Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2793 0 пікір 17 Ақпан, 2014 сағат 06:49

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

4.

Осымен М.Әуезовтің үйде жазып, дайындап әкелген қағаздағы сөзі аяқталады да әрі қарай мінбедегі еркін сөзі басталады. Онда сол күнгі саяси оқиғаның ықпалымен өзін күні кеше ұсталып кеткен саяси тұтқындармен арасын ажыратып алғысы келген. Онсыз тағы да болмайтын. Артқа қалдырған күдік түбінде күйдіріп тынатын.

М.Әуезов (жалғасы, стенограмма): Жолдастар, Жазушылар Одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар Одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған Жазушылар Одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!

4.

Осымен М.Әуезовтің үйде жазып, дайындап әкелген қағаздағы сөзі аяқталады да әрі қарай мінбедегі еркін сөзі басталады. Онда сол күнгі саяси оқиғаның ықпалымен өзін күні кеше ұсталып кеткен саяси тұтқындармен арасын ажыратып алғысы келген. Онсыз тағы да болмайтын. Артқа қалдырған күдік түбінде күйдіріп тынатын.

М.Әуезов (жалғасы, стенограмма): Жолдастар, Жазушылар Одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар Одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған Жазушылар Одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!

Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын. Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін. Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісіз болса, маған да сондай көмескі. Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.

Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негізге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдау арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бұл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор – филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды көпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.

Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады. Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс».

Иә, бұл оның ең соңғы жан айқайы еді. Қайым Мұхамедханов дегдардан: «Өзіңіз қорғап, жиырма бес жыл бас бостандығыңызды қиған адам Сізден бас тартып, «халық жауы» деп танығанда қандай пікірде болдыңыз? Араларыңызға сызат түскен жоқ па?»,– деп сұрағаным да:

«Жоқ. Қандай да сылтау айтпасын, бізге Әуезовтің бостандықта қалғаны керек еді. Егер Әуезов қамалса, онда күніміздің мәңгі батқаны еді. Алатын жазамызды алып, сотталып кеткеміз. Кейін түрмеден бірден үйіне шақырып, өзі вокзалдан тосып алды. Бір ай сыйлап, киіндіріп, ғылыми мәселемді, жұмысымды шешіп, киіндіріп қайтарды. Сонда: «Мен аман қалсам, сендер қапаста ұзақ қамалмассыңдар деп, айтқан сөзім ғой. Сол сөз болмаса, мен де қастарыңа барар едім. Өзіне нақты қауіп төнгенін Сәбит сонда бір-түсінді. Оны «саяси тәсіл» дейді»,– деп күлді», – деп жауап қайырды».

Қайбір жетіскеннен қолданған «саяси тәсіл» дейсің. «Өлместің амалы» деп қазақ осындайды айтса керек.

М.Әуезов (жалғасы): «Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мұқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен».

Кеңестік идеологияның үшкіруімен ушығып, шеменнен дертке ұласып, екі тұлғаны да осы күнге жеткізген, ақыры өздерінің басын қатерге тіккен осынау бақталастық психологиясының қасіретін екеуі де түсінді. Енді шіміркенбесе кеш қалатын. Сол екпінімен М.Әуезов іштегі дертін сыртқа шығарды.

М.Әуезов (жалғасы): Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді. Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті объективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әрине, тырнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шығатыны бар.

Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.

Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым деп, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды. Ал осы авторды біреу сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.

Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін».

Бұдан асқан арылу, арыздасу бола ма?!. Сірә, бола қоймас. Ол екеуін де бір үкім күтіп тұрғанын, екеуінің де бір үкімнің үкімін бөліп өтеуіне тура келетінін білді. Соны мегзей С.Мұқановқа:

«Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!»,– деп ұсыныс жасаумен сөзін аяқтады.

