Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Дін 12082 0 пікір 5 Қыркүйек, 2014 сағат 16:07

ДІН ЖӘНЕ ДӘСТҮР СҰХБАТЫ

Қазақ салт дәстүрлері мен ислам дінінің астасуы жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан ашық сұхбат бар. Ол сұхбаттың іргесін кешегі атеистік қоғам – Кеңестер Одағы да ыдырата алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай сол табиғи сұхбатқа сына қағып, шабуыл жасау фактілері кездесіп отыр. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер салдарынан дәстүрлі құндылықтар күйреуге ұшырауда.

Қазіргі ақпарат кеңістігінде ислам діні мен қазақ дәстүрлерін мәдениеттер сұхбаты мен дүниетаным үндестігі аясында қарастыруға кері бағытталған мынадай тенденциялар байқалады:

- Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару.

- Қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу.

- Қабір зияраты мәселесін ушықтыру.

- Кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту.

- «Тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату.

 

1. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырғысы келетін ислам атын жамылған радикалды ағым өкілдері тарапынан қазақты саналы түрде рухани тамырынан ажыратуға бағытталған әрекеттердің алғашқы сатысы.

Исламға дейінгі қазақ даласын исламға дейінгі араб өлкесімен салыстыру мүмкін болып табылмайды. Әрине, арабтардың исламға дейінгі тарихы тұлдыр емес, белгілі бір дәрежеде өзіндік мәдени жетістіктерге, әсіресе сөз өнерінде елеулі табыстарға қол жеткізген болатын. Дегенмен жалпыхалықтық дәстүрде қанды қанмен жуу, тұңғыш қыз перзентін тірідей көму, некеден тыс қатынастарды қалыпты жағдай санау секілді надандық ғұрыптар кеңінен таралып, ел өміріне үлкен ауыртпалық тудырғаны айқын еді. Сондықтан да бертінде араб халқында исламға дейінгі кезең «жаһилийа» – надандық дәуірі атанды.

Ал бүгінгі қазақ даласында исламға дейінгі дәуірде бірқұдайлық қағидалары мен ізгілік ұстанымдарына негізделген түркілердің төл діні – тәңірлік сенім салтанат құрып тұрды. «Обал», «кие», «құт» секілді қастерлі ұғымдар арқылы терең тамырлы рухани құндылықтарды қалыптастырған, ізгілік пен үндестікке негізделген тәңірлік сенімнің діліміздегі, дәстүріміздегі, мәдениетіміздегі іздері әлі сайрап жатыр.

Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» Көк Түрік қағанатының  мәдени жетістіктері де әлем өркениетінен өз орнын алды. Олардың адамгершілікті ту еткен мол рухани мұрасы бүгінге дейін сақталып жетті, ұлттық дүниетанымымызға негіз болып қаланды. Көк түріктерге дейінгі «тарихтың дырау қамшысы болған» сақтар мен ғұндардың даңқты тарихын да жасырып-жабу мүмкін емес.

Мұндай бұрыс ақпараттар, біріншіден, ел азаматтарының отаншылдық сезіміне сызат түсіріп, төл тарихына деген теріс көзқарас қалыптастырады. Екіншіден, рухани тамырынан алыстап бара жатқан қазіргі қазақстандық қоғам үшін ежелгі тарихын тұлдыр етіп көрсету күретамырын қырқумен бірдей қауіпті. Үшіншіден, исламдай ұлы діннің абыройын оған дейінгі жетістіктерді жоққа шығарып, жалған тарих жасау арқылы көтеру мүмкін емес. Керісінше сол жетістіктерді руханилықтың биік сатысына көтергені,  қазақ даласында белгілі бір тарихи кезеңдерде өмір сүрген діндер арасынан оқ бойы озып шығып, жеке-дара таңдалып, ұлт дініне, ата дінге айналуы исламның шын мәніндегі озықтығын айқындайды.

