Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Зерттеу 15343 0 пікір 26 Маусым, 2014 сағат 12:07

«ТӨРТІНШІ БИЛІК»! ОЛ ҚАНДАЙ ҚҰЗІРЕТ?

Су, қуат көздері адам өмірі үшін қаншалықты маңызды болса, ақпарат та соншалықты мәнділікке айналды. БАҚ пен журналистер қауымына қойылатын талап күшейген сайын, сала қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі күнтәртібіне шығарылып отыр. Ақпаратқа деген күнделікті сұраныстың қарқынды өсімі оны ел тұрғындарының күнделікті қолданатын негізгі қажеттіліктерінің біріне айналдырды.

Қазақ даласында кәсіби журналистиканың негізі қалана бастағанына да ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл, әрине, адамдар мұнан бұрын өзара ақпарат алмаспады, ұлы дала құлаққа ұрған танадай меңіреу болды деген сөз емес. Көшпенді тайпалық рулардың ата-бабалары Алтайдан Атырауға дейінгі айшылық жерге бір-бірлеріне дұғай сәлем жолдап, «ұзынқұлақ» арқылы да бәрін біліп отыруды көздеді. Кейін жазу-сызуға көшіп, өсиет сөздерін балбал тастарға қашап басып, келер ұрпаққа өз жайларынан мағлұмат қалдырды.

1400 жылдары әлем халықтары болған оқиғаны қағазға түсіріп, оны еселеп көшіріп таратуға көшкені мәлім. Ал 1600 жылдары Германияда алғашқы баспа түріндегі газет шығарылса, бірнеше жылдан кейін Англия мен Франция ресми түрде басылған ақпарат парақшаларын тарата бастаған. 1622 жылы әлемнің тұңғыш апталық журналы оқырмандар қолына тиді. Ал мұндай мүмкіндікке ХХ ғасырдың басында ғана қазақ жұрты Алаш қайраткерлерінің арқасында қол жеткізді.

Тарихи кезеңдерге бір сәт көз жүгіртуіміздегі мақсатымыз өткен шаққа саяхат жасау емес. Керісінше, қазіргі қазақ журналистикасының жай-күйіне азырақ тоқталып, ой бөлісу екендігін атап айтқан жөн.

Зерттеушілер арасында журналист еңбегінің ауырлығын жеті қабат жер астында көмір қазатын бұрғылаушылармен салыстыратындар бар. Оны қисынсыз теңеу деуге келмейді. Күйіп тұрған оқиғаның басы-қасында болуды, қайнаған өмірдің ортасынан «кен қазу» журналистің маңдайына жазылған тағдыр. Мамандықтың талабы мен таңдауы сол болған соң амал жоқ, журналистердің еңбегі жұмыстың сегіз сағатымен шектелмейді.

Өзгелер жұмыс уақыты біткен соң кеңселерінде бәрін қалдырып, демалуға қайтса, журналистің «арқалаған жүгі» одан бір елі қалмай үйіне ере келеді. Тіпті қыр соңынан бір елі де қалмайды, әрі-беріден соң ұйқы-күлкі бермеуге де бар. Көзі ұйқыға кеткенше аяқталмаған мақаласының, ертеңгі телехабары сценарийінің жобасын, бағдарын бажайлап, жоспарлап жатуы кәдік. Түсінде көріп, оянған сәтте идеясын қойын дәптеріне түртіп қойып қайтадан жантайса, оған да таң қалуға болмас.

Соған қарамастан қоғам оларға тым қатал әрі биік талап қояды. «Мынаны телеарналар неге көрсетпейді, газеттер неге жазбайды? Әлгі журналистер қайда жүреді, осы» деп бір тобы мін тақса, келесі бірі «Қарашы, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерден бұрын мына журналистер келіп алып түсіріп жүр. Не деген жамандыққа жандары құмар адамдар десеңші. Аңдыған баққандары өсең-аяң бұлардың» деп жатып кеп сөгеді. Қыл аяғы түрлі мекеменің есігін қорыған күзетшінің өзі оларды кеудеден итеріп маңына жолатпауға бар. Сөйте тұра бәрі тың ақпарат алып, тосын жаңалықтар көргілері келеді. Эфир арқылы немесе газет бетінде ұсынған туындының өзіне не көп, сыншы көп. «Ананы бүйтпеді, мынаны сөйтпеді» деп журналистерді кінәлауға келгенде біздің қоғам алдыға жан салмайды. Осылайша, ешкімге ұнамайтындығымен де журналистика деген қиындығы молдау мамандық.