Бұдан артық ашынғаннан шыққан ыстық жас бола қоймас, сірә! Түсінік берудің өзі артық. Ендігі кезек Сәби Мұқановтікі еді. Бұған Сәбит Мұқанов:

С.Мұқанов: «Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!)... Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін»,– деп жауап берді.

Иә, «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» жүні жығылған, сөзі пәс, үні әлсіз. Соның өзінде екі-үш жерде М.Әуезовті шымшып өтеді. Өзінен күштің кеткенін, жүктің Әуезов жаққа ауғанына нәумез болып қалғаны анық байқалады. Отыз жыл бойы атойлаған Алаш идеясы да оған бұл жолы азық бола алған жоқ.

Уақыт лебі солай. Бұл бір белгісіздіктің тылсым маусымы болатын. Ә.Жаймурзин өзінің қорытынды сөзін:

«Мен қорытындыны созып жатпаймын. Өйткені сөйлеген жолдастар дертті мәселелер жөнінде өте нақты пікірлер айтты және өте дұрыс айтты. Әуезов пен Мұқанов жолдастар өздерінің қателіктерін мойындады, олардың сөзін барлықтарыңыз тыңдадыңыздар, менің ойымша, бұл сөздердің шындығы іс жүзінде сыналады. Бұл жолдастар өздерінің сөздерінде тұрады және уәделерінің шынайылығы мен ақиқатын дәлелдеп береді – деп сенемін. Өзге жолдастардың сын пікірлеріне ескертпелерім жоқ, тек бір адамның сөзіне ғана қысқаша жауап бере кеткім келеді. Ол – С.Бақбергеновтің сөзіне қатысты. С.Бақбергенов жолдас партиялық баспасөздің қызметкері болғандықтан да, оның маған таққан айыптарына жауап беруге міндеттімін.

Бірінші: әдебиетшінің немесе оның теоретигінің орынына ешқашан көз сүзгемін жоқ. Мен еш жерде: өзімнің бойымда жоқ қабілетімнің орынын қызметпен толтырамын деп айтқамын жоқ. Мен өзімді жоғары білімі бар кеңес интеллигенциясының қатарына жатқызамын.

Екіншіден: Гурьев облыстық газетінің өтініші бойынша мақала жаздым. Сол мақаламда әдебиеттегі жағымды көрініс ретінде – Мұқановтың «Ботагөз», Мұстафиннің – «Қарағанды», «Миллионер», Мүсіреповтің – «Қазақ солдаты», Әуезовтің – «Абай» романдарын атадым. Жолдастар Әуезовті тым артық мақтап жіберіпсің – дейді. Егер жолдастар солай десе, оны ескеремін, бірақ олары дұрыс емес деп ойлаймын.

Үшінші: Мен өзімнің ешқандай топқа қосылмайтынымды ашық мәлімдеймін. Бәріне бірдей тең қараймын, тең қарауға тырысып бағамын. Әзірше мені біржақтылығым үшін ешкім де көзіме түрткен емес. Мен он жылдан бері басқару жұмыстарында істеп келемін, ешқашанда партияның ұстанымынан ауытқып кеткемін жоқ. Мені мұнда Орталық комитет топшылдықты күшейту үшін емес, жағдайды түзеу үшін жіберді. Егерде топшылдар мені өз жағына тартқысы келсе, онда олардың бұл талпынысы сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Болмағанды – болды деп дәлелдеген оқиға тарихта болған емес.

Бақбергенов: Мен оны әшкереледім және тағы әшкерелейтін боламын.

Жаймурзин: Иә, егерде ол туралы мұндай мәжілісте партиялық баспасөздің ресми өкілі айтып отырса, онда тиісті мекемелер бұл айыптаулардың дұрыстығын тексеруі тиіс – деп ойлаймын.

Дауыс: Бақбергенов Кеңестік Жазушылар Одағының мүшесі ретінде сөйледі.

Жаймурзин: Оның пәлендей маңызы жоқ. Ол – республикалық партиялық газеттің қызметкері, ол ресми сөз алды, ал мен түсініктеме беріп тұрмын, ол енді өз кезегінде өз сөзіне жауап беруге тиісті.

