Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3819 0 пікір 22 Қыркүйек, 2009 сағат 12:22

Мұхтар Кәрібай. Қазақ киносының “Біржан салы”

Жақында ғана экранға шығып, Елорда кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылған «Біржан сал» фильмі соңғы жылдардағы қазақ киносындағы ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік оқиға, рас сөзбен айтылуы лазым өресі зор табыс деп бағалануға лайық. Шыны керек, «Қазақфильм» өнімі десе, басы жоқ, аяғы жоқ, қараңғы бұрыштан біреу пышақ ала жүгіретіндей («Мұстафа Шоқай» фильмі), немесе ат үстінде анайы қылық жасайтындай, болмаса, Асанәлі ағамыздың өзін кейіткендей, көрерменнің көкірегіне түкіргендей тағы біреуі дәрет сындырып жүре ме деп («Қош бол, Гүлсары» және т.б.), жүрексініп болдық. Бойыңдағы адамдық пен мәдениеттілік бағаңды қорлай бермеу үшін, бұл тақырыпты біржола жауып қою туралы шешімге де таянғанбыз.Үзілуге жақын үмітті «Біржан сал» фильмі қайта оятқанына мың бір тәубә дедік.

Жақында ғана экранға шығып, Елорда кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылған «Біржан сал» фильмі соңғы жылдардағы қазақ киносындағы ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік оқиға, рас сөзбен айтылуы лазым өресі зор табыс деп бағалануға лайық. Шыны керек, «Қазақфильм» өнімі десе, басы жоқ, аяғы жоқ, қараңғы бұрыштан біреу пышақ ала жүгіретіндей («Мұстафа Шоқай» фильмі), немесе ат үстінде анайы қылық жасайтындай, болмаса, Асанәлі ағамыздың өзін кейіткендей, көрерменнің көкірегіне түкіргендей тағы біреуі дәрет сындырып жүре ме деп («Қош бол, Гүлсары» және т.б.), жүрексініп болдық. Бойыңдағы адамдық пен мәдениеттілік бағаңды қорлай бермеу үшін, бұл тақырыпты біржола жауып қою туралы шешімге де таянғанбыз.Үзілуге жақын үмітті «Біржан сал» фильмі қайта оятқанына мың бір тәубә дедік.

Фильм бірден селт еткізерлік батыл шешіммен, алысты меңзеген өткір оймен, ұтымды эпизодпен басталады. Шетсіз, шексіз көсілген аппақ маң дала, ғарышпен астасып жатқандай осынау есігі ашық кең дүние ешқашан тарылмастай, енді азғанада ата-бабадан қалған қайран қасиетті мекенді қабағы қату, ниеті бұзық бөтен бір жұрт келіп басы бүтін билемейтіндей,  қапысыз, қамсыз, жайбарақат тіршілік күйін кешіп жатқан қазақ халқын еркіндік пен еркеліктің ақ бесігіндей тербеткен алаңсыз әлем. Алты алашты аузына қаратқан әйгілі ақын, әнші, сері Біржан бүгінде ағалық жасқа келіп, екінің бірінің басына бермейтін бұла дәуренді ғұмырының қазіргі шағымен, жан-дүниесінің мазасыз күйімен мазмұндас, мұңдас келетіндей табиғаттың мизамкөк деп аталатын, көпшілік сезе бермейтін тылсым сәтін тамашалап толқиды. Келесі үздікте түз тағысы - көкжал бөріні қызығы таусылмас саят үшін қуып келе жатқан аттылы, тазылы топ, орталарында - Біржан. Кенет көкжалдың мойны астына бүктеліп, меңіреу даланы селт еткізген мылтықтың жалғыз оғынан ұшып түсті. Атқандар - ақ патшаның солдаттары. Біржан бастаған сал-серілер тобы аңтарылып тоқтап қалды. Аппақ қарда қып-қызыл қанға бөгіп тыпырлап жатқан түз тағысын көрген Біржанның көзі қарауытып, жүрегі лоблыды. Ақ қар, қызыл қан...  Бұл Біржандар іздегендей "қаса сұлу шомылғанға ұқсайтын" қимас көрініс емес.  Сезімтал сері жүрегі алдағы үлкен қасіреттің, апаттың белгісін айнымай таныды. Көкжалдың тағдыры баяғыдан жеткен аңыз бойынша сол көк бөрінің ұрпағы саналатын туған халқының да басына төнген қара бұлт екенін анық аңғарды ақын. Жойқын күш бүгін алдыңдағы аңыңды алса, ертең атар таңыңды аларын бағамдады сезімтал жүрек.

