Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 5680 0 пікір 3 Желтоқсан, 2014 сағат 10:00

«ПУТИНМЕН КҮРЕСКЕНІМДІ КЕЙІН ЕСІМЕ ТҮСІРДІМ»

«Путинмен күрескен палуан Семейде тұрады» дегенді естігенде кездескенше тағат таппағаным рас. «Кім болды екен, қалай кездесті, қашан күресті, қандай адам болды екен?» деген сауалдар санаға тыным бермей, Семейге жол тартқанмын. Есікті алпысты алқымдаған ел ағасы ашқан. Қарапайым. Орта бойлы, мығым денелі, жайдары жүзді жанмен әңгімеміз бірден жарасып жүре берді. Іздеп барған адамымыздың РФ президентімен белдескені рас болып шықты. «Путинмен күрескенімді 28 жылдан кейін есіме түсірдім», - деді ол екеуара әңгімімеміздің барысында.

    Путинді 28 жылдан кейін көрдім. Өз үйімде

 – 1968 жылы қараша айында әскерге шақырылдым, – деп бастады әңгімесін Мұрат Керімбаев (суретте). – Бара салысымен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындадым. Көп ұзамай мені спорттық ротаға қабылдады. Әрине, әуелі физикалық даярлығымды, күш-қуатымды тексеріп көрді. Расында, мен спорттан қара жаяу емес едім. Семейдің педагогикалық институты жанындағы денешынықтыру курсында бір жыл оқығаным бар. Содан не керек, мен өзіміздің әскери бөлімнің стратегиялық ракеталар полкінің жаттықтырушысы болып жұмыс істей бастадым. Түрлі жарыстарға қатыстық. Әуелі дивизияны жеңдік, одан кейін бүкіл армияны тізе бүктірдік. Командалық есепте де, жекелей сында да. 58 келі салмақ дәрежесінде Забайкалья әскери аймағының чемпионы болдым. Ол кезде самбо күресінде ең жеңіл салмақ 58 келі болатын. Сондай жарыстардың бірінде Ресейдің бүгінгі Премьер-министрі Владимир Путинмен жолым түйісті. Екеуміз бір топқа түсіппіз. Путин – ол кезде студент. Ленинградтың заң факультетінде оқып жүрген кезі екен. Бірақ ол кезде мен оның заң факультетінде оқитынын білген жоқпын. Кейін өмірбаянын оқығаннан соң ғана білдім ғой. Сол күні бір топта төрт адаммен күрестім. Соның бірі – Путин болды. Шынымды айтсам, мен ол кезде оның Путин екенін білген емеспін. Әскери борышымды өтеп елге оралғаннан кейін 1972 жылы Томскіде Сергей Вицеманның жүлдесі үшін самбодан бүкілодақтық турнир өтті. Сол жолы Семейден Керей Қойшыбеков, Серік Тоқтарғазин секілді жігіттерді бастап, мен де бардым жарысқа. Бір салмақта 66 адам күрестік. Бір қызығы, бұл жарысқа Путин де келіпті. Бірақ басқа топта күресті. Қарап қоям, түрі таныс секілді. Айтпақшы, сол күні онымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Таныстырған, әскерде бірге борышымызды өтеген челябілік Анотолий Бондаренко деген жігіт. Путинді таниды екен. Бұрын бірге күрескен бе, әлде бір жерде бірге болған ба, әйтеуір бірін-бірі жақсы біледі екен. Сол көргеннен кейін Путинді 28 жылдан кейін бір-ақ көрдім ғой. Өз үйімде. Теледидардан. Жеңгең екеуміз теледидар көріп отырмыз. Теледидардан Ресейдегі Президент сайлауында жеңіске жеткен Президенттің ұлықтау рәсімі көрсетіліп жатты. Президент келе жатыр. Қараймын, түрі таныс. Әйеліме айтамын: «Мен мынаны танимын ғой. Менімен күрескен палуан» деймін. Міне, осылайша, Путинмен күрескенімді 28 жылдан кейін есіме түсірдім.

