Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аймақ 940 4 пікір 28 Наурыз, 2024 сағат 13:57

Су тасқыны: Өңірлердің қазіргі ахуалы қандай?

Коллаж: Abai.kz

Наурыздың соңғы онкүндігінде қысқы қардың күрт еруінен елдің бірқатар өңірін су басып жатыр.  ҚР ТЖМ Республикалық жедел штабының үйлестіруімен қолға алынған құтқару жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ.

Кеше еліміздің бірқатар өңірінде Төтенше жағдай режимі жарияланды. Атап айтқанда: Абай, Орал, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарында жағдай күрделі. Осы аталған аймақтардың ішінде Ақтөбе мен Қостанай облыстарында жағдай өте күрделі.

Сурет Википедиядан алынды

Қостанай облысы

Арқалық қаласының маңындағы 9 қыстақтың тұрғындары эвакуацияланғанды. Қаладағы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесу үшін ШҚО ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.

Осы облыстағы Жанкелдин ауданындағы Шеген – Ақшығанақ, Шұбалаң мен А. Байтұрсынұлы ауылдарына қатынас уақытша тоқтатылып, көліктердің жүруіне шектеу қойылды.

Сонымен қатар, Саға, Тәуіш, Көлқамыс ауылдарындағы жергілікті халық бас бірліктерін танытып, өз әлдерінше қарекет жасап жатыр.

Табиғаттың тосын мінезіне тап болған Торғайлықтар есеңгіреп қалғанымен сабырлық танытып, жұдырықтай жұмыла білді.

Сурет Википедиядан алынды

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысында ТЖМ күшімен Ақтөбе әуежайының жұмысы қалпына келтірілді. Күні бойы әуе айлағының аумағында Ақтөбе өңірінің құтқарушылары су айдау жұмыстарын жүргізді.

Бүгіндері Темір, Байғанин, Қобда, Мұғалжар аудандары аумағындағы бірнеше ауылдарға су тасқыны қаупі төніп, кейбір шеткі ауылдарда бірнеше үйлерге су кірді. Бұл ауылдарда полицейлер мен құтқарушылар ауыл тұрғындарымен бірлесіп, ағын су бағытын бұру және бөгеу, жиналған суларды шығару, инерттік материал төсеу шараларын тәулік бойы атқаруда.

Кешелі бері Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының Аңқаты ауылы үшін ауыр күн болды. Еріген қар үстіне кеше күні бойы жауған жаңбыр қосылып, көшелерге су толды. Бұру арнасына сыймаған қызыл су ауыл шетіндегі 16 үйге лап берді.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖД мен ЖАО-ның 659 адам, 208 бірлік техника, 123 бірлік мотопомпасы жұмылдырылды. Бұл туралы БҚО ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет Википедиядан алынды

Орал

Қазіргі уақытта Оралда төтенше жағдай жарияланды.

Бұдан басқа облыста 70 үй суға кеткен: Орал қаласында - 19, Бәйтерек ауданында - 10, Тасқала ауданында - 4, Теректі ауданында 37 үй. Сонымен қатар 255 ауланы су басқан. Бұл туралы бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген брифингте облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов мәлімдеді.

Сурет Википедиядан алынды

Ұлытау облысы

Қолда бар мәліметтер бойынша кеше түнгі сағат 22:30-да Ұлытау селосынан 70 шақырым жердегі Талдысай елдімекенінде қардың қарқынды еруіне және жер асты суларының көтерілуіне байланысты 8 жеке үй су астында қалып, су деңгейі 50 см-ге жетіп, Жезді кентіне 20 адам (оның ішінде 5 бала және 7 әйел) эвакуацияланды.

Дәл осы уақытта 28 наурызға қараған түні Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде 10-ға жуық үйді су басып, ізінше сол үйдің тұрғындары және жақын аумақтағы баспаналар, бас аяғы 26 отбасы эвакуацияланды. Қазіргі уақытта кенттің жатақханасына орналастыру жұмыстары қолға алынды.

Сурет Википедиядан алынды

Абай облысы

Ақсуат ауданындағы Боғас өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты аудан орталығынан 120 км қашықтықта орналасқан 662 тұрғын, 147 үй бар Кіндікті ауылына апаратын көпірдің жол төсемін қызылсу шайып кетті. 27 наурыз күні қардың қарқынды еруіне және күннің күрт жылынуы салдарынан Баршатас ауылдық округіндегі Балға өзенінің су деңгейі көтерілді. Уақытылы су жиектері көтеріліп, инертті материал төгілді. Қазіргі уақытта су тартылып, ауылға қауіп жоқ.

Аягөз ауданында қазіргі уақытта бірден екі бағытта суда жоғалып кеткен үш ер адамды іздестіру әрекеті жалғасуда

Атап айтсақ, 23 наурыздан бастап 1977 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары жүргізілуде, ол Аягөз өзенінен өтпекші болған кезде, аттан құлап, суға кеткен деп болжануда. Ер адам ат үстінде өзі жұмыс атқаратын «Шығыс» шаруа қожалығына бармақшы болғаны анықталып отыр.

Ал, 26 наурыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған тағы екі азаматты іздестіру жүргізілуде, олар «МТЗ 82» маркалы тракторда Борлы өзенінен өту кезінде суда жоғалып кеткені мәлім болды.

Кеше 18 сағат 26 минутта Семей қаласының ҚМ МИ-17 тікұшағы Борлы өзені бойын аэровизуалды қарауға әуеге ұшты. Алайда, аумақты зерттеу нәтиже бермеді.

Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары тәуліктің қараңғы уақытының басталуына байланысты уақытша тоқтатылды.

Бүгін таңғы сағат 06-дан бастап іздеу жұмыстарын қайта қолға алынды.

Abai.kz

4 пікір