Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 1566 0 пікір 28 Наурыз, 2024 сағат 13:35

«Шетелдегі қандастарымызбен қауышып қайттық»

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Белгілі ақын, журналист Дәулетбек Байтұрсынұлы биыл 8 наурызда 60 жасқа толыпты. Екеуіміз жыл есебімен түйдей жастымыз, ал ай-күнін есептесек ол менен 3 ай 16 күн үлкен.

Мен Дәукеңмен Құлжада жүргенде ақын Керім Елемесұлының жатақханасында танысқам. Аққуаша келген, сұңғақ бойлы, мінезі көркем, сөйлесе қалсаң әңгіменің майын тамызып айтатын бұл биязы жігітпен алғашқы таныстығым осылай басталып еді. Д.Байтұрсынұлы сол кезде Күнес №1-Педагогикалық техникумының жалпы пәнін оқып келіп, туған ауылы Моңғұлкүре ауданы №1-қазақ орта мектебінде мұғалім және оқу ісінің меңгерушісі екен. Кейін ол Шынжаң Оқу-ағарту институтының физика факультетіне барып, екі жыл білімін толықтырып келді. Мен Қазақ еліне қоныс аударудың сәл алдында Дәукең Іле облыстық Халықтық саяси кеңеске (облыстық мәсилихатқа) қызметін ауыстырып келіп еді. Дәукең Құлжада ұзақ тұрған жоқ, 1994 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келді. Біраз баспасөзде жұмыс істеді, арада күн көрістің қамымен Бархолка базарында сауда жасады.

Ат айналып қазығын табар дегендей, ол баспасөзге қайта оралды. «Халық кеңесі», «Ислам және өркениет» газеттерінде, Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде тілші, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Және халықаралық мәдени-интеллектуалды Диалог Еуразия Платформасының «da Қазақстан» журналының Бас редакторы болды. Қазір балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы болып жұмыс істеп жүр. Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі.

Өлеңдері 1988 жылдан ҚХР және ҚР-дағы мерзімді баспасөзде үздіксіз жарық көріп келеді, «Жас толқын»  жинағына енген. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі» жыр жинақтарының авторы. Әдеби басылымдарда жиырмаға жуық сын мақалалары жарық көрді.

2004 жылы «Отан» партиясымен «Ана тілі» газетінің ұйымдастырған ғылыми экспедициясының құрамында бола отырып, Қазақстан, Ресей, Монғолия, Қарақалпақстан, Өзбекстан секілді елдерді аралап, шекара өңіріндегі қазақтар өмірімен танысып, 35 күнде 20 мың шақырым жол жүріп, сырттағы әдеби-мәдени жәдігерлерді жинап қайтқандардың бірі болды.

Сол кезде «Мәднени мұра – достық кепілі» деген авто шерудің басы-қасында болған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлына жолығып сапардың барысын сұраған едік. Бүгін сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, сіз халықаралық  деңгейдегі  «Авто шерудің» куәсі болып келдіңіз. Бұл сапардың негізгі мақсаты не? Оқырмандарға қысқаша түсіндіре кетсеңіз?

– Бұл жоғарғы  «Авто шерудің» ұйымдастырылу мақсаты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра – достық кепілі» деген атпен атқарылған шара болып табылады. Бұл идеяны қозғаған «Ана тілі» газетінің ұжымы. Бұған демеушілік көрсеткен «Отан» республикалық саяси партиясы. Жетекшіміз Кенжебай Мұхаммед – Шәріп.

Авто шеруге сіз «кім» болып қатыстыңыз?

– Мен бұл экспедицияға атамекенге қоныстанған оралман ақын ретінде, әрі этнографиялық тақырыптар бойынша, Қытай бөлігіндегі мәселелерге қатысты шақырылдым.

Алғашқы жоспар бойынша 5 елге бару тиіс екенсіздер. Қырғыстан мен Қытайға не себептен бара алмай қалдыңыздар?

