Сенбі, 4 Мамыр 2024
Сараптама 10355 0 пікір 16 Қазан, 2014 сағат 10:24

АРДАКҮРЕҢ

Ақын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығын шиырлағанда

Алмастай жарқылдаған жалынды жырларымен жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, қазіргі қазақ әдебиетінің нар тұлғасына айналған ақиық ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар ұйымының Сергей Есенин алтын медалінің иегері Ғалым Жайлыбай ағамыздың «Тобылғыжарған» атты жыр жинағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естідім. Несі бар, жағымды жаңалық, қуанып қалдым! Себебі, қай жағынан алып қарасаңыз да, ақын ағамыздың шығармашылығы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық!

Біз алғаш Ғалым ағамызбен таңғы шықтай жәудіреген мөлдір жырлары арқылы таныстық. Студент кезімізде (біздің буын) сол кездің өзінде аты шығып, ауызға іліне бастаған арқалы ақынның жүректі тербейтін жәуһар жырларын жаттап алып, айтып жүретінбіз. Әсіресе, «Күршімнің қызы» атты өлеңі қатты әсер еткен. Әсер еткені соншалық, арада қанша уақыт өтсе де, әлі күнге дейін санамыздан өшпей, жадымызда жаңғырып, ой-санамызда саф алтындай сақталып келеді.

Сөз жоқ, шымырлап бойға жайылар әсерлі жыр. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дегендей, ақынның әлі бәйге аттарындай ұзаққа шабатынын, талай жыр додаларынан озып келетінін осы өлеңінен-ақ байқағанбыз.

Адам кез келген өлеңді жаттай бермейді, оқығанда ұнаса, сезіміңді селт еткізіп, жан-жүрегіңді тербете алса ойыңда өзі-ақ жатталып қалады. «Күршімнің қызы», міне, осындай келісті жыр: бойында жан мен жарасым; тәнінде сезім мен нәзіктік; тінінде оқиға мен сурет; жұлын-жүйесінде саз бен ырғақ, өзегінде мөлдірлік пен үйлесім бар. Пішіні кестелі, пошымы келісті, мән-мазмұны ерекше жыр! Қай жағынан алсаңыз да әбден қашалған, нағыз шебердің қолынан шыққан мінсіз дүние. Бір сөзбен айтқанда, болмыс-бітімінде оқырманды магниттей өзіне тартып тұратын, жан-жүрегіңді баурап алатын тылсым құдірет бар. Сенбесеңіз, қосыла оқып көрейік:

Жол тосқан сол кеш

Ырымды делік,

Тәтті бір сәттің сырын білелік.

Ақ көйлек киген ақмаңдай ару

Қол шатырыма тығылды келіп.

 

Жастықтың бұл кеш жырлы мекені,

Масаты кілем – қырдың етегі.

Ақ тәнін бүгін ақ жауын жуған

Каракөз қалқа дір-дір етеді.

 

Тартқанын қайдам қайда көңілдің,

Жұмбақ та жұмақ жайға көмілдім.

Бұйрығы бұл қыз маңдайға жазған –

Сыйлығы жұлдыз айман – өмірдің.

 

Бойына гүлдің нұр сіңген екен.

Жүрегім жырла!

Дүрсілде бекем.

Жөн сұрап едім... Шығыс шынары

Әлия есімі – Күршімнен екен.

 

Қабақта қос ай қағыса калған

Асып-тасқандай ағыс арнадан.

Ақ көйлегіңнен айналдым қалқа

Әппақ тәніңе жабыса қалған.

 

Шайқалмай жүрген тұнығың бардай,

Нұр үнің қаңдай, қылығың балдай.

Бұраң беліңе созыла жылжып,

Өрілген өрім бұрымың қандай.

 

Анарың алма, гүл ерін...

Түстей...

Сезім шарабын жүр едім ішпей.

Шелектеп кұйған мынау нөсердің

Толастамауын тіледім іштей.

 

Бастап тұр сезім кұмай-күнәға,

Жылайды қайың

Сынайды дала.

Жыр отын жағып жылытып алам,

Шығыстан келген шырайлы бала.

