Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алаң 1417 9 пікір 7 Наурыз, 2024 сағат 15:57

Аударма жаңа биікке көтеріле ала ма?

Сурет: egemen.kz

Бұрын нені аударып, нені қою керектігін Мәскеу Орталық Азия елдеріне белгілеп беріп, жөн-жосық көрсететін. 1980 жылдардың аяғында қазақ аудармасы қара құрдымға түсті.

Бұл арада қара құрдымға түсті деп отырғанымыз: Нарық жағдайына бейімделе алмады. КСРО кезінде біршамада болса да аудармашылар тобы мен салалық редакторлар алқасы қалыптасып үлгерді. КСРО мектеп оқулықтары ана тілімізге мөлдірете аударылып, тура бір қазақ тілінде жазылғандай сезілетін. Бұл – ата және аға буын аудармашыларының зор еңбегі. Ол кездегі түрлі саладағы аудармалар бүгінгідей жұрттың зықысын шығармай, бір демде жеңіл оқылатын. Ол күндер – бүгін ертегі. Қазіргі жастарға айтсаң сенбейді.

Бірақ жаңа экономикалық жағдай Орталық Азия елдерінің кәсіби-техникалық аудармаға бейімделмегенін танытты. Бұл арада танытты деп отырғанымыз – Өзбекстан латын жазуына көшсе де, аударма саласында орыстық тілдік-терминологиядан құтыла алмай отыр. Бұрының ақыры өзбектерге қабылданған әліпбиін үш рет өзгертуге мәжбүрледі. Қазақтарда латынға көшеміз дегенімен үш нұсқасы да қабылданбай әрі-сәрі күй кешуде. Қырғыздар ақылдылық танытып, қазақ пен өзбектің қателігінен сабақ ала біліп, бюджет ақшасын текке шашқан жоқ. Сонымен біз сөз етіп отырған үш мемлекетте КСРО кезінде біршама қалыптасып қалған аудармашылар тобы мен салалық редакторлар алқасы мемлекет тарапынан нарықтық жағдайға орай қамқорлыққа алынбай қалды.

Жаңа оқулықтар мен кәсіби терминдерді кім көрінген аударып, бұл сала жемқорлар мен алаяқтардың ордасына айналды. Өзбек, қазақ және қырғыздың түрлі саладағы аудармашыларының басын қосып, орыс тілінен енген сөздерді ортақ тіл заңдылығына бейімдеп ортақтаса қабылдау ешбір мемлекет басшысы тарапынан назарға онша алынбай отыр. Онша алынбай отыр дегендегі айтпағымыз барша мәдени-рухани басқосулар аудармашылар тобы мен салалық редакторлар алқасы қосынына қатысы жоқтарсыз өтіп жатыр. Ешкімде алғашқы екі зор күшті үнемі назардан тыс қалдыруда. Ресей осы әлсіздігімізді сәтімен пайдалана білді. Біз сөз еткен үш мемлекет те әлем тілдерінен аударылған жаңа туындыларды тек орыс тілінде оқып танысу дәстүрінен әлі күнге айырылмай келеді. Неге бұлай? Неге басқаша емес? деген заңды сауал көзі ашық жұртты әлі мазалап келеді.
Жаңа посткеңестік тарихтан білетініміз Ельцин билікке жаңа, жаңашыл, озық жағында болған бұқаралық ақпарат құралдарының төтенше қолдауының арқасында келді. Ал Ельцин мұны 90-шы жылдардың басында жүзеге асырды. Бұл қарым-қатынас сақталды, және ол оны қолдады, ол оған шынымен ғашық болды. Бұл Кремль пулының ішінде іргесі сөгілмеген дәстүрге айналды. Соның арқасында ақшасы бар орыс баспасы тек РФ ғана емес, кітаби кеңістігі бос қалған Қазақстанның, Өзбекстанның және Қырғызстанның кітап нарығын оңай жаулап ала алды. Путин бұл бағытта зор жұмыс істеп, «орыс әлемі» империялық идеясы арқылы сәтімен пайдаланып келеді. Орыстың аударма телеарналары Орталық Азияның медиакеңістігін еш қарсылықсыз жаулап ала алды.

