Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3281 0 пікір 26 Сәуір, 2010 сағат 03:51

ЖАҢА МЕШІТТІҢ КӨЛЕҢКЕСІ КЕСЕНЕГЕ ТҮСІП ТҰР

Тұтас түркі жұртының қасиетті шаһары, Мағжан Жұмабаев: «Түркістан - екі дүние есігі ғой, Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» деп жырлайтын Түркістан қаласында алып кешен - 2000 орындық мешіт құрылысы өткен жылғы қараша айында басталып, содан бері күні-түні жүріп жатыр. ЮНЕСКО Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне енгізілген халықаралық және республикалық маңызға ие тарихи мәдени ескерткіші - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 400-ақ метр жерде бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің еңсесі 26 метр, мұнарасының биіктігі 38 метр болады екен...

 

Түрік ағайындардың тартуы

«Бұл жоба екі бауырлас мемлекет президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл қол қойған хаттама негізінде Түркия Республикасы Діни қорының бауырлас Қазақстан халқына арнаған сыйы» делініпті құрылыс жанына ілінген тақтада (№1 cурет). 2 мың адамға арналған, әйгілі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленбек құрылыс жоба бойынша 300 күн ішінде пайдалануға берілмек.

Тұтас түркі жұртының қасиетті шаһары, Мағжан Жұмабаев: «Түркістан - екі дүние есігі ғой, Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» деп жырлайтын Түркістан қаласында алып кешен - 2000 орындық мешіт құрылысы өткен жылғы қараша айында басталып, содан бері күні-түні жүріп жатыр. ЮНЕСКО Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне енгізілген халықаралық және республикалық маңызға ие тарихи мәдени ескерткіші - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 400-ақ метр жерде бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің еңсесі 26 метр, мұнарасының биіктігі 38 метр болады екен...

 

Түрік ағайындардың тартуы

«Бұл жоба екі бауырлас мемлекет президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл қол қойған хаттама негізінде Түркия Республикасы Діни қорының бауырлас Қазақстан халқына арнаған сыйы» делініпті құрылыс жанына ілінген тақтада (№1 cурет). 2 мың адамға арналған, әйгілі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленбек құрылыс жоба бойынша 300 күн ішінде пайдалануға берілмек.

Жаңа мешіт Әзіреті Сұлтанның көк күмбезді кесенесінің маңдай бетінде, қорғауға алынған аймақтан небәрі 50 метр жерге салынуда. Құрылысқа бөлінген 2 гектар «қорғалатын табиғи ландшафты аймақ» статусы бар жерден ойып орын алған. Ал ЮНЕСКО-ның Әлемдік Мұралар Комитетінің талаптарына  сәйкес, кесененің жалпы адамзаттық құндылығы мен тарихи-мәдени маңыздылығына байланысты оның маңына кез келген биік құрылыс нысанын салуға тиым салынады!

- Мешіт құрылысы «Әзіреті Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына қарасты ежелгі Түркістан қаласын қорғау аумағының іргесінде, яғни тарихи-мәдени ландшафтта да жүріп жатыр. Сондықтан Мәдениет министрлігінің келісімі міндетті түрде болуы тиіс еді, - дейді қорық мұражай директоры Мәулен Садықбеков.

Бір «қызығы», түрік ағайындар жаңа мешітті міндетті түрде кесененің дәл іргесінен көтереміз деп талап етпеген секілді. Әйтеуір, Түркия Дін істері басқармасы, ҚМДБ және ОҚО басшылары арасында қол қойылған үшжақты келісімде «мешіт құрылысы түсетін жерді анықтау Түркістан қалалық әкімдігінің құзырында» екендігі көрсетілген. Ендеше дәл осы кесененің арқасында дүниежүзілік мәртебеге ие болып отырған шаһар басшылығының тарихи жәдігердің тағдырына бей-жай қарағаны, жаңа мешіт құрылысын жүргізуге орынды дәл осы жерден бергені түсініксіз...

 

Рәсуа болған рабат

Тарихшы-археологтардың пікіріне сүйенсек, ортағасырлық қалалар әдетте «цитадель», «шахарістан» және «рабад» деген үш бөліктен тұрған. Жоғарыдағы мешіт құрылысы жүріп жатқан аймақ ежелгі Иасы шаһарының тарихи табаны екендігін Түркістан археологиялық экспедициясының қазба жұмыстары талай рет дәлелдеген. 2008 жылғы археологиялық экспедиция бұл аймақтың түгелімен Иасы-Түркістан қаласының VІІІ-ХІХ ғғ. арасында қалыптасқан тарихи рабады екендігін анықтапты. Бұл жерден Жәудір және Тәкие мешіттерінің орны, азан шақырылатын 30 метрлік мұнара қалдықтары, Отырар және Иқан керуен жолдарының ізі, ортағасырлық көшелер мен тұрғын үйлер орны табылған.

- Кесененің оңтүстік-шығыс бетінде орналасқан, орта ғасырларда, тіпті ХХ ғасырдың басына дейін қала рабады болып келген 140 га аумақ Кеңес үкіметі кезінде «қорғауға алынған табиғи ландшафт» категориясына енгізілген еді. Алайда 1980-1990 жылдары қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің шешімімен 100 га жерге тұрғын үйлер салынып кетті. Енді міне, әупіріммен аман қалған 40 га жерге де қауіп төнді. Алғашқылардың бірі болып түрік ағайындар 2 гектар жерді мешіт салу үшін бөліп алды, - дейді өкінішпен «Әзіреті Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы археология және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев.

