Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Аласапыран 3084 55 пікір 24 Наурыз, 2024 сағат 15:09

«Крокус Сити Холлдың» күмәнді көлеңкесі

Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холлдағы» концерт кезіндегі теракт (Ресей жағы солай атап жатыр) кезінде 133 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алыпты. Арасында балалар да бар екен (бүгінге, яғни 24 наурыздағы мәлімет).

Концерт тамашалауға келген бейбіт адамдар, соғыс алаңында емес, ел астанасының дәл маңында осындай қазаға, қасіретке ұшырап жатыр!

Әрине, осы қайғылы оқиға үшін жауапкершілік, ең алдымен, Ресейдің арнайы және құқықтық органдарының мойнында: соншама ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерге ие бола отырып, елдің Мәскеудің дәл іргесіндегі, барлық қауіпсіздік құралдарымен жабдықталуы тиіс Ресейдің ең үлкен концерт залында осындай сұмдыққа жол беруі – халық пен мемлекет алдындағы қылмысқа тең!

Осы трагедияға байланысты көрші орыс халқына көңіл айта отырып, мына жайтқа назар аударғым келеді.

Оқиға болған күні түн ортасында тікелей эфир жүргізген кейбір ресейлік телеарналар «Крокус Сити Холлдың» автотұрағында көзге түскен "украин нөмірі бар күдікті машина" туралы қайта-қайта айта берді. Құдды бір жоғарыдан тапсырыс берілгендей.

Ізін суытпай Ресей президенті де өз сөзінде «украин ізінің» бар екенін айтып қалды: күдіктілердің қолға түскенін хабарлай отырып ол: «Олар қашып, Украина жаққа бет алды, ол жақта оларға алдын-ала шекара асып түсуге арналған жол (окно) әзірленіп қойылған».

Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді, басқа-басқа емес, мемлекет басшысының аузынан шыққан тұжырым алдағы тергеу жұмыстарына нақты бағыт беріп отыр емес пе?

Зеленский болса, бұл терактіге өз елінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Ендігі жері Кремль «бұл сұмдық оқиғаны Украина ұйымдастырды», - деп бәле шығаруы ғажап емес. Өйткені тергеуді өздері жүргізіп жатыр, халықаралық сарашылар ол іске қатыстырылмады.

Путиннің бұл антиукраиндық тезисін ресейлік пропаганда бір ауыздан қолдап, өз ақпаратында «украиндық із» туралы долбарды оңды-солды «дамытып» жатыр.

Мұндай жасанды түйін екі жыл бойына жүріп жатқан соғыстың қарқынына әсер етіп, Кремльдің соғысты пропагандистік жағынан ақтап, антиукраиндық, неоимпериялық көңіл-күйді одан сайын өршіте түсуіне мүмкіндік беретіні түсінікті.

Оның өз себептері де жоқ емес.

Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Ресей халқының Украинаға қарсы соғысты қолдау деңгейі төмендеп барады. Екі жылдан асып кетіп, түпкілікті нәтиже бер қоймаған соғыс онсыз да санкцияынң астында көміліп жатқан ел экономикасына орасан зор зиянын тигізуде. Соғыс жүргізуге бюджеттен қыруар қаржы жұмсалып, ішкі инвестиция көлемі күрт кеміді, әлеуметтік төлемдер азайды.

Ең бастысы – қарапайым халықтың соғысқа өз ұлдарын жіберуге қарсылығы күннен-күнге күшейіп барады. Ресейден қашқан релоканттардың санын азаяр емес. Кеше украин қарулы күштері дронмен шабуыл жасаған ресейлік Белгород облысының тұрғыны теледидардан ашуланып тұрып: «Бізге соғыс емес, бейбітшілік керек!», - деп жатыр.

Сол себепті «Крокус Сити Холлдағы» трагедияның себептерін анықтауы тиіс тергеу жұмыстары неғұрлым ашық, қажет болса, халықаралық ұйымдардың (соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының) қатысуымен жүргізілсе, құба-құп болар еді.

Өйтпеген жағдайда бұл трагедияны ресей жағы өзінің саяси һәм әскери  мүддесінде пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Түйін: Кешегі телерепортажда украиндық нөмірі бар автомашина туралы тағы да бір сөз. Егер де террористер шынымен Украина жағынан болса, олар сонау Мәскеуге дейін украиндық нөмірмен жүре ме екен? Және де екі ел арасында қиян-кескі соғыс болып жатқанда, ол машинаны ресейлік жол полициясы тексермей ме екен?..

Әміржан Қосан

Abai.kz

55 пікір