Сенбі, 4 Мамыр 2024
Қоғам 7090 0 пікір 15 Желтоқсан, 2014 сағат 10:33

Қазақстан-Қытай: ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫ

Күні бүгінге дейін қытай мектептерінде қазіргі Қазақстанның біраз жері Қытай жері деп көрсетілуде. Біздің мәліметіміз бойынша, ол жердің көлемі жарты миллион шаршы шақырымға жуық территория... Парламент депутаты болған кезінде Уәлихан Қалижан мырзаның: «Қытайдың барлық оқулықтарында, географиялық карталарында Балқаш көлі мен Шуға дейінгі қазақ жерін олар өздерінің аумақтары етіп көрсеткен. Мектеп оқулықтарында солай оқытылады!»  –  деп шырылдағаны әлі есімізде.

Кезінде сенатор Иран Әміров: «Жалған некенің арқасында еліміздің азаматы болып жүрген қытайлықтар саны 300 мыңға жетіп отыр... Елімізде қазақ қызын алып, қалып қойған сол 300 мың қытайдың 99 пайызы жоғары білімі жоқ, жер жетпегендіктен ауа көшкен жұмысшылар екен. Тек өткен жылдың 9 айының өзінде ғана бір Алматы қаласына Қытайдан 2445 адам келіпті. Бұл тек тіркелгендері. Солардың 495-і Қазақстан азаматтығын алып үлгерген...» – дегені елді елең еткізген. Қытай үкіметі Қазақстанда тұрмыс құрған және соның арқасында бізде қалып қалған азаматтарының семьяларына өз елінде қыруар қаржы беретіні есті адамды ойландырмай қоймайды...

Мен өз басым, бір-екі дос ректормен бірер жыл бұрын әңгімелескенде, олар:  «Қытай өкіметі  –  елшілігі, келіп-кетіп жүрген ресми делегациялары, әр жақтан біздің ұйғырларымыз немесе қазекең арқылы сәлем жолдаған кейбір жауапты қызметкерлері  –  бәрі-бәрі: жоғарғы оқу орныңызға қанша студент керек болса, бізге тек саны мен ақша мөлшерін айтсаңыз болды, бұл істі тастай қыламыз» деп ағынан жарылғаны қаншама... Үкіметімізге рахмет, бұндай тосын пиғылдың жолын кесіп, аталған елден мөлшерсіз кісі тасымалдауға шектеу мен тосқауылдар қоя білді.

Әйтсе де, ағайын, Кәрім Мәсімов мырзаның елге жар салып сүйінші  сұраған мына  хабарын қалай түсінуге болады?

 Бірінші жаңалық.

14 желтоқсан, 2014 жыл. Астана.

 ... ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның қатысуымен өткен келіссөздерден кейін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті. Бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің аясында біз шын мәнінде екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың барлық қырын талқылаудан өткіздік. ҚР Үкімет басшысы бүгін маңызды бірқатар үкіметаралық және мемлекетаралық құжаттарға қол қойылғандығын, сонымен қатар бірқатар өте маңызды келісімшарттар бекітілетіндігін, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетіндігін атап өтті.

 «Біз бүгін келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізетінімізге келістік», - деді К. Мәсімов.

Екінші жаңалық.

14 желтоқсан, 2014. Астана.

Қазақстан мен Қытай компаниялары 14 млрд. доллардың келісіміне қол қойды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен келіссөздер өткізгеннен кейінгі брифингте ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян мәлім етті. «Қазір ғана біз әріптесім ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткіздік. Оның қорытындысында біз Қытай мен Қазақстан Үкімет басшылары арасындағы екінші тұрақты кездесудің қорытындысы бойынша коминюке қабылдадық», - деді ол. Оның атап өтуінше, келіссөздер барысында түрлі саладағы екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуге әрі кеңейтуге бағытталған ауқымды уағдаластыққа қол жеткізді.

 Жалпы біздің Үкіметіміздің тізгіні Кәрім Мәсімовқа қайта тигелі бері Қытаймен жан-жақты байланыстар қарқын ала түскенін байқауға болады. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін төмендегі ақпарат жолдарын шолып өтсек те жетеді:  

  «Самұрық-Энерго» АҚ мен Қытайдың халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясының арасында меморандумға қол қойылды”;

“ҚР мен ҚХР мұнай-газ саласындағы техникалық әріптестік аясын кеңейтеді”;

“К.Мәсімов: Қытай бизнесінің Қазақстанға қызығушылығы жоғары”;

 “К.Мәсімов пен Л.Кэцянның қатысуымен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі өтуде”

–  және басқалар.

Бұл жерде басын ашып алатын  жәйт бар.

Біз еліміздің дамығанына, шетелдермен байланыстарды нығайтқанына әсте қарсы адам емеспіз. Біз президентіміздің саясатын толық қолдаймыз.

Алайда біз мемлекетіміздің бір алпауыттың құрсауына шырмалуына түбегейлі қарсымыз!

Бізді қатты алаңдататын мәселе  – елбасы тапсырған сыртқы экономикалық теңгерімнің бұзылғаны, бүгінгі саяси және сауда саттық жайының «сыни межеден» («критическая точка») өтіп кеткені.

Ел бұны көрмей отырған жоқ, көріп отыр. Біздің мақсат: елдің көзі жеткен жайттарды електен өткізіп, биліктің есіне салу ғана болды.

Ұлтжан Нықайтаров

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 887
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 667
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 745