Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 2931 3 пікір 28 Наурыз, 2024 сағат 13:20

Алаш зиялылары: Ойлай білетін бала сөйлей де біледі...

Сурет Википедиядан алынды

Баланы ерте жастан тәрбиелеу, дамыту қай кезде болмасын қоғамда өзекті мәселелердің бірі болған. Баланың сөйлеуі, сөздік қорды қалыптастыру,  қарым-қатынас дағдыларын меңгерту туралы ғылыми  тұжырымдар ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының еңбектерінде кеңінен жазылды.

Көрнекті ғалым, жазушы, педагогика мен психология ғылымы бойынша  өлшеусіз мұра қалдырған Жүсіпбек Аймауытов: «Біреудің  ойын ұқпай, өз ойын  айта білмей, ешбір білім табу мүмкін емес. Бұл даусыз. Ендеше, ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын. Сөзбен ой бірінен –бірі айырылмайтын қайнаса біткен нәрсе. Сөз-ойдың айнасы. Ойсыз сөз-сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді.Тілді ойдан бөлек жетілту мүмкін емес» - деп жазған еді [1, 33]. Ж. Аймауытов баланың ойлауын дамыту арқылы баланы сөйлей білуге үйретудің маңыздылығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп кетті. Сонымен бірге  көрнекті ғалым  баланың  сөздік қорын  байытуда «Тіл» табиғи жолмен өрбитін жанды нәрсе болғандықтан,  тілді өз еркімен, қысылмай, өсіп  жетілдіру керектігін де алға тартады [1, 231].

Ж.Аймауытовтың баланың ойын жетілдіру  арқылы тілін дамытуға  қатысты айтқан ғылыми тұжырымдары қазіргі уақытта да   аса маңызды, өзекті болып отыр (баланың сөйлеуін  дамытуда).

Сәбидің ойын дамытуға ықпал етеін дүниелер: жастайынан ертегі тыңдау (кітап оқып беру); жыр тыңдау; ата-ана, үлкендер тарапынан ойлануға дағдыландыратын әңгімелесу, сұхбат; баланы далаға, табиғатқа жиі шығару, серуендету (жай қана серуендеу емес, балаға айналысындағы күн, аспан,  бұлт, ай, жұлдыз, тал, ағаш, өзен және т.б. туралы жасына сай білім беру, танымын ұлғайту); логиканы дамытатын түрлі ойындар және т.б.

Осы жоғарыда айтылғандардың қатарында ұлттық ойындарға тоқталсақ. Ұлттық ойындар ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген еді. Халқымыз баланың ойлауын ұлттық ойындар арқылы дамытып, сөздік қорын байытқан. Әрбір ойынның өз мағынасы болған. Ұлттық ойындар туралы қазақ даласына келген көрнекті саяхатшылар В.Рубрук, П.Карпинидің жазбаларында да кездеседі. Ал, саяхатшы-ғалым А.Диваев ұлттық ойындарды жинақтап қағазға түсірген еді.

Қазақ халқы ұлттық ойындардың баланың денсаулығын шынықтырып,  баланы жан-жақты дамытатынын білген. Ұлттық ойындар баланың ойлауын дамытып қана қоймай батылдыққа, шыншылдыққа, әділдікке тәрбиелеп, жеке тұлғаны жетілдіріп шығарған. Сондықтан да, баланың сөйлеуін дамытуда, түрлі балалар әрекетінің қисынды болуына  ойландыруға жетелейтін ұлттық ойындардың маңызы зор.

