Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Кеше мен бүгін 9451 0 пікір 6 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАҢАША ЖАҢҒЫРУЫ

Мыңдаған  жылдарды  қамтитын  тарихы  бар  Ұлы  Жібек  жолының  қазақ  жеріндегі  көне  сүрлеуі  біздің  дәуірімізде  жаңаша  түр-сипатпен  жаңғыруда. Ол  ең  әуелі  халықаралық  қарым-қатынасқа  кең  жол  ашуымен  ерекшеленіп, ежелден  батыс  пен  шығысты  жалғастырған  бұл  соқпақтың  бойы  бүгінде  ғасыр  құрылысы  дерлік  ірі-ірі  индус­триялдық-инновациялық  жобалар­ды  жүзеге  асыру  алаңына  айнал­ды. Сонымен  қатар,  Ұлы  Жібек  жолының  жаңаша  жаңғыруын  дүниежүзі  халықтарына  наси­хаттау    Қазақстан – ҚХР  мемле­кет­тері  арасындағы  саяси,  мәдени  байланыстар  мен  іс-шаралардың  арқауына  айналды деп жазады "Жетісу" газетінің Панфилов ауданындағы меншікті тілшісі Мырзағали Нұрсейіт.

Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  жақында  ҚХР-ға  сапарлап, Қытай – Жапон  соғысы  жеңі­сінің  70  жылдық  мерекесіне  құрметті  қонақ  ретінде  қатысуымен  қатар, осы  елде  бірнеше  мемлекет  басшыларымен  және  ҚХР  Үкіметімен  келіссөздер  жүргізді. Осы  басқо­суларда  Ұлы  Жібек  жолын  жаңаша  жаң­ғыр­ту  мен  оның Азия  және  Еуропа  мем­лекеттеріне саяси, экономикалық  және  әлеу­мет­тік тигізер  пайдасы  негізгі  әңгіме  арқауына  айналды  десек  те  болады.

Ұлы  Жібек  жолы  бойындағы  осыдан  жүз­деген  жылдар  бұрынғы  елдер  арасындағы  сауда  қа­рым-қатынасын  сипаттайтын  түйелі  керуеннің  4  қыркүйек  күні  «Қорғас»  кеденінен  салтанатты  түр­де  Қазақстанға  өтуі  де  сол  көрші  елдегі  тиімді  келіссөздерге  көрсетілген  ілтипат  іспетті.

Елді  елеңдеткен  қызықты  халықаралық  оқиғаны  өз  көзімізбен  көру  үшін  Қорғас  қақпасында  тұрмыз. Тағатты  тауысқан  керуеннің  ақ  атаны  бастап сәскеде  кеденнен  өтіп,  Қорғас  ауылындағы  қонақтарды  қарсы  алуға  жиналған  қалың  нөпірге  беттеді. Көрші  елден  келген  керуенді  қонақтарды  облыс  әкімінің  орынбасары  Бақтияр  Өнербаев, Панфилов  ауданының  әкімі  Бердәулет  Абдулдаев  бастаған  ел  азаматтары  күтіп  алды.

Айнала  киіз  үйлер  тігілген,  алтыбақан  орна­тылып, жиын  алаңы  жасақталған  жайда,  ал­дымен  дүбірлеген  үлкен  тойдағы  қызыл- жа­сыл  киінген  қыз-жігіттер  думанын  Д. Ра­қышев  атындағы  халық  театрының  әртістері  бейнелеп,  керуенді  күтіп  алған  қазақ  ауылының  көрінісін  қонақтар  мен  аудан  тұрғындарына  тамашалатты. Ұлтымыздың  салтымен  ұлы  іске  ауыл  ақсақаланың  ақ  батасы  беріліп, жаркенттік  Тоқан  ақын  қонақтарға  арнап  жырдан  шашу  шашты.

Қазақ  хандығының  550  жылдық    тойы­на  арналып,  «Достық  және  ынтымақтастық»  деп  аталған  Қытай – Қазақстан  керуенін  кү­тіп  алудың  салтанаты  осылай  басталып, ха­лық­аралық  оқиға  куәгерлерін  құттықтау  рәсіміне  ұласты.

Төрге  орнаған  сахнадағы  алғашқы  құт­тықтау  сөзді алған    облыс  әкімінің  орынба­са­ры  Бақтияр  Өнербаев екі  ел  арасындағы  ын­тымақтастық  пен  достықтың, саяси,  эко­номикалық  қарым-қатынастың  жыл  өткен  сайын  маңызы  артып, оның  елге  көптеген  игіліктер  әкеліп  отырғанын  тілге  тиек  етіп  тұрып, Қазақ  хандығының    550  жылдығы мен  Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  20  жылдық  тойының  құрметіне  көршілес  ҚХР  елінде  ұйымдастырылған  бұл  керуен  бір  ай  мерзімде  Жетісу  жерін  басып  өтіп,    Тараз  қаласында  өтетін  Ұлы  тойға  аспан  асты  елінің  сәлемін  жеткізетінін  баяндады.

Келесі  кезекте  сөз  сөйлеген  осы  ке­руеннің  жетекшісі,  қытай  еліндегі  шай  ком­паниясының  президенті Мо Хенгуанг негізінде  Ұлы  Жібек  жолының  біздің  дәуірімізде  қайта  жаңғыруын  насихаттайтын  бұл  бастаманың  өткен  жылдың  қыркүйек  айында  Шэньси  провинсиясында  жасақталып,  жолға  шық­қанын  айтып  Қазақ  хандығының 550  жыл­дығына орай  Жаркент – Алматы – Қордай – Тараз  бағытымен  сапарға  шық­қанын  жет­кізді. Қуанышпен  қарсы  алған  қонақжай  елге  риясыз  алғыс  сезімін  білдірді.

Жиында  «Халықаралық  мәдениет  және  ын­тымақтастық – жаңа  Жібек  жолы  ака­де­миясының»  ресми  өкілі  Ақтам  Байтұр­сынұлы  да  сөз  сөйлеп, жаңа  дәуірде  Ұлы  Жібек  жо­лын  насихаттаудың  мәнін  түсіндірді. Ха­лықаралық  интеграциядағы  оның  маңызына  тоқталды.

Салтанаты  жиыннан  соң   Жаркент  өңірінің  өнерпаз  өрендері  үлкен  мерекелік  кон­церт  көрсетіп, соңынан  қонақтар  киіз  үйлерде  қазақтың  қонақжай  дастарқанынан  дәм  татты. Қазақ  жеріне  жұмада  жеткен  керуен  сейсенбіге  дейін  Жаркент  өңірінен    өтіп,  жол-жөнекей  жергілікті  халықпен  кез­десулер  ұйымдастырмақшы. Жетекшісі  шай  компаниясының  президенті  болған­дықтан,  өз  сусындарын  жарнамалау да  ойларында  бар.

Алматы облысы.

Abai.kz

0 пікір