Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 7033 0 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 10:42

Қанат Тілеухан. ЖЕРЛЕУ


(әңгіме)

- Идут, идут,- деп үлкен қақпаны ашып,  он үш – он төрт жас  шамасындағы ұл бала айқай салды. Шылым шегіп сыбырласа сөйлесіп тұрған алты-жеті еркек темекілерін лезде тастап, «Ағатайым-ай,әкем-ай, көкем-ай»,- деп қол орамалмен беттерін бүркей бастады. Қазаға көңіл айтушылар аулаға «Бауырым, арысым»,- деп кіргенде, әйелдер жағы да дауыс шығарып, көз жастарына ерік берді. Қазан-ошақ маңында отын жарып, ас-су әзірлеп жүргендер үнсіз өз шаруаларын атқарып жатты.  Марқұмның жесірі Күлтәй жоқтауын өзгелерден бұрын бастап, ең соңынан аяқтады. Жерлеуге келгендердің барлығы  ақылдасып келгендей, сөздері бір жерден шығып жатыр.

- Жақсы уақытта кетті. Күздің жылы айы – қыркүйек. Жеміс – жидек піскен, мал да қоңды.

- Бар жоғы өзі бір-ақ күн ауырыпты дейді ғой. Жақсы адам ғой, ауыртпалығын салмады.  

Бүгін жарықтық Кәкенді жер қойнына тапсырады. Қара жамылған әулиеттің еркектері өз-өздеріне келгенімен, әйелдер жағы әлі де көз жастарын тия алар емес...

Түймебай ауылы үлкен қаланың іргесінде тұрғанымен мұнда орта мектептен басқа жұмыс орны жоқ. Сол білім мекемесін марқұм жиырма жылдан аса басқарды.  Мыңнан аса түтіні бар елді мекеннің әкімі Владимир Поротников деген орыс. Содан болар қазағы басым бұл ауыл үшін басшы Кәкен еді. Кәкен тумысынан шаруаға пысықтұғын. Кеңес үкіметі құрдымға кетпей тұрып, осы Түймебай совхоз болғанда басшылық қызметтерде болды. Ақыры директор болдым дегенде одақ  тарады емес пе? Ол әкімдіктен үміткер болды. Аудан басшылығының көңілін табуға тырысып бақты. «Үлкен» кісілерге де кісі салып көрді. Онысынан түк те шықпады. Кешегі селсебет бүгінгі әкімнің креслосына қарамағында бригадир болған Поротников қонжия түсті. Сол күні: «осы орыстар бізді трайбалист» деуші еді. Бұлар бізден озбаса, қалатын емес екен-ау. Володяның облыста бір дөкей құдасы бар... дегенді естіген едім деп, сөзін аяғына дейін жеткізбей әйеліне мұң шаққандай болып еді. Әйтсе де, Кәкеннің  ұнжырғасы түсе қоймады. Өз алдына жеке шаруа қожалық ашты. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын ол  екі-үш жылдың ішінде Түймебайдың жуанына айналды. Енді жұрт оны директор емес, бизнесмен Кәкен деп атап кетті. Ауыл шаруашылық институтын аяқтаған Кәкеңнің мамандығы мал дәрігері еді. Веттехниктің де, зоотехниктің де керек болса,  қолына таяқ ұстап, малшы да болды. Дәулеті арта бастаған соң танымай кеткен, аудандағы шенділер  өздері бірінші болып үзілген ара-қатынасты жалған-ды. Содан көп кешікпей шаруа қожалығына бас көз болуды інісі Сәрсенге тапсырып, өзі мектеп директоры болып шыға келді. Апталап малды ауылға шабылуды қойды. Шаруаға тас мығым, інісі де айтқанын екі етпейді. Үйде зерігіп біттім деп қоймағасын әйелін қарамағына алды. Күлтайы бастауыш сыныптарға сабақ берді. Келіннің мамандығы заңгер. Ауылда оған жұмыс қайдан болсын. Ол да мектепте көп пәндердің бірінен бала оқыта бастады.  Қызы Раушан өзіне тартып туған. Қолынан іс келеді. Қаладағы жоғарғы оқу орындарының бірінде дәріс оқиды. Ғылыми атақ та алып үлгерген. Ал, ұлына келгенде жер шұқып қалатыны бар-тын. Бір емес екі оқу бітірді. Әскеріне де барды. Бірақ, немен айналысса да әйтеуір бір жолы болар емес. Араққа жақындығы тағы бар. Онымен қоймай  өзі төбелес құмар. Қандай  болса да сол жалғыз ұлдан екі бірдей немере де сүйген еді. Солардың қызығын көрмей кетті-ау. Қан қысымы көтеріліп, кенеттен көз жұмды.