 

Өлеңге тән ұйқас, ырғақ, әуен менмұндалап көзге ұрып тұрған осынау бір үзік жыр жолдарынан-ақ Күршімнің қызының көркем бейнесі мен сұлу сымбаты көз алдыңызға елестеп, тамсанып, таңдай қағарыңыз анық. Ақын өзінің жүрек лүпілін, пәк сезімін жыр тілімен әдемі жеткізе білген, сөзбен сурет салған. Осы өлең арқылы сол аруға біз де ғашық болып қалғанбыз!.. Танысқымыз келген, көргіміз келіп, ынтықтық жеңген де кездер болған. Міне, қаламның құдіреті, өлеңнің ғажайыбы осындай-ақ болар!.. Осы өлең туралы белгілі ақын, айтулы ғалым Бауыржан Жақып былайша ой түйіндейді: «Күршімнің қызы» өлеңін әдеби орта ерекше ықыласпен қабылдады. Ғалым ақын сомдаған қазақ аруының пәктігі, кешегі Хафиз, Низами, Науаилар жырлаған Шығыс гөзалдарының сұлулығынан бір де кем емес». Бұл бұл ма, мына бір жыр жолдарын тебіренбей оқу тіптен мүмкін емес-ау! Мүмкін емес:

 

Жаныма жақын жандайсың жаным,

Қандай шыдамың,

Ардай сыңарым.

Тағдырдың уын татып көрмеген

Балдай шырағым.

 

Күн болып шыққан күнім дейін бе,

Қырқада өскен гүлім дейін бе?..

Өткінші күннің өкпек желінен —

Түңілмейін де.

 

Ай болып туған айымдаймысың,

Ай аймалаған кайыңдаймысың?..

Сүйіп қалғанмын,

Жиып та алғанмын –

Ғапыл ғаламның уайым-қайғысын.

 

немесе

 

Көзімнің тұңғиығында,

Көңілімнің бір қиырында.

Арымның асыл көлінде,

Жанымның жасыл белінде –

Сен жүрсің...

 

Өлеңнің нәзирасындай,

Жаңаарқа жазирасындай.

Тағдырдың арман шыңындай,

Шалғынның тамған шығындай –

Мөлдірсің!...

 

Өмірге, өнерге, сұлулыққа ғашық жандардың асыл сезімін оятар сырлы да мұңды шумақтар. Сезімді, сүйіспеншілікті бұдан асырып беру, әсерлеп жеткізу қиын-ау, сірә!.. Сондықтан да Ғалым Жайлыбайды махаббат жаршысы, сезім жыршысы, лирик ақын дейміз. Академик Серік Қирабаев қадап айтқандай, шын мәнінде де, «Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері». Оған оның «Сүмбіледегі сурет», «Ләйла қыз», «Бегімайдың әні», «Арыс жағасын» тыңдасам», «Гүлмира», «Жаныма жақын жандайсың, жаным», «Көзімнің тұңғиығында», «Сенің көзің тұңғиық, тылсым әрі» секілді көңілдің нәзік қылын шертер, сезім ләззатына бөлер мөп-мөлдір жырлары куә. Бұлар –  адамның жан сарайын ашар, біресе жаныңды жадыратып, бір уақ мұңға батырар ғашықтық ғазалдары, махаббат жырлары.

 

Құлагер – күн барады асып белден,

Аққу ұшты арманға асық көлден.

Мен ақынмын,

әуелден ақ дүниеге –

Жанындағы Жайығы тасып келген. –

 

деп әу баста-ақ әдебиетке буырқана тасыған өзендей арынымен екпіндей келді. Ауыздығымен алысқан асаудай шамырқанған шыбытты шайырды әдеби қауым жатсынып-жатырқаған жоқ, жылы қабылдады, қол соға қарсы алды. Көпшілік те оның талантын танып, дара дарынын мойындады,

«Жылқышының баласы» атты өлеңінде айтатынындай, шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан бастап әсем табиғаттың баурайында өсіп, етегін жауып, ер жетіп, сәби шағынан құдіреттің тылсым-тіршілігіне куә болып, содан бойына қуат алып, халықтық тәлім-тәрбиемен бой түзеген қарадомалақ қыр баласының қиялына қанат бітіп, ойын тербеген жайттарды қағазға түсіруі табиғи заңдылық. Жастайынан тайға мініп, бәйгеге түсіп, алдына қара салмай жүрген жалынды жастың өсе келе нағыз өмір бәйгесінің бел ортасында жүретіні анық еді:

 

Байтағымның бақыты толғағаным,

Қыран болып көгіңнен

Сорғаладым.