Дегенмен, қарда ізі қалмаса да, қағазда аты, эфирде заты бар шығармашылық туынды жасайтындығымен қызығы мол кәсіп. Кейінге қалдыратын ізі мен жұрт жадында ізгілік ұялататындығы да көңілге медеу. Өзге мамандықтармен салыстырғанда әр ісі елдің көз алдында ашық көрініс табатындықтан жақсы-жаманын ажырату, төгілген маңдай тер мен тесілген табан еттің жемісін көруі жылдамырақ. Әрине, жақсы туынды жасасаң, көңілің өсіп, марқаясың, рухани бір байып қаласың. Оның мәні журналист еңбегінің өзі қоғамның игілігі мен әлеуметтік әділеттілікке бағытталатындығында. Бұл тұрғыдан келгенде журналистер дегеніміз роман жазуға мұршасы жоқ дарын-қабілеті жетік талантты жазушылар деген тәмсілге еріксіз иланасың.

Қоғамның игілігі үшін жан аямай күресу пешенелеріне жазылып қойғандықтан, бұл мамандықты таңдағандар салаға барынша беріліп, оның жолында бәрін құрбан етуге даяр болып келеді. Үнемі тың көріністермен ұшырасып, бір жазғанын екінші рет қайталамай, әрдайым санқилы оқиғалар мен деректердің сырына терең бойлап отыратындықтан журналистер барлық саладан хабардар зерделі жандар.

Журналистика саласына саналы түрде келіп, оны тағдырымен сабақтастырған әріптестеріміздің дені әділетсіздікке жан-тәнімен қас. Арамдықтың ауласынан, көзіне шалынған былық-шылықтың қасынан үнсіз өте алмайды. Бірақ өз істеріндегі кемшіліктерді көруге, оны мойындауға келгенде салғырттық танытатын, кейде тіпті шаң жуытпай қоятын аздаған «бетпақтығымыз» да кейде қылаң беріп жатады. «Елің қандай болса, бөркің де сондай» демекші, қоғамдағы түрлі сырқат пен тымау атаулының вирустарына журналистер де шалдықпай тұра алмайды.

Күнде өзгеріп, қайта түлеп жатқан бүгінгідей алмағайып заманда ақпаратты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын баспасөзден қуатты қару кемде-кем. Оны игі бағытқа бұрып, жақсылыққа пайдаланса, ықпалы айтарлықтай зор болмақ. Үлкен өкінішке қарай, үнемі олай бола бермейді. Қаржы топтары мен саяси күштер ақпарат құралдарын өздерін өзгеден қорғайтын сауытқа, бәсекелестеріне сілтейтін семсерге айналдырғылары келеді. Осындай мақсатпен ондаған газет-журнал, телеарналар мен радио редакциялар ашылды, ашылып та жатыр.

Бизнес заңдылығы бойынша сапалы өнім өндіргендер ғана аяғынан тік тұра алады. Ал оған шама-шарқы жетпесе, банкротқа ұшырап күйіп кетеді. Нарықтың заңы шынында қатал. Алайда соған қарамастан, кейбір жандар кәсіпкерліктің мүлдем өзге қырынан тапқан қаржысымен ақпарат құралын ілдебайлап асырайды.

Нарықтың заңын айтпағанда демократиялық қоғамның дәстүріне қайшы келетін жайлар да баршылық. Айталық, біздің елде бірқатар басты делінетін газет-басылымдар мен телеарналардың үкіметтік бюджеттен іс жүзінде тікелей қаржыландырылатыны немесе мемлекеттік сатып алу мен тендерлерде артықшылыққа иек артатындығы.

Бейнебір жан сақтау бөліміне түскен созылмалы науқасты емдегендей-ақ өспейтін, өшпейтін шалажансар ақпарат құралының тамырына қан жүгіртеді. Олардың жарияланымдарының сапасы, тиімділігі, билікжанды журналистердің дарын-қабілеттілігі туралы ресми үкімет ауыз ашпайтын. Ана жылы ғана мемлекеттік хатшы болып тұрғанда Марат Тәжин олардың масылдығына налып, жұрт оқымайтын газетті шығарудың, елді елең еткізбейтін телехабар таратудың мәні жоқтығын мәлімдегені болмаса.

