Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3287 0 пікір 20 Қараша, 2009 сағат 06:38

КІМ ҚАНҒА ҚЫЗБАЙДЫ?

Қытайдағы тарихшы, жазушы ағамыз Зейнолла Сәнік сенатор Өмірбек Байгелдиге хат жазып, Ли Бай ақынды Шуда туған түбі дулат деп дәлелдейді. Ал, Байгелди болса, Сәнік мырзаның хатын Сауытбек Абдырахмановқа жолдай отырып «Мұны неге халық білмеске?» депті. Ендеше білейік, оқиық...

"Құрметті Сауытбек! Екеуміздің Елібай ақын жөніндегі шығарған кітабымыз туралы елден келіп жатқан жақсы пікірлер баршылық. Бірақ оның көбісі біздің көңіл-күйімізді көтеруге ғана жарайтын дүниелер. Ал енді мына бір хаттың жөні басқаша екен. Бұл көп нәрсені аңғартатын және тіпті де кеңінен басқаша көзқарастар туғызатын дүние сияқты. Шынтуайтына келгенде, әңгіме сіз бен бізді мақтағанында емес. Бұл кісі басталған жұмыстың өзін ғана емес, оның орасан болып ашылған келешегін көріп отыр ғой, соған бірге жұмыс істеуге шақырып отыр ғой. Бұл тамаша емес пе? Мұны неге халық білмеске? Сәлеммен Өмірбек ағаң".

Қытайдағы тарихшы, жазушы ағамыз Зейнолла Сәнік сенатор Өмірбек Байгелдиге хат жазып, Ли Бай ақынды Шуда туған түбі дулат деп дәлелдейді. Ал, Байгелди болса, Сәнік мырзаның хатын Сауытбек Абдырахмановқа жолдай отырып «Мұны неге халық білмеске?» депті. Ендеше білейік, оқиық...

"Құрметті Сауытбек! Екеуміздің Елібай ақын жөніндегі шығарған кітабымыз туралы елден келіп жатқан жақсы пікірлер баршылық. Бірақ оның көбісі біздің көңіл-күйімізді көтеруге ғана жарайтын дүниелер. Ал енді мына бір хаттың жөні басқаша екен. Бұл көп нәрсені аңғартатын және тіпті де кеңінен басқаша көзқарастар туғызатын дүние сияқты. Шынтуайтына келгенде, әңгіме сіз бен бізді мақтағанында емес. Бұл кісі басталған жұмыстың өзін ғана емес, оның орасан болып ашылған келешегін көріп отыр ғой, соған бірге жұмыс істеуге шақырып отыр ғой. Бұл тамаша емес пе? Мұны неге халық білмеске? Сәлеммен Өмірбек ағаң".

Сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДИ редакцияға жолдаған мына мақалаға осындай шағын сөзін қосып қойыпты. Мақала деп отырғанымыздың өзі көрнекті қайраткеріміздің атына жазылған хат екен. Тегі, автор мұны газетке жариялау мақсатын алға қоймаған да. Дегенмен, көзі қарақты қазақ оқырманы атына қанық қытайлық қаламгер Зейнолла СӘНІКТІҢ бұл хаты қозғаған жайларының аумағымен жеке адамға жолданған хат аумағынан асып кететін дүние. Сондықтан Өмірбек Байгелдидің "Мұны неге халық білмеске?" деген сөзін ұстанып, хатты қалың оқырманға жеткізуді жөн көрдік.Жаһан жырының жарық жұлдызы Ли Боның талайлы тағдыры ежелгі қазақ жерімен тамырлас екенін айтатын газет мақаласының келтірген уәждері Қытай елінде өткен ғасырдың 60-шы жылдарында талас арқауы ретінде көтерілгені, ақыры оны "ортаазиялық түрік әулетінен" деген тиянақ жасалғанын сол елдегі қазақ қаламгері растап отырғаны кім-кімнің де көңілін бір көтеріп тастайтыны сөзсіз деп білеміз. Мақалада Қытай мәдениетіндегі бізге қатысты басқа қызғылықты жайлар да қамтылған. "Кім қанға қызбайды?" деген тақырып хаттағы құттықтаудың мәтінінен алынып қойылды.