Төртінші: Кадрларды таңдау мәселесі туралы. Мен: кадрды сыбайластығына, жағымпаздығына және жеке берілгендігіне қарап таңдайды – деген айыпты жоққа шығарамын. Бұл арада менің ешқандай жақындарым жоқ. Тиесовке қатысты айтарым: ол бұрынғы партия қызметкері, біздің әдебиетімізге көптен бері араласып келеді. Бұл қызметке оны Орталық комитет тағайындады. Ол істі бүлдірген жоқ, қайта журналдың жұмысын жақсартты. Оның қызметтегі кемшілігін көрсету керек, сынау керек, бірақ та оны кездейсоқ адам деуге болмайды. Ал жұмыстағы кемшілік әркімде бар. Бұдан әрі қарай біздің қателерімізді түзетуге осындай талап тұрғысынан қарайтын боламыз»,– деп тұжырымдады.

Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен Жазушылар Одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескертіпті, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты.

Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында да осындай астар бар еді.

Алдыңғы мәжілістерден бұл мәжілістің ерекшелігі – кеңес өкіметінің дұшпаны мен ұлтшыл-буржуазияшыл элементтер әшкереленген жоқ, барлық назарды, шындығында да соған дейін асқынып келген «топшылдыққа, жікшілдікке», нақтылап айтқанда, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы қарым-қатынасқа аударып, «Жаймурзин жолдастың баяндамасының негізінде төмендегідей қаулы қабылдады (мазмұны):

«1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған «Сынау орынына мадақтау» атты мақалада Нұртазиннің идеядан ада «Сәбит Мұқановтың шығармашылығы» кітабі мен мәскеулік сыншы З.Кедринаның қате пайымдауларға орын берілген зиянды «Мұхтар Әуезов» монографиясы орынды сыналған. Мұндай кітап тек топшылдықтан, отбасылық мүддеден әлі де арылмаған кейбір қазақ жазушыларының ықпалымен ғана шығып отыр. Төралқа мынаны атап өтті:

Мұқанов өзінің Жазушылар Одағының төрағасы кезінде алаяқ және жалған сыншы Нұртазиннің Жазушылар Одағына өтіп кетуіне, сөйтіп, Нұртазиннің идеялық жағынан зиянды халтурасының – шимай-шатпақтарының (стряпни) баспасөзде жариялануына мүмкіндік жасап, сол арқылы көзжұмушылық танытып, жалпақшешейлікке жол берген. Жазушылар қауымы осы кітапты қатал сынға алғаннан кейін де Мұқанов жолдас одан тиісті қорытынды шығармады және оны қорғауын жалғастырып келеді;

З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов» кітабында жазушының шығармашылығы принциті түрде жан-жақты бағаланбаған, керісінше, Әуезовтің шығармашылығы туралы жалған түсінік беретін, тек қана зиян келтіретін көптеген жаңылысты және қате бағамдаулар орын алған. Сыншы Әуезовтің шығармашылығындағы идеялық қателіктер мен құлдыраушылықты жасырады да, оны қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде көрсету үшін басқа жазушыларға қарсы қояды, сөйтіп, жекелеген жазушыларды бір-біріне өшіктіру бағытын ұстаған.

Мұқанов пен Әуезов жолдастар өзгелерге партиялық принцип пен жолдастық өзара ынтымақтастықтың негізінде шығармашылық достықтың үлгісін көрсетудің орынына, міне, он бес жылдан бері қазақ әдебиетіндегі жетекші орынға ие болуы үшін өзара принципсіз, жікшіл күрес жүргізіп келеді, ол күреске өзге де жазушыларды тартты, олардың арқасын қалқалаған халтурщиктерді, жағымпаздарды айналасына топтастырды. Мұндай топшылдық жазушылар арасындағы батыл, принципті партиялық сынның өрістеуіне кедергі келтіріп келді, әдебиетші жастардың идеялық және шығармашылық тұрғыдан зиянын тигізді және бүкіл қазақ әдебиетінің дамуына кесірін тигізді.