Белі шықпай бесіктен бәйге көрген –

Жыр жазбауға хақы жоқ сол баланың.

 

Жаздар қалды соңымда

Күздер қалды,

Тай тұяғы жаншыған іздер қалды.

Жылқышының баласы –

Жылқы мінез –

Тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі...–

 

деп өзі жазғанындай, өмірден де, өнерден де, өлеңнен де тұнықтың да тұнығын іздеп келеді. Мәңгі іздей береді. Өлең өлкесіне келген әрбір талапкер тұнықтықты іздемесе, мөлдірлікті жоқтамаса, адалдықты жанына серік етпесе, алысқа ұзай алмайды. Жаны кіршіксіз, бойы таза, жүрегі пәк адамнан ғана шынайы поэзия туады. Бұл өлеңінде ақын осы бір қарапайым қағиданы өзінше жаңғыртып, кейінгі жастарға өмірімен де, өлеңімен де үлгі көрсетіп отыр:

 

Саған ғана жанып ем кездігімді,

Саған ғана төгіп ем көз нұрымды.

Шалшық судың бетіндей шашырамай –

Тұғырыңа тұрақта, Сөз бүгінгі!

 

Біз дегендер...

темірдей төзімі тым,

Өз арманын аялап

Өз үмітін...

«Түгел сөздің – түбі бір» дегенменен,

Сөзі бүтін халықтың өзі бүтін. –

 

деп ой түйіп, сөз өнерінің кұдірет-күшін айдай әлемге паш етеді. Халықты бүтіндейтін – сөзі. Сондықтан сөзі түзелсе, халықтың өзі де түзелетінін әдемі жеткізе білген.

Ғалым Жайлыбайдың жырларынан қазақтың дархан даласының саумал самалы еседі, домбыраның қос ішегінен төгілгендей қоңыр үн құлағыңа майдай жағып, жүрегіңе от, жаныңа қуат береді, ерекше көңіл күй сыйлап, рухани ләззатқа батырады.

Ғалым Жайлыбай көргіш, сезінгіш, ерекше түйсігі бар, айтқыш ақын. Жұрт көрмегенді, жұрт сезінбегенді, жұрт түйсінбегенді, жұрт айтпағанды, дәлірек айтқанда айта алмағанды, алдымен ақын көретіні, сезінетіні, түйсінетіні, жалпақ әлемге жар салып айтатыны айдан анық. Белгілі жазушы Қуанышбай Құрманғали айтпақшы, «ақынның сөздері суреткерлігін, ойлары парасаттылығын, сезімі жан тазалығын айғақтап тұр".

 

 

 

Қара нардың айналды ыңыршығы,

Бұлт астынан бедеу күн қылымсыды.

Бүркіт болып кеткен соң қара қарға

Іркіт болды әжемнің ірімшігі.

 

Қу тірліктің бітпесе қырсық әні,

Қара жолда төзім де тұншығады.

Қасқа тана тұлыпқа мөңіресе –

Қара қаншық қайтадан қыңсылады.

 

Айыра алсақ алыстан ақ-қараны,

Басымызға бармақтай бақ қонады.

Ерден қалса сұлудан сайқал шығып,

Белден қалса бесті айғыр ат болады.

 

«Ғалым ақынның әр өлеңі астарлы ой, тегеурінді теңеулерге толы» деп поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова айтқандай, шынында да ақын жырларынан айшықты ой, теңгерме теңеулерді жиі кезіктіреміз. Осындағы «ыңыршығы айналған қара нардың, бұлт астынан қылымсыған бедеу күннің» сұрықсыз кескін-кейпі мен «қара қарғаның бүркіт болып кеткені, әжесінің ірімшігі іркітке айналғаны» нені меңзейді? Әрине, жақсылықты емес, бұл қазіргі кетеуі кете бастаған кер заманның кеселді көріністері екені даусыз. Оны мына өлең жолдарынан да анық көруге болады:

 

Қатыны ортекедей ойқастаған,

Ақыны орамсыздау ой бастаған.