Аса қадірлі Өмірбек Байгелди мырза!

Мен сіздің ұйымдастыруыңыз-бен 2009 жылы жарық көрген "Елібай - Ли Бай - Ли Бо" атты ғаламат кітапты оқып жатқанда теледидардан 70 жасқа толған мерей­­тойыңызды көріп айрықша қуандым әрі осындай ірі жетісті-гіңізбен шетте жүрген бауырларыңыздың бірі ретінде шын жүректен кұттықтап, сізге ұзақ ғұмыр, алдағы жұмыстарыңызға жебелі жетістік тілеймін. Бұрын қазақтың 90-ға келген қариялары: "Алпыстағы ал бөрідей шағым-ай, жетпістегі жетілген кезім-ай!" деп өзінің алпыс-жетпіс жастардағы кезін аңсайды екен ғой. Шетте жүрген бауырларыңыз сіздің болашақта Елібайтану саласында қазіргіден де зор табыстарға қол жеткізуіңізді армандайды.

Мен Қытай елі азаматы бол-ғандығым үшін сіздің Қытай еліне деген сүйіспеншілігіңізге, мадағыңызға айрықша ден қойдым. Бұл ұлы елде мақтаса мақтайтындай ұлы істер көп-ақ. Соның біреуін айтайын. 2009 жылы 10 тамыз күні Үрімші қаласының іргесіндегі әлемдік саяхат орны - Боғдакөлі бойында (ежелгі Бесбалық қаласының төңірегінде) "Боғдакөлі хансарайы, қазақ мәдениет музейі" деген  30 гектардай жерді алып жатқан ірі музей ашылып, мен және "Үйсін хикаят­тары" атты көптомдық романның авторы, ғалым Сұлтан Жанболатов, басқа ресми адамдар сол музейдің құрметті қонағы ретінде қатынасып қайттық. Музейді қытай азаматы, Қытай мемлекеттік мүсінгерлер қоғамының мүшесі, Үрімші мүсінгерлер ұйымының төрағасы  Жаң Вең Гі мырза 40 миллион юань ақша аударып, өз қаражатымен салдырған. Музей Боғда көліне баратын Сэңгун өзені бойындағы "Қазақ ауылы" атанған сәулетті, көк орманмен көмкерілген әсем жайдан орын алған.

Иә, ол айтса айтқандай, сонау өткен дәуірімізден бұрынғы, оныншы ғасырларда Батыс патшаларының анасы "Сақ ана" жа-саған киелі орын. Ғұн патшалары да, үйсін күнбилері де, түркеш, найман, керей хандарының да осы жерде ізі қалған. Сол себепті қазақтың ірі тұлғаларынан қаңлы ғұламалары, Күшлік хан, Әз-Жәнібек ханнан Абылай ханға дейін, тіпті қазақтың рухани пірі - Қорқыт ата, Абайға дейін жиырмаға тарта ірі тұлғалардың алып мүсіндері еңсе көтеріп, көрген адамды көз тойғысыз ләззатқа бөлеп, рухыңды аспандатып әкететіндей тарихи көріністер сізді тәнті етеді. Қытай ғалымдарының жоспарына қарағанда ежелгі көшпенділердің іздері табылып, мол археологиялық қазбалар шыққан, Баркөл, Мори, Алтай, Тарбағатай өңірлерінен де осындай қазақтың ата-бабаларына қатысты мұражайлар ашуды ойластырып жатқан тәрізді.

