Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4975 0 пікір 8 Желтоқсан, 2009 сағат 08:42

Шайтан шаттанатын кез немесе «шырша құдай» туралы шындық

 

 

Ертеде, сонау қараңғы дәуірлерде, Ислам ақиқаты туралы адамзат баласы әлі білмейтін кезде адамдар надандықтың салдарынан құдай деп пұтқа табынды. Әркім өзі қалаған құдайын қолдан жасап алды. Әсіресе мәңгі жасыл ағаштар адамдардың ерекше құрметін туғызып, құдайдың бейнесі ретінде қабылданды. Жоқ, әңгіме тұлпар мінген түркілер - біздің арғы бабаларымыз туралы емес. Олар Көк тәңіріге тәу ететін. Ағашқа табынатындар «өзі сары, көзі көк, былшылдаған сөзі көп» жатжерліктер еді. Сонымен, олар әуелде орманға барып мәңгі жасыл шыршаға табынатын. Оған түрлі әшекейлер іліп, сәндеп қоятын. Кейін келе шыршаны үйіне әкеліп, ошақ басындағы ең құрметті орын - төрге отырғызатын болды. Жылдар жылжып, заман өте келе бұл жаппай дәтүрге айналып, мәжүсилердің өмір-салтының ажырамас бөлшегі болды. Кеңес дәуірінде құдайды жоққа шығарған атеистер ағаш құдайды кең насихаттағаны соншама, «жаңа жыл» деген бүркеме атпен пұтқа табыну кең етек алды. Кеңес халқы, ұлтына, тіліне, діліне қарамастан жылына бір рет келетін «Жаңа жылды» асыға тосатын. Тағатсыздары жаңа жылдан бір ай бұрын, сабырлылары бір апта бұрын үйлеріне шырша енгізіп, саналы түрде пұтқа табынып, әшекей ілінген ағашты айнала билеп, көңіл көтеретін болды. Бұл халықтың санасын улауға, салтынан қол үздіріп, дінінен ажыратуға таптырмас тәсіл еді. «Жаңа жыл» миссиясының өз міндетін мүлтіксіз атқарғаны соншама күні бүгінге дейін көптеген «санасыз қазақтар» оны салтымыз деп жүр. Жоқ, бұл мәжүсилердің, христиандардың салты деген жанның басы бәлеге қалатын болды. Елбасымыз бастап, әкім қаралар қостап жыл сайын шырша шамын жағып, жаңа жылдық мерекені (пұтқа табыну сайқымазағын) ашық деп жариялайды. Әйда, сосын басталады жын-ойнақ. Ислам тиым салатын барлық харам істер осы жаңа жыл қарсаңында іске асады. Шелек-шелек шарап ішіліп, мастықтың желігімен ауыз айтып жеткізгісіз күнәлар жүзеге асады. Шайтан шапалағын шаттана соғып, көк аспанды тозақ отымен айшықтайды.

Құдай-ау, менің туған халқым мұншама қор болатындай не жазып еді? Айдың-күннің аманында Аллаға серік қосып, жұмаққа барар жолды біржолата жауып тастайтындай қазаққа иман нәсіп етпеді ме? Имансыздардың жын-ойнағы қашан тиым болады? Жаңа жылды тойламай қойсақ, үйімізге шырша құдайды кіргізбей қойсақ шырайымыз кете ме? Әлде, шынымен жаңа жылды желеу етіп билік басқа да маңызды мерекелерді елеп ескермеуге ұмытылып жүр ме? Шынымен-ақ Тәуелсіздік мерекесі мен Желтоқсан оқиғасы «Жаңа жыл» жын ойнағының көлеңкесінде қалып қадірі кете бере ме? Қазір кез келген пектеп оқушысынан «алда қандай мереке, атаулы күн бар?» деп сұраңызшы, алдымен жаңа жылды айтады. Сосын қинала-қинала Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан көтерілісін еске түсіреді. Бұл сұмдық емей, немене?!

Айтпақшы, болашағыңыз балаңызды Аяз ата туралы тәтті ертегімен алдағанды қойыңыз. Ол ертегі кейіпкері емес, өмірде болған тарихи тұлға. IV ғасырда Кіші Азияда Әулие Николас Ғажайып атты адам өмір сүрді. Католик діні оны әншейін әулие Николас немесе Клаус дейді. Ол адам сенгісіз сиқырлықтар жасай алатын. Николай туралы көзі тірісінде-ақ аңыз әңгіме көп айтылатын еді. Келе-келе ол мейірімді, балалардың қамқоры, қолы ашық жомарт әрі ақ сақалды шалдың бейнесіндегі Аяз атаға айналды. Қар-әкей, Шэн Дань Лаожэнь, Санта-Клаус, Пер Ноэль, Микалаус, Father Cristmas, Weihnachtsmann, Йоулупукки (фин тілінде - Joukipuki) - міне, мұның барлығы оның әртүрлі аталатын есімдері. Бұл бабамыз батасына қосқан әулие Қыдыр ата емес. Ендеше үкілеген үмітіңізді, ертеңіңізді елеспен алдамаңыз.

Сонымен, шайтанның шаттанатын кезі келіп жетті. Шайтанға рухы мықты жан ғана қарсылық көрсете алады. Ендеше, «ағаш құдайды» отқа тастап, өз дінімізді, салтымызды ұлықтайтын кезіңіз осы. Осылайша қоғамды жайлаған шайтани істерге әрқайсымыз қарсылық көрсетсек ғана ұлымыз иманды, қызымыз ибалы болар. Кеспірсіз Клаус пен көргенсіз Қаршақызды босағадан сығалатпаңыз. Есесіне, есі кеткен ел дүрлігіп жаңа жылды тосатын желтоқсанда ұрпағыңызға Тәуелсіздікті не үшін тәу ететінімізді, Желтоқсан көтерілісін неге ұлықтайтынымызды ұқтырсаңыз ұтпасаңыз ұтылмайсыз. Таңдау еркі өзіңізде - шайтанмен бірге шапалақ ұрып шаттанасыз, не ұлағатты ұрпақ өсірген өнегелі жанға айналасыз.

 

Байжан Дубай, «Абай-ақпарат».

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 630
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 385
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 369
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 374