Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5051 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 23:55

СӘКЕН ТУРАЛЫ ЖАҢА СПЕКТАКЛЬ

Қазақ кеңестік әдебиетінде өзіндік орны бар ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығармашылық құпия әлемін әр қырынан алып, зерттеп-зерделеушілер баршылық. Тіпті Сәкен шығармаларын талдап, арнайы монографиялар жазған Е. Ысмайлов, С. Қирабаев, Т. Кәкішевтердің еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Дауылпаз жыршы, Кеңестік кезеңдегі қызыл сұңқар атанған ақын бейнесі қазақ драматургиясында да бірнеше рет сомдалған. Айталық, С. Мұқановтың драмасы өз кезінде сахналанып, ерекше аталды да.

Ал, енді жаңа дәуірде С. Сейфуллинге басқаша көзқараспен қарап, оның құпия-сырларын өзгеше әдіспен жеткізуге талпынған туынды – “Сәкеннің соңғы сапары” (авторы – белгілі драматург Жолтай Әлмашұлы) деп аталады.

Таяуда Қарағандыдағы С. Сейфуллин атындағы драма-сазды театры осы пьесаны сахналады. (Режиссері – Дунай Еспаев.) 1930 жылдары Қарағанды обкомының екінші хатшысы болған ұлтжанды азамат С. Сапарбеков пен С. Сейфуллин арасындағы тартысты әңгімеге құралған бұл драмада кісінің жан дүниесіне барынша бойлап, ішкі иірімдерін тереңінен ашуға тырысқан. 1936 жылдың аяғына қарай Қарағандыға Сәкен ақын келеді, бірақ обкомның І-хатшысы оны қабылдаудан бас тартады. Соған қарамастан С. Сапарбеков онымен кездесіп, ұзақ әңгімелесіп, ой бөліседі, ақынның ішкі жан қиналысын тыңдап, рухани күш береді. Драманың ең үлкен жаңалығы – онда Сәкеннің шын бейнесін ашу үшін өзінің айналасындағы адамдар арқылы сөз сабақталып отырады, сырт көз арқылы ақындық-азаматтық бағасы беріледі.

– Бұл жаңаша әдіспен жазылған барынша тың драмалық туынды екен, – деді спектакльге қатысқан белгілі әдебиет және театр сыншысы Құлбек Ергөбек. – Маған пьесадағы жанама кейіпкерлер Тасжан мен Ұланбек өте қатты әсер қалдырады. Бұл тұрғыда қоюшы-режиссер Д. Еспаев ініміздің де ізденісі ерекше байқалады.

Осындай ойды Парламент мәжілісінің депутаты, жазушы А. Смайыл да қостап сөйледі. Айта кету керек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Жолтай Әлмашұлы Жұмат бұған дейін 20-ға тарта драмалық шығармалар жазған. Көптеген шығармалары республиканың драма театрларында соңғы 10-15 жылдан бері үздіксіз қойылып келеді. Драмалық шығармалардың республикалық жабық байқауларының үш дүркін жеңімпазы.

Спектакль аншлагпен өтті. Халық өте көп жиналды.

Енді театр ұжымы осы қойылымды басқа да облыстарға алып шығып, көрермендерге рухани ләззат сыйлауды жоспарлап отыр.

Айнұр Найманбай,

мәдениеттанушы.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 801
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 619
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 500
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 512