Жұма, 3 Мамыр 2024
Әкім мен халық 6112 0 пікір 25 Қыркүйек, 2014 сағат 13:44

ӘКІМ НЕГЕ РЕНЖІДІ?

   

 Біздің Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов тілшілер қауымын онша қасына тарта бермейді. Тек өзінің аудан мен қалаларды аралаған сапарында нөкер ретінде ертіп жүруге ғана рұқсат етеді. Онда да бюджеттен нәпақа тауын жүрген баспасөздің өзін газеттің бірінші бетінен түсірмей, бүкіл облыста даңғаза етіп мақтау үшін ғана. Осы қасиетінен де шығар. Нұралы Мұстафаұлы өңіріміздің билігін қолына алған үш жылдың ішінде журналистермен бір емін-еркін шүйіркелесе қоймапты. Мүмкін, мұның өзі  кезінде мықтап тұрып  мектебінен өткен, сырт көзге сыр бермейтін бұрынғы әкіміміз Кулагин мырзадан жұққан шығар. Кезінде Сергей Витальевич те баспасөз атаулыдан сыртаңқырап жүрді.

     Сөйткен әкіміміз жақында «керемет демократиялық» мінез танытты. Дүйсенбі күнгі өзінің аппаратының отырысынан кейін осы мәжіліске шақырылған журналистер қауымын жедел жинап алып, жеделдетіп баспасөз мәслихат өткізсін. Тілшілер қауымы абдырап қалған, баяғы «Мен де аң-таң, апам да аң-таңның» күйін кешіп отыр. Бір жағынан «облыс әкімі өңірімізде қордаланып қалған проблемаларды айтып, бір ашық-жарқын әңгімелесетін шығар» деген үмітте еді.

  «Бақсақ, бақа екен» дегендей, сөйтсек әкіміміздің ойы мүлдем басқада екен. Облыстың қадау-қадау мәселелерін емес, жеке басының ренішін айтуды жөн санапты. Салғаннан-ақ «Кейбіреулер сіздердің менен өз сауалдарыңызға жауап ала алмайды дегенді айтады,--деп бастады бісмілләсін.—Мінекей алдарыңызда тұрмын ғой, сұрай беріңіздер»--деп тағы да «мырзалық» танытып жаты. Бейне бір алдын-ала жоспарланған арнайы баспасөз мәслихатын өткізуге келгендей. Сірә, әкіміміз бұл «жүздесудің» әлгі жиналыстың жалғасы екендігін мүлдем ұмытып кетсе керек.

    Ешкімге сөз бермей, өзі сөйлеген әкіміміздің реніші бір түйеге жүк болғандай көрінеді. Бүкіл елді шулатқан Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Дәулетбай Құлмановтың Астанаға барып 1,5 миллион теңгеге мейрамханада біреулерді тойғызғандығы жайлы (мұны кезіне осы сайтта жазғанбыз) айтқаны тіпті қызық шықты. Астанаға сапарға шыққан шығын демеушілердің ақшасы екен. Бюджеттікі емес. Сондықтан да мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ұсақ-түйек мәселе ғой. Әкімнің орынбасары кінәлі болып шықты, сол үшін қызметінен кетті. Яғни іс бітті, қу кетті дегенге саяды. Ал сол Құлмановтың жалғыз өзінің әрекеті облысымыздағы барлық мемлекеттік қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтірді-ау деген ойды естімедік. Сонда қалай, әкімдер мен оның орынбасарлары демеушілердің белгілі бір мәселені шешуге берген қаржыларын оңды-солды шаша беруіне бола ма екен?

     Жақында облысымызды ғана емес, бүкіл елімізді шулатқан тағы бір жайт-- әкімнің су жаңа джип сатып алып, оған бұрынғы көлігінің нөмірін тағып алып, ың-шыңсыз жүргендігі еді. Мұнда да ол кісінің ешбір кінәсі жоқ болып шықты. Бәрін бүлдірген осы облыстық әкімдікке қызмет көрсететін «Шаруашылық» деп аталатын серіктестік директоры көрінеді. Бұл ештеңені білмей қалыпты. Міне, бұған да жауабы әзір.

Қостанай облысының әкімі екі көлігіне бір нөмір тағады

Қостанай облысының әкімі екі көлігіне бір нөмір тағады

     Кезінде республикалық басылымдар қайта-қайта жазған осындағы Қарабалық құс фабрикасының мүшкіл халіне де бұл кісінің қатысы шамалы. Миллиардтаған қаржы құйылса да бір күн де жұмыс істемеген  бұл құс фабрикасының банкротқа ұшырауы сондағы менеджменттің олқылығынан. Ал сол тұста облыс әкімінің орынбасары ретінде дәл осы кәсіпорынның жұмысына тікелей жауапты қазіргі әкіміміз тым шарасыз болып қалыпты.

    Ал әкіміміздің ең басты реніші журналистер бұл кісінің еңбегін бағаламайтын көрінеді. Кейінгі кездері өзі туралы баспасөзде материалдар тым көп жазылатыны байқалады. Бұл кісінің ісіне тілшілер қауымы тым үңіліп кетіпті. Неге екенін өзі де түсінбей дал. Облыс әкімдерінің ішінде өзінің рейтінгісінің тым төмен екендігі де әділетсіз деген ойда. Өзі ешкімнен де олқы түспейді екен. Ал рейтингі көтерілмейді.

   Мінекей, аяқ астынан өткізілген «лездемеден» естігеніміз осы. Журналистер көп сұрақ қойған жоқ. Тек осындағы өзін тәуелсіз сезінетін «Наша газета» апталығының тілшісі ғана өткір мәселелерді көтерді. Ал бюджеттен мол қаржы алып, нәпақасын айырып отырған мемлекеттік тілдегісі де, орыс тілдегісі де тым белсенділік таныта қоймады. Олар сірә «Аш құлақтан тыныш құлақ» деген шығар.

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай.

Abaі.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 930
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 783
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 604
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 624