         ****

Жаназа намазы аяқталысымен еркектер жағы марқұмды жер қойнына тапсыруға кетті. Қазан-ошақ маңындағы  бір-екі ер адамның жүргені болмаса. Әйелдер жағы дастархан дайындап зыр жүгіріп жүр. Енді біреулері марқұмның жақсы адам болғандығын айтып жатыр. Бірін-бірі көп көрмеген абысын-ажындар шүйіркелесіп әңгіме дүкен  құруда.  Үш күн, үш түн тоқтамай жылаған Күлтай басын әрең көтеріп, маңайына көз тастады. Қара құрым адамдар. Қайғысына ортақтасып келген осынша көп жандарға мейірлене қарады. Бір кезде қалың нөпір ішінен әлде біреулерді іздей бастады. Көзінің астымен жан-жағын бір сүзіп шықты. Кімді таппай отырғанын өзі де білер емес. Ақыры тапты. «Айгүл Камаловна қай жерде отыр екен» деді ішінен. Ешбір жерден көрінбейді. Бәлкім үйде отырған болар. Бірақ, дала суық емес, ол үйде не істейді? Е, өлгесін Кәкеңді енді ол қатын керек ете ме деп ой түйді Күлтай. Бәлкім шұғыл шаруасы шығып қалды ма екен? Қанша дегенмен аудандық білім бөлімінің бастығы емес пе? Жұмысы шаш етектен. Алда жетісі, қырқы бар. Келіп қалар, келіп қалар.  Осылайша өз-өзімен отырғанда  Күлтай Мақсұтовна, Күлтай Мақсұтовна деген дауыс оны ұйқысынан оятып жібергендей болды. Қараса қасында отырған әріптесі Айнагүл екен.  

-      Мен жүре берейін.

-      Тамаққа қалмадың ба?

-      Ауданға барып, отчет тапсыруым керек. Өзіңіз білесіз ғой. Коллективтің барлығы осында. Мынау жинап алып келгеніміз, - деп Күлтайдың қолына конверт ұстатып, Айнагүл орнынан баяу тұрып, ақырын  жүріп кетті.

 Қолындағы конвертті қайда қоярын білмей абдырап қалған ол лезде маңайына көз тастап үлгерді. Қасында тек Ырысты отыр екен. Бағаналы бері үнсіз отырған Ырысты Күлтай оған қарағанда  сөйлей жөнелді.

- Осы Қарақалпақстаннан келгендер пысық болады, - деп қақпаға жетіп қалған Айнагүл жаққа бір қарап қойып, - өзіңіз білесіз ғой, біздің мектепке орналасқаны да, завуч болғаны да кеше ғана. Бүкіл коллективтің атынан сөйлейді. Отчет дейді ме өзі еще. Осы қарақалпақ директор болады деген сөз бар. Бекер сөз емес-ау. Осы айтқанымды ұмытпаңыз, жеңеше, - деп барып Ырысты тоқтады. Күлтай бір нәрсе айтқысы келді. Алайда, жауап қатпады. Бұрындары Айнагүл жеңеше деуші еді, жаңа маған Күлтай Мақсұтовна деді. Онысы несі екен деп ішінен ойлады да қойды. Бір кезде есіне ұлы түсті. Кеше «папочка» деп жылап жүр еді ғой, ішіп алып. Бүгін өзі сау ма екен? Жылай-жылай екі көзі ісіп, онсыз да мең-зең болып тұрған басын ауыртқысы келмеген Күлтай  ұлын ойынан шығарғысы келіп: «Қайсың бар? Су алып келіңдерші», - деп айғай салды. Келіндерден бұрын бір шөміш сумен көршісі Балқыз жетіп келді. 

- Рақмет, айналайын, -  деп судан бір-екі ұрттап шөмішті жылы шыраймен қайтарып беріп: -Ағаң өлгелі осында жүрсің,тыным таппай. Балаларың аш қалып қалған жоқ па? Осы үйден жейтін бірдемелерді апарып бер. Анау клетте жылқының бүйрегі, жүрегі, бауыры бар соны да салып ал. Бауыр мен өкпесін итке берерсің. Қалғаны тамақ қой. Балжан тіл қатпай басын изеді де қазан-ошақ жақты бетке алды. Күлтай соңғы үш күнде осы бір қырықтан асқан келіншекті жақсы көріп кеткен. Кейбір абысындар мен келіндерге қараған бұл жарап тұр. Күн-түн демей жүгіруде. Кәкен өлген күні ең бірінші болып, осы Балжан жетті. Қолында он мың теңгесі бар. «Тәте, мынау қосқаным емес. Аға жұмысқа алды емес пе. Мынау сол рақметтің  қалған жартысы ғой. Жылына дейін қосармыз. Қазір енді қолымызда...  Енді өзіңіз білесіз ғой» -деп басын төмен түсірген болатын. Сол кезде Күлтай көршісінің адалдығына риза болған. «Еее, жақсы адамдар бар екен-ау», - деген. Балқыздың орнында басқа біреу болса өзі жоқтың көз жоқ деп кетер еді. Тыныштықты тағы да Ырысты бұзды.

-      Осы қатын елдің іші-бауырына кіріп кетеді.

-      Балжан жақсы келіншек. Он саусағы - он адам.

-      Ия, оныңыз рас, жеңеше. Мектептің еденін  жылтыратып тұрып жуады емес пе.

-      Ол келгелі мектебіміз мұнтаздай тап-таза,  музейге айналды, - деп кекете езу тартып сөзін қайта жалғап кетті, - Әсіресе, Кәкен ағаның кабинетін күштілеп тұрып жуып беретін. Әйтеуір сипалақтап жүріп алатын, - деп барып, тілін тежеді. Артық сөз айтып қойғандығын  кеш түсінген Ырысты  ары қарай не дерін білмей: «Қой, ана қатындарға болысайын», - деп сылтауратып  орнынан асығысы тұрып, жүріп кетті. Кәкеннің жесірі  Балжан бастықтың бөлмесін ұзақ жуады. Соған қарағанда өзін де жуындырады-ау деген сыпсың сөзді мұғалімдерден талай естіген еді. Басында мән бермеген-ді. Алайда, күннен-күнге жұрттың бұл сөзі оны ұйқысынан айырғасын  мінезі ауыр күйеуінің шамына тимейін деп естігенін майдалап жеткізгенде. Кәкең күліп жауап қатқан болатын. «Бұл мектепте менен басқа еркек жоқ емес пе? Дене шынықтырудан да әйел береді. Қатындар жүрген жер өсек. Мен олармен шәпілдеспеймін ғой. Қайсының ауызына қақпақ қоям. Балжан бізге жаңадан орналасқасын «свежий» өсектің құрбаны болып отыр.  Айтып-айтып қояр. Осының барлығын шығарып жүрген сенің анау Ырысты қайынсіңлің. Осы бір бейәдеп қылығын қоймаса жұмыстан шығарып жіберемін-ау. Өткенде  педсоветте:  «Менің ағам мықты. Өзі ветврач болса да мен деген тарихшылардың алдын орап кетеді. Тарихтан сабақ беріп қор болып жүр. Оқулық жазу керек  деп өзінше кекетті емес пе?» -деп қабағын шытқан еді.  Неге Кәкен Ырыстыны жұмыстан шығарып жібермеді екен деп ойлады Күлтай. Әлде, Ырысты Балжанмен Кәкен арасындағы байланысты білді ме? Құрысын  мен өзі не шатып-бұтып отырмын.

– Тимур! - деп айға салды Күлтай. 

-Да, бабушка, - деп он үш – он төрт жас шамасындағы ер бала жүгіріп келді. Апасы:

- Анау клетте атаңа сойылған жылқының жүрегі, бүйрегі, бауыр-өкпесі бар. Соны иттің алдына апарып таста, - деп қатаң бұйырды да орнынан тұрды. Бұл кезде жерлеуге кеткен еркектердің басы да қаралы үйге келіп жеткен еді.

