Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Сараптама 7411 0 пікір 7 Сәуір, 2014 сағат 09:38

СОЧИ ЖӘНЕ ҚЫРЫМ: ДҮБІРЛІ ОҚИҒАЛАРДАН КЕЙІНГІ ОЙ

Соңғы екі айда интернет айдынында көп терілген сөз «Қырым» мен «Сочи» болды. Google іздестіру жүйесінде «Сочи-2014» 129 000 000, «Қырым» 39 000 000 асып жығылды. Қазіргі таңда әлем халықтарының құлағын тігіп, елеңдетіп сұранысын тудырып отырған түркі сөзі – осы екеуі. Сұраныстың ерекше артып отырған сыры да түсінікті: Қара теңіз жағалауына орналасқан бұл жердің бірінде (Сочиде) қысқы спорт түрінен екі бірдей олимпиада өтсе, екіншісінде (Қырымда) үлкен геосаяси ойынның көрігі қызды.

«Қырымның» түркі тілінен туындағанына ешкім де шүбә келтірмейді. Аталмыш өлкедегі белгілі жер-су атауларының көпшілігі де түркі тілінде. Айталық, Аюдаг - Аютау (Көкшетаудағы Бурабайды көзге елестетіңіз), Каратаг - Қаратау, Кара-оба - Қараоба, Артек(тағ) – Ортау, Ялта – Жалтыр, Карагаш – Қарағаш, Коктебель – Көктөбе, Сандык-қая – Сандықтау («қая» сөзінің көне мағынасы жартас, тау, қырат дегенді білдірсе керек. Қазақ тілінде ол көне мағынасын жоғалтып, «құз-қия» деген сынды қос сөздердің сыңарында сақталған) т.б.

Ал «Сочидің» түп мағынасы әлі күнге дейін белгісіз. Зерттеушілердің арасында бұл топонимика сол жердің көне тұрғындары адыгей тілінен немесе славян тілінен туған деген болжамдар бар. Біздіңше, «Сочи» атауы көне түркінің «шоқы» деген сөзінен туындаған. «Сочи» Шоқы атауының орысша дыбысталуы. «Шоқы» деп қазақтар әлі күнге дейін оңаша тұрған тау, биік, қырат жерлерді атайды. «Ақшоқы», «Қарашоқы», «Көкшоқы» деген атаулар еліміздің әр түкпірінде кездеседі және ол таулы жерлерге қатысты айтылады. Айтпақшы, қалаға атау болып орныққан Сочи өзені өз бастауын таудан алады. Қазақша ұғыммен айтсақ, «таудан (шоқыдан) ағатын өзен» дегенді білдіреді.

Ақпан айында ақ олимпиадаға әлемнің әр тұсынан жиналған сайыпқыран спортшылар Шоқының (Сочидің) басында шаңғы, шана, етегінде коньки теуіп, хоккей ойнап, шеберлік сынына сайысты. Олардың соңынан өмірді сүюдегі құлшынысы мен жігері қара қайрақты қақ жаратын паралимпиадашылар жарысты. Бұл дүбірлі оқиғаларға әлем назарын салды: таңданды, тамсанды, жігерленді. Жалпы командалық есепте Ресей екі олимпиадада алдына жан салмай, бірінші орын иеленді. Көрші елдің бұл табысы қуанарлық әрі сүйсінерлік оқиға болды. Олимпиада әрқашан бейбітшілік елшісі болып саналады. Осы тұрғыдан келгенде, Сочиде бейбіт олимпиаданың салтанатын паш еткен, яғни бейбітшілікті ардақтаған Ресей ел билігіне таласып жатқан өз бауырлас әрі көрші Украинадағы саяси дағдарысты пайдаланып, Қырым түбегін федерация құрамына кіргізіп алды. Олимпиада барысында талай спорт түрінен рекордтар жасалынса, бөтен елдің құрамындағы тұтас өлкені Ресей өзіне қаратуда да саяси ойында рекордқа бергісіз ептілік жасады.