 

Көлеңкеде қалған кесене

Біз «Әзіреті Сұлтан» қорық мұражайының ғылыми қызметкері Нұржан Тастанбековке ілесіп, жаңа мешіт құрылысын өз көзімізбен көрдік. Қорықшылардың алаңдауына шынында да негіз бар екен. Қарқынды жүріп жатқан құрылыс нысаны қазірдің өзінде көк кесене күмбезін көлегейлеп қалыпты (№2-3 cуреттер). Бір кездері күмбезі көзіне шалынғанда Абылай ханның өзі атынан түсіп, жаяулап келетін қасиетті кесене бүгінде заманауи ғимараттардың тасасында, көшенің шаңына көміліп қалғалы тұр. Естуімізше, бұл жерден енді автокөлік жүретін жол құрылысы, су т.б. коммуникациялық желілер салынбақ көрінеді. Тіпті осы «қорғауға алынған табиғи ландшафт» аумағында салынып жатқан төрт пәтерлік 3 үйдің құрылысы да археологтар қазған тарихи көне ғимарат орындарымен аралас жатыр (№4 сурет). Көне тарихқа деген мұншалық жабайы көзқарас, басқыншылық пиғыл басқа жерде бар ма екен?!

Заң талаптары бойынша мешіт салынатын аумақ археологиялық зерттеуден өтуі тиіс. Бұл жұмысты өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Түркістан археологиялық қызметі» ЖШС жүргізіпті. Бірақ «бюджет пен уақыттың шектеулілігіне байланысты құрылыс аумағын түгел зерттеу мүмкін болмады» делінген зерттеу қорытындысында. Археологтар «шурф» әдісімен, әр жерді «тесіп» қазып көрумен шектелген. Соның өзінде №1 қазба шұңқырынан ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын тарихи жәдігерлер, қыш ыдыс сынықтары, мыс тиындар табылыпты.

- Біз қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кездің өзінде-ақ мешіт құрылысы басталып кетті. «Әуелі зерттеу жүргізіп алайық, біздің рұқсатымызсыз құрылысты қалай бастайсыздар?!» - десек, құрылыс басшылары «Сіздің «зерттеулеріңіз» қағаз жүзінде ғана керек, құрылысты ешкім тоқтата алмайды» деп жауап қайтарды, - дейді Түркістанды талай жылдан бері зерттеп келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев.

 

Көне - көздің қарашығы емес пе?

- ЮНЕСКО талаптары бойынша, қорғауға алынған тарихи ескерткіштің айналасынан (радиусы 1 шақырым) арнайы келісімсіз ешбір құрылыс жүргізуге болмайды, - дейді «Әзіреті Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы директоры Мәулен Садықбеков. - Оның үстіне жаңа мешіттің тереңге кеткен іргетасы жерасты суларының бағытын өзгертіп, жеті ғасырлық жәдігердің астына қарай жинағалы тұр. Мешіт құрылысы орны Ясауи кесенесі тұрған жерден биікте орналасқандықтан, мұнарасы 38 метрден жоғары, биіктігі 26 метр болатын ғимарат тарихи ескерткіштің понарамалық көрінісін көлегейлейтіні қазірдің өзінде анық!

- Мұнда мешіт құрылысына қарсылық жасалуда деген өсекке орын жоқ! - дейді қорық мұражай басшысы. - Рухани астанамыз Түркістанға қанша мешіт салсақ та артық болмас. Бірақ мұны қаланың қазіргі орталығына қарай, жамағаттың келіп-кетуіне ыңғайлы жерге салса болмай ма? Мәселе ЮНЕСКО тізіміне кірген тарихи ескерткіштің айналасында халықаралық талаптың сақталуында болып отыр ғой.

«Әзіреті Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының құрамына бүгінде тарихи ескерткіш деп танылған 137 нысан ескерткіш кіреді екен. Мәулен Жарылқасынұлы ең алдымен осы ескерткіштерді зерттеуге, қалпына келтірілуге мүдделі. Мысалы, көне деректерде «Төрт қақпалы Түркістан» аталған шаһардың бас қақпасының орны археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, былтыр мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалпына келтіріліпті. XVI ғасырда Қазақ хандығының қол астына толық өтіп, кейіннен Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, Сәмеке хан, Әбілмәмбет хандар мекен еткен Хан ордасы орны да зерттеу, қалпына келтіру жұмыстарын күтіп тұр.

- Міне, осы көне жәдігерлерді қалпына келтіріп, бірыңғай тарихи-мәдени кешен ретінде жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне, мемлекеттік идеологияның қызметіне пайдаланса, шіркін! - деп армандайды Мәулен Садықбеков. - Ал, біз болсақ, жоғымызды түгендей алмай жүріп, барымыздан айрылып жатырмыз...

 

 

P.S. Барымызды бағалай алмайтын бізді қайдам, өзге жұрт көне ескерткішке көздің қарашығындай қарайды. Мысалы, немістің көне Дрезден қаласы Эльба өзенінен жаңа көпір құрылысын салғаны үшін былтыр «әлемдік мәдени мұра» тізімінен алынып тасталды. Өйткені, ЮНЕСКО сарапшыларының пікірінше, жаңа көпір өзен бойындағы көне шаһардың мәдени ландшафтына сай келмейді. ЮНЕСКО өкілдерінің бірнеше ескертуіне Дрезден мэриясы құлақ аспаған соң, осындай қатаң шешім шығарылыпты. Дәл осындай ескертуден соң Кельнде әйгілі готикалық собор жанынан аспанмен таласқан зәулім ғимарат салмақ болғандар өз ойынан айныған болатын. Тарихи топырақты аяусыз таптап, «имандылық үйін» тұрғызып жатқан біздің «мешіт салғыштар» қайтер екен?!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 786
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 600
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 490
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 504