Ал төбесі қазақ үй шаңырағына ұқсас дөңгеленіп келген музейдің ішіне кірсеңіз шыққыңыз келмейді. Ол Шыңжаңдағы қазақтар жасаған өңірден қазаққа қатысты өнер түрлерінің барлық үлгілерін жинап, көне дүниелерді түгелдей тізіп шыққан. Қытайда тұратын қазақ ғалымдары жазған "Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар" атты отызға тарта кітаптар да сол сөрелерден орын алған. Музейдің шыға берісіне өрмек тоқып, кесте тігіп отырған, қазақы қолөнер бұйымдарын дайындап жатқан қазақтың бір топ қыз-келіншектері мен бозбалалары осындай тамаша өнердің мұрагерлері ретінде бізді бір үлкен үмітке толы сезіммен толғандырып тастады.

Иә, Өмеке, бәріміз де бір тері-нің пұшпағын уқалап, бір халық-тың - қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенінің отын жағу үшін арпа-лысып жүрген адамдармыз ғой. Бізден де тірілгеннің тірсегін қиям, жанған оттың жалынын үрлеп өшірем деп шыққандар болған. Бірақ бекзаттық мұрағаттың беделі биіктеп, мәдени мұраның оты маздап тұрған мына заманда ондайлар тасқынның табанында қалатындығы сөзсіз.

Қазақтың ежелгі мәдениеті хан елінен шыққан ұлы ғалым Суби-хайдің қаламымен миллиардтар еліне таныстырылған. Соның жолын қуған қытай ғалымдары мен өнер­паздары барған сайын көбейіп келеді. "Боғдакөлі хан сарайы, қазақ мәдениет музейі" сол ғалымның еңбегі негізінде дайындалған музейдің кіре берісіндегі барысқа мінген алтын адам, оның астында шала жансар жатқан қазақ батырының аузына жан торсығынан сусын беріп тұрған аққу қыз (бұл қазақ халқының төтемі - аққудың символы), оның астына "Жасаған" туралы қазақы мифология, оның артына төрт түліктің киесі -Ойсылқара, Желата, Зеңгібаба, Шопаната, т. б. мүсіндері де біздің арғы тарихы-мыздың төркінін аңғартады. Әрі "түйе - сордан, жылқы - желден, сиыр - судан, қой - бейіштен, сайтан - оттан жаралған" деген ежелгі қазақы фило­­софияны көз алдыңа елестеді. Жаратылыстың тегін рухтан емес, материядан іздей­тін мұндай қарапайым философиялық ұғымдардың ежелгі үнді, қытай, грек философ­тарының жаратылыстың тегі - ауа, топырақ, су, от сияқты заттардан қалыптасқан дейтін көне философиялық ұғымдармен үндесіп жатқандығына қайран қаласың. Қазақ философтары әлі зерттеп үлгере алмаған осы ұғымдар Тәңіртауы етегіндегі қазақтың тарихи этнографиялық музейінен ежелгі қазақтар "Тәңір" немесе "Жасаған" деп атаған байырғы қазақ мифологиясы бойынша түсіндірілген алып музейдің қабыр­ғаларына өрнекпен өрілген.