                            **** 

         Ұзынан – ұзақ төселген берекелі дастархан басына көпшілік бір атаның баласындай ың-шыңсыз жайғасты. Басында ақ сәлдесі, үстіне алтынмен жалатылғандай оюы бар ақ шапан жамылған аудан орталығынан келген имам өзіне жарасымды әдемі бір мақамға салып құран оқыды. Әндетіле оқылған құдай сөзі әдеттегіден ұзақ оқылғандай болды.  Имам соңғы сөзін күбірлей айтып, бетін сипағанда барып, көпшілік  алдағы астан ала бастады. Топырақ салып келген жұрттың тәбеті болмады ма, әйтеуір шұқып-шұқып бірдеңе жегендей болды. Әдетте шай құмар келетін әйелдер жағы да алдарына төселген астан аз ғана ауыз тиді. Көп кешікпей сөз тізгінін имам алды. Әрбір адамның о, дүниеге барғанда жауапқа алынатын айтып, мұсылманның бес парызын түгендеп шықты. Мұхамед пайғамбардың хадистерін де әңгімелеп берді. Уағызын ұзақ айтқан дін қызметкері сөз соңында көпшіліктен сыпайы ғана ғафу өтінді.

-Уа, ағайын, көп сөйлеп кетті деп айып етпеңіздер. Білгенімізді айту біздің парызымыз. Алла тағала барлығымызға өмір берді. Осы жарық дүниені ақ жолда жүріп өтуді жаратқан нәсіп етсін. Күлтәй жеңеше, қаза арты тойға айналсын. Ағамыз елге еңбегі сіңген жақсы азамат еді. Әке жолын ұлы мен қызына берсін дейміз. Орайы келгенде таныстырып қояйын, ағайын, мынау менің қасымдағы жігіт осы көктемде Түркияда білім алып келген жас маман. Аты Махмұт. Міне, осы бір-екі күнде жұмысына кіріседі. Жеңеше, жеті шелпегіңізіді пісіріп, қойсаңыз болды Махмұтжан әр жұма айтқызбай-ақ, қырқына дейін келіп құранын оқып кетіп тұрады, - деп сөзін аяқтады. Көзін төмен салған жас имам басын изеумен болды.  Күлтай да басын изеп рахмет дегендей ишара білдірді. Содан кейін алыстан келген ағайыны бар, құдалар бар бір-бір ауыз сөздерін айтты. Марқұмның жақсы адам болғандығын да тілге тиек етуді ұмытпады. Ең соңынан ауылға келген жаңа жас имам құран оқыды. Көпшілік тұруға ыңғайлана бергенде, шеткеректе отырған бір жігіт даусын зорайта шығарып құран оқи бастады. Жұрт  орнынан тұрып үлгермеген еді.   Тағы сүрелерге құлақ түріп, өлі тыныштық орнатты. Күлтай бұл кім екен деп әлгі жігітке көз қадады. Бұл ауылда намаз оқитын санаулы-ақ шал бар солардың бірінің баласы шығар деп ойлады. Жүзіне зер сала қарап еді ойындағы шалдардың біріне де түрі ұқсамайды. Даусы ақ шапан киген көсе қос имамдікіндей әуезді болмаса да сенімді шығады. Кеудесіне дейін түскен сақалын сипап қойып көзін тарс жұмып тұрып беріле құран оқиды екен. Сонымен бұл кімнің баласы болды екен деп Күлтай тағы да ойлады. Құранын алдындағы екеудей ұзақ оқымаған жаңағы жігіт аумин деп айтқанымен бетін сипаған жоқ. Тамағын кере созып уағызын айта жөнелді. «Аллаһ тағала бізге бұл өмірді сынақ ретінде беріп отыр. Шын өмір, мәңгілік өмір о дүниеде. Сондықтан харам дүниеге жоламай тек Аллаһқа сиынуымыз керек. Қазақ тас түскен жеріне ауыр дейді. Әйтсе де, сабырға келіңіздер. Мұсылманның қаруы сабыр. Аллаһ сабырлы құлдарын жақсы көреді. Жылай бермеңіздер. Марқұмның да зиратына бара беруге болмайды. Барлығымыздың баратын жеріміз сол жақ. Біз де өлеміз ғой деп, өлетінімізді еске алу үшін ғана зират басына баруға болады.Сосын жеті шелпекке құран оқып, әруаққа тие берсін деп майға піскен нанды жеуді  қазақтар қою керек. Олда исламда жоқ » дегенде даусы тіптен зорая түсті. Жиналған жұрт мынау не айтып кетті дегендей  имамдар жаққа қарады. Жас имам бірдеңе айтқысы келіп еді. Бас имам ақырын ғана аяғын басып, ауызын аштырмады. Сөйлеген сайын бейтаныс жігіт қыза түсті. Біреу қуып бара жатқандай асыға сөйлеп, уағызын аяқтауға асығатын да емес. «Әдетте біз тойға барғанда не айтамыз? Үйлену той болса екі жасқа бақыт тілейміз. Жас баланың сүндет, тілашар тойы болса азамат, болсын, әкім болсын тағысын тағы  жүрек жарды тілектерімізді айтамыз. Ал кісі өлгенде иманды болсын дейміз. Яғни өлген адамға тек қана құран тиеді. Қазір көп адамдар зәулім үйдей ғып зираттар соға бастаған. Марқұмның басына алттынан белгі қойсаң да оған тиер пайда жоқ. Одан Аллаһ марқұмды жұмаққа қабылдай қояр деп ойлайсыздар ма? » деп бір тоқтап, алдындағы кеседегі шайын бір жұтып, тамағын жібіткендей болды. Басында жұртпен бірге аяқ асты пайда болған молда жігітке тыжырына қараған Күлтайға соңғы сөздер ұнай бастады. Отырғандар ішінен ұлын іздеді. Сол көксоққан тыңдаса етті. Ол есірік әкесіне күмбез тұрғызудан тайынбас  деп ойлады. Ой құшағынан босап, отырғандарға қараса сөйлеуші біраз жұртты өзіне ұйытып алыпты.

