Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Аласапыран 1875 19 пікір 20 Наурыз, 2024 сағат 13:18

Макрон – маладес!

Сурет: rbc.ru

Осыдан екі жыл бұрын басталған Украина мен Ресей арасындағы сұрапыл соғыс жаңаша да ерекше кезеңге көшті.

Әдетте, екі ел арасындағы соғыстың барысы сол екі қарсыластың әскери әлеуетіне, экономикалық күш-қуатына, қару-жарақ мен оқ-дәрі қорына, қолбасшыларының стратегиялық һәм тактикалық көрегенділігі мен талантына тікелей байланысты боп келеді.

Алайда, бүл соғыс – мүлдем басқа соғыс.

Бұл соғыс бір-біріне туыс екі халық, көршілес екі мемлекет арасындағы соғыс қана емес. Олай айтсақ, ол тым тұрпайы түсінік болар еді.

Бұл соғыс – бір-біріне антагонистік сипаты бар екі дүниетанымның, екі өркениеттің арасындағы ымырасыз соғыс.

Егер де Ресей бір ғана адамның саяси көзқарасына, жеке билігіне, соның ішінде авторитарлық ұстанымға негізделген неоимпериялық, басқыншылық таңдауының символы болса, Украина демократиялық бәсеке негізінде сайланған, халықтық сипаты бар, өз Тәуелсіздігі мен жер тұтастығын қорғауға мәжбүр боп, қолына амалсыздан қару ұстаған, сонымен бірге жалпыадамзаттық, өркениеттік қағидаттарға негізделген жасампаз таңдаудың символы!

Сол себепті бүгінде Украина тек қана Қырымын, Донецк пен Луганск, Запорож, Херсон секілді облыстарын ғана емес, жоғарыда айтылған құндылықтарды, соған қоса өзімен шекаралас Еуропа аумағын қорғап жатыр деп түсіну керек.

Жә, Украина секілді Ресеймен іргелес, оған қоса, шекаралас аймақтарда орыс жұртшылығы бар біз секілді постсоветтік елдер бұл жәйтті және оның өз бастарына түсуі мүмкін қауіп-қатерін айтпаса да түсінер.

Ресей секілді әскери қуаты ерекше елмен жалғыздан-жалғыз соғысып жатқан Украинаның мүмкіндіктері шектеулі екені әмбеге аян.

Не істемек керек?

Саяси терминологияда «ұжымдық Батыс» аталып кеткен тұтас бір құрылымының көмегінсіз Украина қиналып жатқанынын бәріміз көріп отырмыз. Оқ-дәрі қоры азайды, Батыс уәде еткен заманауи қару-жарақ пен әскери техника жетіспей жатыр.

Осының бәрі Украина жағына зор соққы болуда. Тіпті кейбір сарапшылардың айтуынша, украиндық әскерилердің моральдық-психологиялық көңіл-күйіне теріс әсер етіп жатқан сыңайлы. Ондай асқақ рух болмаса, ешқандай да қару-жарақ көмектесе алмайды!

Ал кеше ғана «Украинаны сөзсіз қолдаймыз, Ресейдің жеңуіне жол бермейміз!», - деп мәлімдеген Батыс елінің кейбір басшылары бүгінде өз райынан қайтқан сықылды: олардың антимилитаристік, антиагрессорлық риторикасы бәсеңси бастағандай.

Міне, әлемдік саясаттың осынау бір сыни кезеңінде басқа-басқа емес, дәл Франция Республикасының президенті Эмманюэль Макронның алған бетінен қатпай, өз сөзінде тұрып, Украинаға моральдық һәм саяси ғана емес, ендігі жерде әскери де көмек беріп, керек болса, елінің қарулы күштері соғысқа тікелей араласуы мүмкін екенін жариялады!

Міне, саяси ерік-жігер, саяси мәрттік, саяси жауапкершілік, саяси мінез деген осындай болуы тиіс!

Және де осынау ұстанымы Ресейге жақпайтынын, ертеңгі күні өзіне бумеранг болып қайтатыны Макрон білмейді емес, біледі.

Сонда да сондай батыл қадамға барып отыр.

Сол себепті «Макрон – маладес!», - деп айтқым келеді!

Өкінішке орай, Батыс елдерінің кейбір тым сақ, тым геотәубешіл басшылары әліптің артын бағып, Макронды қолдауға асықпай отыр.

Керісінше, кейбірі, мәселен Германия канцлері Шольц шошып кетіп, «ондай қадам жасай алмаймыз» дегендей мәлімдеме жасап, Макронмен келіспеді. Екі лидердің екі түрлі көзқарасы екі ел арасындағы ынтымаққа сына қаққандай: «аралары суып кетті» деген саяси сыпсың сөз лезде-ақ шартарапты шарлап кетті.

Иә, одан соң екеуі Веймарды кездесті. Тіл табысқандай болды. Бірақ антиресейлік коалицияда жетекші роль атқаруда неміс жағы әлі де бәсеңдік танытып отыр.

Оған Путинді атарға оқ таба алмай, сонымен бірге бәскелестерімен басы қатақан Байденнің АҚШ Конгресіндегі «трампшылдармен» айтысып, бюджет жөнінде келісімге келе алмай отырғанын қосып қойыңыз.

Бір сөзбен айтқанда, Батыстың бәсеңдігі, осынау шешуші кезеңде әліптің артын бағып, орынсыз сақтық танытуы әлсіреп қалған Украинаға қосымша соққы болып, керісінше, Ресей жағына қосымша күш беріп, неоимперияшыл күштердің қолтығына су бүркіп отыр.

Не дегенмен, Макронның үлгісі мен еңбегі зая кетпей, өз жемісін беруде. Міне, күні кеше, осы мақала жазылып жатқанда, Германия мен Польша «танк коалициясын» құрып, Украинаға танктерді жеткізу ісін жеделдетуге бар күшін салатыны туралы мәлімдеді. Бұл бастамаға Ұлыбритания, Италия, Швеция қосылатыны белгілі болды.

Макрон сеңді қозғалтты!

Әміржан Қосан

Abai.kz

19 пікір