Профессор, әлеуметтанудың әйгілі ғалымы Тәжиннің сол жолғы сыны үкімет қазынасынан тамақтанып отырған ақпарат құралдарының шектен шыққан жағымпаздығынан ресми биліктің өзі мезі болғандығын көрсетіп берді. Шіркін, ресми билік маңындағы тұлғалардың бәрі Мәкеңдей болса, ендігі ары өзгеше ойлайтын, балама ақпарат тарататын баспасөз қуғын-сүргінге ұшырамасына, журналистердің соққыға жығылмасына, саяси тапсырыспен сотталмасына сенгің-ақ келеді.

Журналист болуға талаптанушылар Кеңес Одағы тұсында Алматыдағы жалғыз журналистика факультетіне ағылатын. Оны бітіргендердің арасынан танымал таланттардың талайы туып шыққаны мәлім. Алайда күректей дипломды қалтаға басқанымен, елу жол заметка да жазбай ізім-ғайым жоғалғандары қаншама.

Тәуелсіздік жылдарында журналистика мамандығын ашқан ЖОО саны жиырмадан асып кетті. Бірақ мықты журналиске деген сұраныс әлі қанағаттандырылмай келеді. Жазуға бейімі барлары жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Тәуірлеу жазады делінгендері редакцияның бірін тастап, екіншісіне ауысып жүре беретін болды. Жас түлектердің дені телевизияға аса құмартады. Тез танылудың ең төте жолы осы телеарна деп санаса керек.

Жапонияның әлемге әйгілі ең ірі ақпараттық агенттігі «Kyodo news» пен күніне үш рет жарыққа шығатын «Асахи симбун» газеті, АҚШ-тың «CNN» телекомпаниясы мен «Вашингтон пост» газеті секілді дүние жүзінде аса танымал БАҚ орындарында қызмет ететін журналистердің көбі егде тартқан жасамыс мамандар. Ал бізде керісінше. Әсіресе электрондық ақпарат құралдарын кілең бозбала мен бойжеткендер жаулап алған.

Журналистика мамандығының өзіндік ерекшеліктері бар. Өзге мамандықтар өз саласын меңгерсе жетіп жатыр. Ал журналист бәрін білуі керек. Тым құрығанда, барлығынан хабардар болуға міндетті. Журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігінің өзі бірнеше атанға жүк боларлықтай салмақты. Оны екінші курстың әлі кәмелеттік жасқа да толмаған студентіне арқалату қаншалықты қисынды?! Өйткені, ұлттық университетімізде журналистік білім беріп жүрген декан, кафедра меңгерушілері өз шәкірттерінің екінші курстан бастап БАҚ редакцияларында жұмыс істеп кеткендерімен мақтанатын болып алды.

Бұл мақтаныш емес. Сонда, өздері не бітіреді? Студенттерді бір жыл ғана оқытып, қалған үш жыл бойы текке отырып айлық ала ма? Мемлекет белгілеп берген білім стандарты қалай орындалады? Әлде, айналасы алты айдың ішінде профессор, доценттердің айтарлы таусылып дағдарып қала ма?

Журналистердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау мәселесінің кезінде мемлекеттік хатшының деңгейінде көтеріліп, проблемалардың ортаға салынуы кездейсоқтық болмаса керек. Түрліше дәріптеліп, асыра мадақталған Кеңес Одағының түбіне жеткен де осы жалған ақпар мен жасанды ода болғанын түйсіну соншалықты күрделі жұмбақ емес.

Негізі, журналистер қауымы деген қоғамдағы ағымға еріп, бірге жүзіп жүретін, жетекке еретін «түлкі алмайтын тазы» емес. Керісінше, жиған ақпараты мен оны тарату мүмкіндігіне қарай алдыңғы қатарға шығып, қоғамды даму мен өрлеуге жетелейтін көшбасшы тұлға болуға міндетті. Сонысымен де ол үкіметке елеулі түрде ықпал етіп, халықты жанама түрде басқаратын «төртінші билік».

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, 

 халықаралық журналист

 Abai.kz

 

0 пікір