Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4965 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 15:09

«Жетімдердің бұрышы»

Рухани тәуелсіздік… Осы бір ұғымды кеңірек түсінгім келетіні бар. Ондай сәттерде қазақтың арман жолындағы жастарын тәуменділік тауқыметімен шідерлеп тастаған Алматыдағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен білікті басшы Дінмұхаммед Қонаев көшелерінің қиылысындағы «Жетім бұрыш» атты мекенге ат ізін саламын. Қазақ «Жетім көрсең жебей жүр» дейді. «Жетім болса, жетілер» деген де сөз бар. «Жетім бұрыштың» атқарар шаруасы — әке-шешесі бар, бірақ баспанасы жоқ «тірі жетімдерді» уақытша баспаналы ету. Ашық аспан астындағы көшпелі кеңселер қызды-қызды тірлігіне кірісіп жатады. Күндік дейсіз бе, айлық дейсіз бе, жылдық дейсіз бе, пәтерді сол бір мекеннен тез табасыз. Анық жебейтін һәм жетілетін жәутеңдеген көздер пана боларлық «тауық күрке» іздеп жүреді. Есіл-дерті алты Алаштың қамы емес, оттан ыстық отан туралы ой да санадан тысқары, тек жайлы жатар орын болса болғаны. Қалғаны…
«Балаң болса, бара бер»
Мұндай шекаралы арман барлық қазақ жасының санасын билеп алған. Ажал секілді, бірақ келетін күні белгілі пәтерақы атты тажал әркімді құлдық санаға жетелейді. Жарқын болашаққа емес, келер айдың күн көрісіне ғана жететін қиялыңыз тек баспананы ойлайды. «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» дейтін әулие Қасым көкем сияқты әндетеді де жүреді.