Осы медиакеңістікті бейбіт, ың-шыңсыз жаулап алуға қарсы қарсылықты үш елдің де зиялы қауымы көрсетіп отырған жоқ. Олар әлі күнге дейін кеңестік «мемлекет бәрін жасайды» деген менталитеттен арылмай отырғаны да жасырын емес. Іспен көрсетіп, нарыққа шығып, одан кейін мемлекет қолдауына ие болу деген түсінік амал не зияларымыздың ойына еш кіріп те, шықпайды. Үш елде де ана тілінде білім алған ағылшын тілін жете меңгерген жастар тарапынан «Фандаб қозғалысы» өмірге келсе де, ата және аға буын олардың төл аударма саласындағы жаңа, жаңашыл, озық идеяларын қолдаудың орнына тосқауыл болумен келеді. Қазір біз сөз етіп отырған үш елдегі барша ұлттық телеарналардағы бағдарламаларды шоубизнес жұлдыздары жүргізіп келеді. Екі-үш тіл білетін маман жас журналистер жұмыс таба алмай өзге салада нәпақа тауып жүргені ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Шоубизнес жұлдыздары қанша жерден елге танымал болғанымен телехабар саласының маманы емес. Тек өз беделімен аудитория жинайды. Ал, білім және біліктілігімен бәрін жаңадан бастап, бірте-бірте аудитория жинайтын аудармашы кәсіби журналистер жанбай жатып сөнуде.

Бұл – үш елге тән ортақ трагедия. Әлем жұртты қызыға тамашалайтын ұлттық дініміз бен дәстүрімізге қайшы келмейтін Батыстық бағдарламаларды араб елдері сияқты өмір тәжірибемізге енгізсек көп нәрсе ұтамыз. Бір айқын нәрсе мемлекетке алақан жаятын кеңестік дәстүрден арылуға тиіспіз. Үш елде де ана тілімізде шығатын кітаптар бағасы шарықтап тұр. Таралымы сын көтермейді. Дамыған Азия елдері Оңтүстік Корея, Жапония және ҚХР білім беру саласының дамуын зерттеу ісі мен мектеп бағдарламаларын осы тілдерден тікелей аудару жұмыстары кең көлемді жолға қойылмай отырғанын сөз етпегенде, өзбектер өздерінде бұрыннан бар – араб және парсы тілдерінен аударма жасайтындардан, қазақтар мен қырғыздар – қытай тілінен тәржімалайтын кәсіби мамандарынан айырыла бастады.
Бұған үкімет емес, ұлттық кітабын нарыққа бейімдей алмаған зиялы қауым кінәлі. Алысқа бармай Қазақстандағы 7 мың мектептің ұстаздарына арналған оқулықтар нарықта қалай таралып жүргеніне ғана тоқталалық. Оларға оқулықтар тек мемлекет қолдауымен шыққан және аудармасы көңіл көншітпейтін тендер арқылы ғана ұсынылады. Жаратылыстану ғылымдары әлем мектептерінде қалай оқытылып жүргенін педагог ғалымдар өз саласында қанаша жерден білімді болса да біле алмайды. Тек араларында ана тілімізге аударма жасауға бейімі барлары ғана ұлтына ұсына алады. Бұл арадағы бір кедергі термин жасау мен енгізуді тілшілердің монополияға айналдырып жібергені көп қолбайлау болады. Олар аудармашы енгізген немесе енгізбекші болған әр терминге орыстар зымияндықпен енгізген «халықаралық термин» деген концепция бойынша қарап, бүкіл кітапты қайта редакциялайды. Осыдан кейін өзге тілден тікелей аударма жасамақшы болғандардың меселі қайтып, енді қайтып, тілшілер монополияға айналдырып жіберген салаға аттап баспайды. Сонымен ізгі бастамашылықпен төменнен басталған, азаматтық позициямен, авторлық кредомен аруақтанған дүние жанбай жатып сөнеді.

Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген тамаша нақыл бар. Аудармадағы шымшықты тілшілер өз ыңғайына көнетін орыстар зымияндықпен енгізген «халықаралық термин» деген концепциясына қарсы шықпайтын жандарға ғана аудартып, өз бетімен аударма жасап, ұлттық өркениетке үлесін қоспақшы болғандардың жолын кесуді дәстүрге айналдырып алды. Аудармашылар арасында «орысқұлдық тәржіманы» жақтаушылық деген жаргон пайда болды. Және кәсіби аудармашылар ар алдындағы күнәдан қашып, ұлтына терминдік сатқындық жасамау үшін әлемжелілерде ішкі құсаларын жария ететін еретик сектаға айналып шыға келді.

Сонымен, еретик секта да өз ішінен «үш жүзге» бөлініп, бір-бірін жұлып жеуді қазақ арасында бастауға көшті. Енді осы аударма саласындағы «үш жүзге» біршама тоқтала кетейік: бірінші жүз – «консерватор» аудармашылар тайпасы, екінші жүз – «радикал» аудармашылар қосыны және соңғысы – «либерал» аудармашылар жұртшылығы. Алғашқылары немесе ақсақалдар қазақ тілі бай барлық терминді қазақшалаймыз. Не болмаса, түрік ағайындардан сөз аламыз. Қазақ тілі өзге тілмен еш былғанбауы керек деген ұранмен жалаулатып, алаулатып жүр. Тіліміздің еріндік түркі сингормонизмінен термин саласында айырып қалғандары еш ойларында жоқ.

Радикалдар «орысқұлдықтың көрін қазушылар» қазақ термин қабылдау тарихын шартты түрде 1990 жылға дейін және 1990 жылдан кейін деп екіге бөліп, барша орыс тілінен енген сөздерді ағылшын, қытай т.б. тілдердегі баламасымен тілімізге ыңғайлап енгізуді ұсынып келеді. Ең соңғы топ осы екеуінің жақсы жақтарын ана тілімізде термин қабылдаған кезде пайдалану жөн деп санап, арағайындық танытуда.

Осы үш топқа жату қазақ аудармасына дүмпу беріп, болашағының жарқын екенін таныта түсті. Қазір мемлекетке иек артпай, күресіп жүргендер шығыс, батыс және орыс тілінен аударатындар деп үшке бөлінеді. Тілшілер монополоиясы өз тарапынан тек «консерватор» аудармашылар тайпасына бейіл білдіріп, қалғандарын өзектен тебеуде.

Қазір елімізде мектепте ұйғыр, өзбек тілінде білім алғандарды осы тілден қазақшаға аударма жасайтын мамандар қылып қайыра дайындауды қолға алатын кез келді. Жаңа телекомпания құрылып, араб, өзбек, ұйғыр, қытай, кәріс телеөнімдерін ұсынатын телеарналар желісін қолға алатын уақыт жетті. Бұдан бөлек «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастарды Батыс тілдеріндегі телеөнімдерді телераналар арқылы ұсынатын кең ауқымды жоба керек. Қазақ аудармасы тек орыстан ғана аударып, қалғандарынан тәржіма жасауға шектеу қоюшылық еш опа әпермейді.

Ең бастысы «мемлекет бәрін жасайды» деген масылдық санадан арылуға тиіспіз. Алаш арыстарды «Қазақ» газетін Патша үкіметіне жалтақтамай, өз қаржыларын салып, нарықта өзін ақтаған басылымға айналдырды емес пе? Бізде бір-бірімізді кекетіп-мұқатқанды қойып, ендігі жерде аудармашлық бесігімізді түзеп дамыған елдердің тәжірибесінен үйрене білейік!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

9 пікір