Қырым – орта ғасырларда түркі халықтары жайлаған, сауда-саттық көрігін қыздырған жері еді. «Қыр» - биік, таулы жер деген мағына береді. Еділ мен Жайықтың оң жақ бетін «Қырымбет», сол жақ бетін «Бұқарбет» деп қарау, қыратты, далалы жерлерді мекендейтін қазақты «Қыр қазағы», Сырдария бойындағы ойпаң, еңіс жерлерді мекендейтін қазақты «Сыр қазағы» деп атау күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қырда туған баланы «Қырымбек», Сырда туған баланы «Сырым», «Сырымбет», «Сырбай» деп атау қазақ арасында ертеде ерекше сақталды. 

Жас күндерімізде-кеңес одағы тұсында әке-атасы немесе аса бір жақын адамы бүкілодақтық курорт атанған Қырымда демалып жүргенде елде дүниеге келген баланы ырымдап «Қырымбек» деген есім қойып жататынын еміс-еміс болса да естейтін едік... Бұл ырымның бүгінгі Сыр өлкесінің әкімі, танымал тұлға Қырымбек Көшербаевтің есіміне қаншалықты қатысы барын білмейміз. Бірақ сол бір кезеңде Сыр бойы қазағының тарихи-генетикалық санасында Қырымның мән-маңызы әлі де болса да терең сақталған кезі еді. Себебі ол уақыт халық арасында батырлар жыры жиын-тойларда жырланатын, қалың болып басылып шыққан томдарды қара таныған оқушы балалар құмарта оқитын кез еді. Сондай батырлар жырының бірі – Қырымның қырық батыры.

Түркі халықтарының арасына кең тараған «Қырымның қырық батыры» эпосының да бүгінгі Қырымға қатысы бар. Онда белгілі батырдың қасына жиналған Қырымның қырық батыры елді жаудан қорғап, оны басқыншылардан азат етеді. Эпос – халықтың аңсары. Еділ бойы, Орта Азиядағы түркі халықтары хандықтан айырылып, ел болудан айырылуға бет бұрған ХҮІІІ ғасырдың соңында Қырым хандығында Шыңғыс ханның тарақ таңбасымен ел билеп отырған билеуші Керей (Гирей) династиясы бар болатын. Түркілердің, әсіресе, Еділ-Жайықтағы ноғай-қазақтың аңсары, үміті осы хандықта болды. Елдің үміт-аңсары «Қырымның қырық батыры» жырына арқау болды. Сонымен қатар, қазақтың танымында аңыздық бейне «Қырым ханы Қондыгер» - даңқты билеушілердің бірі.

ХҮІІІ ғасырдағы түрік–орыс соғысынан кейін 1784 жылы Қырымды Ресей патшайымы Екатерина-ІІ арнайы манифест жариялап, патшалық құрамына кіргізеді. Бұл актінің аты басқа болғанымен заты, мазмұны бүгінгі таңда орын алған әрекетпен өте ұқсас.

Тарихтан белгілі, орыс патшалығының бұл әрекетіне көнбеген өзге елдер бірігіп (Англия, Франция, Түркия), ХІХ ғасырда Қырым үшін Ресеймен соғысады. Енді салыстырыңыз: бүгінгі Қырымды әлем саясатында өзіндік орны бар дамыған алпауыт елдердің ешбірі Ресей құрамында деп танып отырған жоқ. Олар, керісінше, бұл оқиға халықаралық құқықты, егемен елдің жер тұтастығын өрескел бұзу деп «сазарып» отыр. Сондықтан қазіргі таңда «Әліптің артын бағып» отырған елдің қарасы көп. Бұл орайда, көршінің тыныштығын өз қауіпсіздігінің бір тетігі деп санайтын Қазақстанның тілегі «арты жақсы болғай» дегенге саяды.