Заман-ай, әңгүдік таз той бастаған,

Заман-ай, қотыр серкеш қой бастаған.

 

Міне, көріп отырғандарыңыздай, Ғалым Жайлыбай тек құр сөзден қуырдақ қуыратын өлеңші емес, өз ойы, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар, айдыны мен айбыны ерекше ақын. Кей өлеңшілер сияқты бүгежектемейді, айтарын ашық айтады, бас-көз жоқ артық та кетпейді, өз орнын, өз бағасын, өз қадірін біледі. Ақынның азаматтық позициясы мен поэзиясындағы халықтық рух осы жерде айқын көрінеді. Халық қамын, оның қоғамдық жай-жапсарын шығармасына арқау еткен ақынның лирикасында азаматтық сарын басым. Әлеуметтік мәселелерді сөз тиегіне айналдыру арқылы ақын өзі өмір сүріп жатқан заманның сыр-сипатын ашады, оның қайшылықтары мен кемшіліктерін көрсетеді. Нағыз ақын өз заманының шындығына, қоғамының сырына, замандастарының тыныс-тіршілігіне көңіл аудармай тұра алмайды. Содан көргені мен білгенін айтады, халықтың өмірі, жан-жүрегін толғантқан мәселелер жайлы ой толғап, сөз қозғайды. Мәселен, «Жетім құлын» өлеңінде «Протонның уынан күйеуі өз-өзіне қол жұмсаған жесір әйел мен сол кесапаттан енесі өлген жетім құлынның» аянышты тағдыр-талайын жырына қосып, қос мұңлұқтың мұң-шерін салыстыра, жарыстыра суреттеу арқылы қазақ қоғамында белең алып отырған кесірлі кеселдерді ащы тілімен түйреп, әркімге әртүрлі ой салады.

 

Замананың соққалы жегі желі,

Босағаның бос қалған желілері.

Серілері ауылдың не біледі?

Осы сұрақ жанымды кеміреді...

 

Осы төрт жолдың өзінде қорғасыннан да ауыр ауыртпалық жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман жан-тәнімен сезінеді, түсінеді, түйсінеді. Ендеше, ақынның жанын кемірген күрмеулі «сұрақ» оқырманды да бей-жай қалдырмаса керек. Өлеңнің өміршеңдігі де міне осында емес пе?!

Иә, протонның уынан зардап шегіп жатқан туған өлкесінің тағдыр-талайына бей-жай қарай алмайды. Табиғат тозып, адамдар азып, жан-жануарлар азап шегіп жатқанда ақын қалай үнсіз отырсын?! Сөзі жеткенше айтып, қолында бар қолдауын көрсетіп-ақ келеді.

 

Аман шығу ақ таңға –

бас амалы,

Оғы тиген тағдырдың тасадағы.

...Жесір әйел сыйпаса маңдайынан,

Жетім құлын көзінен жас ағады.

 

Беу, қос мұңлық,

Жолында сортаң із көп,

Қай қиырға тұрады тартамыз деп.

Кезек-кезек көз жасын сығады да –

Тірлігіне кетеді талқан іздеп.

 