Елібай ақын туралы таласты зерттеу сонау 1960 жылдары Шан-хайда шығатын "Үнхуйбау" әдебиет газетінде көтерілген болатын. Ақыры олар "Ли Бай - Батыс өңір адамы, ортаазиялық түркі әулетінен" дегенге тиянақтаған. 1980 жылдары өз кезінде Гоминданның өлкелік өкіметінде жұмыс атқарған Кәрім Әкрами ағамыз: "Либай ақынды Елібай деп атау керек, бүгінгі қазақ мемлекетін ежелгі үйсін хандығының жалғасы ретінде қабылдап, қазақ мемлекеттігінің 2500 жылдығын тойлау керек" деп жүріп атажұртқа келіп Алматыда қайтыс болды. Мен де сол 1980 жылдары жаңа Қытайда "Батыс өңір ақындары" деп аталатын 70-тен артық ақыннан он неше ақын­ның жырын қазақшаға аударған едім. Бұлардың арасында қаңлы ақыны Бұқым, қыпшақ ақыны Сарын, қарлұқ ақыны Нэйжан, т.б. бар еді. Сол жылдары жарық көрген менің "Мұралар нені айтады" атты жинағымнан Тұрсынбек Кәкішев ағамыз төте жазудан кириллицаға түсіртіп өзінің жоғары оқу орындарына арналған "Қазақ әдебиетінің ежелгі тарихы" атты екітомдық оқулығына енгізген екен. Сол кітапта мен Елібай ақын туралы оның дала табиғаты жөнінде қытайдың басқа ақындарына ұқсамайтын ерекшеліктеріне айрықша тоқталып, оның "Тайбай" атты тағы бір есімін қазақтың Бұзаубай, Қозыбай, Ақбота сияқты есімдерімен салыстырып кәдуілгі қазақ ақыны сияқты сезіммен қалам тербеген жайым бар еді. Бұл заманда кім қанға қызбайды? Таяуда қытай қанды бір америкалық азамат ғылымдағы жетістігі үшін Нобель сыйлығына ие болды. Бұл америкалық сол елдегі Нобель сыйлығына ие бол­ған қытай қанды азаматтың сегізіншісі екен. Қытай елінің бүкіл ақпарат теледидар саласы өз елдерінің өкілдерін мадақтап, әрі оларды өз мақтаныштарына балап, малақайларын аспанға атып, алақайлап жатты. Сол сияқты сіздің Елібай ақын туралы ізденістеріңіз мынау жетпіске келіп шар тартқан шағыңызда ақын бабаңыз басып өткен асқар тау, алып өзендерді ендей өтіп ғылыми сапарда болып, ғаламат жұмыс тындырғаныңыз ұрпақ үшін өшпес үлгі, өнеге қажырлы еңбектің жемісі ғой. Бұған қазақ қанды азаматтар неге сүйінбесін? Неге алақайлап малақайын аспанға атпасын!

Ежелгі Ғажам - Сартауы - Орта Азия өңіріне бүкіл әлем көз тігеді. Әр жылы Шыңжан өлкесіне келіп, зерттеу жүргізіп байырғы мәдениет үлгілерін көріп қайту-шылардың аяғы үзілмейді. Олар осы өңірді ежелгі Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан түйіні деп есептеп, тарихтағы мәдениет үлгілерінің қалай тоғысқанын, әртүрлі этностардың мәдени ауыс-түйісінің қалай ауысқанын ұққысы келеді. Қытай ғалымдары мен жазушылары және басқа өнер иелері өз мәдениетінің арғы тегін осы өңірден сабақтап жатқандығы Қытай қауымы үшін айрықша қызық сезіледі. Өйткені, ішкі Қытайға көптеген мәдениет өнерлері осы өңір арқылы барып, олардың рухани өмірін байытқан. Кітапқа берілген Сауытбек Абдрахмановтың терең ғылыми мақаласының да орны бөлек екен. Міне, осы тұрғыдан қарағанда кітаптың кіріспе мақаласы батыс және шығыс мәдениеті мен әдебиетін ұштастыра зерттеудің тамаша үлгісі тәрізді сезілді маған. Бұл мақалада Қытай елінің Елібай ақын туралы зерттеулері, осы ұлы ақын туралы ол жасаған өңірде жасалған музейлер, мүсіндер, ескерткіштер, мадақтамалар егжей-тегжейлі таныстырылған. Сондай-ақ, әлемдік биік­ке көтерілген Елібай ақын жөнінде батыс елдерінің әсіресе, орыс ғалымдарының зерттеулері мен ғылыми бағалары, тұжырымдары, ақынды сондай биікке көтерген асыл жырлары, оның туған жеріне деген сағынышы, сол бір балдәурен шағы өте нанымды, объективті түрде зерделеніп, терең ғылыми тұжырым жасалған. Осының өзінен-ақ филолог ғалымның ой өресінің биік, толғаныс иірімдерінің тереңде жатқанын аңғаруға болады.

