Жексенбі, 28 Сәуір 2024
644 5 пікір 29 Ақпан, 2024 сағат 17:19

Қоқысты контейнерге тастамағандарға ірі көлемде айыппұл салынады

Елдегі экология сын көтермей тұр. Тіптен арнайы қоқыс тастайтын контейнердің алдынан өту мүмкін емес. Иісі ғана болса бір жөн, қоқыстар арнайы контейнерге салынбай, айналып өтуден басқа амалды қалдырмай отыр. Сол үшін  қоқысты контейнерге тастамаған қазақстандықтарға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін, - деп хабарлайды Abai.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде "Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару" тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп жатыр. Жиында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ведомство құрылыс қалдықтарына бақылауды күшейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Экология министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, "Е-құрылыс" ақпарат жүйесін күшейту аясында құрылыс компанияларының құрылыс қалдықтарын бақылау тетігін пысықтап жатыр. Қалдықтардың пайда болу көлемі және арнайы кәсіпорындар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруы бойынша шарттар болуы туралы мәліметтерді осы жүйеде көрсету ұсынылады. Бүгінде нормативтік техникалық құжаттарға өзгерістер енгізіліп жатыр", - деді ол.

"Азаматтар мен бизнес субъектілерінің санасын арттыру үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр. Осы түзетулерге талдау жүргізіліп жатыр" - деді Ерлан Нысанбаев.

Экология министрлігінің мәліметінше, белгіленген орындардан тыс жерде қоқыс шығарғаны үшін айыппұлдарды ұлғайтуды көздейтін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер әзірленген.

"Жеке тұлғалар үшін 50 АЕК-тен (184 600 теңге) 200 АЕК-ке (738 400 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге), ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 750 АЕК-ке (2 млн 769 мың теңге) дейін, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 2000 АЕК-ке (7 млн 384 мың теңге) дейін. Қазір ол қоғамдық тыңдаудан өтті және көрсетілген түзетулерге талдау жүргізіледі. Өйткені бизнес субъектілеріне қатаң талап енгізіледі", - деп жазылған хабарламада.

Abai.kz

5 пікір