО аясында Жамбыл ауданында «Қазбек бек» стансысының жанында жасыл энергетика саласы бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бірлескен неміс-қазақстандық «PROMONDIS KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорынын құру жоспарланып отыр. Ол қуаты 25 МВт фотовольтаикалық стансысын құруға ниеттенуде. «JA Solar» компаниясының фотоэлектрлік панельдер құрастырмасы жалпы күн электр стансысының жоғары сенімділікпен қорғалуын қамтамасыз етеді.

– Облысымыз аграрлы аймақтың бірі болып саналады. Осыған орай, Сіздердің тараптарыңыздан қандай инвестициялық және әлеуметтік жобалар орындалып жатыр?

– Қазіргі уақытта «Сарқан Май» ЖШС-мен бірге «Жетісу Май» ЖШС-і бірлескен кәсіпорыны құрылды. Серіктестік Талдықорған қаласында айлық өндіріс көлемі үш мың алты жүз тоннаны құрайтын өсімдік майын рафинациялау және құю зауыты құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын өндірілген өнімнің сексен пайызына жуығын экспорттап, жиырма пайызы ішкі нарыққа өткізіледі. Өнім Қытай, Ресей, Иран, ТМД елдеріне шығарылады. Алдағы уақытта өндіріс орны майбұршақ өнімдерінің басқа да түрін өндіруді жолға қоймақ. Сәтін салып, бұл жоба да ойдағыдай іске асатын болса, жиырма шақты адам еңбекпен қамтылады. Облыс әкімінің аппарат жиналысының хаттамасына сәйкес, Панфилов ауданына қарасты Пиджим ауылында жүгері дайындау және сақтау бойынша екі кешеннің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жобаның негізгі мақсаты жүгері өсіретін фермерлік шаруашылықтар өнімін өткізуге жәрдемдесіп, өңірдің шаруа қожалықтарына агроөнеркәсіп кешенін дамыту шараларын көрсету мақсатында жүгері дайындау және сақтау бойынша екі кешенді жобалау, салу және уақытында қолданысқа беру. Қызмет көрсету саласындағы кешендерді дамыту инвестицияның өсуі, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, бюджет кірістерінің артуы, экономиканың аграрлық сектор табысының молаюы, шағын және орта кәсіпкерліктің өсуі негізінде өңірлік экономикаға интеграциялануын қамтамасыз етеді. Яғни, бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор және Пиджим ауылының тұрғындары үшін аса қажет. Осы жерде айта кетейін, біздің алға қойған басты міндетіміздің бірі – туып-өскен Жетісуымыздың экономикасы мен әлеуметтік жағдайларының мейлінше өсіп-өркендеуіне мүмкіндігінше үлес қосу. Әрине, ел дамуына көбіне мамандар мен қаржы жағы да көп ықпал етеді. Сондықтан, бұл мәселені шешуде білімді де білікті, іскер жас кадрларды таңдап, қызметке тартуға ерекше мән беріп келеміз. Оларды жұмысқа қабылдап, барынша жағдайларын жасауға және сатылай өсіп, көтерілуіне көмек көрсетуден еш айныған емеспіз.

– Уақытыңызды бөліп, ой бөліскеніңіз үшін үлкен рахмет! Алдағы жоспарларыңыз- дың табысты орындалуына тілектеспін.

Айгүл Байбосынова

Дереккөзі: "Жетісу" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 257
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 124
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 119
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 103