Тағдыр қанша сынаса да, кеудесінде жаны бар тіршілік иесі басқа түскен ауыртпалыққа еріксіз көніп, тірлігін жасай береді де. Бірақ соны жалғанның жарығына алып шығу, жария ету, ел-жұрттың назарын аударту қолына қалам ұстаған әрбір суреткердің парызы мен қарызы болса керек. Сол парыз бен қарызды түсініп, аманатқа адалдық танытатындар бар, өкінішке орай оны түсінбейтін қалам иелері де табылып қалып жатады. Бұл ақынның білім-білігіне, жауапкершілікті сезіне білуіне, ой-санасына, ақыл-парасатына, азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Осы жағынан алғанда да арқалы ақынның ары таза, иманы кәміл, маңдайы жарық. Оны осы тақілеттес «Қызылағаш, Қызылағаш» атты жоқтау жырынан да анық байқауға болады. Атышулы Қызылағаш қасіретін өз жүрегінен өткізіп барып, жырға қосады. Ақынның жан толқынысы, жүрек тебіренісі, күйініш-өкініші, сезім сергелдеңі осы жырларда айқын көрініс тапқан. Бұны шайыр жырлары арқылы өзіңіз де жан-жүрегіңізбен сезінесіз, ұғынасыз, түйсінесіз, тіпті қайғырса қайғырып, мұңайса мұңайып, күйінсе күйінгіңіз келеді. Міне, бұл қаламның қасиеті, жырдың құдіреті. Ақын өзінің жан-жүрегін толқытқан келеңсіз құбылыстарды көркем сөзге көшіру арқылы оқырманның санасын сілкіп, ой салып, соған қалың елдің назарын аударуды мақсат тұтады:

 

Ақынмын,

Елімнен жоқ қиыр күнім,

Молықбай, сен де менің күйімді ұғын!

Қара шал немересін таяғымен,

Іздеп жүр арасынан үйіндінің.

 

Кеудем тұр бірде ашылып,

бір басылып,

Қайғының қара суы құмға сіңіп...

Жете ме жаратқанның құлағына,

Кете ме көгімдегі күн де ашылып?...

 

Жүйкем де жүдеу бүгін,

жауыр жаным,

Қайғыдан қара бұлттай ауырладым.

Қара орман қазақ елі,

қабірге емес –

Жерлейді жүрегіне бауырларын.

 

Міне осы шағын үзіндіден-ақ ақынның туған халқына деген адалдығы, тазалығы, азаматтығы анық көрінеді. Туған ел мен өскен жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, асыл махаббат сезімі жанына тыным таптырмай, көңілін елеңдете береді. Көргенін қағазға түсіріп, ойындағысын айтып қалуға тырысатыны да сондықтан.

«Көгершіндей көктемде дүркіреген, сенімдердің сертісің, шіркін Өлең» деп  құдіретті сөз патшасына серт берген жетелі шайыр жырды қолымен емес, жанымен, тәнімен, қанымен, жүрегімен жазады. Оның жаны жайсаң, пейілі кең, өзім дегенге құшағы қашанда ашық. Елім деп елжіреген ет жүрегі мен даладай дархан көңіліне барша қазақ қауымы мен кең байтақ өлкесі бірдей сыйып кетеді. Жақыны түгіл, жатты да жатырқамайды, бөле-жармайды, бар қазақты бірдей көріп, жанына жақын тартады. Ең бастысы туған халқына ғана емес, өнерге, өлеңге, қаламға адал. Оны жүректен шыққан мына бір өлең жолдарынан-ақ анық аңғаруға болады:

 

Ұлтым қайғы кешкенде,

жұртым қайғы,

Сарыуайым сағаты сыртылдайды.

Ақындары алақан жайған елдің

Қатындары қол бастар ұл тумайды.

 

Шынында да, қаламның да өз қасиеті бар, егер өзіңді өрге сүйреген өнерге, басыңа бақ боп қонған өлеңге адал болмасаң, киесі ұрады. Ақын осыны жақсы түсінеді. Халтурадан бойын аулақ ұстайды, ешкімге жалтақтап-жалбақтамайды. Айтарын айтады, жазарын жазады. Жорғадай жорғалаған қаламынан тек қана моншақтай мөлдіреген жәуһар жырлар ғана құйылып түседі. Ең бастысы, ел басына түскен ауыртпалықты, қайғы-қасіретті, тағдыр тауқыметтерін ешқашан өзінен тысқары қойған емес. Туып-өскен өлкесіне атың өшкір протон құлап, табиғат тозып, жан-жануарлар қайғы-қасірет шегіп, тіршілік иелерінің өмірлері гүлдей солып жатса, ақын қалай тебіренбесін, қалайша нала жырын жазбасын?! Халық басына түскен нәубеттерді көріп-біле отырып, кеудеге толған зәр-запыранды қалайша сыртқа шығармасын?! Мәселен, «Сарыарқа. «Протон құлаған жыл» өлеңінде:

 

Кигенде алаңсыз кепті,

Қартым-ай,

ретің сынар:

«Гептильді залалсыз депті,

Өкімет білетін шығар...

