Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Көк тудың желбірегені 6105 0 пікір 26 Маусым, 2014 сағат 12:24

ЕРДОҒАН ПАРИЖ ҚАЗАҚТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Франциядан тарап жатқан ақпарат құралдары Түркияның премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапары аясында Париж қазақтарымен кездесті деген ақпаратты таратты. Бұл деректі Парижде тұратын қандасымыз Берлин Иришев те растады. 

Париж қазақтары Түркия премьерін әуежайда қазақтың көк туын желбіретіп тұрып қарсы алған. Көз көргендер бұл жай­лы «Түркиялық премьер Париж тө­рінде желбіреген қазақтың туын өз елінің туындай қабылдады» дейді. Күтпеген кез­десуге риза болған ол «Қазақтар мен тү­ріктердің мемлекеттік шекараларының қиыспайтындығы да, елтаңбаларының бір-біріне ұқсамайтындығы да бір-бірінен бөле алмайды. Біз түбі де, тегі де бір ха­лықпыз. Аталы тұқым ешқашан азып-тозбайды» депті. 

Түбі-тегі бір бауырларының ықыла­сына риза болған түркиялық премьер са­пар хаттамасына әуежай басында шұғыл өзгеріс енгізіп, қазақ диаспорасы ақса­қалдарының шаңырағына ат басын бұра кетуге шешім қабылдапты. Алыстан кел­ген қонақты кәде-сыйсыз жібермейтін қан­дастарымыз Түркия премьерінің иығы­на шапан жауып, қазақтың киелі домбырасын сыйға тартқан. 

Түркияның Париж қазақтарына деген ала-бөтен ықыласының себебі де бар. Өт­кен жылы ресми Анкара шетелдегі диас­порамен байланыс туралы арнайы Кон­цепсия қабылдаған. Онда шетелдегі этника­лық түрік ұлты мен түркі тектес диас­пора өкілдерін бір-бірінен бөлуге болмай­тын­дығы, қаржылық және консульта­тив­ті кө­мек те тең дәрежеде көрсетілетіні айтыл­­ған. 

Ердоғанды Париж әуежайында қарсы алған қазақтың бірі – SB Capital (Париж) консалтингтік компаниясының кеңес­ші-сі, экономика ғылымдарының докторы Бер­лин Иришев шетелде тұратын түркі тектес халықтар, оның ішінде қазақ ұлты өкілдеріне деген жылы, ыстық, жүрек­жар­ды ықыласы үшін Түркия премьер-ми­нистріне алғысы шексіз екенін айтады. 

– Қазір шетелде тұратын қазақтың талантты әнші-сазгерлері Украина және Беларусь елшіліктерінің Мәдени орта­­лықтарымен бірге ұлтымыздың абы­-ройын асқақтатып жүр. Олардың біразы халықаралық сыйлықтардың лауреаты болып үлгерді. Сондықтан бізге, қазақ елі­не, шетелдердегі қазақ диаспорасы туралы Концепсияны қайта қарайтын кез келді. Түркия премьері, ұлы Абай айтқандай, түркі тектес халықтар бір-бірін дос, бауыр көрмесе, дүниенің бәрі бос екенін Еуропа төрінде нақты іспен дәлелдеді. Бұл түркі тектес елдердің басшыларына үлгі болуы тиіс, – дейді кездесу әсерін бізбен бөліскен Берлин Иришев. 

... Әлем ғаламтор арқылы Түркия пре­мьері мен Париж қазақтары кездесуіне назар аударып жатқанда, Париж газеттері «Француздар Ердоғанның қазақ екенін біліп қойды» деген ақпаратты таратып жіберді. 

«Қанына тартпағанның қары сын­сын» деген түркі тектес халықтарына тән ма­қалды қарт Еуропа қайдан білсін... 

Мақала "Айқын" газетінен алынды.

0 пікір