Музей ашылған күні бізге бір перделі спектакль көрсетілді. Онда қазақ даласына бұрын бірнеше рет келген Жаңсян атты елшінің бастауында қытай патшасы Ханудидің сарай аруы Же Ю Мәликенің үйсін ханына ұзатылып келген көрінісі бейнеленген. (Суретке қараңыз). Онда қазақша киінген патша мен қытайша киінген қытай аруы қасқайып сізге қарап тұр. Екі патша арасындағы достықты құда-жұраттықты әспеттейтін мұндай мүсіндермен бір перделі спектакль Іленің Марат жайлауында да саяхатшыларға үнемі көрсетіліп тұратын болған. Мұның өзі қазақ хандығының - қазақ мемлекеттігінің сол кездерде өмір сүргендігін толық мойындағандық емес пе? Қазақстандықтар өз мемлекеттігінің 2500 жылға созылып бара жатқандығын атап өтуге дәт қыла алмай отырғанда, мынау тарихтан бері көрші­лес өткен ұлы халықтың біздің тарихымызға қалай қарап отырған-дығын осыдан-ақ аңғаруға болар. 91 метрлік биіктіктегі мемлекеттік рәмізін енді орнатып үлгерген ата­жұрттағы аяулы халықтың өз мемлекеттігінің 2500 жылдығын тойлайтын уақыты жа­қын шығар деп шеттегі бауырларымыз үлкен үмітпен қарап, сол күнді төрт көзі түгел күтуде.

Музейді аралап көру бары-сында біз Жаң Вен Гі мырзамен де сұхбат құрдық. Мен, дейді ол, - осы музейді салу және қандай ұлттық құндылықтарды қою мақсатында Қазақстанға бірнеше рет барып, ол елдің ірі музейлерін және оған қойылған ұлттық құндылықтарды аралап көрдім. Бірақ көңілім толмады. Нағыз аты затына сай қазақтың тарихи-этнографиялық музейі әлі кемелденіп үлгермеген екен. Сол үшін қазақтың ежелгі хан, патшаларынан, наным-сенімінен, тарихынан, тұтас тіршілігінен сыр шертетін осы музейді салып, оны қазақтың ұлттық құндылықтарын бейнелейтін мұражайға айналдыруға тура келді. Сіздердің көргендеріңіз сол музейдің алғашқы қаңқасы ғана, музей әлі де кемелденбек. Музейдің іші-сыртынан ғана емес тұтас айналасынан, анау тұрған кенере төбешіктерден де қазақы иіс аңқып тұратын болар. Осы аңғардан бәйге, теңге ілу, қыз қуу, көкпар және қазақ өнерінің басқа да түр­лерін көрсететін ойын майдандары құрылмақ. Менің мақсатым - күллі әлем халық­тарының аяғы үзілмейтін осы әлемдік саяхат орны арқылы қазақ халқын бүкіл дүниеге таныту, әрі сол арқылы мол кіріс көзін ашу. Сіздер осыған қолдаушы, үгітші болыңыздар...

Бір қытай азаматының қазақ тарихын, қазақ өмірін соншама терең зерттеп, соншалық ірі жұмыстар тындырғанына айрықша алғысымызды білдіріп, біз алдағы уақытта үлкен қошемет көрсетеміз деп қарыз арқалап қайтқандай болдық.

Қытайда жазба мұра, қазба мұра, ауызекі мұра дегендердің бәрі де баршылық. Бір америка-лық Алтайдың жартас суреттері мен өрнектерін зерттеп жүріп, осыдан 10 мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың тері шаңғымен шаңғы тебу өнерін тауып шығыпты. Осыдан кейін қытай елі әр жылы қыста Алтайға келіп, адамзаттың ең алғашқы шаңғы мәде-ниетін өнерге әкелген жерде шаңғы тебу мерекесін өткізіп мәз-мейрам болып жатады. Қазақстан өзінің сақ дәуіріндегі алтын бабасын, 6000 жылдан артық тарихқа ие домбыра мәдениетін неге осы-лай тойламасқа? Қолда бар алтын-ның қадірі болмаған-ау, шіркін!