Жаһандану уақытында баланың құмарынан шығып ойнауы азайып барады. Қазіргі ақпараттық-техникалық заманның дамыған уақытында адам арасындағы қарапайым байланыс тетіктері, балалар арасындағы ойынға негізделген табиғи байланыстың аясы  күннен күнге тарылуда. Ата-ананың жұмыс бастылығы, жұмыс басты болмаса да телефон, теледидар алдында көп отыру адамның өзінің дамуына да, баланың тәрбиесіне де кері ықпал ететіндігі сөзсіз. Қазіргі уақытта кез-келген логопед мамандарға жүгінгенде тіпті, 4-5 жастағы балалардың қарапайым тұрмыста қолданылатын сөздерді де айта алмайтындығын айтып қынжылуда. Себебі, телефон мен теледидар алдында көп отырған бала ойдың жүйріктігінен ажырайды. Ойлану үшін баланың өзі іс-қимыл, іс – әрекет етуі керек. Аяқ –қол мен ми қатар жұмыс жасағанда қана ой дамуы болатындығы сөзсіз. Бұл мәселені талай ғалымдар жазып кеткен-ді. Сонымен қатар, дұрыс сөйлей білмейтін балалардың бала-бақшаға барғаннан кейін сөйлеп кеткендігі туралы да жиі естиміз. Себебі, бала бала-бақшада бір – бірімен ойнайды, өзара бірін-бірі табиғи қарым –қатынаспен дамытады. Қазақта «ойын баласы» деген түсінік те бар. Бұл түсінік тегіннен –тегін шықпаса керек. Демек, ойын жасында бала құмары қанып ойнауы тиіс. Сондай-ақ, бұрынғы кезде атасы мен әжесінің қолында өскен бала ерекше мінез-құлыққа ие болған. Яғни, сөзге ұстамды, сабырлы, ойы терең, сөзге шебер. Себебі, ата - мен әже өз бойларындағы өмірлік тәжірибесін балаға толығымен беріп кетуге ұмтылған. Жалпы бұрынғы қазақтар қарақан бастарын ойламай, тек қана ұрпағы үшін өмір сүрген секілді.

Сонымен, ұлттық ойындарымыздың барлығы баланың ойын шыңдап, сәбиді ерте жетілдірген. Этнограф – ғалымдар, ұлттық ойындарымыздың тарихының тамырын тереңде жатырғандығын айтады (Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқандығы туралы). Ұлттық ойындар әрбір халықтың тұрмыс қалпына қарай қалыптасатындығы сөзсіз. Сондықтан да ұлттық ділімізге қызмет етеді. Ұлттық ойындардың өзі аң аулаға байланысты; малға байланысты және т.б. болып жіктеледі. Мәселен, ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр деп аталатын ойындар аң аулауға қатысты шыққан. Ал, аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота деген ойындар малға қатысты шыққан. Сонымен қатар, арқан аттау, арқан тартыс, асау мәстек, асық, аттамақ, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам және т.б. ойындар түрлі заттармен ойналады.

Асық ойыны  көнеден келе жатқан ұлттық ойындардың бірі. Қазақ халқы  дүниеге келген сәбиге  жастайынан асық жинаған. Асық балалардың  ең көп ойнайтын ойыны болған. Асық ойыны баланы ойлауға, ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, алғырлыққа, адамгершілікке тәрбиелеген. Қазақта батыр көп болуының да, ұлы мен қызы жау келгенде ел қорғауға қабілетті болуының да сыры ұлттық ойындарда жатса керек-ті.

Асық ойнау кезінде балалардың бір-біріне достық, басқаларды қадірлеп сыйлай білу, төзімді, шыдамды болу қасиеті қалыптасқан. Осындай бала бойындағы ізгі қасиет туралы көрнекті педагог, ағартушы, халық мұғалімі Спандияр Көбеев: «Басқаларды қадірлеп, сыйлай білуге  әдеттенген, нағыз  сыпайы,  мәдениетті,   көрегенді,  ізетті бала, қайсы  бір қысылтаң, сөзден  тосылып қалатын  жерде  де ешқандай  қысылмай  қажетті жауабын  бере алады, ол тапқырлық  ой  мен сөйлеу  мәдениетіне, шешендікке  машықтанғандықтан жауабы  көңілге қонымды әрі мәдениетті  де табиғи болады»- деп жазған еді [2]. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік қасиеттер   баланың рухани дүниесінің кеңеюі мен сөйлеу мәдениетіне ықпал еткен.

