Жексенбі, 1 Тамыз 2021
Билік 4217 0 пікір 29 Мамыр, 2014 сағат 12:53

ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ НЕДЕ?

Қазіргі кезде қарапайым адамдар осындай сауалға жауап іздейді. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құруға ұмтылған үш мемлекет өзінің тауарлары, қызмет түрлері және жұмыс күшін біріктіргеннен не ұтады? Адам капиталының (жұмыс күшінің) еркін қозғалысы қарапайым азаматтарға не береді? Мұндай сауалдардың нақты әрі қарапайым жауаптары бар. Айталық, экономикалық интеграцияның нәтижесінде қарапайым қазақстандықтар ең алдымен, тауарлар мен қызмет түрлерін таңдаудың үлкен мүмкіндіктеріне ие болады. Ортақ нарықтағы ашық бәсекелестік сырттан импортталатын және жергілікті жерде өндірілетін өнімдердің бағасын төмендетуге септігін тигізеді. Тұтынушылар үшін ең басты артықшылық – ЕЭО-қа мүше елдерде шығарылған тауарлардың сапасына жоғары талап қою. Мысалға, Ресейде шұжық өнімдерінің құрамы 60 пайыз еттен тұрады. Ал Қазақстанда құрамында 5-тен 20 пайызға дейін еті бар өнімдерді шұжық өнімдеріне жатқызамыз. Бірыңғай техникалық ретттеу шаралары енгізілген соң өнімдар сапасы да жоғарылайды.

Интеграцияның екінші бір артықшылығы – серіктес-елдердің тұтыну нарығына бағытталған өндірушілердің бірлескен өндірісін ашу және бұрынғы өндірісті кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады. Осының бәрі жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатының өсуіне жағдай жасайды. Оның үстіне Қазақстан басқалармен салыстырғанда аса маңызды бәсекелік артықшылықтарға ие. Өте қолайлы инвестициялық климат, жеңілдетілген салық жүйесі, бизнесті оңай тіркеу – осылардың арқасында үздік технологиялар мен инвестицияларды магнитше тартып отырмыз. Сонымен бірге, шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар елдегі саяси тұрақтылыққа ерекше назар аударады. Біздің ең үлкен артықшылығымыз – қоғамдағы бірлік пен ұлтаралық татулық. Осыған көз жеткізген ресейлік, беларустық және т.б. ірі-ірі өндірушілер Қазақстанда бірлескен кәсіпорындарын ашуда. Мысалға, Ресейдегі әйгілі «КамАЗ» компаниясы Көкшетауда «КАМАЗ-Инжиниринг» бірлескен кәсіпорынын ашты. Осы кәсіпорында электрлі-газды қозғалтқышпен жүретін гибридті жүк автокөлігін шығару қолға алынды. «Агромашхолдинг» АҚ-ы Беларусьтың ең ірі өндірушілерінің бірі – «Гомсельмашпен» бірлесіп, Қостанайдағы дизель зауытының базасында жемшөп және астық жинайтын комбайндар шығаруда. Қазақстандық өнім шығарумен қатар қаншама мың адамға жұмыс орындары ашылды.

Үшіншіден, ортақ нарықтың ішіндегі еңбек көші-қонының шаралары да айтарлықтай жеңілдетіледі. Бірыңғай экономикалық кеңістікке (БЭК) кіретін елдердің барлық азаматтары Қазақстанда, Ресейде және Беларусьта жұмысқа орналасу кезінде тең құқықтар мен міндеттерге ие болады. Адам капиталының еркін қозғалуы БЭК-ке қатысушы елдердің бірінде жұмысқа орналасарда уақытты қысқартуға және рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мысалға, Қазақстан азаматы Ресейге барса бұрынғыдай міндетті тіркеуден өтпей-ақ 30 күн жүре алады.

Сонымен бірге, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов хабарлағандай, ЕЭО құрылғаннан кейін қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдары серіктес-елдердің университеттері дипломдарымен тең дәрежеде мойындалады. «Қазір азаматтардың білімі туралы дипломдарды серіктес-елдер арасында мойындау мәселесінде кедергілер бар. Нақтырақ айтсақ, орта, орта арнаулы және жоғары білім туралы дипломдар расталуы қажет. Мәселен, Қазақстанда жұмысқа тұрғысы келген азамат шетелдік дипломын растауы үшін рәсімдеу сатыларынан өтеді. Келешекте біз бұл талаптарды алып тастаймыз. Ресейде не Беларусьте оқыған азаматымыздан дипломын растауды ешкім талап етпейтін болады»,- деді ол БАҚ өкілдерімен кездесуде.

Қазіргі кезде үш елдің дипломдарын растауды талап етпейтін жоғары оқу орындарының тізімі жасалуда. Назарбаев университетінің түлегі М. Ломоносов атындағы ММУ-нің түлегі тәрізді Ресей мен Беларусьта жұмысқа орналасуға толығымен құқылы болмақ. Бұл мүмкіндік әрі белсенді, әрі бәсекеге қабілетті отандастарымызға «еуразиялық үштіктің» ортақ нарығында қызметтік мансабын жасауға жол ашады. Интеграцияның игіліктері мұнымен де шектелмейтіні белгілі. Сайып келгенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, «еуразиялық интеграция – ол бізге екі мыңжылдық белесінде тарихи прогрестің объективті қадамын ашқан ұлы мүмкіндік» екеніне көзіміз жетеді.

 

Әмірлан Әлімжан.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар