Сенбі, 27 Сәуір 2024
Абай мұрасы 1137 2 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 13:32

Абай діндердің пайда болуы туралы не деді?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Болмыстың біртұтастығы бұзылғанда оны қайтадан қалпына келтіру үшін діндер пайда болады. Болмыс біртұтас. Бірақ,  адамның ақылы өлшеулі болғандықтан, Оны толық қабылдай алмай, заман өзгеруіне байланысты біртұтас Болмысты бөліп қабылдай бастайды. Осылай түрлі ұғымдар пайда болып, олар түрлі ағымдар тудырады.

Түрлі ұғымдардың пайда болу себебін Абай былай деп түсіндіреді:

Біз Алла тағаланы Өзінің білінгені арқылы ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды.   

Ой жүйесі Болмыс көріністерін толық қамтый алмағандықтан, адам баласы оны бөліктерге бөліп түсінуге ұмтылады. Өлшеулі ақыл өзінің көңілін қоршаған ортаға аударып, табиғат көріністерін бақылайды. Әрбір көріністің заңдылығын түсініп, оларды орындайтын сыртқы күштерді сезініп, сол күштерге табына бастайды. Осылай аруақтарға, немесе періштелерге табыну пайда болып, алғашқы монотеизм (бір Құдайға табыну) политеизмге (көпқұдайға), яғни язычествоға  айналады.

Аруақтар, періштелер, және басқа да әлемді басқаратын қуат иелері Алла тағаланың ықпалымен өмір сүретін, мұсылманша айтқанда, Оның бұйрығын орындайтын қатар әлемдердегі жан иелері. Егер тек қана соларды еске алып, солардың ықпалымен ғана өмір сүргенде, бүкіл әлем Жаратушысы, барлық діндердің негізгі мақсаты болып табылатын Алла тағаланы естен шығарып, ұмытып кету қаупі бар. Осылай, мұсылманша айтқанда «Аллаға серік қосу» пайда болады. Бұл өте қауыпты. Себебі, олар бір Болмыстың бөліктері ғана, Құдайдың көмекшісі ғана болғандықтан, олар адамарды бір ортаға біртұтас етіп біріктіре алмайды. Олардың көмегі фәни әлемді ғана қамтитын шектеулі. Олар Алла тағаланың толық ықпалында. Алланың қалауынсыз ештеңе де жасамайды. Аруаққа табыну ой жүйені бөлшектеп, адамды Болмыстың рухани бөлігінен материалдық бөлігіне түсіруі мүмкін. Осылай адам рухани деңгейден материалдық деңгейге құлдырап, заттық әлем ықпалына түсіп қалады. Ал заттық әлем қасиеті тұрақсыз, үнемі өзгерістегі уақытша көріністер мен надандық билеген қасірет екені белгілі. Бұл материалдық өмір заңдылығы.

Осылай, тәңіршілдік түрлі ұғымдарға бөлініп, олар түрлі ағымдарды тудырады. Қоғамның біртұтастығы бұзылып, түрлі бөліктерге бөлінеді. Адамның ой жүйесі тарылып, қоғам құлдыру жолына түседі. Сол кезде құлдыраған өмірді қалпына келтіру үшін дін пайда болады. Бұл құбылысты хакім Абай өзінің «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде былай деп түсіндіреді:

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

Заттық әлем өмірі (шаруа) уақыт (замана) ықпалымен күнде өзгереді. «Күнде» деген сөз «үнемі» дегенді білдіріп тұр. Өмір үнемі өзгерісте. Бұл өзгеріс тән құмары ықпалымен өмірді төменге қарай тартады. Сол себептен «Қағида шариғаты», яғни, алғашқы Болмыс туралы ұғымдар өзгереді. Қоғам құлдырап, өмір бұзыла бастайды.

Замана, шаруа, мінездің күнде өзгеру себебі жан нәпсі ықпалымен заттық әлем ықпалына түсіп қалады. Осылай тән құмары мен жан құмарының күресі туады. Бұл күресте тән құмары үнемі жеңіп отырады, себебі жан рухани әлем емес, өзіне жат материалдық әлемде. Нәпсі ықпалымен жан өзін материямен балап, заттық сипат алады. Жан өзінің рухани қасиеттерін материя арқылы қанағаттандыруға ұмтылады. Заттық әлем жалған және қасіретке толы болғандықтан, адам зардап шегеді. Осылай бүкіл қоғам заттық сипат алып, материялық өмірдің заңдылығы бойынша іріп-шіріп, өркениеті төмендеп, құлдырау жолына түседі. Сол кезде оларды қалпына келтіру үшін кез кезімен нәбилер (елшілер) келеді. Адамзат қоғамы өзгергенмен, Алла мәңгілікті, сондықтан, Оны түсіну (тағриф) де мәңгілікті. Елшілердің Алла туралы әкелген хабары да, яғни түсірген кітаптары да  мәңгілікті. Қасиетті кітаптардың жоғары әлемдерден түсетіндіктен, олардың барлығы да хақиқат екенін білдіреді Абай. Елшілер қасиетті кітаптар түсіріп, Болмыстың мәңгілікті заңдылықтарын түсіндіріп, қоғамды үндестіріп, болмыс үйлесімділігін қайтадан қалпына келтіреді. Жаңа діндер осылай пайда болады.