 

2. Қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу – қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде қызмет етуде. Қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптау мүдделі топтар тарапынан белең алды. «Салт-дәстүрімізді ақылға қонбайтын, ғылым-білімге қайшы, сананы улап, дінсіздікке, имансыздыққа ұшырататын негізі жоқ ырым-сырымнан ажыратып алу керек, бұл ата-баба дәстүріне деген құрмет пен сүйіспеншіліктің көрінісі болмақ» деген жасанды ұрандар жекелеген БАҚ-тарда біршама жалаулатылды.

Келіннің сәлем салуы, әруақтарға құран бағыштау, көзмоншақ, тұмар тағу, тәсәссул жасау секілді қазақтың ізет пен құрметтен және ізгілік діні исламнан бастау алған игі дәстүрлері радикалды идеология жетегіне ерген қандастарымыздың сүйікті мысалына айналды. Осындайда қазақтың «Қарғыстың жаманы өзің білме, білгеннің тілін алма» дегені ойға оралады. Адам білмегенінің жауы. Білімсіздікті асқындыра түсуге мүдделі тарап тағы бар. Шариғатты дендеп білмеген, түстеп танымаған, рухын сезінбеген шала сауатты буын жалған ұрандар жетегінде өз ұлтынан жаттануда.

Осы орайда ең алдымен «ақылға қонбайтын, ғылым-білімге қайшы, сананы улап, дінсіздікке, имансыздыққа ұшырататын негізі жоқ ырым-сырымдар» қазақ мәдениетінде жоққа тән екендігін атап айтуға тура келеді.

Біріншіден, әрбір ырым-тыйымның негізінде тек сенімге қатысты ғана емес, ғылымға, әсіресе медицинаға қатысты да көптеген себептер бар екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Екіншіден, шариғатқа қайшы саналатын тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің қазіргі күні ғұрыптық (ритуалдық) жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кетті. Бірқатар ырымдардың негізінде көне тәңірлік сенімнің ізі бар екенін ешкім жоққа шығармайды, бірақ қазір мұндай  ырымдарды ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп жасамайды. Мысалы, ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан жасамайды, ата-баба дәстүріне деген құрметпен «бұрынғы-соңғының жолы» жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен қайырын Алладан тілеп, отқа май құяды.

Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым тікелей нанымның көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді наным-сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам шын ниетімен жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ «Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыздың да ұнатқаны хадистерде келтіріледі.

Қазақтың ырым-тыйымдары өзін-өзі тепе-теңдікке келтіріп, табиғи түрде жүріп жатқан үдеріс. Тағы бір ескеретін нәрсе – ырымды орындағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып, басқа дінге ауысып кеткен ешбір қазақ жоқ. Қазіргі қазақтың интеллектуалдық деңгейінің тәңірлік сенімге иланған бабаларынан айырмасы жер мен көктей. Жоғарыда айтылған ырым мен нанымға қатысты жайттарды бүгінгі қазақтың көпшілігі ажырата біледі.

Қазақы ырымдар күн санап тұрмысымыздан алыстап, жұтап, жойылып, тұтынушысы азайып бара жатыр. Заман ағымына ілесе алмаған талай ырымдар өз-өзінен қалып қоюда. Ал жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жанға дүниеге сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы.

     Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес  ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Араб та, қазақ та ислам діні аясында дамып келе жатқан ұлттар, бірақ дәстүрлері қабыса бермейді.  Бір ғана баланың дүниеге келуіне байланысты кейбір рәсімдерді алайық. Арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Ешкім ешбірін шариғатқа шалыс деп айыптай алмаса керек.

     Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан-анық. Көрнекіден көмескі жасап, сау адамды ақылынан адастыратын жалған үкімдер жасаушылардың түпкі ниеті – дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру.

(Жалғасы бар)

 

Айнұр Әбдірәсілқызы

ҚР Дін істері агенттігі

Төрағасының кеңесшісі, филол. ғ. к.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2010
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2429
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1997
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1581