Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6660 0 пікір 20 Наурыз, 2010 сағат 07:11

Құбаш Сағидоллаұлы. Тазша баланың қырық өтірігі

Ертеде бір хан Наурыз мейрамында халқына жар салып: «Кімде-кім алдыма келіп мүдірмей,  өтірік әңгіме құрастырып айтып өтсе, сол адамға қызымды беріп, күйеу қыламын, тіпті уәзір де етемін. Бірақ бір сертім бар: әңгімесінің ішіне бір ауыз шын сөз қосылса, дарға тартқызамын!» депті. Алайда ханның қызын алып, күйеу болуға дәмеленгендер өтірігін келістіре алмай дарға тартылып жатады.  Елдің ең соңынан бір тазша кіріп келіп, иіліп тәжім етіп, сөйлеуге рұқсат сұрағанмен хан басында «Жарқыным, өлуге асыққан не қылған баласың? Тілімді ал да, қайта ғой!» деп келіспейді. Бірақ Тәуелсіздіктің құрдасы Тазша бала «арысы тас дәуірі, берісі сақ, ғұн кезіндегі 5 мың жылдық тарихымдағы қырық триллион өтірігімнен тек сиыр жылғысын баян етейін» деп әңгімесіне кірісіпті. Сонымен бүгінгі Тазша баланың әңгімесіне құлақ түріңіздер:

Ертеде бір хан Наурыз мейрамында халқына жар салып: «Кімде-кім алдыма келіп мүдірмей,  өтірік әңгіме құрастырып айтып өтсе, сол адамға қызымды беріп, күйеу қыламын, тіпті уәзір де етемін. Бірақ бір сертім бар: әңгімесінің ішіне бір ауыз шын сөз қосылса, дарға тартқызамын!» депті. Алайда ханның қызын алып, күйеу болуға дәмеленгендер өтірігін келістіре алмай дарға тартылып жатады.  Елдің ең соңынан бір тазша кіріп келіп, иіліп тәжім етіп, сөйлеуге рұқсат сұрағанмен хан басында «Жарқыным, өлуге асыққан не қылған баласың? Тілімді ал да, қайта ғой!» деп келіспейді. Бірақ Тәуелсіздіктің құрдасы Тазша бала «арысы тас дәуірі, берісі сақ, ғұн кезіндегі 5 мың жылдық тарихымдағы қырық триллион өтірігімнен тек сиыр жылғысын баян етейін» деп әңгімесіне кірісіпті. Сонымен бүгінгі Тазша баланың әңгімесіне құлақ түріңіздер:

- Тышқан  жылынан сиыр жылына ауысқан уақытта ел аралап жүріп  ұлттық санақтан бір тиыны ұрланбаған қазақтың жер-дүние халқының санынан мың есе көп болып, әлемде жемқорлықтан ада Жерұйық орнатқанын көрдім. Соның алдында ғана  дағдарысқа ұшыраған бүкіл әлемді бір теңгемен құтқарып қалып едім, содан кейін-ақ доллар ұмытылып төл теңгеміз Елбасы көтеріп жүрген ғаламдық ортақ валютаға айналып шыға келді. Әрине, бұл менің «Дағдарыстан шығудың кілті» және «Бесінші жол» идеяларымның негізінде іске асты. Мың жыл бұрын хабарланған девальвация салдарынан доллардың құны түсіп, инфляция дегенді естімей кеттік. Нөл пайызбен несие беретін банктерді халық менсінбей қалды. Үлескерлердің тиын-тебенінің арқасында Нью-Йорк сияқты мың мегаполис салып тастап, оның рахатын олардың жетінші атасынан жетпісінші ұрпағына дейін көріп жатыр екен. О, тоба, Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне дейін шарлағанда пәтер жалдамақ түгілі, үйі жоқ бір қазақ көзге шалынбады. Елбасымен бірге Үн­дістанға, Германияға, Ресейге, БАӘ-ге, Финлян­дияға, Қытайға, Әзірбайжанға, Түр­кияға, Иор­данияға, Италияға, Вати­канға, Бе­ла­русь­қа және Түркіменстанға барғанымда сол ел президенттері бізбен  халықаралық дипломатиялық этикаға айналған қазақтың ұлттық дәстүрімен қарсы алды. Олардың мінген «лимузиндері» де біздің отандық өнім болып шықты. Ол ол ма, әлемде қазақша білмейтін қазақ түгілі, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұни, Бұқар жырау, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали өлең-жырларын жатқа білмейтін ұлт қалмапты. Пәлі, басқа дінге кірген, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан, шетелге баласын сатқан бір қазақты емге таппайсыз. Халық қалаулылары шетелге бала сату былай тұрсын, шетелден қазақ балаларын сатып алу туралы заң қабылдағанда «ұлттың қамын онша ойламай жүрсіздер» деп кейідім. Ағылшын, орыс тілдерінің архаизмге айналып кеткені соншалықты, ғаламтордың бәрі Күлтегін ескерткішіндегі оймақ (руна) жазуынсыз жұмыс істемейді екен. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне келген дінбасылар өз елдерін қазақтандыруға, қазақ тілін үйретуге қайта аттанып кетті. Әйтседе, ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері Астанаға көшіп, қазақ тілі БҰҰ мен ЕҚЫҰ-дағы басты ресми тілге айналып жатқанына  көңілі толмайтын ағайын көп арамызда.