– Путинмен арадағы күрес қалайша өрбіді? Қайсыларыңыз басымдық таныттыңыздар?..

– Мен ол кезде жиырма жастамын. Путин – 18 жаста. Екі жас үлкендігім бар. Соған қарамастан Путин жақсы өнер көрсетті. Бірақ мен ұпай санымен жеңіске жеттім.   

1968 жылы мамыр айында Қызылжарда «Қайрат» ерікті спорт қоғамының ауыл-село спортшылары арасындағы біріншілігі өтті. Мен сол жарыста самбошы болсам да еркін күрестен үшінші орын алдым. Сол кезде Роллан Сейсенбаев мен туралы «Сапар жайлы сыр шертсек» деген тақырыппен очерк жазған болатын. Сол жарыстан кейін өзі де күресті мүлде қойып кетті.

 Үшкемпіровтің спорттық жолы Семейден басталған

 – Роллан Сейсенбаевтың танымал жазушы екенін білеміз. Бірақ ол кісінің күрескені жайлы алғаш естіп отырмын.  

– Күрескенде қандай! Сол жарыста мен 52 келі салмақта, Роллан 70 келі салмақта күресті. Жарыстың бас төрешісі Әбілсейіт Айханов ағамыз болды. Роллан осы дүбірлі додада қарсылас шақ келтірмей финалға дейін еркін жетті. Финалда да басымдық танытты. Алайда төреші жеңіп тұрса да жеңісті бермеді. Ол кезде «Қайрат» спорт қоғамының жүлдегері атану үлкен мәртебе болатын. Спорт шебері деген атақ берілетін. Ролланмен финалда күрескен палуан көптен бері спорт шеберлігін орындай алмай жүр еді деп Әбілсейіт Айханов ағамыз бұрмалап жіберді. Кейін Рекең айтады: «Әлгі жарыстан кейін жиын өтті. Маған бапкерлер: «Сені құрамаға қалдырамыз, әлі жассың, болашағың алда, спорт шеберлігін қорғайсың» деді. «Ренжіме. Кішкене бұрмалап жібердік» деді Әбілсейіт Айхановта. Сол кезде Рекең «Ой, Әбіл аға, спорт шеберлігінде тұрған бақыттың ... ұрайын» деп шығып кетіпті. Содан кейін күресті мүлде тастап кетті ғой. Реті келгенде айта кетейін, Рекең өз салмағында мықты палуандардың бірі болды. Талай мәрте чемпион атанды. Ролланның ерекшелігі сол, ол ақылмен күресетін. Баппен күресетін. Әрбір әдісі, іс-әрекеті үйлесім тауып тұратын.

– Естуімше, грек-рим күресі бойынша Алаш баласы арасынан алғашқылардың бірі болып Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров ағамыз спорттық жолын Семейден бастаған көрінеді. Рас па осы? 

– 1967 жылы мен Семейдегі педагогикалық институт жанындағы денешынықтыру тәрбиесі пәнінен сабақ беретін ұстаздарды даярлайтын бір жылдық курсқа түстім. Оқуға түскеннен кейін Ақсуаттан келген үш жігіт – мен, Әнеш Демеубаев және Паша Гривков бар үшеумізді сол кездегі Цементник футбол командасының қосалқы тобына алды.  Владимир Киселов деген бапкеріміз болды. Есімде, біз қосалқы топта ойнап жүргенде Өскеменнің «Восток» командасының капитаны болған Радионов, Евдокимов, Караваев, Ионкин, Чернов деген жігіттермен бірге жаттығып жүрдік. Ұмытпасам, 1967 жылы қараша айында Семейдегі қазіргі Спартак стадионын пайдалануға берді. Жаттығудың көбін сол жерде өткіземіз. Содан аяқ астынан бір күні бапкер ауысып, Әнеш екеумізді қосалқы құрамнан шығарып жіберді. Гривков волейболға кетті. Сөйтіп Әнеш екеуміз сол кездегі мал дәрігерлік институтындағы самбо күресіне жазылдық. Міне, сол кезде біз жаттығуды енді бастап жүргенде Жақсылық Үшкемпіров те келіп, осы оқу орнына түсіп, еркін күреске қатысып жүрді. Былайша айтқанда, ол кісі күрес жолын Семейден бастады. Сосын оны негізгі бапкері Ғали Ильматовтың рұқсатымен Лю Вин Хай деген қытай бапкері еркін күрестен грек-римге ауыстырды. Спорттағы жарқын сәттері сол кезден басталды ғой. Студенттер арасында Одақ чемпионы болды. Мен әскерден келгенде Жақсылықтың атағы дүрілдеп тұрды.

Жеңіске жетелеген қазақтың дауысы

 – Мына құлағымды сындырған якуттар, – дейді ағамыз өткен күндерін ой елегінен өткізіп. –  Әскерде жүргенде бастығым мен самбис болсам да «Ойбай, Керімбаев, округтің палуандары күресетін жарыста еркін күрестен де қатыса салшы. Сені жығатын ешкім жоқ мұнда» деген соң шыға салғам. Сол жарыста Роман Дмитрев, Гаврил Дмитрев, Планотов деген якуттармен күрескенде мына құлағымды сындырды.

– Жеңіп сындырды ма, жеңіліп сындырды ма?

– Жеңгеніміз де бар, жеңілгеніміз де бар.

– Құлағыңызды якуттарға беріпсіз. Иығыңызды кім сындырды?

– Иығымды сындырған бір орыс жігіті. Негізі менің қолым қысқа ғой. Екінің бірі волевойға (күрестегі қолды майыстыру – А.Қ) ала алмайды. Бір жарыста әлгі орыспен күрестім. Негізінде волевойға буынды алады ғой. Ана жігіт буынды емес мұқым иықты алды. Бір қолым волевойда, бір қолым әлгі палуанның астында қалды. Сонда да ұпай бойынша ұтып жатқанмын. Есеп 3:1-тін. Омскіде тұратын қазақтар көп қой. Бір тобы әлгі жарысты көруге келсе керек. Күресіп жатқанда «Мұрат, Мұрат, шыда, шыда. 30 секунд қалды» дегендері есімде. Таныс дауыс. Қазақтың дауысы. Сол дауыс маған күш берді ғой деймін. Қиналып жатсам да қолымды соқпадым. Сонда, екеуміздің арамыздағы жекпе-жектің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда әлгі жігіт қолымды қатты басып жібергенде талықсып кетіппін. Төрешінің ысқырығы шыр еткенде есімді жидым. Осылайша оны жеңіп кеттім. Бірақ иығымды шығардым. Төреші қолымды көтергенде айғай салғаным әлі есімде. Бірден дәрігерлер алып кетті. Екінші орын алдым. Кейін кездескенде айтады ана жігіт: «Сен жындысың ба? Мен қолыңды жұлып ала жаздадым ғой» дейді. Сөйтсем, ол бір заставаның бастығының орынбасары екен.                

 Әңгімелескен – Азамат Қасым              

 Кейіпкеріміз туралы  дерек

Мұрат Керімбаев 1950 жылы Семей облысының Ақсуат ауданынында дүниеге келген. Жастайынан жанына спортты серік еткен азамат Семей қаласының 250 жылдық тойында 52 келі салмақ дәрежесінде қазақша күрестен чемпион атанды. Абай Құнанбаевтың 125 жылдық тойында өз салмағында қарсылас шақ келтірмеді. Һәкімнің 150 жылдық тойында ұлттық ойындардың бас төрешісі болып, спортшылардың шеруін өткізуге үлкен еңбек сіңірді. Ақсуат ауданының волейбол, футбол құрама командасының сапында ойнап, бірнеше рет Семей облысының жеңімпазы атанды. Мұрат Керімбаев самбо мен еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болса, қазақша күрестен спорт шебері атанған азамат.

 

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 619
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 368
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 362
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 367