Қырым оқиғасы геосаяси бағдарға, бұрынғы кеңес одағынан шыққан елдердің ішкі жағдайына басқаша қарау керектігін алға тартқан мәселелерді туындатты. Біріншіден, данышпан Абайдың «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, құртқан жоқ па елдің сиқын» деген сөзі Украинаның шындығында қайта бір жаңғырды. 2005 жылдан бері билікке қырықпышақ болып таласып келе жатқан Украина көзін ашып-жұмғанша «сәнді құйрығынан»-Қырымнан кесілді. Қырым – туристік бизнеске аса қолайлы түбек болатын. Кеңес одағы тұсында Қырымда жақсы курорттық инфраструктура, туристік маршруттар жақсы жолға қойылды. Оның даңқы жер жарды. Тәуелсіз Украинаға бар болғаны соны әрі қарай дамыта түсуі керек болатын. Сонда жергілікті тұрғындар саяси ойындардың жетегіне ермес еді. Өкінішке қарай, саяси мүддені экономикалық мүддеден жоғары қойған Киев кеңес одағы құндақтап берген сыйдан тапа-тал түсте айырылып қалды. Украина мемлекетінің одан әрі қарай бөлшектеніп кету қаупі де сейілген жоқ. Демек, елдің ішкі бірлігі – оқ өтпес сауыт. Сауытын қамдаған ел сыртқы елдің айбары мен айласына төтеп бере алады. Ал ішкі бірліктен айырылған елден ақпараттық соғыс шарпуымен есе алып қалу қиын іс емес. Мұны атам қазақ: «Бөлінгенді бөрі жейді» немесе «Үй сыртында кісі бар» деп ескертіп кеткен. Осы арада, айта кетуіміз керек, Елбасының үлкен сабырмен ұстап отырған Қазақстанның саясаты көп елге, әсіресе, империя құрамынан шыққан елдерге, үлгі боларлықтай.

Екіншіден, Ресей халықаралық құқық, бұрынғы келісім шарт деген ұғымдарды ұлттық мүдде тұрғысынан есе кеткен жерде (Қырымның кеңес тұсында Украинаға берілуі) ескере бермейтінін, оны белден басатынын байқатты. Кезінде Ресей КСРО-ның мұрагерімін деп жариялап, ядролық қаруға ие болып қалды. Мұрагер болған ел мұра болып қалған нәрсені (оның ішінде ар-ұят деген ұғымдар да бар) сол қалпында сақтап, оған адал болуы тиіс. КСРО тұсында Қырым Украинаға берілген болса, одақ тарағаннан кейінгі уақытта оның мұрагері өл-тірілсін соны сақтауы керек. Өйткені саясатта да адалдық аса қажет. Өткен тарихқа деген құрмет – «тауба», «шүкір» деген ұғымдармен пара-пар. Шүкіршіл қазақ мұны «өткенге -салауат» дейді.

Үшіншіден, Қырым – қырым татарларының Отаны. Бұл халықтың көрмеген нәубеті жоқ. 1917 жылғы көтеріліске дейін 200 мың татардың 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан кейін (жер тырмалаған, жер емген халықтың!) 3/2 қалады. 1944 жылы 183 мың татар Қырымнан жер аударылып, депортацияға ұшырайды. Қырымды федерация құрамына алаған Ресей КСРО-ның мұрагері болса, қырым татарларынан оларға қарсы жүргізілген патшалық һәм кеңестік саясат үшін кешірім сұрауы тиіс. Империя мұрагері Ресей билігі үшін жаңа Қырым татарларының алдында өткен тарихтағы қателіктердің басын ашып алмайынша, Қырым түбегінде түбегейлі, толық тыныштық орнауы мүмкін емес. Бүгінгі Германияның екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүргізген саясаты үшін еврей, поляк, чех халықтарынан кешірім сұрағаны белгілі. Мұндай қадамдар - жаңа қарым-қатынасты таза беттен бастауға ұмтылатын елдердің ізгі ниеті. Ресейге де сондай ниет таныту әбден қажет-ақ. Өйткені Ресей бүгінгі таңда геосаяси тартыстың жаңа бетін, өзгеше майданын ашты. Сол жаңа парақта ол ескі соқпақ ізімен қалыптасқан сүрлеумен емес, тың жолмен, бөлек сарынмен бастағаны дұрыс еді. Бұл - Ресей сынды алып елдің тыныштығын қалаған іргелес көршінің адал тілегі.

Алмас Әбсадық 

 

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 425
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 227
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 256
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 247