Ал, зеректілікті дамытатын ойындардың өзі бір төбе. Алайда, осы аталған ойындардың ең болмағанда біреуін балалар өз отбасында ойнайды ма екен? Мәселен, жасырынбақ ойыны баланың логикасын дамытуға әрі ептілікке дағдыландыратын ойын. Бала ойынды «Қай жерге тығыламын?», «Мені тауып алмайды ма?» деп ойланудан бастайды. Бұның өзі баланың енжар, аңғарымсыз болмай, ұщқыр ойлы, заңғарымды болуына жол ашады. Сонымен қатар, дененің шынығуына да тікелей ықпалын тигізеді.  Баланың ойлауын дамытатын ұлттық ойындардың бірі «Бестемше» ойыны. «Бестемше» ойыны арқылы балада төзімділік, ойлана білу, эмоциясын басқара  білу, өзара қарым-қатынас қалыптасады.

Қазіргі уақытта  мектепке дейінгі білім беру саласында  Балаларды ерте дамыту институты «Ханталапай» ұлттық ойынын Наурыз мейрамына орай  жыл сайын дәстүрлі түрде  республикалық деңгейде  мектеп жасына дейінгі балалар арасында өткізеді.  Ұлттық ойындарды тек қана наурыз кезінде емес, әрбір отбасы баланың жасына сай әрдайым ойнатуды дағдыға айналдырғаны дұрыс. Сонда, тілі кеш шығатын балалар қатары азаяды.

Ж.Аймауытов: «Біреудің  ойын ұқпай, өз ойын  айта білмей, ешбір білім табу мүмкін емес. Бұл даусыз. Ендеше, ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын»-деп бала бойында ойлана білу қасиетінің  маңыздылығына  тоқталады [1, 33].

Бала тәрбиесінде ата-аналардың ықпалы ерекше. Көрнекті педагог С. Көбеев: «Балаларға  тән қасиеттердің бірі шыншылдық, екіншісі –тез еліктеушілік. Мұндай ізгі қасиеттер  мектеп  жасына дейінгі балаларда  кездеседі. Бұл жастағы балалар  үлкен адамдардың  жақсы ісіне де, жаман ісіне де еліктейді. Егер нәресте  үнемі әбігерленудің,  күйгелектіктің,  өрескел, оғаш айқай-шудың, ұрыс-жанжалдың, біреуді даттап отыратын  ата-ананың  ішінде өссе,  балада да сабырсыздық,  даурықпалық,  ұрысқақтық  т.б.  толып жатқан  жағымсыз  мінез, әдет пайда  болады» - деп те жазған еді   [3, 33]. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген де халқымыздың даналығы бар. Жүсіп Баласағұн ақ сүтпен кірген тәрбиенің адам бойында ажал жеткенше жойылмайтындығы туралы да жазған еді. Отбасындағы тәрбие адамның бүкіл өмірінде негізгі рөлді атқарады. Сондықтан да, баланың тұлға болып жетілуі ең алдымен ата-ана жауапкершілігінде. Содан кейін, ұстаздардың еншісінде.

Мамандар баланы түсіне білу керек, баланы тыңдай білу керек деп әрдайым жазып жатады. Баланың көрген - білгенін тыңдай білу, баламен бала деңгейінде сөйлесе білу де үлкен өнер. Сөйлесу, сухббатасу арқылы бала ойланады, ойы шыңдалады, білмейтін нәрсесін біледі, ұғынады.

Қорыта айтқанда, ойлай білетін бала сөйлей де біледі. Жастайынан ойлауға машықтанған бала, есейе келе терең ойшыл да болады. Қазіргі күні неліктен бізде Қаныш жоқ, Әлкей жоқ деген де сауалдар көптеп қойылуда? Баланы ерте жасынан қарқынды дамыту арқылы көптеген сұрақтың жауабына кезігеміз...

Жүсіп Баласағұнша айтқанда: адам баласының құндылығы оның білімінде һәм ойлана білуінде.

Бақыткүл Қуандыққызы Сәрсембина

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Ж.Аймауытов. Алты томдық шығармалар жинағы.Алматы: «Ел-шежіре»-2013 ж.
  2. С. Көбеев. Орындалған арман. Алматы -1951 ж.
  3. Е.Сәдуақасов. С. Көбеев ата-ананың беделі туралы. // Қазақстан мектебі. № 4, 1968 ж.

Abai.kz

3 пікір