Адамзат тарихында бұған арабтар өмірі жақсы дәлел. Ислам діні араб халқына Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы берілді. Исламға дейін арабтарда көпқұдайлық пайда болып, әрбір тайпа өздерінің бабаларын Құдай ретінде қабылдап, табынған. Әрбір тайпа өздерінің аруақтарына мүсін жасап, Бір Жаратушыны ұмыта бастаған. Сөйтіп, Жоғарғы Күшпен байланысын үзіп, рухани қуаттан айырылған елде бірлік болмай, тайпалар бір-бірімен үнемі жауласып, адам өмірі бейберекетке айналған. Халық құлдырау жолына түсіп, ел азып-тозып кетті. Адамгершілік аяққа басылғаны сонша, тіршілік өз бағасынан айырылып, жаңа туған қыз баланы тұрмысқа шыққанша масыл көріп, тірідей жерге көму салты болған. Сол кезде ұмытылған діни қағиданы қалпына келтіру үшін Алла тағала Өзінің елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды арабтарға жіберді. Ислам бойынша Алла бүкіл болмысты қамтиды, Алладан басқа ештеңе жоқ. Алладан басқа да бар деген ұғым «Аллаға серік қосу» болып табылып, қабылданбайды. Осылай ислам діні пайда болып, адам ұғымында Болмыс бірлігі қалпына келтірілді. Жаңа дін бытыраған елді біріктіріп, арабтар күш алып, ислам әлемнің көптеген аумағына тарады. Осылай адамзатты құлдырау жолынан алып шықты.

Бір Жаратушыға табыну Оның жаратқандарын да қамтитындықтан, Алла тағаланың жаратқандары болып табылатын аруақтар да риза болып, өздерінің ұрпақтарына көмегін аямайды. Діннің аруақтар арқылы тарайтынына христианда да, исламда да көптеген дәлелдер бар. Бір мысал келтірейік. Исламның жаңа тарай бастаған кезінде бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар қуғыншылардан құтылу үшін үңгірдің ішіне кіреді, сол кезде қуғыншылар да келіп жеткен. Бірақ үңгірдің кіреберісі өрмекшінің торымен жабылғанын көрген. Қайран қалған қуғыншылар үңгірде ешкім жоқ деп пайымдап, кетіп қалыпты. Сонда үңгірді өрмекші торымен кім жапты? Әрине, аруақтар. Бірақ аруақтар Алла тағаланың қызметшісі, Оның бұйрығын орындаушысы болғандықтан, бұл Алла тағаланың ісі деп қабылданады. Сондықтан, ислам алғашқы қалпында Болмысты толық қамтып, шексіз Алланы Оның көрінісі ретінде қабылдаған. Кейіннен ғана фәни әлем ықпалымен исламның өзі түрлі ағымдарға бөліне бастады.

Ислам дінінің көптеген елдерге су тасқынындай тез жайылуы Болмыс көріністерін Алла тағала арқылы бір ортаға біріктіре алуынан болса керек. Осылай әлемдер байланысы қалпына келтірілді.

Христиан дінінің пайда болуы да осыған ұқсас болды. Осыдан екі мың жылдай бұрын Рим империясы түрлі Құдайларға бағынып, политеизм пайда болған соң, адамдардың рухани дәрежесі құлдырағаны соншалықты, Абай көрсеткен «жарым адам» деңгейіне түсіп, тек қана «нан мен қызық» керек қылды. Нәпсі ықпалымен жыныс қатынасы шектен шығып, адамдардың өзара байланысы бұзылып, қоғам азып кетті. Солтүстік еуропадағы викингтер де осындай жағдайда болды. Оларда өздерінің Құдайларына адамды құрбандыққа шалу ғұрпы да болды. Еуропа халықтарына Иса пайғамбар арқылы монотеистік христиан діні түсіп, оларды көпқұдайылық щеңберінен алып шықты.

Буддизмнің келуі де осыған ұқсас. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын Индияда ведалық ағым құлдырау жолына түскен. Халық көпқұдайылыққа беріліп, діннің тек қана сыртқы рәсіміне көңіл бөліп, ішкі мәні ұмытыла бастады. Бұл құрсақ қамын өршітіп, түрлі жан иелерін құрбандыққа шалу көбейді. Қоғам құлдырау жолына түсті. Осы кезде сақ тайпасынан шыққан алғашқы есімі Сиддхарта (тарихта «Шакия муни», қазақша «сақ данышпаны» деген есімі қалған), кейіннен Будда аталған данышпан келіп, Будда дінін таратты. Будда дінінің негізгі мәні -- жан иелеріне қиянат жасамай, барлығын біріктіріп, Болмыс (санскритте «Дхарма») үйлесімділігін қалпына келтіру.

Міне, осы қысқаша шолудан көретініміз, барлық діндер Абай көрсеткен себеп бойынша келеді екен. Ол себеп: «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді», сондықтан, «Оларға кез кезімен нәби келді».

Ал Тәңірді бүкіл болмыс көрінісі ретінде қабылдаған ежелгі көшпелі адамдарға бүгінгідей діннің қажеті жоқ еді, себебі олардың үйлесімді өмірі табиғи түрде болды, яғни өмірдің өзі олар үшін дін болды. Шыңғысхан дәуірінде тәңіршіл түркілердің ислам елдерін жаулып алып, христиан дініндегі Еуропа елдеріне де үлкен соққы беруі осының жақсы дәлелдері. Ал көшпелі өмір салты бұзыла бастағанда үйлесімділікті қалпына келтіру үшін арнайы Қуат керек. Ол Қуатты Алла тағала дін ретінде береді.

Шыңғысхан империясы әлсіреп, ыдырағанда көшпелілер де осылай жаңа дінді қабылдады. Орта Азияға оныншы ғасырдан бастап ене бастаған ислам дінін Алтын Орда дәуірінде  көшпелі түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы, толық қабылдады.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

2 пікір