Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 16229 0 пікір 11 Қаңтар, 2010 сағат 06:14

Жер мемлекеттің негізі ...

Шетелдік инвесторлер кеңесінің соңғы мәжілісіндегі Президенттің, «Қытай Халық Республикасы мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге бізден 1 млн гектар жер беруді жалға сұрады» деген ақпараты ел ішінде және шеттегі, әсіресе қытайдағы қазақтар арасында алаңдаущылық туғызуда.

Көршіміз Қытай мен бабаларымыз көне түркілер арасындағы жер мәселесі бүгін емес, осыдан 22 ғасыр бұрын басталған болатын. Сол кезде Мөде қаған қытай патшасы сұратқант90ымы асыл жылқылары мен сұлу әйелін берсе де, жерге келгенде (мейлі ол құнарсыз шөлді аймақ болса да): "Жердің жақсы-жаманы болмайды. Жер мемлекеттің негізі. Ол ешкімге берілмейді ..." деп, қытайға соғыс жариялайды да оның көп жерін жаулап алады. Мөде қағанның кезінде басталып екі ғасырға созылған соғыс кезінде көшпенділерден қорғану үшін ұзындығы алты мың шақырымдай «Қытайдың ұлы қорғаны» салынды. Бұрын шегара сол жерден өткен және осы қорғанының солтүстігі түркі халықтарының тарихи жері болғаны белгілі.

Жер және жерасты байлығы мемлекеттің негізі. Жерсіз мемлекет болмайды. Ендеше  жер сұраудың қандай түрі болса да - ол егемендікке қол салу емес пе? Ресми Қытай неге жері құнарлы және көлемі бізден он есе үлкен Ресейден немесе көлемі бізден әлдеқайда көп Австралия сияқты көршісінен жер сұрамайды? Олардан сұраған жоқ және сұрамайды да. Себебі ол жерлердің иесі бар.

Шетелдік инвесторлер кеңесінің соңғы мәжілісіндегі Президенттің, «Қытай Халық Республикасы мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге бізден 1 млн гектар жер беруді жалға сұрады» деген ақпараты ел ішінде және шеттегі, әсіресе қытайдағы қазақтар арасында алаңдаущылық туғызуда.

Көршіміз Қытай мен бабаларымыз көне түркілер арасындағы жер мәселесі бүгін емес, осыдан 22 ғасыр бұрын басталған болатын. Сол кезде Мөде қаған қытай патшасы сұратқант90ымы асыл жылқылары мен сұлу әйелін берсе де, жерге келгенде (мейлі ол құнарсыз шөлді аймақ болса да): "Жердің жақсы-жаманы болмайды. Жер мемлекеттің негізі. Ол ешкімге берілмейді ..." деп, қытайға соғыс жариялайды да оның көп жерін жаулап алады. Мөде қағанның кезінде басталып екі ғасырға созылған соғыс кезінде көшпенділерден қорғану үшін ұзындығы алты мың шақырымдай «Қытайдың ұлы қорғаны» салынды. Бұрын шегара сол жерден өткен және осы қорғанының солтүстігі түркі халықтарының тарихи жері болғаны белгілі.

Жер және жерасты байлығы мемлекеттің негізі. Жерсіз мемлекет болмайды. Ендеше  жер сұраудың қандай түрі болса да - ол егемендікке қол салу емес пе? Ресми Қытай неге жері құнарлы және көлемі бізден он есе үлкен Ресейден немесе көлемі бізден әлдеқайда көп Австралия сияқты көршісінен жер сұрамайды? Олардан сұраған жоқ және сұрамайды да. Себебі ол жерлердің иесі бар.

Ресейдің қиыр шығысында қытай шаруаларының жұмыс істеп жатқаны белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын В.Путин, «оларды шоқындыру керек» деген еді. Қалай болғанда да әзірге олардан Ресейге төнген қауіп жоқ. Болып жатса орыстар оларды жерінен бір жұманың ішінде шығарады. Ал, өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы Израильдың қалдығымен қаруланған біздің әскерде қарға мен сауысқанды үркітуден басқа қандай қауқар бар?