Қадірлі Өмеке, Елібай ақынды және қазақ елінен шыққан ірі тұлғаларды зерттеу қытай елінде барған сайын тереңдеп барады. Қытайда Елібай ақын туралы еңбек "Дзуо-Шаң-Ән мен Шаң-Әнға тәнті боп өттім" деген тамаша ұранмен жарық көрді. Елібай ақынның үлкен аудармашы екені туралы да деректер табылып жатыр. Бұл да оның Шу бойында туған біздің қандасымыз екенін дәлелдейтін фактілердің бірі болар. Сол қатарда Елібай ақын туралы небір қызықты хикаялар да бар. Бұл туралы кейін айта жатармыз. Бірақ жақсыға кім жармаспайды. "Ли Бай - батыс өңір адамы" деген сөз шыққан соң мұндағы доңғандар Либай біздің доңған болса керек десе, ұйғырлар да өзіне тән ету жолында күш салып жатыр. Сол үшін таласамыз деп жүріп біреуге тарттырып алмайық, ағайын.

Жалпы, қытай архивтерінде Шыңжаң өлкесінің байтақ дала-сынан, ондағы археологиялық қазбалардан табылған біздің ата-бабаларымыздың тарихи іздеріне қатысты деректер молшылық. "Озған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады, таспен жазған - мәңгілік, жаспен жазған - қанжілік" деген сөздер тегін айтылмаған. Шыңжаңдағы қазақ даласындағы тас балбалдар, тас суреттер мен өрнек жазулар ғаламат үңгірлер баршылық. Іле өңіріндегі сақ, үйсін молалары атанған он мыңнан астам молалар әлі толық зерттелген жоқ. Қытайдағы Елібай ақын жасаған Таң патшалығы дәуірі, Шыңғысхан үкім жүргізген Юань патшалығы дәуірі, Мәнжулар үкім жүргізген Мәншін патшалығы дәуірі - осы үш дәуірдің үшеуінде де билік басында қытайлар емес, басқа ұлттар болған. Қытайдағы батыс пен шығыс мәдениеті тоғысқан тұс та осы дәуірлер. Сол себепті осы дәуірлерде қытай елінің мәдениеті мен әдебиеті күрт дамып, күллі әлемді қайран қалдырған. Батыс өңір адамдарынан ірі қоғам кайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар және басқа өнер иелерінің көп шыққан кезі де осы кез. Бұл ірі тұлғалардың арасында ішкі Қытайға будда мәдениетін таратқан қаңлы ғұламалары да бар. Шыңғысханның мемлекеттік князі болған жалайыр Мұқалы, Шыңғысханның тоғыз өрлігінің (уәзі-рінің) бірі болған керей Торқан Сары, Шыңғыс армиясының алдыңғы легін басқарған найман Нәңгэдай, т.б. бар. Осының ішінде Күшлік ханның бесінші ұрпағы "Төре найман Үйшуан" атты әрі ғалым, әрі ақын, әрі орталық Қытайды басқарған ірі қоғам қайрат­кері туралы аз үзінді келтіре кетейік. Өйткені бұның жырлары Елібай ақынмен үндес келіп жатады. 1311-1382 жылдар аралығында жасаған бұл адамның төртінші әкесі Сауыс Қанбалықта әжесі Горбасудың тәрбиесін алып жетілген. Бесінші ұрпаққа келгенде наймандар он рулы ел, найман-төрелер төрт рулы ел болған кезде олар Қытай асып барып тындым болған. Осыны сезген ақын өзін жат жұртқа ұзатқан қызға балап өз үнінің "қарлығып барып" өшкендігін жазып қалдырған.

Түстікке аттанды қыз таң сөгіле,

Ел-жұртқа қарай-қарай жаны егіле.

Көңіл күпті дәрмен аз асыл ару,

Кім ортақ болар енді мұң-шеріне.

 

* * *

Қолымнан кітап тастаман,

Оқимын ұзақ толғанам.