 

Қайтейін, асығыс бәрі,

Жөн еді қашық ұшқаны.

Ресейдің құламаса екен

Зымыран тасығыштары».

 

Арқам-ай,

арқаға батты,

Ауыл тұр шайқала...

жүдеп.

Құрдасым тартады арақты:

– Уды у қайтарады, – деп...

 

деп, гептильдің адамзат баласына қаншалықты зиян екенін барынша ашып айтады. Жүрегінен өткізіп айтады, жетер жеріне жеткізіп айтады. Шіркін, соған үн қосар, зейін қояр, құлақ түрер адамдардың қарасы көрінбейді-ау, көрінбейді. Көрінбейді екен деп, қарап отыра беруге тағы болмайды:

Ақын «Алғадағы аққулар» өлеңінде Ақтөбенің Алға ауданында мұнай қалдығы төгілген көлде аққулардың қырылып қалғаны туралы айта келіп, «түнімен тәтті ұйқысы мен өлеңі тоғыз бөлініп, жүрегі қобыздай күңіренгенін» жыр тілімен жеткізеді. Айдын көлдің тұнығы лайланып, аққулардың мұнайға тұншығып жатқаны өзегін өртеп, «запыран құсып, зар қағып», адамзатты табиғат пен оның бел балаларын аялауға шақырады.

 

Бір өлеңім бар еді,

Бір өлеңім болғанда –

Аққу текті Ар еді,

Замананың зары еді,

Ғаламының әні еді. –

 

деп бәрінен де ар мен намысты жоғары қоятын ақиық ақынның өзі айтқандай, «Елегізу. Дағдарыс жыры», «Күзеудегі қараша үй», «Сынық арба», «Қаз арқалап бара жатыр қыз бала» сынды өткір жырлары осы ойдың өміршеңдігін дәлелдей түседі. Айталық, осы «Қап арқалап бара жатыр қыз бала» өлеңінде «көне күртесі мен ескі етігін сүйретіп көк базарға бара жатқан аймаңдай арудың» талайлы тағдырын суреттеу арқылы өзі өмір сүріп жатқан қоғамдағы белең алып отырған келеңсіздіктерді тайға таңба басқандай таңбалап, сол заманның сұрқай келбетін көз алдыңызға көлденең тартады. Олар өмірдің жансыз көшірмесі емес, сөз әлемінде өмір сүретін жанды бейнесі, тарихи кезеңнің көркем шындығы.

 

Қандай қиын туғанға болып ақын,

Сор ұратын кездер бар,

торығатын.

Бетпақ жонға жоқ іздеп шыққанымда,

Жол үстінде жолаушы жолығатын.

...Өмір кейде көкайыл долы қатын.

 

Кез келген қалам иесі "кейде көкайыл долы қатын» тәрізді көрінетін мына өмірдің тыныс-тіршілігі мен кескін-келбетін шынайы қалпында суреттей алса, және сол қоғамда өмір сүріп жатқан замандастарының тағдыр-талайын, жан-дүниесін, болмыс-бітімін, қызық-қуанышы мен нала-мұңын, ой-санасы мен арман-аңсарын жеріне жеткізе жырлай алса ғана қаламгерлік қарызы мен парызын өтей алмақ. «Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес, жаратқанның маңдайға жазғаны еді» – дейтін ақын шығармаларының алтын арқауы да, ұстынды өзегі де осы.

 

Жалғасып жатса не шара

ота далама,

Орыстың зымыранынан опа бола ма?

Өзіме де обал жоқ деймін

айырбас еткен

Сапырулы сары қымызды «Кока-Колаға».

 

Біз сапырулы сары қымызды ғана емес, жанымызды да, тәнімізді де, рухымызды да, әдет-ғұрпымызды да, салт-санамызды да, таным-түсінігімізді де, діліміз бен тілімізді де айырбастадық. Қазақтықтан, қазақылықтан айырыла бастадық. Ақын осыны меңзеп отыр. Соған күйінеді, ашынады, қайғырады. Түп бастауларымызға қайта оралып, халықтық қайнарларымыздан қанып ішіп, толыққанды кемел ұлтқа айналуымызды қалайды, соны армандайды, соған үндейді. Ұлттың емес, құлқынның қамын көбірек күйттеп кеткенімізді айтып, қобыздай күңіренеді:

 

Ұлтым емес,

тұр бүгін құлқын бай боп,

Құлқын бай боп,

содан соң ұртың май боп.

Елегізіп елсізде елеңдедім –

Көшкен елдің көнерген жұртындай боп.

 

Менің түсінігімде, «Арай іздеп айдындарды кешетін, ақ дүниеге ақын болып келіппін» – деп тебіренетін Ғалым Жайлыбай мен ұлы мәртебелі поэзия егіз ұғым іспеттес. Бірінен бірін ажыратып алу мүмкін еместей көрінеді. "Ғ.Жайлыбай шын мәнінде сөз сүйегіне сіңген, өлең жазғанда шұрайлы, нәрлі, көркем сөздердің өзін таңдап, талғап қолданып, бүгінгінің бүтін сөзін айтып жүрген үркердей аз шоғырдың бірі және бірегейі. Алла Тағала оның кеудесіне өлең құйған" деп қайсар қаламгер Рафаэль Ниязбек айтқандай, талантты шайырдың тұла бойы тұнып тұрған өлең тәрізді. Оның табиғаты ақын, солай жаратылған. Ол ақын болып туылған. Тума талант. Алла-тағала оған әу баста-ақ ақындық ғұмыр сыйлаған, Табиғат-Ана көмейіне жыр құйған, кеудесіне сөз қонған. Кескін-келбетінен, жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан, сөйлеген сөзінен, тіпті киім киісінің өзінен поэзияның рухы сезіледі, жырдың лебі желдей есіп тұрады. Оның табиғатында жанартаудай атқылап жатқан ақындық бар, ақын болмауы тіптен мүмкін емес. Ал кейде табиғатында ақындық жоқтар да ақын болғысы келіп, өлең құрастырып жатады. Бірақ олар қанша тыраштанғандарымен, Ғалым Жайлыбай сияқты нағыз ақын бола алмайды.

Ғалым ұлт ақыны, ұлттық ақын. Ұлт ақыны болу үшін сол ұлттың тілінде жыр жазу аздық етеді, ақынның өлеңдерінде ұлттың рухы, тағдыр-талайы, қуаныш-қайғысы қатар өріліп, біте-қайнасып жатуы керек. «Жасындарын жан-жүректің ойнатқан, басымдағы – бас қамынан басқа мұң...» деп кесіп те, көсіп те сөйлейтін шабытты шайырдың жырларында қазақы рух, қазақы болмыс, қазақы бояу айқын сезіледі, тіпті жусанның жұпарындай қазақы иіс аңқып тұрады. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні, дара қолтаңбасы бар, жүз ақынның ішінен дарынды шайырдың өлеңін жазбай тануға болады. Ақын жырларында поэзияның әсем әуезі, сұлу сазы, әдемі ұйқас-ырғағы, көркем тіл, бейнелі сурет, айшықты образ, астарлы ой, сырлы сезім, жаныңды баурап алар тылсымдық, тұла бойыңды тебірентер ғаламат күш, жүрегіңе сәуле құяр нәзіктік, бойыңа шуақ шашар жылылық бар:

 

Жетегінде ілесіп жегі күннің,

Айналайын айнам-ай,

нені білдің?...

Өзектегі өлеңі өмірімнің –

Түстігінен қаз ұшты көңілімнің...

 

немесе

 

Шаңырақты көтереді уығы,

Түндігінен қарамаса қайғы-азап.

Kүpeңіттi күздің қара суығы,

Халің қалай,

әй, қазақ?..

