Жұма, 3 Мамыр 2024
Міне, көрдің бе? 6549 0 пікір 29 Қыркүйек, 2014 сағат 14:36

Жеңіл өнеркәсіпке жең түріп кіріспеcе болмайды

Жеңіл өнеркәсіпке жең түріп кіріспеcе болмайды. Өйткені, бұл сала қазаққа ежелден Алла молынан берген несібесі. Кеңес одағы жылдарында Қазақстандағы шығатын өнімдердің 20 пайызы, яғни бестен бірі осы жеңіл өнеркәсіптің үлесіне тиетін. Қазір соның бәрі көрген түстей. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ассоциациясының мәліметіне қарағанда, қазір сала ішкі сұраныстың 10 пайызын ғана қанағаттандырады екен. Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға тиісті шикізат: мақта, жүн, тері, осы салада жұмыс істеуге бейім қолы бос әйелдер артығымен бар. Оның үстіне шикізатты өте арзанға табуға болады. Тек бізде осы саланы дамытуға үкіметтің назары түспей-ақ қойды. Рас, жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөнінде 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған, қазір ол да аяқталып қалды. Бір-екі белгілі кәсіпорындарды қолдағаны болмаса, бұл бағдарлама да саланың дамуына тегеурінді серпін бере алмады.

Жүннен тоқылған күртешелердің, мақтадан жасалған көрпелердің сапасы Қытайдан келетін жасанды (синтетикалық) жүннен жасалған (синтепон) дүниелерден әлдеқайда артық. Бірақ біздің халық қолда бар алтынын ұқсата алмай, біреудің қоқысын алуда. Ұқсататын кісі, ұқсатуды ұйымдастыратын үкімет болмаған соң жыл сайын ауылдардың маңында мыңдаған тонна жүн, илеуге келмейді деген малдың терілері қоқысқа төгіледі немесе отқа жағылады.  Ал мақтаны өзімізде ұқсатудың орнына сыртқа сатуға ғана шеберміз. Инвестиция және даму жөніндегі министрліктің деректеріне қарағанда елімізде өсірілген 100 мың тонна мақтаның 95 пайызын сыртқа сатыппыз. Жарамды терінің 90 пайызын да Қырғызстанға сатып жатыр екенбіз. Біздің өнеркәсіпті елге айналамыз дегеніміз осы ма? Бұл сол, баяғы шикізат базасынан шыға алмай тұрғанымыздың көрінісі емес пе?

Міне, осы мәселелерді Мәжілістің пленарлық отырысында ашына көтерген депутат Тұрсынбек Өмірзақов (суретте) Инвестициялар және даму жөніндегі министр Әсет Исекешевке депутаттық сауал жолдап, мынадай сұрақтарға жауап беруін талап етті:

  1. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша қазақстандық жеңіл өнеркәсіп 2013 жылы ішкі сұраныстың 20 пайызын, 2014 жылы 30 пайызын қанағаттандырады делінген. Сол орындалды ма, орындалмаса қандай себептер кедергі болды?
  2. Оңтүстік Қазақстанда мақта өңдейтін осы заманғы озық технологиялармен жабдықталған 4 фабрика салынған еді, былтыр шикізат болмағандықтан соның 3-уі тоқтап тұрды. Ал осы кезде өндірілген мақтаның 95 пайызы сыртқа сатылды. Осының себебі анықталды ма?
  3. Терінің ешқандай бақылаусыз сыртқа ағылып жатқанына тоқтау бола ма?

Депутаттың бұл сауалына өзінің партиялас әріптестері де қол қойды. Осыдан кейін аталған министрлік жеңіл өнеркәсіпті көтеруге жең түріп кіріссе, кәне...   

А.Алпысбаев - журналист

Abai.kz         

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 600
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 343
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 347
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 350