Төралқа: топшылдық күрестің осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанының басты бір себебі – Жазушылар Одағының кейбір басқарма мүшелері топшылдықтың кесірінің зиянкестігіне дер кезінде мән бермеді, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы дауды шешуде қатаң талап пен принципті талдау көрсете алмады, тіпті, олардың өздері де солардың жетегіне еріп кетті. Жекелеген жазушылар Әуезов пен Мұқановтың көңілін жықпас үшін олардың беделін көтеруге тырысты, бұл жазушыларды сынаудан жалтарды, қысқасы жалтақтық танытты – деп есептейді.

Осыған байланысты Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағы Қаулы етеді:

1. Қазақстан жазушыларының кейбір топтарының арасындағы зиянды, өзара жалпақшешей топшылдықтың, сыбайлас байланыстың, отбасылық мүдденің орын алғандығы жөніндегі «Правданың» сыны дұрыс деп табылсын.

2. Кеңес жазушысы деген жоғары атаққа сай келмейтін, өзара бақталастық бәсекеге орын беріп келгені үшін және топшылдықты ұйымдастырғаны үшін Мұқанов пен Әуезов жолдастардың әрекеттері қатаң сыналсын. Нұртазин мен Кедринаның кітаптары – кеңестік қоғамның көзқарасын емес, жекелеген топтың, үйірменің, жеке тұлғаның көңілін табу үшін жазылған идеялық тұрғыдан жат және зиянды – деп табылсын.

3. Жазушылардың арасындағы кез-келген топшылдыққа, отбасылық мүддеге және сыбайластыққа қарсы күресті күшейту Жазушылар Одағының басшыларына, шығармашылық бөлімшелерге міндеттелсін және ондай мінез көрсеткендер – ескі буржуазиялық моральді жұқтырушы деп есептелсін.

4. Республикадағы әдеби сынның дәрежесі тиісті деңгейге көтерілсін. Ол үшін мына шаралар жүзеге асырылсын:

а) Жазушылар Одағының аппаратында әдебиет теориясы мен сын комиссиясы құрылсын;

б) «Әдебиет және искусство» мен «Советский Казахстан» журналдарының сын және библиография бөлімдері күшейтілсін.

5. Жазушылар Одағындағы шығармашылық секциялар және республиканың барлық жазушылары туындыны талқылаудың деңгейін көтерсін, идеялық-көркемдік тұрғыдан сапасы нашар, зиянды шығармаларды қатаң түрде қарап, қайтарылып тасталсын.

6. «Әдебиет және искусство» мен «Советский Казахстан» журналдарына: өздерінің беттерінде теориялық, әдебиеттанушылық және сыни мақалалар жариялау арқылы марксизм-ленинизм идеясы насихатталсын, сондай-ақ партияның ХІХ съезіндегі нұсқауларының негізінде қазақ кеңес әдебиеті шешуге тиісті мәселелерді көтеру және оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жарияланымдарды ұйымдастыру міндеттелсін.

7. Мұқанов пен Әуезов жолдастардың: өздерінің идеялық қателіктерін мойындаған және топшылдықты тоқтататыны туралы уәде берген өтініштері ескерілсін».

Осы, соңғы бап үшін бүкіл қазақ жазушылары, оның ішінде Әуезов пен Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин қаншама жанталасқа түскені, осы тараудағы талқының хаттамаларынан анық байқалады.

Мұхтар Әуезов осы талқыда:

«Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін»,– деген еді.

Ауызекі тілде сөйлеумен, ойланып жазған сөздің астарынан көңіл-күйдің ғана емес, адамның түйсігіндегі психологиялық күйзеліс пен үміттің де табы аңғарылатыны анық.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2057
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2488
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2081
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1600