Қор қылма деп зарланам

Бай-бағландық садағам.

 

Ескінің сөзі медетім,

Оқысам жаным жадырар.

Ермегім - осы байлығым,

Осымен үнім қарлығар...

Осыдан кейін қытай жазбаларында наймандар туралы дерек айтылмайды. Ақын дүниеден өтіп 1060 жылдан кейін қытай ғалымы Хон-Чин-Жін (1540-1490) оның 70-тен артық өлеңін реттеп баспадан шығарып "Төреүшуән күнзу тағлымының асқан білгірі еді. Ол қытай тарихындағы айтулы ақындардың бірі, әрі ең соңғы найман ақын еді" деп жазады.

Міне, Өмеке, біз зерттейтін, тіпті бізден кейінгі ұрпақтар талай заман зерттейтін мол дүние қазақ қаламгерлерін күтіп, алыстан қол бұлғап тұр. "Өмірге самұрық болып ұшып келіп, самұрық болып ұшып кетем" депті ғой Елібай бабамыз. Оны Астананың қақ төрінен орын алған "Қазақ елі" монументіне қондырып үлгердіңіздер. Құтты болғай, әрі бұл Қытайдағы ұлы бабаларымыздың асыл мұрағаттарын жинап әкеліп, өзінің  ұрпақтарымен жүздестірудің бастамасы болғай!

Иә, мен өткен жылы өзіңізбен жүздесіп, ыстық ықыласты сұхбат құрып, сіздің Елібай ақын жөніндегі ізденістеріңізге үлкен табыс тілегеннен кейін "Елібай - Ли Бай ақын да оралман" деген тақырыпта шағын толғау жазғам. Құттықтау хатпен бірге сол жол­дауды да жолдап отырмын.

 

Бір мың үш жүз жылдан соң

Туған елге оралған.

Қытайда жырдың пірісі

Елібай (Либай) да оралман.

 

Жібек жолы бойында,

Батыс пен шығыс тоғысқан.

Ежелгі Тараз жерінде,

Ауыл үй болып қонысқан.

 

"Бағдат, Мысыр, Чынмашын

Бәрін де бабам біліпті.

Білім қылып, серуен сап,

Барып-келіп жүріпті.

 

Отырарлық Фараби,

Ғылымға жол салыпты.

Болса да алыс аралық,

Батыстан білім алыпты.

 

Сол сияқты Елібай,

Шу бойында туыпты.

Байырғы Жібек жолымен

Шығыстан білім қуыпты.

 

Шырмауында тағдырдың,

Кете алмаған кетем деп.

Сол елде оқып-жетіліп,

Қалған екен мекендеп.

 

Қытайда Таң дәуірі,

Алтын жыр дәуірі атанған.

Орын алған Елібай,

"Жыр пірі" деген қатардан.

 

Ли Байдың алтын жырынан,

Даланың иісі аңқиды.

Ал өзі зәңгір аспанда,

Қыран болып қалқиды.

 

Сол қыраннан далаға,

Жетеді бір үн саңқылдап.

Тыңдасаң көңілің елжірер,

Өксікке толы жыр тыңдап.

 

Туған жерім, елім деп,

Қайран ер, шіркін, өтіпті-ау,

Сағынышын, арманын

Ішке жұтып кетіпті-ау!

 

Рухы, оның жырлары,

Тәуелсіз елін сезгендей.

Қазақтың байтақ даласын,

Сағым болып кезгендей.

 

Жыр жетіпті еліне,

Кете алмаған кетем деп.

Тілейді туған елінен,

Жатсынбаса екен деп.

 

Қарап тұрсақ біз дағы,

Оралманның біріміз.

Мұңымыз бір Ли Баймен,

Тамырлас жатыр жырымыз.

 

Авторы: Құрметпен, Зейнолла Мүбәрәкұлы СӘНІК,

Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының мүшесі.

 

«Егемен Қазақстан»,   №379-380 (25777) 18 ҚАРАША СӘРСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1958
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2257
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1857
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1550