 

Осы өлең жолдарын басқа тілге аударып көріңізші. Мән-мағынасын шет жағалап берерсіз-ау, бірақ ұлттық рух пен қазақы бояуды түпнұсқадағыдай толық жеткізуіңіз екіталай. Осы бір айшықты шумақтардан-ақ ақынның қаламгерлік қарымы, шеберлік деңгейі, суреткерлік әлемі, көркемдік қыры мен сезім сыры анық аңғарылмай ма? Шынайы шығармашылық – қашанда өзгеріс, жаңару мен жаңғырудан тұратынын ескерсек, шалқар шабыт иесінің әр жазған жаңа шығармасынан өзгеріс, жаңалық һәм жаңғыру көремін. Керек десеңіз, әр жазған шығармасы әдеби-мәдени құбылысқа айналып келеді. Оған мысалды алыстан, сонау әріден іздеудің керегі жоқ. Кеше ғана дүниені дүбірлетіп өткен «Қара орамал» атты классикалық поэмасы анық дәлел. Тінін талдамай-ақ қояйын, оны оқыған адамның өзі-ақ сезер, «Қара орамал» деген атының өзі-ақ көп нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?! Тіпті талантты ақынымызға Мемлекеттік сыйлықты осы поэмасы үшін-ақ бере салуға болар!.. Сондай-ақ "Ақ сиса», "Киік қашқан», «Біргебайдың Қызылы» атты поэмалары да сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген кемел шығармалар.

Ақын “Жанымның жапырақтары” (1988), “Жүрегімнің жұлдызы” (1966), “Құс қанаты” (2001), «Қарашығымдағы қара өлең» (2006), «Ардакүрең» (2008), «Тобылғыжарған» (2011), «Бір тал үкі» (2014) атты жыр кітаптарының, «Тағдырымның тамыры» (2008) әдеби мақалалар жинағының авторы. Өлеңдері орыс, украин, түрік, қырғыз, тағы басқа халықтар тілдеріне аударылған. Қытай Халық Республикасының Күйтің қаласынан шыққан қазақ ақындарының “Сүмбіле” атты жыр жинағына өлеңдері енген.

Ғалым Жайлыбай туралы небір аузымен құс тістеген әдебиет жүйріктері жылы пікірлер айтты, әлі де талмай айтып келеді… Құдай бұйыртса, айта да береді… Сыйлықтан да, атақ-абыройдан да кенде емес!.. Небір дүбірлі бәйгелерден Құлагердей дара шауып келген, Бас бәйгені шаппай алған кездері де бар… Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты (1999). «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен (2001) халықаралық жыр мерекесінде “Ақшам жұлдызы” арнайы сыйлығын иеленген. Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С. Есенин атындағы алтын медалінің иегері (2009).

Ендеше, бұл жолы да Мемлекеттік сыйлықты қанжығасына байлауына шын жүрегіммен тілектеспін!

Биылғы жылы Астанадағы «Фолиант» баспасы өлеңімен өрелі ой айтып жүрген арқала ақын Ғалым Жайлыбайдың үш томдық шығармалар жинағын шығаруды қолға алып жатыр. Құдай бұйыртса, ол күнді де көрерміз, сол күнге де жетерміз!

Ақын ағамызды бұнымен тоқтап, тоқырап, сарқылып, қалады деп ойламаймын! Өйткені, біз білетін Ғалым Жайлыбайдың әдеби әлеулеті күшті, әдеби білім-білігі мол, багажы үлкен!..

Сөзімізді қортындылай келе айтарымыз, таңдайы тақылдаған, маңдайы жарқыраған Ғалым Жайлыбай өзінің шынайы шығармашылығымен жалпақ жұрттың жүрегіне жол тапқан бақытты ақын. Сөзі көпшіліктің ой-санасында жатталып, жаны мен жадында қатталып, өлеңі оқырманның көңілі мен жүрегінде сақталып, өзіндік әлемде өмір сүріп жатыр. Өйткені, шайыр жырларының бойында мәңгі өлмес құдіретті күш бар. Осынау көздің жауын алар жаһұттай жырлар қазақ халқымен бірге өмір сүре береді, ғасырлардан ғасырларға жасай береді.

Ендеше басына амандық, деніне саулық, бойына қуат, еңбегіне табыс, қызметіне жеміс, шығармашылығына өрлеу тілеймін!

Думан Рамазан, жазушы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1004
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 870
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 655
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 732