Рухани тәуелсіздік… Осы бір ұғымды кеңірек түсінгім келетіні бар. Ондай сәттерде қазақтың арман жолындағы жастарын тәуменділік тауқыметімен шідерлеп тастаған Алматыдағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен білікті басшы Дінмұхаммед Қонаев көшелерінің қиылысындағы «Жетім бұрыш» атты мекенге ат ізін саламын. Қазақ «Жетім көрсең жебей жүр» дейді. «Жетім болса, жетілер» деген де сөз бар. «Жетім бұрыштың» атқарар шаруасы — әке-шешесі бар, бірақ баспанасы жоқ «тірі жетімдерді» уақытша баспаналы ету. Ашық аспан астындағы көшпелі кеңселер қызды-қызды тірлігіне кірісіп жатады. Күндік дейсіз бе, айлық дейсіз бе, жылдық дейсіз бе, пәтерді сол бір мекеннен тез табасыз. Анық жебейтін һәм жетілетін жәутеңдеген көздер пана боларлық «тауық күрке» іздеп жүреді. Есіл-дерті алты Алаштың қамы емес, оттан ыстық отан туралы ой да санадан тысқары, тек жайлы жатар орын болса болғаны. Қалғаны…
«Балаң болса, бара бер»
Мұндай шекаралы арман барлық қазақ жасының санасын билеп алған. Ажал секілді, бірақ келетін күні белгілі пәтерақы атты тажал әркімді құлдық санаға жетелейді. Жарқын болашаққа емес, келер айдың күн көрісіне ғана жететін қиялыңыз тек баспананы ойлайды. «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» дейтін әулие Қасым көкем сияқты әндетеді де жүреді.
Бізді қойыңызшы, атағынан ат үркетін Қасымдардың көрер күні осындай болған. Біздің күніміз оның қасында немене, тәйірі?! Әдеттегі әдемі ойлардың шырмауымен «Жетім бұрышқа» қалай жеткенімді аңғармай қалыппын. Орыс тілінде жазылған пәтердің жарнамасын кеудесіне іліп алған «жеңгетайлар» өріп жүр. Мұндағы пәтер іздеушілердің дені — қазақ. Жалдаушылар… Әңгіме тіпті ол жайында емес.
Мұражайдағы экспонаттардың астындағы түсіндірме мәтінге шұқшиған көрермендей әркім әр жерде ілініп тұрған алабажақ қағаздардан көз алмайды. Арлы-берлі жөңкіліп жүрген қара жігіт іші-бауырыңа кіреді. Ана бір толықша апайдың алдындағы телефонға қараңызшы. Үйіңізге айлап жүріп әрең орнататын телефонды даладағы жұмыс орнына құрғызып алыпты. Сөйлесу пунктінің қызметін атқарып тұр.
Менімен алғаш болып алпысты еңсерген орыс кемпір тілдесті. Жалдайтын пәтері — үй астындағы жертөле. «Кіммен тұрасың?» дейді. «Әйеліммен» деймін. «Балаң бар ма?» дейді. «Бар» дей салдым. «А, онда жүре бер».
Кішкене ғана осы әңгіме жүрегіме шаншудай қадалып үлгерді. Тотықұстай күнделікті тақылдап жүрген демография мәселесінің күрмеулі жібі ғой мынау. «Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар». «Бала — бауыр етің». Менің Алланың қалауымен тұрғызған кіп-кішкентай мемлекетімді мазарға айналдырғысы келеді, мына бейбақ. Қасым көкемше: «Өлеңімнің отымен жылытармын, Өзімді, әйелімді, жас баламды…», — деп кете бардым.
Қанағатсыздың жалғыз аты
Апамның арам пиғылынан арылмақ болып, шеткері шықтым. Бұл бұрыштағы маңында өсіп тұрған теректердің өзі біраз жайдан хабардар етіп тастайды. Ағашты айналдыра жапсырылған жарнамалардан көз сүрінеді. «Екі қызға пәтер жалдаймын» дейді мына бір шала сауатты парақша. Астына телефонын жыртып алуға болатындай жазған екен. Жұлма-жұлмасы шығыпты.
— «Вечеринка», «вечеринка»…
Жалт қарадым. Кеудесіне «картон» қағазға «коттедж» деп үлкен әріптермен жазып алған аға кетіп барады. Маған да керегі осы еді дегендей жақындадым.
— Аға, қаншаға бересіз.
— Алдымен мынаған қара.
Масаттанғандай қалтафонының суреттер папкасын ашты да көрсете бастады. Мынау — ас үй. Мынау — жатын бөлме. Мынау — зал, билейтін жер, бильярд, сауна, теннис…
Бағасы отыз бес мың теңге екен. Бұл мекеннен бір адамға айына он мың теңгеге пәтер табуға болады. Ал мынаның күндік бағасын қараңыз. «Қанағатсыздың жалғыз атын сойғызатыны секілді бір күн демалар ма еді?» деп ойладым.
Көшпелі құжыра
«Жетім бұрыш» қоғамыңыздың айнасы секілді. Тағдырлар тоғысып жатыр. Бірі — ілінген жарнамалардан, енді бірі маклер атанып кеткен делдалдардан медет тілейді. Кіммен дәмдес боласыз? Кімнің үйін жалдап алып, жалшы боласыз? Белгісіз. Белгілісі, біз араға біраз уақыт салып, ауылға барып тұрамыз. Рас. Төрт құбылаң тең жандай ырғаламыз келіп. Алматыдағы зәулім-зәулім хан сарайларының ішінде үлде мен бүлдеге оранып жүргендей боламыз. Ақиқатында біреудің «ат қорасында» тұрып жатуымыз мүмкін.
Бұлай деуімнің себебі де жоқ емес. «Жетім бұрыштан» дос таптым. Еңгезердей жігіт. Шымкенттің Сарыағашынан. Ұзынды-қысқалы екеуміз аз-кем пікірлескеннен кейін пәтерді бірге жалға алуға келістік. Оның қандай адам екені, немен айналысатыны беймәлім. Бір қараған жанға тәуір адам көрінеді. Әйтеуір, әркіммен сөйлесіп жүріп, ақшасы арзан бір пәтер де табылды.