Серілер тобын көрген ақ патша әскерінің бастығы «мыналар кім?» деп сұрайды. «Бұлар - даланың еркін адамдары» деген жауапты естіп, «еркін дейсің бе?» деп кекете күледі. Өйткені мына аңырған шағын топтың ғана емес, бүтіндей осы өлкені мекендеген қауымның бас еркіндігінің күні таянғаны бәрінен бұрын бұларға жақсы мәлім. Осылайша, өткен тарихтан азды-кемді түсінігі бар көрермен көңілінің әрдайым түкпірде жататын мұңды пернелерін дір еткізерліктей өткір сәттен басталған фильм ендігі кезекте көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін көшпелі дәуірдің бүгінгі ұрпақ үшін алыста қалған буалдыр ортасына тарта жөнеледі.

Қаймағы бұзыла қоймаған қазақ ауылы... Анадайдан  әртүрлі аңдар мен қиқулаған аққу бейнесіне енген сал-серілердің думанды келісі бұйығы ауылдың тұйық тірлігін дүр сілкіндіріп, ажарын ашып жіберді.

Аттың екі бауырына был-сылқ құлап келе жатқан ерке топты ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша ауылдың қыз-келіншектері кілемге салып көтеріп әкетіп жатыр. Серілер тобындағы сан түрлі өнер иелері өздеріне көрсетілген құрметтің құнын бойларындағы бар өнерін аямай төгіп, толық ақтайтыны аян. Әрине, олардың ішінде атағы жер жарған Біржан салдың жөні бөлек, жиылған қауымның тағатсыздана күткені де сол. Баяғы, Мұхаң жазатындай "аға әншінің саңлақ, даңғыл, зор әуені... жайлау түнінің жұлдызды жарық аспанына шырқап, шаншылып ән кетіп жатты".

Серінің сәні мен әніне ынтық бойжеткен Ләйлім. Еліктің лағындай нәзік те үркек, сұңқардың балапанындай сымбатты һәм таза жас ару тұла бойын билеген бұла сезімін қазақ қыздарына тән батылдықпен, десе де ибалығы мен инабатынан жаңылмаған бейнеде әдемілеп әнмен жеткізді. Төл әнін жас сұлудың таңғы шықтай таза үнінен естіген Біржан өз өнерінің өлместігіне көзі жетіп, бойын кернеген шаттық пен бақыттан көңілі босады. Сұлулық пен сезім үшін жаралған Сері мен сұлудың арасында лап еткен ғашық оты. Көкше баурайының қою түнгі орманы бірін-бірі іздеп табысқан қос асықты құшағына алып, сырт көздерден жасыруға тырысқандай. Бірақ бұл кез Біржанның егде тартқан, балалы-шағалы ел ағасы болған алаңды, асулы шағы. Сондықтан айналадағы орта мен өмір талабы ақынның аласұрған күй кешкен, кейіпкердің өзі сырын ашқандай "ішін шоқ шыжғырған" арпалысты халімен ымырасыз күреске ұласарына қайран жоқ.