«Қазақтың мың күйі» мен «Қазақтың мың әні» әлемге танылып, атышулы Робби Уильямс, Джастин Тимберлейк, Энрике Иглесиас, Бритни Спирстеріңіз жұмыссыз қалыпты. Әйтеуір, қазақтың тойларында Эминем «Қара жорға» биін билеп, Шакира «Япурайды» шырқап нәпаға тауып, күн көріп жүр екен. Евровидение Шәмші Қалдаяқов фестивалінің көлеңкесінде қалса, әйгілі Ла Скалаңыз бәсекеге қабілетті болудан қалып оның орнын ЮНЕСКО көлемінде 100 жылдығы тойланған Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқау басқан екен. Бүкіл әлемнің азуын айға білеген ақындары үшін атақты Мұқағали Мақатаев атындағы бәйге қол жетпес шың. Аты алысқа кеткен қазақ кинолары «Оскарды» олқысынса, мульфильмдеріміз «Уолт Дисней» анимациялық өнімдерін нарықтан ығыстырды. Жазушы-ғалымдарымыз «Нобель» сыйлығын шаппай бермен алып жүр. Бүкіл әлемдегі бүлдіршіндер  «Өрмекші-адам» мен «Шрэктен» мың есе танымал болғандықтан маған, Тазша балаға еліктеп өседі.

Көк тиын шығынсыз, мерзімінен 20 жыл бұрын салынған Алматының метросымен әрі-бері кезіп жүріп баяғы Храпуновтың тығып қойған қазынасын тауып халыққа таратып едім, халқымыз тайлы-таяғымен қалмай миллиардер атанып «Форбс» журналына кіріп кеткен кезде баяғы төрт-бес миллиардеріміз көше сыпырып көп ішінен көрінбей қалды.

Әз Наурыздың құрметіне дәл осы айда олимпиадалық ойындар тізіміне енген қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ ойындары бойынша  олимпиадалық ойындар ұйымдастырылатын болды. Айтпақшы, Қазақстанның Оңтүстік Африкадағы футбол чемпионатында топ жарғаны өз алдына, бірге оқыған Рональду мен Бекхэмнің «Қайрат» футбол клубына кіргіз» деп етегі жасқа толғанда Арал теңізінің арнасы қалпына келді-ау.

Елбасының Жолдауы бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» жобасын Үкіметіміз әлдеқашан аяқтап, орындап қойғандықтан «Қазақстан-2030» стратегиясы қайта қаралып жатқанын естіп  қуандым. Шетелдік ғарышкерлер басқа галактикаларғы саяхаттауға және Күнге тоңазып қайтуға

Байқоңырдағы қазақтардан тәжірибе үйренуге келіп жүргеніне 100 ғасыр толғаны анық. Әлгі «ҚазСАТ-1» жасанды серігімізді Темірқазықтың ар жағынан, Шолпанның бер жағынан тауып алғаным үшін 4 дүркін «Еңбек Ері» деген атақ берді.

Ресейді Кедендік одағымызға кіргізгелі бері Мәскеу үшін Астананың айтқаны заңға айналып, тауарды су тегінге алатын болдық. Кедендік одағы түгіл, әлемдік нарықты атышулы «Made in Kazakhstan» маркалы тауарларымыз жаулап алып, АҚШ, Жапония, Германия елдері 2030 жылы инновациялық-индустриялды дамуда Қазақстанды қуып жету стратегиясын қабылдап жатыр. Әлемнің нанотехнологияға тісі батпай жатқанда қазақ ғалымдары пикотехнологияның түбін тесіпті.

Осының бәрін еш мүдірместен зулатқанымда  хан разы болып қызын беріп, өзіне уәзір етіп, соның құрметіне бұдан былай Наурыз мейрамын БҰҰ шеңберінде тойлауды ұйғарды, - деп Тазшаекең әңгімесін аяқтады.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1785
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1769
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1489
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1390