Шығыстағы көршіміздің біздегі жер асты байлығын алу үшін бар мүмкіндігі мен қаржыны аямай төгіп жатқандарына қарағанда, олардың Қазақстанда тек экономикалық ғана емес, өте ұзаққа созылатын саяси стратегиялық мүдделері де бар екені көрініп тұр.

Экономикалық тәуелділіктің артында саяси тәуелділік тұрады.

Қытайдың солтүстік аймағындағы халықтың негізгі дені орал-алтай тілінде сөйлейтін біздің туыстарымыз. Түркі халықтары қытай мемлекетін алты ғасырдан астам уақыт биледі. Олардың ішінде 1911 жылға дейін Қытайды төрт ғасырдай билеген манжурлар соңғы жүз жылда тілінен айырылып қытайланып болды. Қытайланған түркі, манжурларды - қара қытай деп атайды. Қытай халқының негізгі бір бөлігі осы қара қытайлар. Сондықтан, империяға қызмет етіп жүрген қытайланған ағайындарымыздың, кей жағдайда біз үшін пайдасынан гөрі зиянының көп болғанын да ұмытпау керек. Бұл жерде мәселе сол елдің билік басындағы топтардың шығу тегі мен ұлты немесе нәсілінде емес, империяның жүргізіп отырған саясатында. Сыртқы саясатта барлық әдіс-айлаға барып, керек жерінде көршілеріне қарсы әскери күш қолдану арқылы елдің жер көлемін ұлғайтуға бағытталған соңғы екі мың жылдан астам уақытта өзгермеген империяның саясаты, алдағы уақытта да өзгере қоймас.

Қытай империясы ХVIII ғасырда үш миллиондай жоңғар-ойратты жер бетінен құртып жіберіп жерін өзіне қосып алды. XIX ғасырда Шығыс Түркістанды қосып алғаннан кейін енді олар қазақ пен қырғыздың шекарасына тікелей шықты. Қазір оларға тосқауыл болатын Кеңестер Одағы жоқ. Кезінде Бұхар жырау "Қарақытай қаптаса ..." дегенін біз ескеріп, ол бізге сабақ болып жарытпаған сияқты. М.Дулатұлының "Оян, қазақ" деген кезінен бергі бір ғасыр уақытта біз оянып, ойланып қамсыздығымыздан арыла алдық па? Бұл мәселеде уақыт бізге қарсы қызмет істеуде. Себебі, енді ойланып, ырғалып-жырғалып отыруға уақыт қалмай барады.  .

Соңғы 5-6 жылда Қазақстанда ел экономикасы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бірнеше тиімсіз келісімшарттар жасалды. Канаданың "Петро Казахстан" компаниясын Қытайдың мұнай компаниясы сатып алғанда оған үкімет пен парламент еш кедергі жасай алмады. Оған дейін қытайлар Ақтөбемұнайгазды 24 жылға басқаруға алып, алты-жеті облыстағы мұнай базаларын, көптеген стратегиялық кен орындарын сатып алған болатын. Енді Маңғыстаумұнайгаздың 50%-ы солардың қолына көшті. Құмкөл мен Маңғыстаумұнайгаздағы үлесі 50 пайыздан болғанмен, негізгі билік қытайлардың қолында. Себебі, мұнай өнімдерін сату, барлық қаржы және кадр мәселелерін солар басқарады. Жақында «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясының 10%-ы Қытайдың қолына өтті. Қазіргі Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 40 пайыздайы Қытай компанияларының қолында. Ол қазақстандық барлық компаниялар өндіретін мұнайдан 2,3-2,5 есе көп. Соңғы берген 10 млрд доллар несиенің есебінен Қытай компаниялары Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын реконструкция жасамақшы. Бұл жұмыстардың артында осы маңызды нысандарды иемдену мақсаты тұрғанын көру қиын емес. Соңғы кезде үлкен мыс кен орынын қытайлар алып  жатыр деген ақпаратты да негізсіз дей алмаймыз.

Бүгінгі Қытаймен екі ортадағы жағдай "күшті қорқытады - терең батырады" дегенге келді. Экономиканы шетелдік компанияларға берудің алғашқы «қызықтары» осындай. Үлкен кен орындары мен стратегиялық кәсіпорындарды біздің ұлттық компаниялар, банктер мен кәсіпкерлер неге сатып алмайды? Біз неге осы мақсатқа Ұлттық қор мен зейнетақы қорларындағы қаржыны пайдаланбаймыз? Ондай тиімді объектілердің біздің отандық компанияларды "қызықтырмауының" бір себебі - олар бұндай объектілерді алғанның өзінде ол бизнестерінен айырылады. Себебі, осы уақытқа дейін елде шағын және үлкен бизнесті қорғайтын заңдар қабылданып, ол заңдарды орындайтын институттар мен қоғамда моральдық нормалар қалыптаспаған. Ал, ұлттық компаниялардың ондай ірі жобаларға бел шешіп араласа алмауы, Қазақстанда біздің ұлттық мүддемізден де жоғары мүдденің бар екенін көрсетпей ме?

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ын сатуға қандай қажеттілік болды? Бұл компания бонус, роэлти т.б. айтпағанда қазынаға жылына 450-500 млн доллардай салық түсіріп тұруы керек. Яғни осы компания 18 жылда 8,5-9,0 млрд доллар салықтан түсім әкелу керек еді. БАҚ-дарында бұл компанияның 50 пайызы 1,0 млрд долларға яғни бар-жоғы екі жылдық  салық көлеміне сатылды. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз, стратегиялық тұрғыдан қауіпті қадам болған жоқ па? Ал, солай болса ол ел мүддесіне кереғар тірлік емес пе?

Жалпы, мұнай саласындағы түсімді реттейтін халықаралық стандартқа сай заңның (ол заң бойынша қазынаға әр баррельден 90 долларға дейін түседі) қабылданбауынан осы саладан қазынаға түсім 4-6 есе кем, яғни жылына қазына 5,0-6,0 млрд доллардай түсімнен айырылып отыр. Қысқасы, қосымша пайданы Қазақстан емес, шетелдік компаниялар көруде.  Қажетті заңдарды уақытында шығарып осынша пайда көріп отырсақ біз дәл бүгінгі күндегідей кен орындары мен мұнай компанияларын сатар ма едік? «Олақтан салақ жаман» деген тегінде осы болар...

Шетелдік компанияларға берілген кен орындарына байланысты негізгі мәселе - ол сол кен орындарын отандық компаниялар мен кәсіпкерлерге қайтару. Оны 12 жылдан кейін жалға берген уақыты бітетін Ақтөбемұнайғаздан бастау керек. Қазақстан жағынан заңды талап қойыла бастаса ТШО да кетеміз деп қорқытатын болыпты. Елге пайдасы жоқ, кетеміз дегендерді ұстаймыз деп оларға жалтақтаудың қажеті жоқ.

Қытаймен арадағы осы мәселелерге алаңдаушылық білдірген «Комсомольская правда» т.б. басылымдардағы мақалаларды сынап, қытай компанияларының Қазақстандағы әрекеттерін жүйелі түрде қолдап жүрген Президент аппараты жанындағы стратегиялық зерттеу институтының (СЗИ) қызметкері Сыроежкиннің берген сұхбатына таң қалмасқа болмайды. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын, «... қытайлықтар 757 жылы Талас өзені бойында арабтардан ойсырап жеңілген. Енді олар Қазақстанға беттемейді» дегенін де естігенбіз. Жалпы, СЗИ соңғы жылдары негізінен мұнай саласымен айналысады. Бірақ біз бұл институттың осы саланың болашағы немесе жоғардағы келісімшарттардың стратегиялық тұрғыдағы перспективасы туралы жарытып ештеңе естімедік. Біздің бетке ұстап, стратег деп жүргендеріміздің сыңайы осы. Кейде, «осылар да соларға жалданып жүрген жоқ па?» деген ой келеді. От-басы, ошақ қасында жүргендердің білетінін олардың білмеуін басқаша қалай түсіндіруге болады?

Ал соңғы 3,5 млрд доллар алып оған көлемі Еуропадағы бір мемлекеттікіндей  1,0 млн гектар жерді жалға беру мәселесін тәуелсіздіктің бір бөлігін беру деп түсіну керек. Сонымен қатар Қытай суармалы ең құнарлы жерді сұрап отыр. Мал азығы рапсты Қазақстанда өсіріп Қытайға тасымалдау деген желеу сөз, немесе сол жерлерге мал өсіретін базалар салудың амалы.  Осы уақытқа дейін басқа елдерді, оның ішінде Қазақстанды да өздерінде шығаратын етпен (Қырғызстан арқылы), жеміс-жидек т.б. тікелей қамтамасыз еткен Қытай, енді Қазақстанды өзінің аграрлық провинциясына айналдырудың амалына кірісті.

Соңғы 13,5 млрд доллар несие - ол ел экономикасын көтеруге емес, алаяқ олигархтар мен парақор шенеуніктердің қанжығасында кетіп сыбайлас жемқорлыққа қызмет етеді де, осы уақытқа дейін осындай «тегін» несиеден бұзылған елді одан әрі бұзады. Осы уақытқа дейінгі дағдарыстан шығуға бағытталған шаралардың ішінде нақты жұмыс істей бастағаны деп 1,0 млрд доллар бөлінген жол картасын ғана айтуға болады.

Бір млн га суармалы жерді өңдеу үшін шеттен 5-6 млн адам келеді және олар 20-30 жылдан кейін 10 млнға жетеді, яғни осы арендаға берілген аймақтардағы отандастарымыздың үлесі 35-40 пайыздан аспайтын болады. Сол кезде биылғы Синцзяндағы ұйғырлармен болған жағдайдың Қазақстанда қайталанбайтынына кім кепіл?

Біз ел қамын ойлайтын іргелі мемлекет болғымыз келсе, шетте жүрген 5,0 млндай қандасымызды  елге көшіріп әкеліп сол жерлерді неге өзіміз өңдемейміз? Соны ұйымдастыруға ақылы жетпейтіндердің бұл мемлекетке қандай қажеті бар? Ал, үкімет пен парламент ай қарап отыр ма?

Ауыл шаруашылық министрлігі осы «жобаны» іске асыру үшін біріккен кәсіпорын құруға кірісіпті. Егер осы ақпарат шын болса, онда соны істеп жатқандардың ісі ел мүддесін сатқынмен бірдей болып табылады. Ондай іске барғанша ар-намысы бар адам қара жердің астына кіріп кетпейді ме? Ең болмаса... өз еріктерімен отставкаға кетпейді ме?

Жерді жалға беру, сату дегенді ұмыту керек. Оның иесі бүгінгі ұрпақ, не бүгінгі билік емес. Жердің иесі халық, яғни жер мәселесі бүкілхалықтық референдуммен шешіледі. Сондықтан Президент   жердің  жалға берілмейтінін  жариялауы керек. Ал, прокуратура мен қауіпсіздік органдары қаптаған заңсыз мигранттар мен шет елдің тыңшыларын ұстап елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Қазақстанның азаматтары бұл елдің жауы емес, бұл елдің жауы жер бергіштер мен жерасты байлығын оңды-солды сатушылар.

Қытайға да, басқаға да беретін Қазақстанның ешқандай жері жоқ және ол біреуге жер беруге міндетті емес. Қытай жағына істің бұлай болмайтынын айтып, әзірге алынбаған ақшадан бас тартқан дұрыс. Оны олар түсінеді және одан кейін силайтын болады.

Жалпы жер, жерасты байлығын шет елдік компаниялар мен біріккен кәсіпорындарға арендаға, басқаруға т.б. қандай түрде болса да беруді түгелдей тоқтатып 2030 жылға дейін моратори жариялау қажет.

Экономиканың тұтқасын шетелдік компаниялардың басқаруына беру -  тәуелсіздіктің баянсыздығының себебі болып жүрмесін? Себебі, тәуелсіздік кезінде елдегі кенорындарының 80 пайызға жуығы шетелдік компанияларға 24-50 жылға басқаруға берілгені белгілі. Әлемдегі қалыптасқан норма бойынша шетелдік компаниялардың басқаруына кенорындары мен кәсіпорындардың 15-20 пайыздан астамын беру - ел қауіпсіздігіне нұсқан келтіреді екен. Ел тәуелсіздігі - ұлт пен оның экономикасының тәуелсіздігімен басталып, сонымен аяқталады. Саясат оны іске асырудың құралы ғана. А.Байтұрсыновтың:

"Келгенде бір-біріңе мықты-ақсыңдар,

Қайтейін өзге десе көнгішіңді.

Сияқты сынық бұтақ төмендесең,

Кім жұлмас төмендегі жемісіңді"

дегеніндей қашанғы төмендей береміз? Осылай шегіне берсек бастауын Қытайдан алатын Іле (Балқаш суының 80 пайызы), Ертіс мәселелері ешқашан шешілмейді. Төмендеудің түбі - құлдықтың  құрығы.

Бір жазушы ағамыздың, "Қазақстанды шығыстан батысқа екіге жарып өтетін Алашанкөл - Атырау мұнай құбыры мен темір жол торабы тәтті тортты пышақпен екіге бөліп жатқандай болады да тұрады" дегені Бұқар бабамыз айтқан гәптің жалғасы сияқты.

Б.Наполеонның "Айдаhар оянғанда апат болады..." дегенін ескерген батыс еуропалықтар жеті қырдың арғы жағында жатса да, елу мыңнан асса, өз елдеріне одан артық бір де бір қытайлықты кіргізбейтін шектеу қойды. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан айласын асырған Қытай сол елдің бір штатында өз губернаторын сайлатуға қол жеткізіп, Халықаралық Валюта Қорындағы үлесін АҚШ-тан асыра білді. Олардың алдында АҚШ дәрменсіз болып жатқанда, біздің жағдайымыз қалай болмақ? "Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде" деген емес пе ата - бабаларымыз. Ұлы жазушы О.де Гассеттің, "...бір күні таңертең тұрғанда Қытайдың шекарасы Орал тауына жетіп тұрса, оған таң қалмаңыз" дегеніндегі Орал тауына баратын жол қазақ жері арқылы жүретінін естен шығаруға болмайды.

А.Данте заманында қазіргі Италия жеріндегі Сицилия мен Римнің ортасында Флоренция деген шағын мемлекет болған. Тәуелсіздігін сақтап қалу үшін көршілерінің барлығымен жақсы қарым - қатынаста болуға тырысқан осы мемлекет маңайындағы елдермен дипломатиялық қатынас орнатып, шамасы келгенше барлығына жағуға ұмтылды. Ал, маңайындағы азулы көршілері осы шағын елдің өздеріне қатысты істеген барлық әрекеттеріне әлсіз елдің тірлігі деп қана қарады. Ол елдің сырттан келген дұшпанды тоқтатып, өзінің тәуелсіздігін қорғайтын жағдайы болған жоқ. Соғыс та саясаттың жалғасы екенін мойындағысы келмей, барлық мәселе дипломатиялық жолмен шешіледі деп түсінген осы елдің тағдырын айналасындағы қасқыр көршілері шешті. Орта ғасырдағы қатаң тағдырдың тәлкегіне шыдамаған сол мемлекетті, ақырында азулы көршілері көкпарға түскен лақтай қылып өзара бөліп алды. Бұрынғылардан қалған, "бейбіт өмір сүргің келсе, соғысқа дайындал" деген қағида барлық уақытта тәуелсіз мемлекеттің негізгі ұстанымы болып қалмақ. Еуропадағы Лихтенштейн, Нидерланды және т.б. шағын елдердің үлкен елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қажетті жағдайға осы құрлықтағы халықтар инквизицияны, екі бірдей дүниежүзілік соғысты, коммунизм мен фашизмді бастарынан кешіргеннен кейін ғана жетті. Ал, Азиядағы қазіргі геосаяси жағдай тіптен басқаша. Осы құрлықтағы күрделі геосаяси жағдайды Еуропадағы Данте тұсындағы жағдаймен салыстыруға болады. Бұл құрлықтағы ешбір елдің тәуелсіздігін сақтап қалуына, сол елдің өзінен басқа ешкім кепілдік бере алмайды. Оның ішінде шекарасы ашық, жан - жағын мұхит қоршап тұрған Жапония, Корея сияқты елдер болмаса, Қазақстан сияқты құрлықтың ішінде, оның үстіне Ресей мен Қытайдың ортасында тұрған немесе солардың мүдделі жер аумағына кіретін елді қорғауға стратегиялық серіктес болғанмен, тәуелсіздігімізді сақтауға ешқайсысы толыққанды кепілдік бермейді. Сондықтан да болар Пәкістан, Солтүстік Корея, Иран сияқты елдер атом қаруына ие болу үшін жанталасуда. Ал басқа құрлықтардағы ешбір мемлекет дәл бұлардай атом қаруын иелену үшін арпалысып жатқан жоқ. Себебі Азия елдері үшін осы технологияны меңгеру - ол алдымен технологиялық, немесе экономикалық және саяси тәуелсіздіктің кепілі. МАГАТЭ-нің болжамы бойынша, алдағы онжылдықтарда елу шақты ел атом қаруына ие болады екен. Солардың ішінде Қазақстан бола ма? Біздің тәуелсіздігіміз үшін Гамлеттің сұрағы тап осы сұрақтан басталады. Егер Қазақстан аталған  елдердің қатарында болса, онда дамыған елдердің ішіне кіргені. Алдағы уақытта дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деп жатқан Қазақстанға атом технологиясын меңгеру қоғамдағы ілгерілеушілікті қамтамасыз етіп, оның қорғаныс қабілетін күшейтеді. Бұл мәселеде ешкімнің көңіліне қарап, ешқайсысына жалтақтамай, елдің мүддесі мен қазақстандықтардың болашағын қорғайтын саясат жүргізілуі керек. Тәуелсіздіктің негізгі кепілі - ол алдымен экономиканы өзі басқарып, елге қауіп төнген жағдайда қару күшімен өзі қорғана білу.

Қазақстанның ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігі алдымен осы елге керек. Үлкен елдер қай уақытта да өз мүдделерін өзара келісіп шешеді. Ондай жағдай XIX ғасырдың қырқыншы жылдары болды да. Ресей, Қытай және Ауғаныстан арасындағы келісім бойынша, Шығыс Түркістанды Қытай, Түркімен жерін Ауғаныстан, Орта Азиядағы басқа республикалар мен қазақ жерін Ресей жаулап алатын болып, өзара келісіп шешті де дегендеріне жетті. Олардың мүдделері жүрген жерде Қазақстан сияқты шағын елдің мәселелері кейінге ысырылып қалады.

Бұл дағдарыстан жалпы жағдайлары бізден әлдеқайда төмен, алайда барға қанағат етіп отырған Орта Азиядағы ағайындарымыз сияқты   өз күшімізбен шығуға тәуекел еткен абзал.

Қалыптасқан әлемдік нарықта бәсекелесу оңай болмайды. Бірақ ол басқаларға, оның ішінде Қытай мен Ресейге бас шұлғи беру дегенді білдірмесе керек. Олар да өзіміздей ел. Егер олар бізге стратегиялық серіктес болса неге өздеріндегі қазақ мектептерін жауып жатыр? Біз оны неге сұрамаймыз? Егер көршілермен осындай ұсақ мәселелерді шеше алмасақ ОБСЕ-ге, басқаға төраға болғаның кімге керек? Елдің қадірін кетіріп, мемлекеттің құнын бір тиын қылатын ондай арзан тірліктен аулақ болу керек. Елді құртатын осындай принципсіздік.

Көршілермен терезесі тең болуды Американың іргесінде тұрған Канададан үлгі ретінде қабылдасақ  артық болмас. Даму көрсеткіші әлемдегі алғашқы үштікке кірген Канаданың халқы Америкадан он есе аз. АҚШ алғашқы жиырмалыққа кіреді. Канаданың жері, климаты, географиялық орналасуы бізге ұқсас, ол да астық экспорттаушы ел. Стратегиясы мен тактикасы үйлесімді елдер ешкімге жер бермей-ақ алып көршісінен оқ бойы озып келеді. Бізге сондайлардан неге үйренбеске?

Жанұзақ Әкім

Еуропа ғылым академиясының мүшесі

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1770
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1748
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1470
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1380