Тарих доңғалағы тоқтаусыз айналып, заман беті басқа, бұлыңғыр арнаға бұрылған кезеңде көшпелі өркениеттің ажырамас бір сипатына айналған сал-серілік дәстүрдің де қадірі түсіп, салтанаты таусылып барады. Бұған дейін табандары жерге тимей, қайда бармасын қауымның асыға күткен қадірлі қонағына айналған, жастық дәуреннің естен  кетпес жарқын бейнесі, ыстық елесі болған сал-серілер тобының  енді дүлей қара күштің, кеудесін көр басқан мылқау, қараңғы жандардың соққысына жығылуы - бұрын-соңды болып көрмеген өрескел сұмдық, кеудені жаншитын ауыр қасірет еді. Басынан бағы тайған Біржанның да денесіне қамшы тиіп, қолына қыл арқан байланды. Мұның барлығы алда келе жатқан меңіреу, тас керең, алапат заманның суық ызғары болатын. Өйткені ән түгілі, сол әннің құдыретін асыратын қасиетті тілдің өзі құрдымға құламақ.

Салдың көңілін жаулаған жас арумен сезімі қимаса да сергек санасына жеңдіріп, өзінің де қыздың да абыройын ойлап, көкірегі қарс айрыла қоштасуы -  келмеске кеткен серілік дәуренімен ғана ғана емес, кеше ғана мәңгілік мызғымастай болып көрінген қайран заманмен, бүтін бір дәуірмен қош айтысуы екенін ақын біледі.

Біржанды сомдаған актер және осы фильмнің қоюшы режиссері  Досқан Жолжақсынов өзі де әншілік, серілік әлемінің адамы болғандықтан шығар, әйгілі атасының ішкі жан-дүниесі мен көңіл-күйін, жалынды сезімінің сыртқа шыққан, тебіреністі, шаттық шағын соншалық сенімді, табиғи дәл бере алған. Әсіресе, үлкен мен кіші, қыз бен жігіт, бай мен кедей болсын баршаға ортақ құдыретті әндерін орындау кезіндегі ақынның көңілі аспанда шалқып, жұлдызбен жымдасып, ай нұрымен астасып, биік шыңдардың, сайын даланың, шалқар көлдің үнімен ұласып кеткендей балбыраған таңғажайып, әсерлі күйін қапысыз сомдайды. Осы бірегей фильм арқылы Біржан салдың мәңілік өшпес "Ләйлім", "Жанбота", "Теміртас" сынды классикалық әндерінің дүниеге келген әсерлі, ащы тарихын тұла бойыңнан, толқыған жүрегіңнен өткізесің. Әйтпесе, аты ғана айтылып, күнделікті сахналарда орындалып жатқанда, олардың тұңғиық тереңдігіне әркімнің бойлай беруі неғайбыл. Осыдан келіп, ән тарихы деген тақырыптың қазіргі қоғам, әсіресе жас көрермендер үшін қаншалық мәнді, маңызды екенін бағамдауға болады. Көрермен демекші, біз барған кинозалда он шақты ғана адамның қарасы байқалған.

"Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше" демелік, "Біржан сал" фильмінің кейінгі жылдары отандық киноиндустрия шығарған өзге өнімдерден ерекшелігі көпшілік көрермен үшін шығарылған, сөйлеу мәнері мен интонациясы кәдімгі өмірдің өзіндегідей табиғи - айғайсыз, ұрансыз, аттансыз. Таңдалып алынған актерлардың әрқайсысы өмірдегі өздерін ойнағандай - шынайы, таза, түсінікті, сондықтан жаныңа жақын. Бұл арада Ләйлім рөліндегі Аша Матай қарындасымыздың өнердегі зор табысын мойындағанымыз абзал. Бүгінгі қала қызының кешегі бірде ерке әрі көркем, бірде қамаулы һәм қапалы қазақ қызының бейнесіне еркін ене алғанына қуандық.

"Біржан сал"  фильмі әлі де жолайрықта тұрғандай, бейбағдар күй кешкен қазіргі қоғамымыз үшін тағы бір ой саларлық салмақты, тағлымды туынды екендігі даусыз.  Көрермен, көзайм болыңыздар қазақ киносының «Біражан салы» дүниеге келді.

«Абай-ақпарат».

 

ФОТО: www.gdb.rferl.org

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 601
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 349
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 348
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 353