– Жоспар бойынша Ресей, Өзбекстан, Қырғыстан, Қытай және Моңғолия елдерін аралау болатын. Қырғыз еліне бармай қалу себебіміз көліктің техникалық ахауынан болса, ал Қытайға бармай қалғанымыз мінген көліктердің Қытайға шығу визасының болмауына байланысты болды. Қалған бөлігіндегі баруға, көруге тиісті жерлердің бәрінде болдық. Мәселен Ресейдің 8 губерниясы мен бір республикасын, Өзбекстанның бес облысын, Монғолияның Баян-Өлги аймағын, Қазақстанның 10 облысын аралап қайттық.

– Бұл «экспедицияға» сізден басқа кімдер қатысты?

– «Ана тілі» газетінің бірінші орынбасары Ертай Айғалиұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жауапты хатшысы Тілек Дәулетов, геолог Молдияр Серікбаев, Қазақ радиосының  журналисті, жазушы Жеңіс Ақпанбетов, «Ұлттық телеарнасының»  журналисті, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов, түсіруші оператор Ерғали Медет, археолог-тарихшы Арнабай Нұржанов және Ахмет Тоқтабаев, фото тілші Самат Құсайынов, зергер Асқарбек Әбеуов, түріктанушы Үсейін Нүсіпжан Хәким, жүргізушілер Асанбек Әбеуов, Ербол Байсапаров секілді азаматтар болды.

–  Экспедиция қанша күнге жалғасты?

– Авто шеру Алматыда  жасақталғанымен, 16 шілде күні Астана бәйтерегінен ресми бастау алып 20 тамызда 35 күндік сапарды аяқтап елге отырдық. Жалпы 20 мың шақырым жол жүріппіз.

– Халықаралық экспедиция үшін 35 күн аздық еткен жоқ па?

– Әрине аздық етті. Өйткені уақыттың аздығы, жүрісіміздің асығыс болуына әкеліп соқты. Кейбір көбірек аялдайтын жерлерге ондай мүмкіндіктер болмады.

– «Мәдени мұра» демекші, қазаққа қатысты тарихи маңызы бар қандай орындарда болдыңыздар?

– Тарихи орындардан Ресейде Челябы обылысындағы Темірлан  мұнарасы, Архайым қаласы. Волгоград облысындағы Мамай қорғаны. Астрахань облысындағы Алтын орда мемлекетінің астанасы болған Батудың сарайы. Құрманғазының кесенесі, Өзбекістандағы Нұрата деген жердегі  Әйтеке бидің қорымы. Самартқанттағы Жалаң төс батырдың  мешіті. Атыраудағы Сарайшық қаласы, Манғыстаудың Бейнеуіндегі пір Бекеттің жер асты мешіті. Жамбыл жеріндегі Құланды қаласы, Талдықорғандағы Қойлық қаласы секілді жерлерді зерттеуді мақсат еттік. Сондай-ақ өзбек, қарақалпақ ағайындар мен таулы Алтай республикасындағы Алтай ұлтының ерекшеліктерімен де таныстық.Қазақша жер-су аттарына, жер бедеріне көңіл бөлдік. Осы арқылы ұлтымыздың байтақ даласындағы басып өткен жолдарын көзбен шолып, ойға түйіп қайттық.

– Дәуке, сіздер көрші 3 елдегі ағайындардың арасында болып қайттыңыздар. «Түбі бір қазақ» дегенімізбен жасаған ортасы мен саяси- заңтүзімі әр түрлі. Бұл олардың тіліне, салт-санасына, психологиясына әсер етпей қоймайтыны анық.

– Әрине, «қазақ» деген бір ұлттың баласы болсақ та жасаған ортамыз бен, өмір сүріп отырған мемлекеттің ұқсамауына байланысты ішінара бір-біріне ұқсамайтын артықшылықтары мен кемшін тұстары жетерлік. Ресейдің Омбы, Орынбор, Астрахан обылыстарының Қазақтарымен шекаралас аудандарының қазақы қалпы, ұлттық ерекшеліктері көңіл қуантады. Таулы Алтай Республикасы Қосағаш ауданы тіптен бірыңғай қазақ деуге болады. Ал Қорған, Челябы, Саратов, Волгоградқатарлы өңірлерге ішкерлеп кірген сайын жағдай мүлде бөлек. Сол баяғы колхоз-совхоз өмірі. Бұйырған жұмысті істеп, берген ақысын алады. Біздегідей бұзылып, қирап жатқан үй болмаса да ауыл-ауылдың түрі жүдеу, еңсесі шөге бастаған ағаш үйлер. Қына мен мүк басқан шифырлары сарғайып көрінеді. Осындай ауылдың ара-тұра көшесінен орыстармен аралас өмір сүріп отырған қандастарымызды кездестірдік. Қарт кісілермен өз тілімізде сөйлесе алғанымызбен, қырық жастан төмендегілері мүлде мақұрым. Қазақстан деген елді білсе де, бірақ оны көз алдына елестете алмайды. Қорған обылысы Орқамыс деген ауылдағы 20 жастар шамасындағы жігітпен орыс тілінде әңгімелестік.

– Атың кім? – десек, ол:

– Атым Абай, – деді.

– Абай деген кім? – десек.

– Білмеймін, мүмкін компазитор болу керек, – деп алақан жайып тұр.

Өйткені бұл елдімекенде  қазақ мектебі атымен жоқ, жолдастары орыс. Отбасында да орысша сөйлеседі. Ауылдың жағдайы былай болғанда, қала өмірі тіпті қиын екені байқалады. «Біз Қазақстаннан келдік» дегенде тым болмаса бір елең етпеген қандастарымыздың көзінен жылт еткен бір ұшқын, жүрегінен сезім таппай дал болдық. Дегенмен әр жерде қарлығаштың қанатымен су сепкендей қазақ мәдени орталықтары бар екен. Бұған да қанағат еттік. Себебі, мәдени орталықтардың жетекшілері кілең қаракөз қарындастар мен апаларымыз екен. Омбыда Алтынай, Челябыды Айгүл, Саратовта Қаным, Күләш, Волгогратта Зара  секілді рухы биік, жаны таза жақсы жандарды кездестірдік.

Ал, Қарақалпақыстандағы ағайындардың тұрмыс тіршілігі әр қилы, жағдайлары мәз емес екен. Мен сізге бір мысал айтайын: Қыпшақ ауылы деп алалатын елді мекенде МАИ  бекетінде тексеруден өтіп, енді жүргелі тұрғанымызда, жол шетінде екі адиялға оранып жатқан екі бала тұра сала бізге жүгіріп келіп: «Бензин аласыздарма?» – деді. Өйткені бұл өңірдегі барлық жанармай құю бекеттері қаңырап бос қалған. Тек Тәжікстан жақтан контробандалық жолмен келген бензиндер ауылдардағы бай  адамдар арқылы сатылады екен. Жаңағы екі бала бізді 18 шақырым жердегі Қыпшақ ауылының орталығына алып келіп, екі жігітке кездестірді. Сөйтіп біз жанармайды осы жігіттерден сатып алдық. Ал бізді ертіп келген екі баланың бірі 7- сыныптан, екіншісі 9- сыныптан оқуды тастап, күн көріс қамына кеткен. Олар екі арада делдал болып отбасының шәй-тұзын табады екен. Әке-шешелері жер иелеріне жалданып мақта егістіктеріне жұмыс істейді екен. Қарақалпақ жерінен Өзбекістанға ішкерлеп кірген сайын жағдай сәл басқаша. Мұндағы қазақтардың қарекеті де әжеп тәуір.

Монғолия Баян-Өлгий қазақтары бұл екі жағдайдан мүлде басқаша, шетелдегі бірден-бір таза қазақ елі, қазақ қаласы, мал шаруашылығын берік ұстанған бейғам еркін жатқан көшпелі тірлік. Өсім жақсы, біз көрген отбасында  5-6 дан бала бар. Мектеп өмірінен мекеме жұмыстарына дейін бәрі-бәрі қазақша. «Хабар», «Ұлттық арна» - сын және Қытайдың қазақша каналдарын көре алады екен. Өздерін қазақ елінің бір бөлігіндей сезінеді.

– Сіздер болған елдегі қазақтардың Қазақстанға деген ынтасы, көзқарасы қай деңгейде?

– Қазақстанға оралу  туралы ойлары да әр алуан. Ресейдің Волгоград  облысы Палассовка ауданында болғанымызда Кенжеғали Мұханбетов деген ағамыз:

«Адам баласы туылған екен әйтеуір бір өледі. Мен үшін Ресейде жүру не, Қазақстанда жүру не, бәрі бір. Жоқ әлде  Қазақстанға барсам өлместің суы бар ма? «Ұрпақ дейсіңіздер ме?» мен өз тағдырымды өзім білемін. Ал бала-шаға өз тәлейінен көріп алсын. Оларда қайда болсада бір күні өледі...» деген жәйсіз сөзді естідік.

Өзбектің Ноуайы облысы Кенимақ ауданындағы Жауғашты Шағатаев деген қарт кісі: «Бұл менің ата-бабамның туып  өскен жері. Ешқайда қозғалғым келмейді. Керек десеңдер Әйтеке бабамыз мына тұрған 63 шақырым жердегі Нұратада жатыр. Қайда болса да жұмысты жақсы істесе киім бүтін, қарын тоқ  болады. Осы Қазақстанға көшіп жатқан елге таң қаламын?! Олар не іздеп көшіп жатыр?» десе . Ал Баян-Өлгидің қырқаларында мал бағып жүрген жерінен кездескен Жайлаубай деген замандас: «Мұндағы өмір маған әрі тыныш, әрі жәйлі. Анау қыстық (қыстау) қорадан шықсам мына бөктердегі құдық басына киіз үй тігіп тасынып аламын. Қойым әне, қодасым (сарлық) міне, жылқым онда жатыр.Алда-жалда осыларды сатуға тура келсе Қазақстаннан бір бөлмелі үй де ала алмайды екенмін. Себебі менің төрт қойымның құны онда бір-ақ  қой. Сондықтан квотаға кірмесем, көшуден қорқамын. Әрі ол жақта таңның атысы, күннің батысына дейін тынымсыз тіршілікпен, ақша табу азап. Уайым көбейіп шашың ағарады. Дегенмен туыстарымыздың біразы көшіп кеткен... Түбінде менде қозғалармын!» – дейді.

Бұл аздаған адамдардың көз қарасы. Ал Баян-Өлгидің үлкен көші әлі жалғасуда. Жол бойы бірнеше көштің келе жатқанына куә болдық. Онда көлік жалдаудың  қымбаттығын былай қойғанда, Моңғол – Ресей кедені, онан Ресей – Қазақстаннан кедендеріне дейінгі мыңдаған шақырым алыс жол азабы ауыр соғатынын өзінен өзі түсінікті. Басытысы ондағы бауырлардың асқақ рухы сақталған, қозғалыс тоқырамайтынына сенімдмін. Өзбектегі ел екі удай куй кешуде. Арқасын кеңге салып малын бағып, қауын-қырбызын сатып журетұратын көрінеді. Ал Ресейдегі туыстарды бөлінген квота, көрсетілер көмек өзі іздеп барып таппаса «қазаққа барып «Иуан» атанғанша орыста қазақ болып, үйренген тірлігімізде жүре тұрайық» деп отырған адамдар тап қазір қозғала қоймас.

Осы жағдайларды көрген соң барып көзім жеткені – шығысымыздағы Қытай қазақтары нағыз жанкештілер екен-ау деп ойладым. Олар квотаны күтіп, «мені қайтесіңдер» деп алақан жайып отырған жоқ. Қонаққа, оқуға келу жолымен және көші – қонмен жан – жақтылы әдіс амалдар іздеп шегарадан бері асуды ойлап отыр. Қатысты мекемелердің құрып тастаған кедергілері салдарынан жылдап кезек күтуді бастарынан өткізіп, келіпте жатыр. Әттең онда бөгеп ұстап отыр! Егер қолдарына визасы бар отбасыларының өзіне ғана, ашық рұқсат етілсе үлкен көш керуені түзелер еді.

Біз «Мәдени мұра» деп іздеп жүрміз. Оның басты қаhарманы адам емес пе?! Олай болса көші-қон саясатын дұрыс жолға коя білсек тіліміз, салт-сана дәстүріміз, әдеп-ғұрып, аңыз-әңгіме, жыр-дастанымыз, ата жолымыз, сан мың қолымыз өтер еді – ау!...

Қазақи болуы қалың Баян-Өлгий  қазақтарының мәдени мұрасы көңіл көншіте ме?

– Біз көрген жерлердегі есте ерекше қалғаны Баян-Өлгийдегі ұлттық мұражай. Ондағы құнды экспонаттар. Дәл әзіргі тірліктерінде тұтынып жатқан Ақбоз уйлері, әсем  ұлттық өрнектермен нақышталған баулар, алаша сырмақтар. Байырғы тас қора, тас уйлер, тегене кұйрықты қазақ қойы ұлттық ерекшелігімізді айғақтап-ақ тұр. Алайда біз бұлармен қанша алысқа бармақпыз?...

Әйтеке бабамыздың басына кесене тұрғызып па?

– Өзбекстанның Ноуайы облысы Нұрата ауданында иісі  қазаққа белгілі Әйтеке бидің қабыры қараусыз құлап жатыр. Басында ешбір белгісіде жоқ. Біз ол араны Кенимақ ауданындағы Бабаның 8-ұрпақтары Әлібек Сәрменбай, Бейбіт Мінәсәрұлы қатарлы кісілерден анықтадық. Олардың айтуынша кезінде сол өңірдегі қазақтар ақша шығарып басына белгі тұрғызбақ болған. Алайда олардың қолындағы қаржы Биатаның атағына лайық кесене тұрғызылмайтын болған соң, жұмыс бір машина тас түсірумен шектелген. Олардың « Қазақстаннан бір қайыр болып қала ма» деген үміттері жоқ емес. Ал Қазақстанның билік басында отырған азаматтар бұған мойын бұрама екен?! Атағы Алатаудай Әйтеке бабамыздың басынан осылай жасып қайттық.

Қазақстанның 10 облысында болыпсыз. Сіздіңше оралмандарды қай обылыстарға шоғырландырған дұрыс.

– Оралмандарды орналастыруға 15 облыстың барлығыда ыңғайлы, қолайлы деуге толық негіз бар. Алайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық  арнада» берген сұқбатында атап өткендей Солтүстік өңір аса қолайлы деп едім. Себебі, Оңтүстік үш облыстың онсызда халқы тығыз, жері тарғалаң. Соңғы кездегі «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қағидаға негізделіп, базарлы өлкені барымен талшық етіп жатқан жұрт едәуір қанықтырған секілді. Сыртқы көш пен ішкі көштің бағыты осы мекендерге тоғысып жатыр. Бір орынды шиырлап, тұяқ кесті еткенше, ата-баба салтын куып, ұзақ-ұзақ қоныс шалған да жөн-ау деп ойладым. Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Ақмола, Қостанай өңірі түгін тартса майы шығатын шұрайлы жайылым. Көз жетпес көсілген өріс. Орманды сулы алқап егіс даласын айтсақ  таусылмайтын абзалдықтары бар. Әрі баспана жағы да оңай шешіледі. Басшылардың да қабағы түзу, адамдары аңқылдаған, құшағы кең... «Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» демей ме дана халқымыз. Алда көшіп келетін қандастарыма осылай құлақ қағыс еткім келеді. Бұлай істесек бірінші – өзімізге жеңілдік, екіншіден, орыстаныңқырап кеткен обылыстарымыздың ортасына тіліміздің сапалы тұқымын сеуіп, дәстүрімізді қайта жаңғыртар едік.

– Жалпы Қазақстанның қазіргі тыныс-тіршілігі жаман емес дейсіз ғой?

– Осындай ұлан-ғайыр жер батысы  мен шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне атпенен алты ай жол жүретін ұлы даланы ата-бабамыздың қалай сақтап бізге жеткізгеніне таң қалдым да, Аллаға шүкіршілік еттім! Әзірге иелік етіп отырған териториямыздың  тұтастығын сақтап, туымызды тік ұстасақ, қалған олпы-солпымыз орнына келіп «Көш жүре түзелмей ме?!» Ақтөбе, Атырау, Маңғыстай өңіріндегі мұнай мен газ, оңтүстіктің  жемісі мен мақтасы, шығыстың түсті металы, алтыны мен күмісі, Солтүстіктің ақ бидайы мен ақ қайыңды орманы бірін-бірі толықтырып тұр. Жасалып, жаңартырып  жатқан темір жол мен асфальт жолдары біздің жарқын болашағымызды таяу жылдардың белестерінен көрсетері анық, оған біз сеніп қайттық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір