Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алғыс айту күні 1808 28 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 12:10

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Көрнекілік сурет egemen.kz сайтынан алынды

Осымен 9-шы рет аталып өткелі тұрған Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде зейнеттегі президент Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күні деп сипатталады.

Басқаша түйіндесек,

1 наурыз - Назарбаевтың пәрменімен Қазақстан Халық Ассамблеясы құрылған күн.

Мақсаты - жыл сайын Қазақстанда тұратын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, тағдырлары қазақ жерінде тоғысқан адамдардың қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту.

Басқа елдерде, атап айтсақ - 1620 жылдардан бері Америка Штаттары мен Канадада Алғыс білдіру күні жыл сайын қараша айында жалпыхалықтық мереке, азаматтық және отбасылық дәстүр ретінде кеңінен аталып келеді екен. Бір қызығы, ұзақ жылдарға созылған айтыс-тартыс, әртүрлі діни көзқарастардан кейін, 1941 жылы АҚШ Конгрессі Алғыс білдіру күнін әр жылдың қараша айының төртінші аптасының бейсенбі күні аталып өтетін ресми мереке ретінде бекітіп берген.

Салыстыра сараласақ, америкалық Алғыс білдіру күні мен біздегі Алғыс айту күнінің мәні мен маңызында ұқсастық көп.

Америка тарихы былай дейді:

Ұлыбританиядан шыққан «Мэйфлауэр» кемесі екі ай жүзіп, мұхиттағы долы толқындар мен қатерлі дуылдардан аман өтіп, 1620 жылдың салқын күзінде Америка құрлығының қазіргі Массачусетс штатының жағалауына тұмсық тірейді. Мұхиттағы ауыр сапардан кейін де жат жерде ағылшындарды құшақ жая күтіп алған ешкім жоқ еді, қарашаның суығы мен қатал табиғаты қарсы алады.

Бейтаныс жер, беймәлім табиғи ортаға, бейтарап климатқа келген үйсіз-күйсіз жүздеген колонизатордың біразы аш-жалаңаш құрғақ аяздан, белгісіз аурулардан қайтыс болады. Тірі қалғандары жергілікті үндістер тайпасының көмегімен Плимут колониясын құрады.

Үндістер ағылшындарға өмір сүру тәжірибесін: бұталар мен қамыстан баспана салуды, аң аулауды, жер өңдеуді, топыраққа қандай дақылдар себуді, жабайы ит-құстар мен табиғи қатерлерден қалай қорғануды үйретеді.

Жергілікті аборигендердің кеңпейілдігі мен меймандостығына риза болған ағылшын қауымдастығының үлкендері келесі жылы 90-ға жуық үндіс тайпалары көсемін жинап алып, кең дастархан жайып, алғыстарын айтқан екен.

Демек, біздің экс-президент бұл идеяны Америкадан "импорттаған".  Қалай десек те бәріңізге мың алғыс, достар!

Осындай ұлан-ғайыр жерді ұрпағына аманатқа қалдырған ата-бабамыздың аруағына ризалығымыз шексіз. Аман болайық, бар болайық!

Жомартбек Нұрман,

ардагер журналист, публицист

Abai.kz

28 пікір