Алғашында көп дүниені аңғармаған екенмін. Тегінде мүсіркегенді жек көретін адам едім. Бізді пәтер көрсетуге апарған жігіт мүсіркей қарайды. Онысын елемегендей «Айша Бибі» атанып кеткен Рысқұлов даңғылының бойындағы жаңа ықшамауданға жетіп үлгердік. Өзбектердің тоқал тамындай атшаптырым жерді алып жатқан бір үйге жеттік. Үй дегенім — айналдырып салып тастаған «барак-тамдар». Кіп-кішкене есіктері бар. Әр есікте бір отбасынан. Есептей беріңіз, он бес есік егіз балапандай ауыздарын ашады. Бізге сол он бестің бірі бұйырар дегенбіз. Қателесіппіз. Жүк машинасының артына тіркейтін көшпелі вагондар болушы еді ғой. Сондай екі вагон тұр. Іші шағын екі бөлме. Есік-терезесі жабық екен. Оның үстіне темір емес пе? Моншадан бетер ыстық.
Біз келіспедік. Келіспегеніміздің ақысына бес жүз теңге алды. Екінші вагонның алдында бір жігіт тұр екен. Аз-кем пікірлестік. Үйінің ішін көрсетті. Кішкене ғана бір баласы бар екен. Үстелдің үстінде Мұқағалидың «Қош, махаббаты» жатыр. «Ат қора» деуге ауыз бармайды. Бірақ одан ауылы да алыс емес.
«Ауылына қарап, азаматын таны»
Ералы: «Думан» жақта үйлердің сыртына «квартирант аламыз» деп жазып қояды. Мен сол жаққа барып қарайын, сен «Жетім бұрыш» жақтан ізде», — деді. Осы сөздің желеуімен мана ғана кеткен жеріме қайта оралдым.
— Квартира керек пе, квартира…
Өзім құралпы жігіт алқымымнан алардай ентігіп тұр.
— Жалғызсың ба?
— Иә, жалғызбын.
— Жүр, сөйлесейік.
Екеуміз қарақұрым халықтың ішінен сытылып шықтық.
— Қай жақтың жігітісің?
— Шымкенттің (өтірігім жылтың етті).
— А, бізге шымкенттіктер қажет емес.
— Неге?
— Сол.
Мына қызықты қараңыз. Адамның аласы да, құласы да болмай ма? Салған жерден менің қандай адам екенімді топшылап тастайтындай кім өзі? Төбелесе кететін жер емес. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген кісі секілді «Квартира керек пе, квартира» деп қойып кетіп барады.
«Мен қалай үйлендім?»
«Жетім бұрыш» тоғыз жолдың торабында. Бұл мекеннен кімдер бақыт тапқанын білмеймін. Білетінім, түрлі тағдырлар сапырылысып жатады. Құлақ екеш құлақ та өз қызметін асыра орындайтын кездері аз емес. Қазақ шалын айналсоқтап төрт қыз жүр. «Оралман едік» дейді. «Жігіттерді келтірмейміз» дейді. Артымда сөйлесіп жатқан екі жігіт «түнімен жұмыста боламыз, күндіз ғана үйге келеміз» дейді.
Несін сұрайсыз? Пәтер берушіге кіріптар болуға бәрі де құлықты. Он мың мен отыз мыңның ортасында қалаған пәтеріңізді тауып алсаңыз болады. Бірақ… Ол пәтерлерде сыбырласып сөйлесу керек. Аяқтың ұшымен кіріп, ұшымен шығу қажет. Құт әкелетін қонақ деген атымен болмауы керек. Ертерек жарықты сөндіріп жата қалу керек. Су үнемдеу…
«Жетім бұрышқа» келер жол біреу болғанымен, қайтар жол сан салалы. Тағы да біреуімен қолтықтастық. Бұл жолы алты адамбыз: екі қыз, екі жігіт, мен, пәтер жалдаушы.
«Екі жігіт тұрамыз» дегенмін. «Орбита» ықшамауданына жеттік. Қатарласа салынған екі «времянка». Екеуі де екі бөлмеден. Біреуінің бір бөлмесінде екі жігіт тұрады екен. Екінші бөлмеге бізбен барған екі жігіт орналасты. Ыстық-суық суы іште болған соң, қызықты ма, екі қыз да бірден келісті. Екінші «времянканың» бір бөлмесін таңдады. Оның екіншісі маған бұйырып тұр. «Қыздардан ыңғайсыз болмай ма?» деймін Бердібек Соқпақбаев көкемнің «Мен қалай үйлендім?» деген әңгімесі есіме түсіп. Екі жігіт бір бөлмеде, екі қыз бір бөлмеде есіктес тұрсақ, бір жыл өткен соң, сол әңгімедегідей қалай үйленгенімізді жыр қылып айтып отырмаймыз ба? Кім біледі? «Жетім бұрыш» үйсіздерді осылай да жебейтін шығар.
«Досымды ертіп келем» деп шыға жөнелдім.
Өмірдің өзі — сабақ. Күлтай деген апайымыз сабағымызды дұрыс оқымасақ, бұрышқа тұрғызып қоюшы еді. Кей-кездері орындық көтертіп қоятын. Енді, міне, өмір сабағында күшіміз әрең келетін пәтерақыны көтеріп «Жетім бұрышта» тұрмыз…
Түйінді ой
Телефоным шыр ете түсті. Ералы. «Пәтер таптың ба?» дейді. «Сен ше?» дедім. «Жөні түзуі табылмады». «Маған да»…
Осынау қоғамда әркім өз әлетінше өмір сүреді. Біреулері көш ілгері, енді біреулері қою шаңның ортасында. Кім біледі, бәрі біз ойлағандай болса, рухани тәуелсіздікке қол жеткізер ме едік? Пәтер өзіңдікі болса, өз тіліңде сөйлесең, өз қотырыңды өзің қасысаң… Әлемнің кейбір дамыған елдерінде Алматыдай далиып жатқан қалаға он бес миллионнан астам адам сыйғызады екен. Екі миллионға жетер-жетпес халқы бар біздің қалада елдің егесі қазақтардың «тауық күркесі» де жоқ. Әлібек Шегебай деген ақын ағам бар. Сол кісі бір өлеңінде:
Қорада емес, қабатты үйде тұратын,
Алматыда иттер неткен бақытты, — деп жырлапты. Рас. Дым өтірігі жоқ. Хан сарайларда тұратын Алматыдағы рухтары тәуелсіз иттер неткен бақытты еді…

 

 

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, hаіr-han@mail.ru 8 705 133 25 25
“Ана тілі” газеті 23 мaмыр 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 630
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 380
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 369
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 374