Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Өз сөзі 8274 0 пікір 10 Қараша, 2014 сағат 17:40

ҚОЯНДЫ ЖЫРЫ: «31-АРНА» ӨТІРІК АЙТТЫ МА?

Бүгін таңертең «31-арнаның» тілшісі Гүлбәну Әниятқызы (суретте) Ақмола облысының Целиноград ауданында Қоянды мәселесіне байланысты баспасөз мәслихаты өтеді дегенді естіп асығып барады. Барса, ешкім жоқ. Дұрысы: әкімдіктің қызметкерлері мен аудандық әкімшілікке жұмыс-шаруасымен кіріп-шығып жүрген адамадардан өзге бөтен-бөгде жан көзге шалына бермейді. Ал, асай-мүсейін асынып, артынып-тартынып, сонадайдан көзге шалынатын әріптестердің бірі де байқалмайды. Оператормен екеуі «Бұ қалай болғаны?» - деп тұрғанда Гүлбәнудың қасына Қоянды «жырының» басты кейіпкерлерінің бірі келіп мына жайтты баян етеді (Қоянды мәселесі әлі толық шешімін таппағандықтан кейіпкердің аты-жөнін жария етпеуді жөн көрдік):

Әлгі «кейіпкердің» айтуына қарағанда, оған бір ашаң жүзді, арықша жігіт келіп жолығады да: «31-арна» тілшісі Гүлбәнудің үстінен арыз жазыңыз», - дейді?

-          Неге жазуым керек? – дейді әріптесімізге сырын ақтарған адам.

-          Өйткені ол жалған ақпарат таратып, елді шулатып, рейтинг жинап жүр. «31-арнаға» да сөйтіп рейтинг әпермекші. Сіз білесіз бе, бұл арнаның арманы – ел ішін бүлдіру. Арна сыртқы күштерге жұмыс істейді.

-          Ондайын білмейді екенмін, бірақ осы арна әйтеуір елге жақын арна ғой.

-          Жоқ, түкте олай емес. Оның үстіне Гүлбәну тұрмыс құра қоймаған қыз. Жігіттердің назарын өзіне осылай аудартқысы келеді. Қысқасы, Гүлбәнудың үстінен шағым түсіріңіз, сонда ол басын алып қашады. Сіз болсаңыз пәледен құтыласыз.

-          Олай ете алмаймын. Біздің жағдайымызды түсініп жанұшырған тілшіні ғайбаттай алмаймын. Қоянды ауылының ахуалын жұртқа жария етіп, Үкіметтің назарын аудартқан тілші мен «31-арнаны» сыртынан сатуға арым жібермейді.

 

Қысқасы әңгіменің ұзын-ырғағы – осы.

 

«Бұдан ары қарай күтіп тұра алмадық та әкімдікке кіріп бардық,  тап сол кезде камераларын жарқылдатқан әріптестеріміз бе, басқа біреулер ме, тап бола кетті. Алдымыздан Қоянды ауылының әкімі Алтынай Мейірманқұлова да шыға келді», - дейді бізбен әңгімесінде Гүлбәну Әниятқызы.   

Сөйтіп БАҚ «өкілдерінің» ортасынан табыла кеткен Алтынай Мерханқызы: «Қоянды ауылында ешқандай үй бұзылып-қиратылмайды». «31-арнаның тілшісі» нақты ақпарат бермей елді дүрліктіріп жүр», -  деп салады.

-          Әкімнің аузынан әлгіндей сөз шыққан бетте әдеттегі тележурналситерден түр-түстері мүлде бөтен, сақал-мұрттарын қаулатып өсіріп жіберген, бейтаныс әріптестер мені сұрақтың астына алып, бейнекамераға тартып, шартылдатып суретке түсіре бастады, - дейді Гүлбәну.

-          Оларды мүлде танымадың ба? Қай арнаның жігіттері екен?

-          Нақты қай арнадан екендерін айтпады, бірақ әкімнің мәлімдемесі мен мен олардың берген сұрақтарына қайырған жауаптарымды YouTube-ке салып жібереміз, - деді.

-          Қызық екен, егер баспаналары сүрілімейтін болса, Қояндыдағы жұрт неге сүргінге түсіп айқай салады?

-          Қояндыда сүріліп кетуі ықтимал 167 үйдің тағдыры туралы ауыл әкімі ғана емес, Үкімет өкілі де айтты емес пе?

-          Иә, ол есімізде. Ұлттық Экономика министрлігінің Жерді қорғау және пайдалану басқармасының бастығы Сәрсенов Самат Шымырбекұлының өзі солай деген-ді (мына сілтемеден қараңыз: http://www.31.kz/video/show/id/4793/ «Бұлар басып алуды 2007 жылы бастаса, бас жоспары елдімекеннің өткен жылы ғана бітті. Мынандай басып алған құқығы жоқ жерлерге легализация болуы қазіргі сәйкес мүмкін емес») .

 

Гүлбәну Әниятқызымен әңгімеміз осылай аяқталды.  Әрине, қандай да бір мәселеге байланысты сан қилы көзқарас, пікір өрбіп жатуы мүмкін. Журналистер бірі жазбағанды бірі байқап қалып жария ететіні де бұрыннан бар үрдіс. Бірақ жаудай өшігіп, «сенің  ақпаратыңның жалған екендігін жалпақ жұртқа жария етеміз» дейтін еңкіш тәсіл бұрынғы-соңғы журналистердің ешқайсысында болмаған еді. Иә, айтпақшы, Гүлбәну Әниятқызы мен «31-арна» өтірік айтты ма? Жоқ жерден сенсация тудырып, ел ішін ала тайдай бүлдірді ме? Тілші мен телеарна бар болғаны Қояндыдағы мәселені жария етті, сөйтіп өздерінің кәсіби қызметтерін ғана атқарды ғой. Ал, міне, ақырында сүйінші хабар алып отырмыз: Қояндыда ешқандай үй бұзылып-қирамайды. Құжатталмаған баспаналар жекешелендірудің үшінші сатысы арқылы рәсімделіп, мәселе шешімін таппақ.

 

P.S. Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып Азамат Битанның мынандай жазбасына жолықтық. Жолықтықта оны Қояндыға қатысты жайттың тағы бір қырын көрсетуге ұмтылған шағын хабарлама ғой деп қабылдадық.

 

«Бұлар өздері бейнекамераға басқаны түсіргенді ұнатса да өздерін түсіргенді онша ұната қоймайды екен, ренжиді екен, құқықшыл екен Қояндыда қазақтарды шырылдатып жатқан сияқты көрсетуімен бүкіл елдің зәресін ұшырған 31-арнаның журналисті Гүлбану Әниятқызы неге жалған ақпар бересіз деген сауалыма былай деді: "11 үй сүрілгенін Қоянды аулының тұрғындары айтты. 11 іргетас екенін кейін білдім".

Ал, осындай сылтауға не дейміз?! Өзі сонда барып көрген адам. Сөйте тұра бұзылған 1 үйді де көрсеткен жоқ.

Р.S. Бұл арнадан бүгін кешке қуанышты хабар еститін болдыңыздар, тағы да бұрмалап жібермесе»  


(Азамат Битанның Фейсбуктегі жазбасы).

 

Abai.kz

0 пікір