Жұма, 3 Мамыр 2024
Бетбұрыс 5021 0 пікір 5 Тамыз, 2014 сағат 16:42

ҚАЛА КҮНІ МЕ, ОРЫС ШЕНДІСІН ҰЛЫҚТАУ МА?

Біз негізінен тойшыл, сауықшыл, думаншыл халықпыз ғой. Мүмкін, бұл жаман қасиет емес те шығар... Алайда, кей-кейде тым асыра сілтеп жібереміз. Тойдың да тойы бар екендігін қаперден шығарып алатындығымыз тағы бар. Солардың ішінде өзімізге зияны тиетіндері, тіпті елдігіміздің тұтастығына сына қағатындарының да бар екендігіне ой жіберіп жатпайтындығымызды қайтерсіз?..

    Сондай бір - табиғатымызға жат тойлардың бірі, жыл сайын кең байтақ еліміздің аудан мен қала әкімдерінің бір-бірінен асып түскісі келіп, дарақылана жарыса өткізетін мерекесі — Қала күні деген дардай атағы бар мейрамсымақ. Бюджеттің есебінен қисапсыз мол қаржы жұмсалатын, соның қомақты бөлігі негізінен Ресейден шақырылған ортаңқол артиссымағының қалтасында кететін, қазақтың, яғни осы елдің иесінің не тарих қойнауында қалып қойған тамаша салт-дәстҮрін, не бай тарихын насихаттауға тигізер көк тиын пайдасы жоқ осы бір өзгелерден жұққан меркесымақты атап өтуді тоқтататын күн туды деген ойдамыз. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, осы мерекені тойлаудың өзі «сендерде қала деген атымен болған жоқ. Бұларды салып берген - біз» деген арам ниетті жандардың қолтығына су бүркеміз. Демек, олардың «қала салған еңбегін» қосымша түрде болса да мойындауға мәжбүрміз. Ал бұлардың кезінде қазақтың болашағын ойлап салынған дүние еместігін, қайта қазақ жерін уыста мықтап тұрып ұстап тұру мақсатымен жедел тұрғызылған әскери бекініс екендігі тіпті де естен шығып кетеді.

       Өзгелерді білмеймін, біздің Қостанайда дәл осы «дәстүр» көптен бері қалыптасқан. Биыл да сол қарқыннан тайған жоқпыз. Қостанай қаласының 135 жылдығын атап өту тамыз айының аяқ кезіне белгіленсе де, осындағы шолақ белсенділер мен «ләппайшылар» оған деген дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Әсіресе, осы күнге арналған «керемет сурет көрмесі ашылды» деп бастықтар мен баспасөз біткендер жерден жеті қоян тапқандай қуанып жатыр.

     «Бұрын-соңды болмаған бұл не керемет екен?» деп, әуесқойлықпен біз де оған бас сұқтық. Сөйттік те, шалқамыздан түсе жаздадық. Облыстық өлкетану мұражайының бір бөлмесінде орын тепкен бұл көрме жергілікті суретшілердің туындыларынан тұрады екен. Оның ең көрікті жерінде, өзге суреттен еңсесі биік жерде әскерилердің оқалы киімін киген сол кездегі «Торғай облысының генерал-губернаторы Константинович» пен «полковник дәрежесіндегі Липпо» дегеннің портреттері «мен мұндалап» бірден көзге шалынады. Қазаққа ерекше еңбегі сіңген адамдардай шіреніп тұрғандығын қайтерсің.

     Бір қарағанда бұлар жай ғана портреттер секілді. Алайда бажайлап қараған адамға мұның астарында үлкен бір қулық жатыр. Әрине, «сендердің қалаларыңды міне осылар салып берді» деген жазу жоқ мұнда. Түсінетін адамға қазақтың қаласының пәленбай жылдығына арналған көрмеге патшалық Ресейдің жоғары әскери шенділерінің суреттерінің неге ілініп тұрғандығын айтып жатудың өзі артық шығар. Біле-білген адамға біз осындай таяз ойымыздан туындайтын «тапқырлығымыздың» «қала біздікі» деп өзеуреген, ниеті бұзықтардың жтегінде кетіп қалғанымызды білсек нетті?.. Мінекей, осы Қостанайдағы өздерін тәуелсіз санайтын баспасөзде «Қостанай қаласын салған адамдарға ескерткіш орнатып, көше атын беру керек» деп жағы талмай сарнап жүргендердің Құдайы беріп қалатындығы даусыз. Несі бар, бүгін кезінде басқыншылықтың іргесін нығайту мақсатымен бекіністі тұрғызған полковниктер мен генералдардың портретін салып, төрімізге іліп қойсақ, күні ертең сән-салтанаты келіскен ескерткіш тұрғызудың ауылы алыс емес те шығар... Ар жағында «қала біздікі» деп, сосын «жер біздікі» деп шыға келетіндердің қатары көбейетіндігін айтып жатудың өзі аз болар. Содан соң, Украинадағы жағдайдың жылыстап отырып, бізге келмесіне кім кепіл?

      Мінекей, бір қарағанда елеусіздеу көрінетін осы мерекенің астарында үлкен бір ой жатыр. Атын өзгертуге келгенде тұрғындарының басым бөлігі қасарысып қалатын ана Петропавл мен Павлодардың салынған күнін тойлаудан не ұтамыз? Әулие Петр мен Павелінің бейнесін көтеріп көшеге шыққан тобырды тамашалау үшін бе? Немесе Павел патшаның бізге бірген «сыйының» кереметтігін қызықтау үшін бе? Ал енді, Орал қаласын тойласақ, анау әлем-жәлем киінген, қылышын асынған казачествоның маршына қатысамыз ба?

    Қысқасы, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» мынадай. Астанадан басқа қалалардың мерекесін тойлауды тоқтатқаннан ештеңеден ұтылмаймыз. Астана - қазақтікі, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал қалғандарының жөні бөлек. Мүмкін, алдымен мұндай мерекелерді тойлауға бюджеттің есебінен арнайы қаржы бөлуге тиым салынғаны жөн шығар. Бұл ақшаны сол шаһарлардағы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсаса, халықтың алғысына бөленер еді. Ал өз қаласының мерекесін тойламаса, ұйқысы қашатын жандар болса, өз қаражаттарын шығарсын. Мемлекеттік органдардың бұл іске атсалысуының өзі ешбір ақылға сыймайтын дүние. Тойлағымыз келсе, Наурыз бар, Тәуелсіздік мерекесі бар, тіпті Халық бірлігі күні бар, жетіп артылады ғой. Шашылса, соған шашылсын. Мемлекеттің өз мерекесінен ештеңе аяп қажеті жоқ.

 

Жайберген Арзымбетұлы.

Қостанай.

  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 836
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 677
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 529
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 540