- Мына баланың сөзінде жан бар. Қыруар ақшаны марқұмның зиратына шашқанша, ұрпағына, туған-туысына жұмсау керек дегені жөн-ақ  екен, - деп қарама –қарсысында отырған бір егде кемпір  сақалды баланың ауызына түскелі отыр екен. Көп отыруға белдері жарамаған қарттар жағы өз батамыз өзімізге деп тұра бастағанда барып уағыз да аяқталды. Жұрт тарқай бастады. Аудан орталығынан келген имам жас әріптесін жеке шығарып алып, біраз сөйлесті де марқұмның жесірімен қоштасып, көлігіне отырып жүріп кетті. Күлтайдың қасында тек қана алыстан келген ағайын мен ең жақын деген  туған-туыстары қалды. Жұрт аяғы әбден басылғасын Күлтай өзінің қатты шаршағанын сезді. Ұйқысы келді.

- Ұйқы арсыз деген рас екен-ау, - деді де, жататын бөлмесіне барды. Артынан сіңлісі Ұрқия келді.

-      Жатып қалдыңыз ба? Қанша күн болды дұрыстап тамақтанбадыңыз. Жаңадан стол жасап қойдық жүріңіз.

-      Рақмет, Ұрқия. Өздерің іше беріңдер. Зауқым жоқ. Әмбе ұйқымда келіп тұр. Бір мызғып алайыншы  –деді  Күлтай.  Әпкемнің мазасын алмайын деген Ұрқия бөлмеден тез шығып кетті.

Күлтайдың көзі енді іліне бастағанда қайынсіңлісі Рабиға оятып жіберді.

-  Жеңеше, отчетті өз қолыңызбен қабылдап алыңызшы. Кімнің қанша алып келгенін жаздым. Міне! - деп қолындағы дәптерді ұсынды. - Мынандай көп ақшаны кім ұстап көрген, жоғалтып алмай тұрғанда өзіңізге берейін дегенім ғой,-деп газетке оралған ақшаны және берді. Алғашқыда Күлтай «кейінірек берсең болмаспа еді» деп айтқысы келді. Сосын үнсіз Рабиғаның бергенін алып жастығынын астына салды. «Қысқасы, жеңеше, ағамның пейілі ақ екен. Өз шығынын өзі көтерді», - деп Рабиға өзіне жүктелген жұмысты адал атқарғанын да сөз арасында айтып, тысқа шығып кетті. Мына заржақ қайдан-ақ келді өзі деп есіней көзін ашты. Көзі қабырғадағы күйеуі екеуінің  суретіне  түсті. Алғаш үйленген жылдар ғой бұл. Ех, бес күндік өмір деген осы екен ғой. Күлтайдың көзіне жас келді. Жылауға шамасы келмеді.  Төсегіне қайта жантайды. Басы жастыққа тигенде Рабиғаның ақша әкеп бергені есіне түсті. Ұйықтамақ болып, көзін жұмды. «Қанша ақша жиналды екен?» -  деді іштей. Қолын жастықтың астына салды. Тағы да: «Қанша ақша жиналды екен?» - деді.  Осы күйі Күлтай ұйықтай алған жоқ. Қолын қайта-қайта жастықтың астына салумен болды.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 917
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 766
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 597
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 613